Сәтпаев қандай студент болды?

797

0

Сәтпаев қандай студент болды? «Қара бұйра шашы мен бозарған бетіне қарап бұл ұзын бойлы жасөспірімді қырдың қазағы деп айта алмайсың. Ол ғылымды жан-тәнімен жақсы көрді. Сабақтан тыс бос уақыты бола қалса кітап оқудан бас алмайтын». Бұл – Қаныш Сәтпаев жайлы естеліктер. Ал университет қабырғасындағы Қаныштың студенттік күндерін еске алып тұрған Томск политехникалық университетінің музейлер жүйесі бөлімінің қызметкері Вадим Лобанов. Ескілікті неге еске алып отырмыз? Себебі, биыл қазақтың мақтан тұтар тұлғасы, академик және геолог Қаныш Имантайұлының туғанына 120 жыл толады. 
Қаныш Сәтпаев үшін Томск технологиялық институтының орны бөлек еді. Ол танымал геолог Михаил Усовтың шақыртуымен 1921 жылы осы оқу орнының тау факультетіне оқуға түсті. Павлодар облысының Баянауыл ауданынан келген ол, келе сала профессорлар үйіне орналасты. Бұл оқу орнының іргесі 1900 жылы қаланған. Осыдан 98 жыл бұрын бұл жерде 1500 студент, соның ішінде тау факультетінде 600-ге жуық студент білім алды. Қаныш Сәтпаевтың оқыған корпусы Киров көшесімен қиылысып жатқан Советский көшесінде орналасқан. Ол аумақты «еуропалық квартал» деп атайды. Себебі, бұл маңда орналасқан ғимараттар тура бір өнер туындысы сияқты және олар архитектуралық ескеркіштерге жатады. Сол кезеңде институттың тау факультетін басқаратын декан Михаил Усов Баянауылда ем қабылдап жүріп 22 жастағы жас жігіттің геология саласына икемді екенін байқайды. Тек үй жағдайында орташа білім алған жас жігіт сол кезеңде Баянауылда халық судьясы қызметін атқарып жүрген. Небәрі 22 жастағы Қаныш жан-жақтылығымен, ақыл-парасатымен профессордың көзіне бірден ілігеді. Ол Михаил Усовтың Қазақстанның геологиялық жағдайы, жер қойнауында жатқан ірі қазба байлықтарының бар екені жайлы әңгімелерін сүйсіне тыңдайды. Осы жүздесуден кейін, айтылған әңгімелерден кейін геология саласына қызығушылығы артқан Қаныш Сәтпаев Баянауылдағы қызметінен бас тартып, Томск қаласына білім алуға аттанадыі. Томскке өзінің шақыртуымен келген қазақ жігітін Усов профессорлық пәтеріне орналастырды. Себебі, ол уақытта институттың жеке жатақханасы болмады», – деп әңгімесін бастады Вадим Лобанов.
Қаныш Сәтпаев жылтырақ түймелері, иығында погонға ұқсас белгілері бар ұзын қамзол киіп жүретін. Ал фуражкасында бір-біріне айқасқан екі балғаның суреті бар эмблема болатын. Геологтардың ұраны: «Ақылмен және балғамен».
 Студент қатарына қосылған Қаныш Михаил Усов пен физик Борис Вейнбергтің дәрістерін жібермейтін. Олардың әңгімесін тыңдап, тапсырмаларын орындау Қаныш үшін үлкен қуаныш еді. Бұл оқытушылар сабақ барысында жеке тәжірибелеріне сүйене отырып студенттерді сынау мақсатында түрлі тапсырмалар орындататын. «Екі немесе төрт сағатқа созылатын Усовтың дәрістері тыңдап отырған адамды жалықтырмайтын және ілесіп жазып отыруға да қолайлы болу үшін дәрісті жылдам жүргізбейтін. Ол сөзге шешен адам болды деп айтуға болады. Себебі, түрлі ғылыми терминдердің өзін түсінікті тілмен ұғындыруға тырысатын. Бір ауыз артық сөз жоқ, текке кеткен бір минут уақыт жоқ – оның дәрістері дәл осы стильмен жүргізілетін», – деп 1960 жылы Қаныш Сәтпаевтың өзі жазған екен. Алайда, Томсктің ылғал және суық климатының әсерінен Қаныш Сәтпаев ұзақ ауырды. Нәтижесінде, денсаулығын ретке келтіру үшін үйге қайтып, оқуды уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Қаныш институттан алыстағанымен ғылымнан ажырап қалған жоқ. Ол Михаил Усовтың жіберген кітаптарын оқып, білім алуды жалғастыра берді.
 «Азамат соғысынан кейін халықтың тұрмысы нашарлады. Ел мен жерді аштық жалыны шарпып, шарасыз халық қырылып жатты. Ел ішінде түрлі індет тарады. Осы жағдай Қанышты да айналып өтпеді. Оқудың алғашқы жылында өкпе ауруына шалдыққан ол Сібірдің суық климатын тастап, Баянауылға оралуға мәжбүр болды. Ауылына қайтарда профессор оның қасына бір студент қосып, Қанышты үйіне дейін жеткізуге тапсырма берген. Қаныш екінші курсты Томсктен сыртта жүріп оқып, жыл соңында оқуын жалғастыру үшін емтихан тапсырды. Үшінші курста денсаулығы жақсарып, өз қалпына келген жас ғалым ғылым жолындағы карьерасын бастады. Томскке екінші рет келгенде ол Белинский 5 мекен-жайындағы екі қабатты үйге орналасты және оқуы аяқталғанша осы үйде тұрды», – дейді музей қызметкері. Жолдастарының естеліктеріндегі ақпараттарға сенсек, Сәтпаев тұйық, білімге ерекше құштар адам болған. Барлығымен теңдей араласып, көмек сұраған жанға қол ұшын беруге әзір тұратын. Ол бірегей тікұшақтарды құрастырып шығарған Николай Камовпен, Кеңес Үкіметі ғылым академиясының Орал филиалында президент болған Аркадий Ивановпен жақын араласқан.
Сәтпаев қандай студент болды? Қаныш Сәтпаев институттағы достарымен. ©ТПУ мұрағатынан
 «Қаныш Имантайұлы кітап оқығанды ерекше жақсы көрген. Ол бос уақытының барлығын кітапханада өткізетін. Ол кісі, тіпті, Томскте қазақ тілінде «Ер Едіге» кітабын жарыққа шығарған. Институт қабырғасында аударма саласында да өзін сынап көрді. Қазақ халқының ән және әдеби шығармашылығы жайлы баяндамалар жасады», – дейді ТПУ қызметкері. Студент Қаныш оқудан бөлек қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытып «түземдік үйірмесін» басқарды. Башқұрттар, қазақтар, татар мен буряттардың студенттері басқа да ұлттардың мәдениетімен танысу үшін осы үйірмеге қатынасатын. «Үйірмеге түрлі ұлт өкілдерінен, шамамен 100-ге жуық студент мүше болды. Ұйымның жиналысына Қаныш Имантайұлы міндетті түрде қатысатын. Студенттер шығармашылық кештер ұйымдастыратын. Қаныш қазақша әндер айтатын. Бізде бір сурет бар, онда Сәтпаев өзінің отбасымен Томск қаласында ұлттық аспапта ойнап тұрады. Қазақ музыкасына арналған концертке шақыру билеті де сақталған», – дейді экскурсия жетекшісі. Институтта ол кісі домбырасын жиі ұстап жүреді екен. Томсктен кетерде ол аспабын Томск үйірмесіне сыйға тартып кетіпті. Жыл өткен сайын құндылығы арта беретін бұл мұраны үйірме қызметкерлері университетке өткізген. Сол домбыра қазіргі уақытта университеттің мұражайына қойылыпты.
 «Университетте танымал қызметкерлер мен түлектердің заттары сақталған. Бұл бұйымдар Томск политехникалық университетінің мақтанышы деп айтуға болады. Қазіргі уақытта, білім ордасында үш мұражай бар. Біріншісі, Обручев пен Усовқа арналған. Бұл жерде академиктердің жеке заттары мен  құралдары сақталған мемориалдық кабинеттер бар. Мұражайға бірнеше экспонат орналастырылған. Олардың басым көпшілігі Қазақстаннан әкелінуі мүмкін. Дәлірек айтсақ, Қаныш Сәтпаев бұл бұйымдарды жинауы мүмкін. Олар әлі күнге дейін сақталған және қазіргі студенттер бұл заттарды пайдаланып жүр», – дейді экскурсия жетекшісі. 1926 жылдың көктемінде Сәтпаев өзінің жобасын жоғары деңгейде қорғап, тау инженері деген атаққа ие болды. Қанышты ең бірінші құттықтаған Михаил Усов еді. Ол сол кезеңде университеттің оқу ісі бойынша проректоры қызметін атқарып жүрген. Өзінің сүйікті ұстазымен, институтта қатар оқыған жолдастарымен, барлық таныстарымен қоштасқан Қаныш Имантайұлы Томсктен Қазақстанға кетті. Қазіргі уақытта университет аумағында орналасқан геологтар аллеясында Қаныш Сәтпаевқа арналған ескерткіш бар. Сонымен қатар, тау факультетінің корпусына қазақ геологының құрметіне мемориалдық тақта орнатылған.
 «Ол – қазақ халқының мақтан тұтар тұлғасы, біздің университетіміздің үздік түлегі. Қаныш Сәтпаевтың  өмірі мен жетістіктерін білмейтіндер аз. Біз Қаныштай геологтың біздің университетте білім алғанын айтып мақтанамыз», – дейді Вадим Лобанов. 
Сәтпаев қандай студент болды? Қаныш Сәтбаев әйелі Таисиямен.©ТПУ мұрағатынан 
Қазақ геологы жары Таисия Кошкинамен 1921 жылы дәл осы Томск қаласында танысқан екен. Таисия Алексеевна – Қаныш Сәтпаевтың екінші әйелі. Олардың Меиз, Мәриам атты екі баласы бар. Ал бірінші әйелі Шарипадан Ханиса, Шамшиябану деген қыздары және Майлыбай деген ұлы бар. Қаныш Сәтпаев 1964 жылдың 31 қаңтарында Мәскеу қаласында қайтыс болды. Әйгілі геологтың жаназасын Алматы қаласында шығарды.

Дереккөз: massaget.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<