Таңғажайып оқиға: су бетіндегі хат

704

0

Таңғажайып оқиға: су бетіндегі хат «Көрер жарығы бар жандар». Бұл ғажайыптың күшімен аман қалып, шартарапты таңғалдыр­ған ­Уотсондардың отбасына қатысты айтылған. Әлеуметтік желіні парақтай отырып, біз де олардың оқиғасына бейжай қарай алмадық. «Әр қиындықтың бір қайыры бары» рас.

Осыдан біршама уақыт бұрын кезекті саяхаты барысында  Кертис Уотсон отбасымен бірге Калифорния штаты Арройо Секо өзеніндегі сарқыраманың басында қалып қойған. Ер адам өзеннің жолын жақсы білетініне сенімді болған екен. Алайда, 12 метрлік сарқыраманың басына келгенде, төмен түсетін арқанның жоғалып кеткені байқалады. Ол кері қайтудың ең қауіпсіз жолы еді. Осылайша, отбасы еш байланыс құралынсыз шатқалдың басында қалған. Уақыт өте берді. Талғажау етер азықтың да түбі көріне бастаған. Алайда, олар өмір үшін жанталасуды тоқтатпады. Сан түрлі әрекетке барды. Отбасын құтқару үшін ағашқа «Бізге көмектесіңдер!» деп жазып, оны суға да тастады.  Ағаш тым жеңіл болғандықтан, төмен ақпай қойды. Содан соң тағы пластик бөтелкені алып, жан-жағына «HELP» сөзін қырып жазып, ішіне координатын көрсетті. Кейінгісі –  хабар күту. Ал, күту – қиынның қиыны. Белгісіздік адамды қажытады емес пе?!

Десе де, үміт алдамады. Түн ортасында олар құтқарушылардың дауыс зорайтқышынан оянды.  «Бұл құтқарушылар тобы, орындарыңыз­да болыңыз­дар, таңертең алып кетеміз!» деп хабар берді. Ертесіне Кертис отбасымен бірге дін аман үйіне оралды. Кейіннен отбасы бөтелкелерді екі туристтің тауып алғанын білді. Олар бөтелкедегі хатты оқып, жергілікті құтқару тобына хабарласқан екен. Түнгі уақытқа қарамастан құтқару тобы тікұшақпен отбасын іздеуге шыққан. Биіктен жылу сезгіш құрылғы арқылы отты көрген. Сол сәтте тікұшақ ұшқышы Джо Кингман 23 жылғы қызметінде бөтелкедегі хабарлама арқылы адам өмірін бірінші рет құтқарғанын айтыпты. Кертис те көп ұзамай өзінің инстаграм желісіндегі парақшасына: «Өмір, қадіріңді енді ұқтым. Мен бақытты жанмын!» деп жазды. Осыған қарап, шынында біз бүгінімізді, барымызды бағалауды естен шығарып жатады екенбіз деген ойға келдік. Ал, бақыт көрінбейді, бейне бір жасырынбақ ойнап жүргендей. Өйткені, ол – дәл қазіргі сәт. Бүгінімізді бағалайық!

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<