Сөз құдіреті

17647

0

Сөз құдіреті Біздің бала кезімізде үйге қонақтар жиі келетін. Сонда ата-аналарымыз «үлкен кісілер қонақ болып келеді, әдепті болыңдар, тыныш жүріңдер, екі қолдарыңды беріп сәлемдесіңдер, қолдарына су құй, батасын ал, жауынмен жер көгерер, батамен ер көгерер, ертең үлкейгесін сол бата сені азамат қылады» дейтін. Қонақтардың қолына су құюға таласатынбыз. Олар неше түрлі мағыналы бата беретін, мерейіміз көтеріліп қалатын. Жас кезінен балаларды үлкенді сыйлау, еңбекке баулу, әдепті болуға, сөздің мағынасын түсінуге тәрбилегені екен.

Атам қазақ сөздің қадірін ертеден түсін­ген, сөзіне берік болған, сөзге тоқтаған. Сөзіне тұрмағандарды «ақпа құлақ», «жетесіз», «же­тесізге жеті айтсаң да, ештеңе шықпайды», «бір құлағынан кіріп, екін­ші құлағынан шы­ғып кетеді», «сөзі­нің пәтуәсі жоқ», «оған айт­саң да бір, айтпасаң да бір», «көң қатса, қа­лы­бына барады» деп жеріне жеткізе айтқан.

Бірде әкем Сұлтангерейдің туған бажасы атақты балықшы Сағындық Қосанов «сөзім кетті» деп қимас нәрсесін бергені есімде. «Сөзім кетті» дегені – берген уәдесі еді.  Халқымыздың «Бабамның айтқан жерде басы қалған» деген афоризмі осындай мәрт, сөзді сыйлайтын, сөзге тоқтайтын адамдарды айтса керек.

Бір ауыз сөз адамдардың да, тіпті мемлекеттің де тағдырын шешкен кездер болған. Алысқа бармай-ақ статис­тикаға қарасақ, 100 отбасының үштен бірі, яғни 33-і дәм-тұздары жараспай айырылысады екен. Неге? Осындай жақсы заманда оларға не жетіспейді? Бұл – үлкен қасірет. Бұл – ер адам мен әйел адамның ғана трагедиясы емес, ата-ананың, жақын-жуықтың тіпті мемлекеттің қайғы-қасіреті, өкініші дер едік. Бұнда жеңіс, пайда жоқ, барлық тараптар ұтылады, жапа шегеді. Осының бәрі – адамдардың бірінің бірі айтқан сөздерін тыңдамауынан, тыңдаса да оны ой елегінен өткізіп өлшемеу, оның түпкі мақсатын ескермегендіктен, пайдалы дұрыс қорытынды шығармады. Бір сөзбен түйіндеп айтсақ, түсініспеу, барға қанағат қылмау, шүкіршілік етпеу, шыдамсыздық, аз күндік қиындыққа төзбеу. Осыдан келіп ұрыс-керіс шығады, тіпті оның аяғы қайғылы жағдайға дейін жетіп жататыны жасырын емес. Бір күндік керістің қырық күндік зардабы бар демей ме?

Ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с.-ның үмбеттеріне қалдырған ұлы мұрасы-хадистерде: «Сөздің жаманы – өтірікшілік», «Алла алдындағы ең жақсы сөз – шын сөз», «Өзіңе зиян болсада шын сөйле», «Адамдарға тағам жегізіп, шырындай тәтті сөз сөйлегендер пейішке барады» делінген.

Көп мінездер бала кезден қалыптасады. Үйге қазыналы, көкірегі көмбе, көрген-білгені мол адамдар келгенде әкем марқұм «үлкен кісілердің сөзін тыңда» деп қонақ отырған бөлменің есік жағына отырғызып қоятын. Сонда қонақтардың бірі, шежірелі, елді-жерді аралаған, парасаты жоғары, өрісі биік, сыйлы кісіден «әңгіме айтып отырыңыз» дейтін. Ол кісі көп тәлімсімей:

– Көргенімді айтайын ба, естігенімді айтайын ба? – дейтін.

– Естігеніңізді айтпаңыз өтірік болар, көргеніңізді айтыңыз, – деп қолқа салатын. Содан ағыл-тегіл қызықты, мағыналы, тәрбиелік, мәнді, мазмұнды әңгімелер айтатын. 

Атақты Бұқар жыраудың «Қол бас­тау қиын емес, сөз бастау қиын» деген ұлағатты сөзі бар. Айтайын дегені көпшіліктің алдында сөз сөйлеудің жауапкершілігін білдірсе керек. Себебі сөз – кие, сөз – қару, сөз – саясат, сөз – құдірет, қасиет. Мәселе сөзді қалай пайдалануда. Себебі сөз – досқа пір, дұшпанға – зіл, шат көңілге – шабыт, қам көңілге – демеу. Қазіргі осы сөзге мән беріп жүрміз бе, оны қадірлейміз бе? Бабаларымыздан қалған асыл қасиеттеріміздің бірі мәртебелі сөз құндылықтарын осы кезге жеткізе алдық па? Кейінгі ұрпақтарға – інілер мен балаларымызға жалғастыра, үйрете алдық па деген сұрақтар көңілді мазалайды. Ауыз толтырып айту қиын. Бұл өзекті мәселе, мүмкін көп кінәрат үлкендер – бізде жатқан шығар.

Қазір сөзді қадірлемей, ретсіз, қалай болса солай қолдана беретін болдық. Мысалы, «ақылды қала», «ақылды машина», «ақылды аялдама», т.б. дегендерді тырнақшаға да алмай айтып та, жазып та жүрміз. Бұндай теңеулер бұрын-сонды айтылмайтын, жазылмайтын. Осындай үрдіс тек соңғы 10-20 жылдың көлемінде пайда болды. Сонда қалай бұрын «ақылдылар» болмағаны ма? «Ақылды» – дегеннің орнына адамдарға барлық жағынан ыңғайлы, барлық жағынан жағдай жасалған, не болмаса бүкіл талаптарға сай, т.б. деуге болмас па еді. Осы  жерде «ақыл» деген сөзді бейнелеп айтқан шығар деп түсінуге болар, бірақ қабылдау қиын. Өкінішке қарай, күмән көңілде қалып қояды.

«Ақыл» деген сөзді оңды-солды қолдана беруге болмайды. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, он мың адамның біреуі ақылды екен. «Ақыл деген – өлшеусіз бір жарық нұр», – дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы, «Кім ақылды болса, сол бақытты» (Пайғамбар хадистерінен). «Ақыл – жаратушының сыйы», – дейді тағы бір данышпанымыз. Осының бәрі бізге еліктеуден, басқа халықтардан, әсіресе орыс тілінен ешбір ойланбай, байы­бына бармай нақпа-нақ тікелей аудара салған сөздер. Әлде, уақыт пен кеңістік ауысып, мына жанталасқан, алмағайып заманның талабына сай айтылған сөз бе? Базар Ондасұлының «Әр заманның өзіне лайық сөзі бар» дегенді де қаперге алу керек шығар. Мен өз пікірімді айттым, сараптауды оқырманға қалдырдым.

Қазақ тілі сөз байлығы жөнінен әлемде алдыңғы қатарда. Мысалы, қазақ тілінің сөздік қоры бір миллион (кейбір деректерде оданда көп), орыс тілінде 215 мың, ағылшында 240 мың, қытайда 400 мың сөз бар. Жасыратыны жоқ, сол сөз байлығымызда сөзге қатысты бірін-бірі теріске шығаратын, қарама-қайшы ойлар, мақал-мәтелдер жеткілікті. Дәлелдеуге тырысайық: «Сөз – күміс, үндемеген алтын», «Сөйлегеннен сөйлемеген  жақсырақ, сөйлеп едің басыңа тиді таяқ», «Көнектей басыңа, шүмектей тілің жау», «Адам шайтаннан үндемей құтылады». Енді осыған қарама-қайшы «Үндемеген адамға иілгім де келмейді», «Үндемегеннен үйдей бәле шығады, аузына су толтырып алғандай үндемеуін, оның ішінде «ит өліп, қасқыр ұлып жатыр ма» дегенді мен айтқан жоқпын. «Шамаң келсе шалқып сөйле, үйіріп соққан дауылдай» деген Тұрмағамбет шайыр. «Үндемегеннен жақсы сөз айтқан жақсы» деген Пайғамбар хадистерінде, «Айтпаса сөздің атасы өледі», «Аузында қалжыңы жоқтың қолында шоқпары бар» дегенді де дана халқымыз айтқан.

Мәселе аз сөйлеу, көп сөйлеу немесе үндемей отыру, сөйлеп отыру емес. Меніңше, ең дұрысы не айтсаң да парықсыз, мағынасыз, мазмұнсыз, ойсыз, қисыңсыз, қыңыр сөз айтпау, керісінше, пайымды, парасатты, мағыналы, тәтті, тәрбиелі, ойлы сөз айтқан дұрыс.

Биылғы жылды Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Н.Назарбаев «Жастар жылы» деп жариялады, бұл өте дұрыс шешім. Соған орай осы мақаламды кішкентай да болса да ой тастау үшін жастарға арнадым. Сөзіңе мән бергенің, өзіңе мән бергеніңмен бірге басқаны қадірлегенің. Кез-келген сөзден із қалады. Адамдармен жылы сөйлесіңдер, сөздерің сәулелі, нұрлы, мағыналы, мәнді болсын. Ұлы дала рыцарі, атақты бабамыз Мәшһүр Жүсіп: «Адам бойында үш асыл бар: бірі – көз, бірі – тіл, бірі – көңіл» деген. Осы қасиеттер сендерде болсын.

Қырымбай МҰХАМБЕТЯРОВ,

зейнеткер.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<