Шипагерліктің тылсым сыры

1899

0

Ол Қазалыдай қасиет қонған топырақта қара халықтың жәрдемшісі, жұбанышы болыпты. Азан шақырып қойған аты да солай еді. Жұбаныш. Жеті атадан бері қара дүкен ұстаған Игісін баласы атына заты сай елге осылай қызмет қылыпты.

Ал енді деректерді сөйлетсек. Жұбаныш Игісінұлы  – шипагер тәуіп, халық емшісі, софы, көріпкелдігімен елге танылған әулие. Әкесі Игісін – он саусағынан өнер тамған шебер, темірден түйін түйген ұста. Сонымен қатар, жер жағдайын жақсы білетін аңшы, құралайды көзге атқан мерген екен. Сауда-саттықпен де байланысы бар дәулетті адам болған. Тарихтағы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде дала қаһармандары Жанқожа мен Ақтан батырлардың атқосшы әрі серіктес сарбаздарымен қатар жүрген.

Аңыз бойынша саятшылық және аңшылықтың айла-тәсілін меңгерген, жер жағдайын жақсы білетін Игісін мерген бір жортуылдан келе жатып әулие, емші, көреген, қасиет дарыған кісі болып елге танылған Сиық ата (Шейх ата) әулиенің бейітіне ат басын бұрыпты. Білетін аятын оқып, қоржынындағы ас-суын ішіп сол жерге түнейді. Таң алдында түсіне енген әулие аян беріп қолына жанып тұрған қос шырақ ұстатады. Игісін жортуылда көп жүрген, түсі суық, адам сескеніп тұратын жаужүрек, ер тұлғалы кісі екен. Көпке дейін баласы болмаған. Осы түстен кейін-ақ көп ұзамай Жұбаныш, одан Қуаныш ұлдары дүниеге келеді. Көрген түсі өңінде қос ұл болып келгесін балаларын «көзімнің қос шырағы» деп отырады екен. Біз әңгіме қылған Игісіннің бейіті Бектау өңірінде Бесөзек деген жердің арқа бетінде 10-12 шақырым жердегі төбеге қойылған. «Игісін алап» деп аталған осы тұста ертеректе Қарақалпақ еліне әрі-бері керуен қатынаған сауда-саттық жолы болған.

Мақаламыздың негізгі кейіпкері – Жұбаныш ата 1870 жылы Қазалының қазіргі Кәукей ауылы маңында туған. Сараман, Қарабура, Маяқос, Бектау, Ұялы өңірінде жастық шағын өткізген. 1956 жылы 86 жасында өмірден озған. Шежірешілер айтқандай, Жұбаныш жас күнінде өлең-жырға құмар әнші, қиссаларды жатқа айтқан домбырашы, сал-серілік құрып ауылды аралап жүретін өте келбетті жігіт болған. Бір жолы ауылға келген соң, ауыр дертке душар болып үш жылдай жатып қалады. Сол дәуірдегі ғұлама емшіге емделіп, дертінен сауығып, одан тәуіптіктің қыры мен сырын, шығыс медицинасының шөптен және оның тамырынан дәрі жасау, сақтау мен пайдалану ілімдерін меңгереді. Қазан, Бұқар, Самарқанда болып жоғары мед­реселерді тауысқан. Ноғай молдадан жа­ратылыс, дүниетаным және ислам дініне қатысты шариғат ілімдерінен тәлім алады. «Сонымен қатар аспан әлемі жайындағы (астрономия) жазбаларды өз бетінше оқып, табиғаттың тылсым құбылыстарына көп үңіліп, әсерін зерттеп, шипагерлік тәжірибесін толықтырады» дейді шежіреші Тілеу­берген Төребековтің жазбаларында. Ноғай ғұламадан алған рухани білімі мен ұзақ уақыт жинақ­таған тәжірибесі арқылы тәуіп­тік, яғни дала медицинасын  меңгерген.

Көзкөргендер айтады, ол аурудың тамырын ұстап, көзіне, тіліне, тыр­нағына, терісінің түсіне қарап науқа­сының себебін білген. Уқалау арқылы емдеу нүктелерін тауып, тамыр үзу арқылы тәнді кеселден арылтатын тамыршы болған. Әуелі ішті айдайтын шөптен жасаған тұнба беріп құстырып, асқазанды тазалап, науқасты жақындарымен тілдестірмей оңаша үйге жатқызып, өзі ғана бақылап отыр­ған. Күн мен түннің өзгеруін қадағалап, оның адам ағзасына әсеріне қарай ем қолданып, астрономияны өзінің ем қолдану кезеңімен байланыстырып отырады екен. Табиғат дүниесін зерт­теп, тоғай арасы, су жағасында қонып-түстеніп науқасқа дауасы бар емдік қасиетті шөптердің тамырын, сабағын, гүлін, шырыны мен жеміс-жидектерін жинап, кептіріп, өлшеп дәрі-дәрмек жасаған. Жан-жануардың түрлі ағзалары мен майын алып, минералдар мен химиялық (алмас, сынап, күкірт) заттардың қасиеттерін танып-біліп, жасаған дәрілеріне қолданыпты.

Жұбаныш атаның қылтамақ ауруын да жазған уақыты болыпты. «Қылтамақ ауруын  желден,  жаннан және қаннан болатын  түрі  кездеседі» деп өзі де айтып кеткен. «Қаннан болатын  түріне  ем  жоқ» деген. Ол – бүгінгі медицинадағы ақ қан ауруы. Ал жел мен жаннан болатын түрін көбінесе от, су, жел, ауыр күйзелістен туындайтынын айтады екен. Ибн Сина, Өтебойдақ сияқты ежелгі ғұлама шипагерлердің ілімінен ха­ба­ры болған дейді тәуіптің көзін көр­гендер.

Ол көбіне адамдардың құрт ауруы, жыланкөз, бетеке, сүйек тасу, қотыр, таз сияқты күрделі аурулардан сауығуына үлес қосқан. Жұбаныш тәуіпке сол кездегі қарақалпақ, өзбек, түркімен жұртынан келіп емделгендер болған.

Айтпақшы, келетін адамдарды алдын ала аян алып біліп отырады екен. Қараңызшы, ем қонбайтын науқастарға «Құдай қаласа, келесі жылы төбеге шығасың ғой» деп психологияға жа­ғымды жылы сөзімен жұбатып шығарып салатын болған. Өзінің дүниеден өтетін күнін білген. «Мені үйімнің іргесіндегі ақ төбеге қойыңдар» деп өсиет айтып кеткен.

Қазір Кәукей ауылының іргесінде жергілікті халық оның есімімен атаған «Жұбаныш төбе» деген жер бар. Бұл – елдің құрметі. Тәуіптің есімі Қазалы ауданының энциклопедиясына енген. Көзі тірісінде оны білетін ел құрметтеп «тәуіп», «әулие», «сопы», «шипагер» деп атап, «киелі адам», «кепиеті ұрады» деп алдынан кесе өтпесе керек.

Ілгеріде аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Қалдан Бештембеков «Менің жас өмірімді сақтап қалған Жұбаныш тәуіп қой, ол кісіге өмір бойы қарыздармын» деп қамығып, көзіне жас алып отырады екен. Жұбаныш ата оны жас кезінде ауыр науқастан емдеп жазғаны рас. Тіпті оған күтініп жүрмесең, қырық жылға дейін ауру қайта соғуы мүмкін деп ескерткен.

Араға жылдар салып Қалдан аға­мыз қайталап ауырып, Алматыдағы А.Сызғанов атындағы ұлттық хирургия ғылыми орталығына қаралыпты.  Ғылыми орталық ұзақ  зерттеуден кейін Мәскеуге жолдама береді. Науқасты қабылдаған КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің бас хирургі, КСРО МҒА академигі, медицина ғылымының докторы, профессор Михаил Кузин екен. Атақты хирург әріптестерімен кеңесе отырып, 1987 жылы күзде өңештің асқазанға жақын жеріне ота  жасап,  ісікті кесіп алып тастайды. Өте күрделі өткен отадан соң, өңешке зерттеу жүргізіп, сараптаманы оқып, науқаспен тілдескен дәрігер:

– Ертеректе қандай елде емделдіңіз? – деп сұрақ қояды. Қалдан аға дала дәрігері, шипагер тәуіп, бұл күнде өмірден өтіп кеткен Жұбаныш Игісін­ұлының емдеп-жазғанын айт­қанда академик басын шайқапты.

– Мынадай емді жасаған дала академигінің туған жеріне алтыннан ескерткіш  қоюға болады, – депті аса ризашылықпен таңданысын жасырмай.  

Қазалының қарапайым қара шалына баға берген М.Кузин Ленинград әскери медицина академиясының түлегі еді. Танымал ғалымдардан дәріс алған тұлға. Ағылшын, француз және неміс тілін меңгерген ғалым. Мәскеу медицина институтының ректоры, А.В.Вишневский атындағы хирургия институтының директоры қызметтерін атқарған лауазым иесі. Ол өз өмірінде 42 ғылым докторы, 60-тан астам медицина ғылымының кандидатын да­йындаған. Ғалымның 500-ден астам ғылыми мақаласы, 20 монографиясы жарық көрген. «Әлемнің дәрігерлері ядролық соғысқа қарсы» халықаралық қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі болатын. Халықаралық хирургтер қоғамының құрметті мүшесі, Социа­листік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік  сыйлығының  иегері. 

Дүние жүзі таныған  ғалым  таңырқап «дала  академигі» деген баға берген Жұбаныш тәуіптің ерекше емшілік қасиеті – он сегіз мың ғаламды жаратқан Алладан дарыған рухани ғылым құдіреті. Әйтпесе онда Кузиндей медицина академиясының оқуы болмағаны шындық.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<