Шілдеге түсу түк емес

9481

0

Шілдеде суға түскеннен рахат ештеңе жоқ. Мұны білетін адамдар қолы қалт етсе көлге, жағажайға қарай асығады. Шетелдерде (әсіресе, Еуропа) осы бүгінде суға шомылатын он адам болса, соңынан он құтқарушы қарап тұрады екен. Жарнамалары мынадай: «Суық су қауіпті. Суық судағы 10 минут қимылсыздық естен тануға, тіпті өлімге апарып соғады. Есін жиғанда да қайта талып қалуы мүмкін» дей келіп, алғашқы көмекті қалай көрсету керектігін тәптіштейді.

Біздің қазақтың баласы су көрсе жардан секіріп кете береді. Жақын маңда су болмаса ыстықтан өртеніп жатқан біз жоқ. Шыдамдылық бізге тән.

«Шілде» сөзі араб тілінен аударғанда «қырық» деген мағына береді-міс. Бұрын қазақтардың мұсылмандық ұғымында «шілдеге түсу» деген болған. Медресе бітіріп, шатырхат алған үздік шәкірттер – дәруіш, сопы, ақындар жер астына түсіп, қырық күн бойы ешкімді көрмей, сөйлемей, тек Алламен ғана үнсіз тілдескен. Мұны қазіргіше медитация деуге болады. Соған төзген қазақпыз. Түркістан маңында, Қарнақ елді мекенінде сол ескі медресенің орнындағы қылует әлі күнге бар дейді, көргендер.

 Әуелде қырық күндік мезгіл ретінде айтылып, кейін отыз күндік ай ретінде қолданылып, қалыптасып кеткен шілдені қазақ «ұлы шілде», «кіші шілде» деп екіге бөледі. Есепшілерінің айтуынша, жаздың ыстығы мен қыстың суығы қырық күндік уақытпен есептеледі. Халық астрономиясында «қырық күн шілде» дейтіні сол.

Жазғы шілде 25 маусым мен 5 тамыз арасындағы жаздың ең ыстық қырық күні болса, қысқы шілде 25 желтоқсан мен 5 ақпан аралығын құрайды.

 Қазақ үшін қыстың ызғарынан гөрі, жаздың ыстығына төзу шыдамдылық сипаты секілді. «Қырқына шыдап, қырық біріне шыдамайсың ба?» деудің сыры осында.

Негізі шілде – табиғат үшін тамаша ай. Құстардың көбейетін, егістің балбырап пісетін шағы. Құдай «Алаштың анасына» үйіп-төгіп берген. Дәл осындай ыстық өзге өңірде болмайды, болмаған соң жер мен күнді тел еметін тәтті жеміс өсіре алмайды. Ал Сырда өсетін мұндай жемістің – қауын, қарбыз, шие, өрік, қияр, қызанақтың (тізімді толтыра беріңіз) адам ағзасына қаншалықты пайдалы екенін, тіпті оның қырық ауруға шипа беретінін білімді дәрігерлер айтсын.

Ыстық ауа – жел-құздың да емі. Ауа райының 40 градустан жоғары деңгейі адам ағзасына ыстық су ішкендей әсер береді екен.

Шығыс ілімі бойынша, мәңгілік жастықтың құпиясы нақ ыстық суда сақталған. Бұл – қайнап басылған су емес, дәл 40-45 градус температурадағы су. Тибет дәрігерлері ашқарынға ішілген бір кесе ыстық су адамның өмір жасын ұзартады деп тұжырым жасаған. Оның себебін ыстық су түн ішінде жиналған асқазандағы зиянды микробтарды өлтіреді деп түсіндірген. Сондай-ақ бұл бас сақинасынан, қан қысымының жоғарылауынан, қаназдықтан, семіздіктен, буындардың қабынуынан айықтыратын тәсіл болса керек. Мұны айтып отырған Тибет медицинасының бүкіл әлемде мойындалғанын бәріміз білеміз. Осыны маңдайға алған қытайлар дәмханаларда тамаққа тапсырыс әкелместен бұрын бір кесе ыстық су ішуге дағдыланыпты. Ал Құдай бізге бұл нығыметті жаз ыстығы мен еуропалықтар сияқты салқын сусын іше бермей, ыстық шайға құмарландыру арқылы өзі беріп тұр.

Ақыры шілде туралы айтып отырған соң Әсет, Есет есімді жігіттердің қаперіне де бір сөз салайын. Жақында Әсет есімді бір інім өз атының мағынасын «бал» сөзінен шыққан деп отыр екен. Шамасы «әсел» сөзімен сәл шатастырса керек.

Шілде байырғы қазақ күнтізбесіндегі жұлдыз айлары бойынша «әсет» деп аталған. Кейде «асад» деп қолданылады. Мәселен, Асадулла деген есімді білеміз. «Асад» сөзі арабша «арыстан» дегенді білдіреді, жұлдыз айлары  бойынша  Арыстан  шоқжұлдызының атауы. Өз ішіміздегі Әсет, Есет ( тілімізде «ә» мен «е»-нің ауысуы бар, «әп, бәлле», «еп, бәлле» сияқты…) деген кісі аттары осы арабшадағы «асад», яғни, «арыстан» мағынасын береді. Сондықтан әлгі ініме араның ұясындағы бал болмай, даланың қиясындағы арыстан бол дегім келеді.

Енді өз тақырыбыма оралайын. Алдағы күндерде де ауа ағысы мен жердің атмосфералық қысымы жоғары деңгейде қала береді. Синоптиктер солай деп отыр. Қанша дегенмен, шілде айы ғой.

Ал бізге бәрібір, болса ыстық шай, болмаса мұздай су – күй талғамайтын төзімді жаралған жанбыз. Дәл осы күн мінезін басқа халыққа берсе, жағдайы не болар еді. Бір нәрседен сақ болу керек-ақ, ішімдіктен, тез бұзылатын тағамнан…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<