Шашыңды жайма, қарағым!

2825

0

Дәрісханаға кірген сайын кәдуілгі әдетпен студенттерді, соның ішінде, қыздарды мұқият шолып шығамын. Қайдан келген сән екенін түсінбеймін, шаштарын жайып отыру үрдіс болған. Дереу жинаттырамын. Күн сайын осы жағдай. Олар да шаштарын жайып жүруді қоймайды, мен де жинап отыруларын талап етуді тоқтатпаймын. Әртүрлі дәлелдер айтып, түсіндіруге тырысам. Кейде жай, кейде қаттырақ айтуға тура келеді. Осыларға әйел жаратылысының шашы туралы әпсананы түсіндіру үшін, бұл тақырыпта індетіп іздене де бастадым.

Жарайды, жасөспірім қыз балалар еліктеуге бейім келеді ғой, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін де бажайлай бермейді. Бірақ, ақыл тоқтатқан, көзқарасы орныққан жас әріптестерім шаштарын жайып жүргенін көргенде күрсінісің тереңдей түседі. Осы мәселені студент қыздардың санасына сіңірем деп жүріп, жинағаным біршама болып қапты, соны газет оқырмандарымен де бөлісе кетейін деп, қолға қалам алдым. Бәлкім осыны оқыған айналып қана кетейін, бір-екі қаракөз қарындасыма ой салар, содан соң шашын жинар деген дәме ғой.

Славян-арий ведаларында «Шашты кеспе, денсаулық пен даналықтан айырыласың» деген сөз бар екен. Сондықтан славяндар шаш кеспеген. Тек «көз тиген» адамдар ғана шашын кескен. Жаман аурудан, жаман энергетикадан құтылу үшін, күнәсін жуып-шаю үшін солай жасаған. Егер тағдырдың қиындығына төтеп берсеңіз, шашыңызды қиып, жаңа өмір бастауға болады деп түсінген.

Бауыржан Момышұлы айтты деген бір сөз бар: «Өткен замандағы күнәһар әйелге берілетін ауыр жаза – бұрым шашын көпшілік алдында кесу болған. Қазіргі кездегі қазақ əйелдері мен қыздары өз-өздерін өлім жазасына кесіп келеді». Расымен халықтың қылмыстық заңында шаш туралы бірнеше бап болған. Тентектер әйелдің шашын кессе, ол дене мүшесін кескенімен бірдей жазаланады, үлкен айып төлейді. Демек, әйелдерге тән шаш бағасы мен құнын халқымыз ерте білген. Естеріңізде болса, Жанкент билеушісі Санжар хан жалаға сеніп, Бегім сұлудың бұрымын кесіп, зынданға тастаушы еді ғой…

Осы күні шашты қысқарту сәннен қалған ба, қайбір жылдардағыдай емес, шашы шолтаңдағандарды  көзіміз  сирек шалатын болды. Оған да шүкір. Алайда, сол бір аяулы қолаң шашты  жайып  жіберіп жүру белең алған. Жайылған шаш күш-қуатты бекер ысырап ету екені санасына кіріп-шықпайды. Онысымен қоймай, ертеде  шашты жаю өрескел әдепсіздік екенімен шаруалары жоқ, яғни, әйелдер үшін бұрымды шешудің өзі ерекше маңызды болыпты. Өрілген шашты шешу өте күрделі жұмыс болған. Оған асықпай, мұқият қараған. Шашын шешкен қыз жинақталған энергияны босатып жатыр деп есептелген.

Егер қыз бала жігітті ұнатып қалса, өрілген шашын соны ойлап отырып шешуі керек деген түсінік болған. Сосын жайылған шашын көрсетсе, жігіт ғашық боп қалуы мүмкін. Жігіттің көзіне түсу үшін қыз шашын саусағына орап отырса да жеткілікті. Сонда ойын өзіне байлап алған болып есептеледі.

Оқыған кітаптарымызда, ертегілерде жайылған шашпен тек мыстан кемпірлер жүретін. Қазір айналаға көз тастаған сайын «шынымен де ертегідегідей өмір сүріп жүр екенбіз-ау» деп қалам!

Ежелден адамдар әйелдің қаруы шаш екенін жақсы білген. Шаш тәндегі күш-қуатты сақтаушы құрал болған. Ұзын бұрым – көрік пен күш. Ертедегі әйелдер шашты ұзын етіп өсірген. Бұрым қылып өріп қоятын болған. Әйел үшін бұрым аккумулятор сияқты рөл атқарған. Шаш ұзын болған сайын, оның иесі ақылды, көреген, күш-қуаты көп болған. Оның адамгершілігі мол, мейірім мен нәзіктігі басым болып тұрған.

Қыздың арқасына түсетін ұзын бұрым ерекше күш-қуат беріп, тәні мен рухын мықты қылған. Тұрмысқа шыққан әйелдің шашы екіге жарылып, қос бұрым болып өрілген. Мұнысы, сірә, «жұбым бар» дегендегісі болса керек. Неткен бекзат қағида дерсің! Әрине, тұрмысқа шықпаған қыздар да қос бұрыммен жүре алады, бірақ олар тұрмыстағы әйелдер сияқты екі бұрымның ұштарын бір-біріне жалғамай, еркін қоятын еді. Ал жас әйелдердің шашын маңдайдан айырып, екі бұрым етіп өрген соң, оның арасын бір сүйемдей етіп ұшынан бір-біріне жалғап қоятыны – «Жұбымыз жазылмасын» деген ақ тілектің белгісі болған.

Өзімнен бір сынып төмен оқыған қарындасым бар. Мектепте оқып жүргенімізде марқұм әжеміз таң ертесімен от жағып отырып қатар істейтін бір жұмысы бар еді: ол – қарындасымның шашын өру. Бір тал шашынан шашау шығармай бантик қосып өретін. Қандай жарасымды еді! Қазір де мектептің оқушы қыздары бантик тағады, бірақ шашқа қосып өретін емес, жай ғана қыстыра салатын «бантиктер». Жоғары сыныптың қыздары мұны тағуды тіптен ұят санап, арланып та жүретіндерін білем. Бантик тағуды кешегі кеңестік кезеңнің коммунистері ойлап тапты ғой деймін, бұрынғы әжелеріміз бойжеткен күнінде бантик таққандарына күмәнім бар. Шашпау-шолпыларын сыңғырлатып жүрді ғой! Міне, осы жерде өз-өзінен бір идея келе қалады. Мектепте жоғары сынып оқушыларына, колледж оқитын бойжеткендерге шашбау, шолпы тағуды міндеттеп, ережеге енгізіп қойса құба-құп болар еді.

Ғабит КӘДІРБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<