Сиыр жылы немесе алпыс жылдық мүшел есебі

1028

0

Жаңадан ғалам қақпасын ашқан Зеңгі баба түлігі – Сиыр жылы жайлы ел аузында сақталған «Кіретін екінші жыл сиыр екен, Түрленген неше түрлі құйын екен, Ақ, қызыл, көк және де қара сиыр, Ақ сиыр қағынған жыл қиын екен» деп келетін көне шумақ бар.

Байқағандарыңыздай, жоғарыдағы жырда бес түстің атауы айтылып тұр. Негізінен алғанда, жылдарды түстерге бліп есеп жүргізу – ежелгі тамырымызда бар дүние.

Яғни көне түркілер бұны «жарын есебі» деп атаған. Бір жарын 60 жылдан тұрады. Осы мерзімде 12 жыл атауы бес дүркін қайталанатындықтан, қателесіп кетпес үшін оларға бес түрлі түс және бес түрлі материалдық зат атауын берген. Мысалы, ақ, сары, қызыл, қара, көк дейтін бес түрлі түске: темір, ағаш, топырақ, от, су сияқты материалдық атауларды қоса қолданған. Бұлар «жарын есебін» жүргізгенде жаңылыспау үшін қажет болған сыңайлы.

Жоғарыдағы «жарын есебін» ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп жазбаларынан және Шәкәрім қажының еңбектерінен аңғару­ға болады. Мысалы, Ахат Шәкәрім­ұлы өзінің 1992 жылы «Жұлдыз» журналының 11-ші санында жарияланған «Менің әкем, халық ұлы – Шәкәрім» атты көлемді ес­телігінің 34-ші бетінде «Бір күні әкейден «Қазақ бұрын қандай дінде болған?» деп сұрадым дейді. Әкей: «Қа­зақ атанғаны – Ноғай­лыдан бөлінген соң мұсыл­ман болған. Оған дейін ескі түркінің маужуси діндері болған. Ескі тү­ріктер Құдай жарат­қан заттардың ең қа­сиеттісі бес нәрсе деп білген. Олар: от, топырақ, су, темір, өсімдік (ағаш)… жә­­не осы нәрсені 12 жылдың атына қосып, 60 жылдық ұлы мүшел еткені де сон­­дық­тан еді», деп айтқан сөзін келтіре­ді. Осы деректен-ақ «жарын есебі» қазақ­тың бұ­рынғы танымында болғанын бай­қай­мыз.

Сол сияқты ғұлама ойшыл Ақжан Машанидың еңбектерінде де көне жыл санау үлгісі 60 жылдық мүшел есебі жайлы айтылады. Ғұлама ғалым, мүшел дегеніміз – уақыт өлшемі, осы арқылы күннің, айдың, жылдың есебін айырамыз дей отырып, алпыс жылдық мүшелге (жарын есебі) тоқталыпты. Яғни 12 жыл бір мүшел оны бес саусаққа көбейту арқылы 12 х 5 = 60 жыл шығады. Бұл барлық көне Шығыс еліне ортақ есеп, дейді. Онымен қоймай мүшел кестесінің алпыс жылдық есебін жазып кетіпті (әл-Машани А.Ж.Әл-Фараби көпірі: мақалалар, – Алматы: «Алатау» баспасы, 2005, 239-240 бб).

Жарын есебі бойынша биыл – түсі ақ, темір Сиыр жылы кіріп жатыр. Этнограф ғалым Мыңбай Ысқақовтың 1980 жылы Алматыда жарық көрген «Халық календары» атты еңбегінде: түркі тектес халықтардың барлығының жыл қайыру есебінде «сиыр» атауы бар дегенді айта отырып, бұл терминді – алтайлықтар (тілеуіттер) – үй, өзбек пен ұйғыр – сігір немесе инәк, татар-башқұрт тілінде – сиыр, түрікменше – сиыр, тыбаша – инек, ноғайша – сығыр деп атайтыны жайлы мәлімет береді.

Сол сияқты жоғарыда атап өткен жарын есебін зерттеуші белгілі отандық астролог Елена Топольскаяның жазуына қарасақ, биылғы Сиыр жылының ең берік стихиясы – темір. Бұл дегеніміз – банк секторы өзін сенімді сезінетін, заң ғылымына, мемлекеттік басқаруға қатысты барлық нәрсе жақсы болатын жыл. Сонымен қатар мемлекеттік реттеу ең қолайлы деңгейде болады, барлық жағдаят жақсарады және жаңа бастамалар мен құндылықтарды қай­та бағалаудың уақыты келеді депті астролог ханым.

Сиыр жылы туған адамда болатын мінез-құлық сипаты жайлы зерттеуші этнограф Қалбан Ынтаханұлының өткен жылы «Өрнек» баспасынан шыққан «Қазақша мүшелдік жыл санау» атты еңбегінде, бұл жылы дүние есігін ашқан пенде еңбекқор қажырлы келеді, сондай-ақ мінезі салмақты, жауапкершілігі мол, төзімді, әділетсүйгіш, мақтаншақтарды ұнатпайтын сипаты басым болумен қатар, отбасы-ошақ қасы үшін аянбай тер төгеді және өмірде байсалды болуымен ерекшеленіп тұрады депті. Аталған еңбекте, бұл жылы туған адамдарда, тұ­йық­тық, саяқ жүру сияқты әттеген-айлар да болатыны туралы айтылған екен.

Қазақ тарихында Сиыр жылы туған атақты тұлғалар жетерлік. Атап айтсақ, елін жаудан қорғаған Жабай батыр Қарабиұлы (1697 жыл), Баянбай батыр (1709 жыл), Жарылғап батыр (1733 жыл), Қабылиса жырау (1733 жыл), ағартушы Ыбырай Алтын­сарин (1841 жыл), дастаншыл ақын Қашаған Күржіманұлы (1841 жыл), мем­лекет және қоғам қайраткерлері Бай­қадам Қаралдин (1877 жыл), Санжар Асфан­дияров пен Жүсіпбек Аймауытов (1889 жыл), Ұлы Отан соғысының батырлары Нарсұтбай Есболатов (1913 жыл) пен Әлия Молдағұлова (1925 жыл), атақты композиторлар Мұқан Төлебаев (1913 жыл), Нұрғиса Тілендиев (1925 жыл) және әнші Нұрғали Нүсіпжанов (1937 жыл) т.б. мықтылар дүниеге келген екен.

Халқымыз сиыр түлігін ырыстың көзі деп білген. Ел арасында: «Сиыр алсаң танып ал, танымасаң тарғыл ал» дейтін тәмсіл айтылса, «Сиыр бақтым дегенше, сидаң қақтым десейші» деген ризалық лепесте тіркес те сақталған. Сол сияқты, Зеңгі баба түлігі жайлы «Сиыр берсең сүтті бер өңкей мама, Кең өріске шұбыртып өзің бағып, Кешке жақын қораға әкеп қама» деп басталып:

Тағы бір тілек тілейін,

Бергеніңді білейін,

Қос жегуге жарамды,

Ылғи өңшең өгіз бер,

Жұп-жұбымен сегіз бер,

Бұқалары әукелі –

Шүйделері білеудей,

Аяқтары тіреудей,

Әрбір түстен сегіз бер.

Сәйгел тисе мөңкіген,

Оқыра тисе жөңкіген,

Ала бас жіп естірге,

Мұрынын тура тестірген,

Құйрығында шоғы бар,

Жапалап тастар боғы бар,

Дауысы бар қазандай,

Мүйізі бар жылтылдақ,

Буыны бар сыртылдақ,

Зеңгі баба түлігі,

Сиыр бассын үйіңді,

Сиыр басса үйіңді,

Сыймай бассын үйіңді, деп келетін бата іспетті айтылатын толғау бар. Осында айтылған бұл жылы «Сәйгел тисе мөңкіген, Оқыра тисе жөңкіген…» жануардың жақсы сипаты бұйырсын. Қауымымыз сиырдың бүйрегіндей бөлшек емес, өгіздің бұла күшіндей бірлікте болғай!

Бекен Қайратұлы,

Дереккөз: www.egemen.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<