Сырлытам кесенесі жайында не білесіз?

2798

0

«Қызықты деректер» жобасы бойынша Сырлытам кесенесі туралы ақпаратты ұсынамыз. Ескерткіш Сырдария ауданы, Іңкәрдария ауылынан оңтүстікке қарай 25 шақырымда орналасқан.

Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіш. Кесене “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” жобасы аясында “Өңірлік қасиетті нысандар” тізіміне енген.Кесене жоспарында шаршы пішінді, жақтарының ұзындығы шамамен 10 м. қабырғалары күйдірілген кірпіштерден (27х27х4,5 см және 23,5х12,5х4,5 см) қаланған, төбесі күмбезді. Мазардың бұрыштары пилястрлы болып келген, кірпіштерден дөңгелек түрінде өрілген, олардың диаметрлері 40 см шамасында. Кіреберісі жебе тәрізді аркамен көмкерілген, қабырғаларында қуыстар бар, сылағында өрнектің іздері сақталған.

Тарихқа сүйенсек, Хазар (Арал) теңізінің жағалауын Қаңлы, Кердері, Дай ұрпақтары, кейінірек түркімендер мен қарақалпақтар мекендеген. Баршын қыздың атымен аталған Баршындария Жетікөлден басталған көрінеді. Қазіргі Сырлытам ескерткіші осы Баршын қыздың құрметіне салынған.Сырлытам аталып кеткен Баршын қыз мазарының тарихы сонау ХІІІ ғасырдан басталады. Сырлытам ағашсыз салынған.

Күмбездің бағаналары мен олардың арасына салынған бейнелер қазақтың ою-өрнегіне ұқсайды. Кірпіштері өте жұқа, шертсең сыңғырлап тұр. Мазардың іші мен сыртындағы бейнелер мен белгілер бұл бейіттің қызға арналған ескерткіш екенін дәлелдей түседі. Күмбез жанында төрт құлақты бейіт бар. Сырлытам мазарының ішінде сегіз қабыр бар. Олар жайында: «Бәмсінің 7 қарындасы болған, сегізінші- әйелі Баршын (Бәну-шешек) болуға тиіс»,-деп жазған түріктанушы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев.2004 жылы республикалық бюджеттен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ескерткіш туралы толығырақ Қызылорда облысы тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D форматтағы интерактивті картасы берілген арнайы сайттан (www.virtualmap.xyz) қарауға болады және нысан туралы ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында QR-код орнатылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<