Сырдарияның төменгі ағысы көне ескерткіштерге толы. Соның ішінде Жаңадария, Іңкәрдария бойында сақ дәуіріне жататын көне қалалар жиі кездеседі. 15 тамыз – Археологтар күніне орай өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Антик» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, археолог Жанболат Өтебаев Сыр бойындағы көне шаһарлар туралы жан-жақты айтып берді.
Мәселен, Іңкәрдария бойында б.з.д. 2 мың жыл бұрын қала өркениеті дамыған. Соның ішінде Шірік Рабат және Бәбіш молла ескерткіштерін айтуға болады. Қазіргі таңда қос ескерткіш кешенінде үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Брифингте археолог осы аумақтағы зерттеу жұмыстары туралы кеңінен айтып, Сыр бойындағы сырлы қалалардың құпияларын ашты.
«Соңғы жылдары Бәбіш мола ескерткішінен үлкен өндірістік ошақ табылған болатын. Өз заманында қыш өндірісі дамыған. 9 пештің орны бар. Нақты кезеңде мұнда толыққанды зерттеу және тұмшалау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, осы маңайдан тарының дәні табылды. Соны Латвия мемлекетінде археологтар зерттеп жатыр.
Бір қызығы, Бәбіш молла маңынан егістік алқаптары көптеп сақталған. Ескерткіш маңынан бір әулеттің кесенесі табылып, бүгінде сол бойынша антрополог мамандарды шақырдық», – деді орталық жетекшісі.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<