Шабандоз қыз

2524

3

Бірде екі кісінің әңгімесін кездейсоқ естіп қалдым. Бірінің отбасында кілең қыз балалар ғана екен. Әкесі олардың ішінде бір қызды ерекше жақсы көріп, ұл ретінде қарайды-мыс. Тіршілікті бірге жасап, қасынан қалдырмай соған мәз болса керек. Сол әңгімені естіп еріксіз күлкім келді. Расында мұндай жағдай жиі ұшырасып жататыны жасырын емес. Тіпті бұл тақырып қазақ киносына да арқау болған. Иә, расында өзіміз қызыға тамашалаған  «Секерді» айсаңызшы. Сол киноны көрсем өзімнің бала кезім есіме түседі. Өйткені, мені де солай тәрбиелеген еді әкем.

Мен үйде екінші қыз болдым. Анам бес қызды өмірге әкелді.  Үйде ер бала болмағандықтан әкем мені  кішкентайымнан ұл секілді тәрбиеледі. Мектепке алғаш барған кезімде атқа мінгізіп, балалар арасындағы бәйгеге қатыстыратын. Қыз болғандықтан іштей ұялатынмын. Өңкей баланың ішінде жалғыз қызбын. Бірақ әкемнің көңілі үшін бар ынта-ықыласыммен ұлдар секілді киіндім. Әкем мақтау сөз айтса, еркек балдар секілді қоқилана кетемін. Әкемді қуантып қояйыншы деп, намысқа тырысып кейде жүлде алатынмын. Есімде қалғаны екі мәрте 2 қап бидай ұтып алғанмын. Сонда әкемнің мақтанғанын көрсеңіздер. Үйге келгеннен кейін де маған ерекше ықыласын аударап, бар тәттіні аузыма тосатын. Ал, қалған қыздар бәрінен құр қалады.  Кейде әкем анаммен сөйлесіп жатқанын құлағым шалып қалатын. “Әттең менің ұлым болса екен. Жұрт секілді қасыма ертіп, артымда ұрпағым қалар еді” деген әкемнің өкінішін бала болсам да көңіліме ауыр тиетін.  Барынша ұлдың орнын басуға тырыстым. Бірақ анам үндемейтін. Араға екі жыл салып перзентханаға барады. Бірақ хабар қыз деп жетеді. Әкем іштей қынжылса да, сыртқа білдіргісі келмейді. Анам ренжіп қалмасын дейді-ау. Бірақ анам оны жақсы біледі. Солай менен кейін де үш қыз туылды. Тіпті ырымдап бірінің атын Ұлдана қойды. Бірақ одан кейін Жұлдыз, Перизат деген сіңілдерім өмірге келді.

Мен 6-7 жастамын. Әкем мал жайғауға алып шығады. Одан атты ауылдың шетіндегі құдыққа апарып суаратын. Әдеттегідей мені аттың үстіне отырғызып, өзі жетектеп жүреді. Сонда аяғымның қатып қалғаны сонша етігім сырғып түсіп қалады. Жаурадым деп айтпаймын. Әкемнің қасында жүрсем болды деп шыдап жүре беремін. Солай әкеме қатты бауыр басып кеттім. Қасынан бір елі қалмаймын. Қайда барса сонда барамын. Ұлдар секілді киіндіріп, шашымды да қысқа етіп қиып қоятын. Соған мәзбін біржағы. Үйде менің сөзім жүреді. Ауылда наурыз мерекесін үлкен етіп, ұйымдастырады. Онда көкпар, аударыспақ секілді ұлттық ойындар ойналады. Ән-жырдан шашу шашылып, түрлі шаралар өтеді. Соған үйдің тәуірі әкем екеуміз барамыз. Қалғандары  қалады. Бар қызықты қызықтап, қазан- қазан көжеден дәм татып, тәттілерге тойып, кешке үйге жетеміз. Сосын отыра қалып, болған қызықтарды жіпке тізем. Бауырларым мені ұйып тыңдайды. Ал, анам жақтырмай әкеме шүйлігеді. 

Бірде әкем сыртқа егін екті. Егістікте қызу жұмыс болғандықтан, бір айдай үйде болмады. Ал, мен әкемді қатты сағынған болуым керек. Ауырып қалдым. Ол кезде 5 жаста болатынмын. Анам жүгіріп жүр. Әкем келсе “қызымды ауыртып қойыпсың” деп айқай шығарары анық. Барлық емді жасады. Бірақ жазылар түрім жоқ. Сонда анама мен “папамды көрсем жазылып кетемін” деген екенмін. Анам кешкісін құрақ ұшып, ауылдағы жалғыз үлкен машинасы бар ағаймен келісіп келіпті. Азанда ерте жолға шығамыз деді. Анамның сөзін естіп қуанышымда шек болмады. Әкемді көретін болдым деп. Азанда ерте тұрдым. Үйдің артында бау-бақша болатын содан бір қалта алма жинап алдым да машинаны күттім. Ақыры ол да келді. Анам екеуміз жайғасып мініп алдық. Екі-үш сағатан соң егістікке де жеттік. Машинадан секіріп түсіп әкемді іздей бастады. Егістіктің ортасын да бір топ кісімен әңгімелесіп тұр екен. Алып ұшып жүгірдім. Даусым жер жарып келеді.  Әкелеп. Қасына барып: “Папа, сені енді көре алмаймын ба дедім” деп еңкілдеп жылағанымды айтам-ау…. Содан әкемді көріп, құлан таза айықтым. Қасында бір апта болып, мауқымды басып келгенім бар.

Мектепке барған кезім де еш есімнен кетпестей болған. Ең алғаш мектепке барғанда әкем базардан ұлдардың аяқ киімін әкеліп берді. Амал жоқ. Айтуға батпаймын. Мектепке киіп бардым. Бірақ қайтып келе жатып, үйге жетер жетпей аяқ киімді жыртып тастадым. Абайсызда болған дүние деп түсіндірдім. Бар ойым ертең жаңасын әперсе қыздар секілді бәтеңке киермін деген ой. Әкем әперген жаңа аяқ киім де ұлдардың бәтеңкесі болып шықты. Ештеңе өзгермесін біліп, бастауыш сыныпты бітіргенше еркек балдардың аяқ киімін кидім.

Жаз болса, балық аулауға барамыз. Бақтың астынан жауынқұрт қазып алып, әкем екеуміз каналға бет аламыз. Күн шыжып тұр. Маған да бойыма лайықты қармақ жасап қойған. Әкем үндеме балықты үркітесің деп алдын ала ескертіп қояды. Бала емеспін бе, бір ағашты ұзақ ұстап тұруға шыдамым жетпей лаймен ойнай жөнелемін. Маған ашуланып, екеуміз ұрысып кеп қаламыз. Содан мен бұлқан талқан боламын. “Балығыңды өзің аулап ал. Мен ауылға кетем” деп бұрқылдай жөнелем.  Алды артыма қарамастан ауылды бағытқа алам. Бір кезде әкем артымнан айқайлап келеді. Жалынып, жалпайып енді ұрыспауға уәде етеді. Қайта ертіп алады. Сондағы аулаған балығымыз шабақ. Бірақ сол шабақты анам тәтті етіп, түрлі қоспа қосып дайынтайтын. Сол шабақ дәмі әкемнің таңдайынан кете бастағанда қармақты иыққа салып, жауынгердей сайланып шығамыз.

Бірде үйдегі ұсақ малдарды қойшыға бердік. Ол Сырдарияның жағасында отыратын. Содан  әкем екеуміз таңертең  ерте жолға шықтық. Ол кезде ортаншы сыныпқа ауысатын кезім болатын. Әйтеуір елсіз дала ғой деп ешкім көре қоймас деп ойладым. Есейіп қалғам. Ұзақ жүгеніміз есімде қойшының тұрағына де жеттік. Сол үйден ас ішіп, малды бөліп, үйге қайттық. Жолда келе жатып әкем әзілді бастайды. Мені қорқытып аңыз әңгімелерді айтады. Бір уақытта мен қазір келемін деп жоқ болып кетеді. Сөйтсем тасалау жерге барып мені бақылап тұрады екен. Ал, мен әкем кеткен кезде ойыма жаңағы әңгімелері түсіп қорқа бастаймын. Болмағасын папалап айқайға басам.  Шаң басқан бетімді жас жуып, ағыл-тегіл боламын. Соны көріп әкем мәз. Мен қырсығып, сөйлемей қоямын. Ал, ол айналып толғанып ашуымды тарқадаты. Қайта әзілге көшіп, елсіз даланы басымызға көшіре күлеміз.

Солай уақыт өте келе студент атандым. Апта сайын әкем қалаға ауылдан келеді де тұрады. Ал, қасымдағы қыз, балалардың жиі ана-аналары келе бермейді. Бәрі маған таңғалады. Әдетіне басып қасына ертіп алады. Керек жарағымды әперіп, бір көріп, сағынышын басып болған соң ауылға қайтады. Ең қиыны мен тұрмысқа шыққанымда әкем көпке дейін маған салқындау болып жүрді. Бәлкім, мені қимаған шығар деген іштей ой түйдім.  Сол уақытқа дейін анамды  түсініп көрмеппін. Зілді даусын естісем, әкем қорған болады. Одан анам бата алмайтынын жақсы білем. Талай тістеніп, жұдырықты сырттай көрсетіп ғана қоятын. Апке, сіңілдерім секілді басымнан сипап болмаса шашымды тарамады. Үй тірлігіне араласқаным жоқ. Тамақ пісіру, үй жинау секілді шаруаларды жасамадым. Бірақ тұрмысқа шығып, келін атанғанымда анамның ақылы керек екенін ұғындым.

Біздің отбасымызда ұл баланы ұзақ күтті. Бес қыздан кейін барып, анам шекесі торсықтай ұл баланы өмірге әкелді. Сонда әкемнің қуанғанынан көзіне жас алғаны көз алдымнан кетпейді. Ата бабалар жазылған шежіре кітапты қолына алып, қаламмен өзінің тұсына ұлының атын жазды. Сол кезде мен іштей қызғанғаным бар. Әрине баламын ғой. Бірақ үйде талап күшейді. Бала ауырып қалады, жөтелмеңдер, жүгірмеңдер деген секілді ескертпелерді жиі айтады. Анама деген құрметі одан сайын арта түсті. Сонда ұғындым ер баланың орны әрбір отбасы үшін ерекше екенін. Дегенмен әкем үшін ерекше қыз болып қала бердім.

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<