Сендіру және өзін-өзі сендіру

605

0

Сендіру және өзін-өзі сендіру Шешендігімен атағы шыққан ежелгі грек сұпысы Георгий былай депті: «Сөз − көзге көрінбейді, әрі кішкентай болғанымен таңғажайып іс тындыратын құдіретті күш иесі. Өйткені ол қорқынышты жойып, қайғы-мұңды ұмыттырып, көңілге қуаныш ұялатып, аяушылық сезімін оята алады. Біреу сөйлеген сөзімен қайғыртады, екінші біреу қуантады, үшіншісі қорқытады, ал тағы біреуі мақұлдатады. Кейбіреулер сөзімен санаңды уласа, кейбіреулер әлдеқандай бір әрекетке бейімдеп, алдап арбайды». Сөзбен әсер етуді сендіру деп атайды. Жүйкесі нашар, сезімтал адамдар оған берілгіш келеді. Ондай адамды бір нәрсемен қорқыту немесе көңілін көтеру оңай. В.М. Бехтерев сендіру − (көзің жеткізумен салыстырғанда) адамның санасына «алдыңғы жағынан емес, ту сыртынан кіреді» дейді.
 Өзін-өзі сендіру де адамға өте күшті, тіпті кейде өзі ойлағаннан да күшті әсер етеді. Оның әсерінен адамның емделуі де, ауруға ұшырауы да мүмкін. Ол қалай жүзеге асады? Жүйкесі нашар, күмәншіл адам өзінде аздаған әлсіздікті байқаса, ол оны күшті аурудың белгісі деп ойлайды. Мәселен, суық тиюден тамағы ауырып қалды делік. Ол енді дауысым біржола шықпай қалатын болды деп өзін сендіреді. Шынында да көп ұзамай дауысы біржола шықпай қалады. Өлім жазасына кесілген қылмыскер туралы мынадай әңгіме бар. Қылмыскердің көзін байлап, қанның орнына денесінен жылы су ағызып қояды, «көк тамырың кесілді, қан ағып тұр» деп оны сендіреді. Оған сенген қылмыскер бірнеше минуттан кейін жан тапсырады.
Өзін-өзі сендіру туралы қызықты жағдайды бір дәрігер былайша баяндайды: дәріс оқып тұрып, жүрегінің соғуына назар аударады. Оған жүрегінің соғу ырғағы бұзылған сияқты көрінеді. Дәрігер өзінің алдамшы ауруы туралы ойлап, мазасыздана бастайды. Көп ұзамай оның үрейлі ойлары өз дегеніне жетеді. Жүрегі ауыра бастайды. Белгілі актёр И.Н. Певцев кекеш болған. Алайда сахнаға шыққан кезде кекештігі жоғалып кетеді екен. Қалайша? Актер сахнаға шыққанда өзі емес, басқа адам пьесаның кейіпкері сөйлейді деп өзін-өзі сендіретін болған.
Туберкулезбен ауырған науқастар емделіп жатқан Париж емханаларының бірінде Матье деген дәрігер мынадай тәжірибе жасаған: өзінде емделуші науқастарға «Жақында Германиядан туберкулезден құлан-таза айықтыратын күшті дәрі алғалы жатырмыз» деп хабарлайды. Ол кезде бұл аурудың ешқандай емі жоқ болатын. Дәрінің келуін зарыға күткен науқастар бір күндері «дәріні алдық, сонымен емдеп жатырмыз» деген дәрігердің сөзіне сенгені сонша, тіпті кейбіреулері ауруынан құлан-таза айығып, көпшілігінің көңіл-күйлері жақсарып кетіпті. Сонда дәрігер науқастарды немен емдеді дейсіз ғой? Жай ғана сумен емдеген.
Академик В.Ф. Зеленин мынадай тәжірибе жүргізген. «Мынау «терморегулин» деген дәрі, дене қызуын көтереді» деп науқастардың терісіне таза су жібереді. Шынында да науқастардың көпшілігінің дене қызуы көтеріледі.
Өзін-өзі сендіруді ғылымда «Автосуггестия» деп те атайды. Ғылымда автосуггестия өзіндегі белгілі бір аурудың қозуын күту және оның міндетті түрде болатынына өзін сендірумен бірге жүретін организмнің түрлі жүйелерінің бұзылуында көрініс табуы мүмкін дейді.
Жай ғана өзімізді мысалға алайық. Енді тұмау бола бастағанда  «мен тұмаурата бастадым, енді мен ауырамын» деген ой мазалап, өзімізді сендіреріміз хақ. Расында, соңында тұмау болып шыға келеміз. Мұның бәрінен шығатын қорытынды – өзгені сендіруге қарағанда біз өз-өзімізді қатты сендіреміз. Ал мұның пайдасымен қатар  зияны да қатар жүретінін естен шығармаған жөн. Жақсы ойдан алыстамайық!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<