Сығанақтың сансыз сыры

11591

0

Тарих – ол біздің бүгінгі және өткен күндеріміздің маңызды кілті. Ұлт пен елдің баға жетпес құндылығы. Мемлекет ретінде  танылатын рухани және материалдық байлығы. Біздің міндет – сол байлықты көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат етіп жеткізу. Елімізде көненің көзі болған көптеген жәдігерлер зерттелген. Алайда бұл – ұлттық мұрамыздың төрттен бірі ғана.

Мен туып-өскен ауылдан  9 шақырым жерде көне  Сығанақ қалашығының орны жатыр. Талай сырды қойнауына сақтаған бұл қаланың тарихтағы орны ерекше. Деректерге сәйкес қала  V-VIII ғасырларда өмір сүрген. Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды қала болған. Сауда мен мәдениеттің орталығы еді. Қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Әбілқайыр хандығы мен Қазақ хандықтарының астанасы болған. Қала туралы алғашқы дерек X ғасырдағы парсы шығармасы «Худуд әл-Әламда» кездеседі. Ертедегі Сығанақ қыпшақ мемлекетінің сауда және саяси орталығы болған. Сығанаққа көшпелі елдер мал, ет, тері, жүн, т.б. әкеліп, өздеріне қажетті заттарын алған. Сол кездегі тарихшылар Сығанақты «Қыпшақ даласының гаваны» деп атаған. Шыңғыс хан шапқыншылығынан бұрын Сығанақ Хорезмшах Текештің қол астында болған. Қала қарт Қаратаудың етегінде орналасқан, Төменарық арығы арқылы Сырдариядан аяқсу келген. Қаланың қазіргі орны 10 гектар жерді алып жатқан үлкен бес бұрышты төбе. Жан-жағында көптеген үйінділер, ертеде су жүргізілген құрылыс іздері сақталған. Шахристан аумағындағы 15 мұнарадан тұратын қабырғаның ауданы 10 гектарды құрайды.

2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында көне қаланы зерттеу жұмыстары жүргізілуде. 2006 жылға қарай XV-XVI ғасырдың қабаты ашылып, қызыл кірпіштен салынған төрт камералы кесене мен XIV-XV ғасыр мешітінің іргетасы табылды.

2009-2011 жылдары жүргізілген қазба жұмыстары кезінде қыш ыдыстардың 57 үлгісі табылды. Сол үлгілер облыстық тарихи және өлкетану музейіне табысталды. Қазба жұмыстарын жалғастыру мақсатында қосымша 4 млн қаржы бөлінді.

Қала орнына өзіндік зерттеу жүргізу үшін арнайы бардым. Сол кезде мені қызықтырғаны қала құрылысына пайдаланған кірпіш ерекше назар аудартты. Көлемі 25+25см қалыңдығы 5 см. Бұл төртбұрышты кірпіштер қала аумағында көп кездесті. Қаланы айнала салынған қорғанда да, ішіндегі қазылған үй орындарында осы кірпіш қолданылған. Жүздеген жылдар бойы жақсы сақталған кірпіштің құрамы саз балшық пен жылқының қылы және оны сүтіне илеп жасаған деген сөз бар. Тарихтың қанша зұлматын көрсе де сол бойы беріктігін сақтап қалған кірпіштің ерекше құпиясы бар екені анық. Мұны терең зерттеп, ата-бабамыздан қалған тарихтың ізін кейінгі ұрпаққа жеткізу – бүгінгі күннің басты міндеті.

Менің осындай тарихи орынмен танысуыма ықпал еткен жетекшім Алма Прманованың еңбегі зор.

Аяжан Мұсылманбек,

№166 орта мектептің 10 сынып оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<