Соғыс тұтқындарының қилы тағдыры

5213

0

Екінші дүниежүзілік соғыс басталған сәтте-ақ кеңес өкі­ме­ті­нің тұтқынға түскен өз азамат­тарынан біржолата бас тартып, әскери тұтқындардың құқықтарын анықтаған халық­аралық Гаага және Женева конвенцияларын мойындамауы олардың жағдайын қиындата түскен. Әсіресе, бұл жағдай түркістандық соғыс тұт­қындарына қатты әсер етті. Г.Гервардт «Гитлер мен Сталиннің арасында» деген кітабында соғыс жылдары түркістандық тұт­қындардың  80 процентке жуы­ғының ашаршылық пен аурудан өлгенін жазады.

1941 жылдың желтоқсан айында Польшадағы түркітілдес халықтардың өкілдері шоғыр­ланған Ченстохан концлагеріндегі 30 мың адамның 2 мыңы ғана тірі қалған екен. Соғыстың алғашқы жылдарында түркі халықтары өкіл­дері «мен мұсыл­манмын» деп айт­қандарына қара­мас­тан, фа­шистер оларды «сүн­дет­ке отырыпты, еврей екен» деп қинап, итке талатып, та­лайын өлтіріп жіберген. Неміс конц­лагерьлеріндегі түркістан­дық­тардың қандай жағдайда тұт­қынға түскені жөнінде М.Шо­қайдың Францияның Шы­ғыс тілдері мен өркениеттері ұлт­тық институтының кітапхана­сын­дағы жеке мұрағаттық қо­рын­­дағы тұтқындардан ал­ған мағлұ­маттары негізінде жазыл­ған «1941 жылғы Мұстафа Шоқайдың Германиядағы қыз­меті: әскери тұтқындармен – Түркістан тұрғындарымен байла­­ныстары» деген құжатта көр­се­­тілген деректерге сүйенсек, соғыс басталғаннан кейін жалпы моби­лизация бойынша майданға алынған түркістандықтардың оннан тоғызы винтовканы қалай ұстауды да білмеген. Орыс тілін меңгермеген, әскери команда тілін түсінбеген. Көпшілігі стра­тегиялық қателіктер, әскер коман­дирлерінің тәжіри­бе­сізді­гінен майдан «котелдарында» жазықсыз қырғынға ұшыраған. Көбіне жауынгерлер жараланып немесе контузия алып, жауға еш қайрат қыла алмай тұтқынға түскен.

Соғыс кезінде қазақ, өзбек, қырғыз, т.б түрік-мұсылман халық­тарының өкілдері мылтықпен, оқ-дәрімен жұрттың ең соңында жабдықталған. Мәселен, №106 Ақмола атты әскер дивизиясының көпшілігі қазақ болған екен. Соғыс өнеріне үйретілмеген, жөні түзу қару-жарақ та берілмеген жауынгерлер Харьков түбіндегі қоршауда түгелге жуық қырғынға ұшырайды. Бұл дивизиядағы 3200 жауынгерге танктерге қарсы соғысу үшін 3100 қылыш беріліпті. Дәл осындай Ржев түбіндегі қырғында да түркістандықтардың көптеп қырылып қалғаны белгілі. Қырғыннан аман қалғандары амалсыздан тұтқынға түскен. Қатты жараланып, ұрыс даласында қалған жауынгерлердің ешбір мүмкіндігі болмаған. Мысалы, Атырау тұрғыны Ғайпен Бейісов 1941 жылы Украинаның Лохвица деген қаласының солтүстігінде өткен қырғын соғыста жараланып, 15-18 қыркүйекте ес-түссіз ұрыс болған жерде қалған. Есін жи­ғаннан соң, сол маңда қашып-пысып жүргенде немістерге тұт­қынға түссе, қызылордалық Утебеков Ануарбек 1942 жылы Харьков маңында аяғынан жара­ланып, тұтқынға түскен.

Неміс лагерьлеріндегі түркіс­тан­­дықтарға осы кезде көмекке келген жалғыз ғана Мұстафа Шоқай болды. Ол, 1941 жылдың тамыз-қараша айларында тұт­қындарды өз мақсат-мүдделеріне орай пайдалануды көздеген неміс командованиесінің тапсыр­масымен, қажетті мағлұ­маттарды (ұлты, мамандығы, білімі, жасы, т.б) жинау үшін концлагерьлерді аралайды. Мұстафа Шоқайдың мақсаты жиырма жылдай ара­ласпаған отандастарының жағ­дайын білу болды. М.Шоқай Дебиса лагеріне барған сапарында ондағы 40 мың түркістандықтан ауру мен аштықтан 25 мыңы  ғана қалғанын анықтайды. Ол Просткен, Сувалки, Пагеген, Дебиса, Деба, Ярослау, Лемберг, Эбенрод, т.б лагерьлерде болды. Түркістандық тұтқындардың жағ­дайымен таныса жүріп, кеңес әскери құрылымдары бас­шы­ларының өрімдей қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, тәжік жастарын ажал аузына айдап салғанын өз көзімен көріп, естіп біледі. Белгілі мұстафатанушы К.Есмағанбетов М.Шоқай шығармаларының то­лық жинағының 11-ші томында соғыс тұтқындары жайында толық мәліметтер келтірген. кейін ғалым­ның қолжазбасы негізінде 2019 жылы шәкірттерінің қол­дауы­мен «Мұстафа Шоқай және түркістандық соғыс тұт­қындары» атты кітабы жарыққа шықты. Онда Мұстафа Шо­қайдың лагерьлердегі түр­кістандық тұтқындардың туған жылын, ұлтын, мамандығын анықтап, олардың тізімін алу жө­ніндегі комиссия басшысы Гейбельге берген есебінде Лем­бергтен, Ярослау, Дебица-Кочановка, Деба-Майдан, Офлаг сияқты лагерьлерден жұмысқа орналастыруға 1592 адамды ұсынғаны анықталып отыр. Олардың барлығы дерлік қара жұмыстарға тартылған.

Соғыстың алғашқы айларынан бастап  Германияның  Шығыс  Іс­­те­­­рі бо­йынша рейхсминистр Альферд Розенберг тұтқынға түс­кен түр­кі халықтары өкілдерінен «Түркістан легионы» атты ерік­ті армия тобын жасақтауды қол­ға алады. Алғашында бұл ұсы­нысты қолдамаған Гитлер кейін 1941 жылдың 25 жел­тоқ­санында келісім береді. Соғыс жылдары «Түркістан Ұлттық комитетінің» әскери бөлімін басқарған Баймырза Хаит «Түркістан XX ғасырда» деген еңбегінде: «Германия жағында 181402 түркістандық соғысты» десе, неміс тарихшысы Иоахим Гофман «Шығыс легиондары» атты кітабында «неміс формасын киген кеңес түріктері саны 250 мыңдай болды» дейді. 1985 жылы Лондонда жарық көрген «Кеңес ұлттары стратегиялық болашақта» деген жинақта да осы мәлімет қайталанады, бірақ легиондардағы қазақтардың жалпы саны көрсетілмейді. Түркістан легионында болған Т.Әмірұлының «Крах легиона» кітабында 1941 жылдың жазында аш-жалаңаш, арасында жаралысы бар 80 мың тұтқынның 70 мыңы ұрып-соғудан, ауру-сырқаудан, аштықтан көз жұмғанын баян­дайды. Барановичи әскери тұт­қындар лагеріне, одан кейін Демблинге жөнелтілген. «Тұт­қынның 600-і қазақ едік. Екінші бір лагерьге ауыстырғанда қалған қазақ 126 ғана» деп жазады. Тіпті немістер легионға кірмеген тұтқындарды сапқа тұрғызып, барлығының көзінше атып тастап отырған. Міне, осылай 1942 жылдың сәуір-мамырында алғашқы Түркістан батальоны құрылған. Себебі ешкімнің де тектен-тек өлгісі келмеген. Автор легион қатарында жүріп, Қызыл армияның қатарына өту үшін іштей дайындалып, сәті түскенде кеңестер жағына өтіп кеткендігін де жазады.

Архивтердегі парақтары әбден сарғайған қылмыстық істерді қарай отырып, сол кездегі түрлі тағдырлар көз алдыңда тізбектеліп өтеді. Түркістан легионына кіргендердің бірі ашаршылық пен аурудан аман қалып, бір күнге болса да өмірін ұзартуға тырысқан. «Бір реті болар» деп болашаққа үміт артқандар да, соғысқа дейін күшпен ұжымдастыру, тәркілеу, саяси репрессия, бай баласы, молда баласы деген айыптармен қуғындалғандықтан, көбінің өздері немесе әкелері, ағалары шаруалар көтерілісіне қатысқаны үшін жазалауға ұшырағандықтан, іштерінде реніш табы болған­дар да кезіккенін ашып айтқан жөн. Олардың М.Шоқайға тапсырған өтініштерінде Сима­нов Барат «халық колхозға қалай разы болсын» десе, Әбуев Хасен соғыс­тың қарсаңында «түр­меге отыр­ғызуға сот үкімі шығып» қашып шыққанын, оның әкесі де «халық жауы» ретінде сотталғанын айтады.  Алайда, оларды алдарына қандай да бір саяси, идеологиялық мақсат қойып  немістер жағына шықты деп кінәлау тек халқын қырғынға ұшырата отырып, одан патриотизмді талап еткен кеңестік биліктің ғана қолынан келген.  Сонда да болса, архивтік құжаттарды талдай келе, түр­кістандық тұтқындардың бір де бірі немістерден «мені Қызыл Армияға қарсы майданға жіберіңізші» деп сұранбағанын байқаймыз.

Ең маңызды мәселе – Мұстафа Шоқай ешқашан да түркістандық тұтқындардан қосын жасақтап, оларды немістер жағында кеңестерге қарсы соғыстыруды мақсат етпеген. Болашақ тәуелсіз Түркістанды кеңестік отардан немістің отарына ауыстыру оның жоспарында да, ойында да болмаған. Германияның «Саяси мұрағатындағы» («Polistisches Archiv») Түркістан легионының құрылуына қатысты 1941-1942 жылдардағы бұйрықтарда, есепті баяндамалар, анықтамалықтар, т.б. құжаттарда да М.Шоқай есімі мүлде аталмайды. Гитлер Кеңес әскеріне қарсы Түркістан легионын құру туралы жарлыққа 1941 жылдың 22 желтоқсанында қол қойған. Ал, Мұстафа Шоқай сол жылдың 27 желтоқсанында белгісіз жағдайда қайтыс болды. Ол туралы неміс ауруханасының анықтамасы бар. Мұстафаның Германия басшылығына жолдаған «Сіздер өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті адамдармыз деп санайсыздар. Егер мәдениеттеріңіз менің көріп жүргенім болса, онда сіздерге де тұтқындардың шеккен азабын көруді тілеймін. Сіздер ХХ ғасырда өмір сүре отырып, ХIII ғасырдағы Шыңғыс хан­ның жасаған зұлымдығынан асы­рып жібердіңіздер. Мәде­ниет­ті халық екендеріңізді ай­туға тіпті де хақыларыңыз жоқ. Гёте, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр тәрізді данышпандарды тәрбиелеген ұлт өкілдерінің әскери тұтқындарға қалай қарайтынын көре отырып, мен Түркістан легионын басқару туралы ұсынысты қабылдай алмаймын және келешекте ынты­мақтастықта болудан бас тартамын. Мен шешімімнің бар­лық салдарын түсінемін» деген хатынан-ақ түркістандықтарды қолы­нан келгенше ажалдан алып қалу үшін еңбек еткені және сол жолда өзін құрбан еткені анық. Кейінгі отандық тарих­на­мада бұл мәселені зерт­теген Көшім Есмағамбетов, Дар­хан Қыдырәлі, Амантай Кәкен­нің, Бахыт Садықова және Гүл­жауһар Көкебаеваның, т.б. моно­графия­лары және қызыл­ордалық Әмірхан Бәкірдің зерттеулері Мұс­тафаға тағылған барлық орын­сыз айыптарға нүкте қойған. Сондықтан бұдан былай да Мұс­тафаның есімін Түркістан легио­нымен қатыстырудың жөні жоқ.

Мұстафа Шоқай өмірінің соңындағы екі-үш айдың ішінде қыруар жұмыс атқарып, мыңдаған түркістандық тұтқындардың жағ­дайын жақсартуға көмек­теседі. 1941 жылдың 9 қараша­сында 80 түркістандық тұтқын­ның тізімін жасайды, олар мамандық алу үшін Люкенвальд (Luckenwalde) қаласына жібер­іледі. Тұтқындар лагерінде М.Шоқаймен желтоқсан айының бас кезінде ұшырасқан Ғ.Бейісов: «Ұлы адам (М.Шоқай.) келіп, кейін түркітілдес тұтқындардың жағдайы біртіндеп жақсара бастады. Бізді Варшавадан 20 шақырым жердегі Легионова лагеріне жеткізді. Киімімізді ауыстырып, жуынып-шайынып алдық» деп атап көрсетеді. Бұл жайында Сувалки лагерінде болған қызылордалық О.Игісінов те тергеушіге берген жауабында «…М.Шоқай 1941 жылы тамыз айында лагерьге келіп кеткеннен кейін немістер мұсылмандарды басқа тұтқындардан бөліп, басқа лагерьге жіберді. Онда жағда­йымыз бұрынғыдан едәуір жөн­деліп қалды» деп жауап береді.

Әскери қайта даярлықтан өткен легионерлерді неміс коман­­­до­ваниесі алғашқы кезде неміс-кеңес майданында және Сум, Брянск облысы орман­дарын­­­дағы партизандарға қар­сы пайдаланбақшы болды. Алайда легионерлер ретін тауып, пар­тизандарға немесе кеңестер жағы­на рота-ротамен өтіп кетіп отырды. 1943 жылы «Түркістан легионы» алғашқы баталь­оны­ның Құрамысов бастаған 1-ротасы кеңес армиясы жағына толығымен өтіп кетеді. Осы­дан кейін неміс әскери бас­шылығы легионерлерге сенім­сіз­дікпен қарап, оларды толық қарусыздандырып, Ал­ба­нияға, Францияға ағыл­шын-американ әскеріне қарсы қорғаныстың құры­лыс жұмыс­тарына пайда­ланған. Ал, 1944 жылы Түркістан легионерлерінің көпшілігі албан, югослав, француз партизандары жағына өтіп, олармен бірге неміс фашистеріне қарсы соғы­сып, жылдың аяғында кеңес­ әскерінің қатарында жау­мен шайқасқан. Олардың көпшілігі айып батальондарында болып, өз кінәларын қан­мен жуған, жауынгерлік медаль­дармен марапатталған. Солар­дың бірі – қызылордалық Тұрсын Мамраймов 1944 жылы қыркүйекте «Түркістан легионы» қатарына югослав парти­зандарына өз еркімен бері­ліп, 1945 жылы ақпан айына дейін югослав партизандарымен бірге, ақпан-сәуір айларында Кеңес әскері қатарында айып баталь­онында фашистік Гер­манияға қарсы әскери қимылдарға қаты­сып, Вена қаласы маңында ауыр жараланып,  1945 жылы маусымда 3-топтағы мүгедек болып Кеңес армиясы қатарынан босатылады. Алайда елге кел­ген соң тұтқындалып, 58-бап негізінде ТуркВО әскери три­бу­налы сотының шешімімен 25 жылға бас бостандығынан айырылған.

Соғыс аяғында түркістандық легионерлердің біразын одақ­тастар әскері тұтқынға алып, олар 1945 жылдың күзіне дейін Америка және Англия лагерьлерінде болған. Бірақ көпшілігі елге қайтуға асықты. Дегенмен, тарихи деректерге сүйенсек, АҚШ, Англия және басқа да мемлекеттер 322581 соғыс тұтқынын қайтармай, оларды кеңес жағына беру­ден бас тартқан. Себебі тұтқын­дардың ішінде Герман үкіметіне адал қызмет еткен орыс-казак әскери корпусының адамдары, власовшылар қайтқысы кел­меген. Өз еркімен қайтқысы келмегендердің ішінде елдегі жағдайды жақсы білген жүзден астам қазақ та болды. Ал, еліне қайтып оралған түркістандық тұтқындардың жағдайы бәрімізге аян. Олар немістер жағында қан­дай әрекет еткеніне байланысты Қылмыстық кодекстің 58-бабы бойынша түрлі жазаға тартылды. Бірі 3 жылдан 7 жылға дейін, екіншілері 10 жылдан 25 жылға дейінгі мерзімге сотталып, соғыстан кейін кеңестік ИТЛ-да азап шекті. Тек, біршамасы 1953-1954 жылдар аралығында еріксіз легионерлер қатарында, кейін партизандар және кеңес әскерінде болып, айыбын қанмен жуғандар рақымшылыққа ілігіп, үйлеріне қайтарылды. Алайда, рақымшылық жасал­ғаны­мен, олардың соғыста болды деген құқы қайтарылмады. Рақым­шылыққа ілінбегендері кеңестік лагерьде қайтыс болды. Тіпті 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы бойынша да кезінде бұл азаматтардың көпшілігі ақталмады.

Дана халқымыздың «Өзгені айыптағаныңдай өзіңді айыпта, өзіңді кешіргеніңдей басқаларды кешір» деген нақыл сөзін ұлттық сана тұрғысынан саралайтын болсақ, Түркістан легионына қатысқандарды «сатқын» деп бағалау тек социалистік Қазақстан мемлекетін қанмен тұрғызған, бүгінде өмірден озған кеңестік билікке ғана тән болған. Өткен тарихымыздағы  кеңестік билік орнағаннан бастап большевиктер ұйымдастырған ұжымдастыру, кәмпескелеу, аштық, геноцид, шаруалар наразылықтарын басу кезіндегі жаппай қыру, жазалау, кезең-кезең толқынды саяси репрессиялар, күштеп қоныс­тандыру, лагерьлер жүйесіндегі қанды қызыл қыр­ғындарды есепке алып, сара­лайтын бол­сақ, қазақ халқына кімнің жау, кімнің дос, кімнің сатқын бол­ғандығы айқын көрініп тұр. Сон­дықтан бүгінде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңының кейбір баптарына өзгерістер енгізу, Түркістан легионы және түркістандық соғыс тұтқындары жөнінде ешкімге жал­тақтамай, мемлекеттік деңгейде саяси баға берудің уақыты жетті.

Сағат ТАЙМАН,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті,

саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<