Такси аулаған тажалдар

2240

0

Аудандық полицияның қызметтік «УАЗ»-ы Тереңөзек кенті тұсынан «Жалағаш-Қызылорда» даңғылына шыққаны сол-ақ, моторы селкілдеп сөнсін де қалсын. Рульде отырған полиция майоры Ырысбек Ибраев кабинадан ырғып түсті де, капотты ашып жіберіп, моторға үңілді. Бензинсорғыштың құлағын ырғап-ырғап жанармай келтірді. Ресейде жасалған машинаның бір осал жері – осы. Қызып кетсе бітті, қозғалтқышы бырқылдайды да қалады.

– Қап, не көрінді мынаған? – деп алдыңғы отырғышта отыр­ған подполковник Болатбек Тоқберішев тершіген самайын сүртіп, есікті ашып қойды. – Күннің жануын-ай, ә! Кешкі сегіз болса да қайнап тұр.

Артқы жаққа жайғасқан лейтенант Раджап Салахадин үндей қоймады.

– Жап-жаңа машина… – Сөзінің соңын жұтып, ызаланған Ырысбек май жұққан қолын шүберекпен жүре сүртіп келіп, кілтті бұрап қалып еді, мотор гүр етіп оталып кетті.

– Өй, бәрекелді! Жарайсың! – Подполковник разы болып, көңілденіп сала берді. – Кеттік!

Таблетка «УАЗ» бір жұлқынып, алға ұмтылды.

Бағана ішкі істер бөліміне жаңадан келген бастық, подполковник Әмір Шаймағам­бет­ов ауданда қылмыстың дені ашылмай жатқанын тілге тиек етіп, талайдан жұмыс істеп келе жатқан жергілікті жігіттерге кінә арта сөйлеген еді. Бұйырып та айтты, ренішін де жасырмады. Соңын кеңеске айналдырды.

– Біздің жұмыста ұсақ-түйек деген болмайды. Қылмыс­тың ашылуы, көп жағдайда оқиға орнын жіті тексеруге байланысты. Тоғызыншы разъезде тұратын Талдыбай Басаров деген кісі арызданып бүгін тағы келді. Төрт сиырын өрісте жайылып жүрген жерінен біреу сойып әкеткен. Біреуі сауын сиыр екен. Шалдың өзі іздеп тауыпты. Бас-сирағын лақтырып, ішек-қарнын ақтара салыпты дейді. Жасырып, әуре болмаған. Ұрылар тіпті жасқануды қойып барады. Әбден басынған. Оқиға орнына барған учаскелік полиция инспекторы күдікті ештеңе таппай, құр қол қайтыпты. Қалайша ештеңе таппайды? Оқиға болған жерде әйтеуір бір белгі қалуы керек қой. Жоқ, бұлай болмайды, жігіттер. Қайта тексеріңдер. Бөке, жігіттерді алып, өзің бар! – деп, қатаң тапсырып еді.

Жанына бір майор, бір лейтенантты алып, сол бағытқа өзінің бас болып шығу себебі осы. Бағыт – тоғызыншы темір жол бекеті. Тереңөзектен он-он бес шақырым ұзай беріп еді, Қаңлы қорымына қатарлас жатқан «Нұртуған» деген жерге жете бере сол жақ беттен бір аппақ «Жигули» трассаға атып шыққаны. Жалт-жалт қарасты. «Жүрісі ыңғайсыз екен» деп ойлағаны сол, «Жигули» бұрылып алды да, алды-артына қарамай қаланы бетке алып қайқайып бір берсін.

– Бас, артынан! Дәу де болса, ұры осы! – деп, Болатбек тіктеліп отырды. «Жигули» сәт сайын алыстай берді. Аңғарып қараса, расында күдікті көлік шыққан тұс Басаровтың малы ұрланған жақ. Тоғызыншы темір жол бекеті оның арғы жағында. «Жигули» Қызылордаға қарай салып ұрып, барынша ағызып барады. «УАЗ» ыңыранып барын салса да, біртін-біртін екі аралық алшақтап, қарасын үзіп кетті. Тоғызыншы темір жол бекетінен өтіп, «Әйтек» су торабына жетпей, ескі темір жол өткелі тұсына келгенде оң жақтан шоқ жыңғыл көзге шалынды.

– Әне, жыңғылдың артында… кері бұрыл! – деп қалды Болатбек. – Раджап, сен бар! Біліп кел!

«Жигулидің» төбесіне бе­кітілген таксидің сары айдар белгісін жыңғылдың тасасынан Раджап та аңғарып қалған екен. «УАЗ» дереу айналып келіп, «Жигулиге» екі-үш метр жетпей тоқтағанда, лейтенант көліктен секіріп түсіп, екі аттап жанына жетіп барды. Сол сәт орнынан ытырына атылған такси, тағы да зымырап ала жөнелді. Енді ол Тереңөзек бағытына қарай ұшты.

– «Жигулидің» артында біреу жатыр. Үсті-басы қан-қан! – деп, машинаға асығыс мінген Раджап рацияға жармасты. – Күдікті ақ «Жигулиді» қуып келеміз! Тоғызыншы разъезд жақтамыз. Барлық жолдар жабылсын! «Жигулиде» жаралы адам бар! Күдікті ақ «Жигулиді» қуып келеміз! Нөмірін көре алмадық. «Қызыл­орда-Жалағаш» трассасы. Барлық жолдар жабылсын! «Жигулиде» жаралы адам бар!

Тағы да көз жазып қалды. Жол Қаңлы қорымы тұсында екіге айырылады. Оңға қарай А.Тоқмағамбетов атындағы ауылға төтелей тартқан ескі жол. «Жигули» оңға бұрылмай, солға, Тереңөзекке қарай кеткені ағараңдап анық аңғарылып қалды. Бұлар ұры емес, ұрыдан басқа қауіпті қылмыскерлер сияқты. Раджап саңқылдап рацияға төніп алған. Аудандағы жігіттер де, қала мен облыс та тегіс құлақтанған сияқты. МАИ бекетіндегілер ондай машина өтпегенін айтып, ауық-ауық байланысқа шығады.

Тереңөзекке оншақты ша­қырым қалғанда «Шәкірат» деген жердің қарсы бетіндегі күріштік жақтан әуеде қалқыған қою шаң көрінді. Көлік өткен соң құрғақ май топырақ көкке көтеріліп, біразға дейін тарамай тұтасып тұрып алатыны бар.

– Күріштікке бұрыл! – Подполковниктің бұйрығы қысқа болды.

Күріштікке кіреберісте жерде жатқан таксидің сары плас­тик айдары көзге шалынды. Соған қарағанда тым асығыс, өте қатты келгенге ұқсайды. Қара жолдың ақ кебір топырағын бұрқыратып бұлар да алға тартты. «Жигули» атыздың бұрыласында іркіліп тұр екен, екпіндеп келіп қалған «УАЗ»-ды байқап, тұра қашты. Қара жолдың құрғақ топырағын көкке көтеріп барады. Көкала шаңнан жолдың табаны көрінер емес.

– Ырысбек, байқа, жаралы адамды лақтырып тастаса, басып кетуің мүмкін, – деп Раджап айқайлап ескертіп қояды. Рация­ны Болатбек өзі алған. Аузы жабылмай қайда келе жатқандарын дамылсыз айтып, түсіндіріп әлек. Бірі қашып, екіншісі қуған екі машина күріштіктің шетіне жеткенін де байқамай қалыпты, одан әрі қамысты сай. Шаң ішінен суырылып шыға келіп, сайға түскенде «Жигулидің» тобықтан келетін ыза суға тұмсық тіреп, тоқтап тұрғанын көрді. Көліктің қасында бүк түсіп біреу жатыр. Қол созым жерде қалың қамыс өскен үлкен жарма арық. Сірә, жаралы адамды сол жаққа сүйреп тас­тауды ойласа керек, бірақ оған үлгермей, екі жігіт состиып-сос­тиып тұрған орнында қалшиып қатып қалыпты.

– Сонша қашқандарың не? – деді машинадан түскен ­Болатбек жайбарақат сөйлеуге тырысып. – Сиыр қарап жүр ек. Қазір ұрылар өрістен сойып әкететін болыпты ғой. Сендерді де сондай ұры ма деп ойлап…

– Полицияның машинасы деп қорқып қалдыңдар ма? Біз шопырмыз, қорықпай-ақ қо­йыңдар, – деді Раджап немқұрайлы кейіп танытып. Сонда да болса сескене қарайды, келтек мылтығы болуы мүмкін ғой. Ондай-ондайдың талайын көрген. –  Анау жатқан кім? Мас па?

Состиып тұрған екеудің балдақтысы сонда ғана есін жиып тіл қатты.

– Мына бір жынды таксиске тап болып… саныма пышақ салып алғаны. Жүре алмай қалдым.

– Кел, байлап берейін. Қансырап қаларсың. Байқамасаң, қояншықтар көп қазір…

Жай киім киген бұлардың шопырмыз дегеніне сеніп қалды сірә, екеуі бері қозғалды. Сол сәт шап берген бұлар екі жігіттің білектеріне кісен салып үлгерді. Байқайды, екеуі де мығым. Әсіресе балдақтысы. Сонда да тәжірибелі жедел уәкілдердің әбжіл қимылына қауқар қыла алмады.

Қос күдікті құрықталған соң Ырысбек пен Раджап жаралы жігітке жүгірді. Екі қолына, бет-аузына қан жұққан. Үстіндегі қаракөк футболкасы да қан-қан. Оң жақ бүйірден пышақталыпты. Әрең дем алады. «Су… су…» дейді сыбырлап. Көзі жұмылып кете береді.

– Мұндайда су беруге болмайды. Өліп кетуі мүмкін. Ернін ылғал шүберекпен жібітші, – деді Ырысбек.

Осы сәт жеделдетіп подполковник Әмір Шаймағамбетов мінген машина жетті. Жанында тергеу жөніндегі орынбасары, майор Айдар Мәншәріпов, аудандық МАИ бөлімінің бас­тығы, майор Марат Еспенбетов, капитан Алмас Наурызбаев бар. Олардың соңын ала криминалист, майор Әмір Дәрібаев, майор Талғат Төлегенов, майор Асылбек Досжанов, қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы, капитан Бек Төлешов келіп үлгерді.

Қаладан облыстық Ішкі істер департаменті бастығының жедел істер жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі ­Ғалымжан Ахметұлы Ахметов, Криминалды полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Талғат Айтбайұлы Ыстықбаев, облыстық тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ғанибек Сыр­мағанбетұлы Отарбаев және облыстық полиция департаментінің криминалды полиция басқармасының жеке тұлғаларға қарсы жасалған аса ауыр және ауыр қылмыстарды ашу бөлімінде Әмірмен бірге жұмыс атқарған полиция майоры Жақсылық Сұлтанбеков, подполковник Ораз Дәуленов, майор Нұрлан Алдамжаров, майор Бауыржан Өтеулиев, майор Ислам Датаевтар ілгерінді-кейінді келіп жатты.

***

Полиция подполковнигі Әмір Шаймағамбетовтың Сыр­­дария аудандық ішкі істер бө­лімінің бастығы болып келгеніне көп уақыт өткен жоқ, бар болғаны екі-ақ ай. Бұның алдында Қызылорда қалалық Криминалды полиция басқармасының ауыр қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Қалада оқып, еңбек жолын қалада бастады демесең, ауыл өмірі оған етене таныс. Малды ауылда туып, малды ауылда өсті. Малмен көзін ашты. Адам ала ма, қасқыр жей ме, кім білсін, әйтеуір жыл сайын бір мал шығын болатын. Ол кездің адамдары бірлі-жарым жоғалған малды садақаға жатқызады. Ит-құс­тың несібесі деп, жылы жауып қоя салады. Қазіргідей қоралап айдап кететін ұрыны ел білмейтін. Қазіргінің ұрысы қанағатты қойған, көзің тайса, түйені түгімен, жылқыны жүгімен жұтады. Өрісте жүрген жерінен сойып әкетіп жатқандары қаншама?!

Ауданда қылмыстың көбейіп кетуіне ең әуелі ауыл халқының жұмыссыз қалуы себеп. Жоспарлы экономикаға негізделген социализм ұшпаққа шығармады. Ендігі сүйенішіміз нарықтық экономика деп жұбатады. Бұрынғы етек-жеңі жинақы Тереңөзекке Сырдария ауданы қосылды. Құрылым іріленді. Бұл да қылмыстың көбеюіне сеп. Бұл – екі. Оның үстіне аудан аумағы Қызылорда қаласын қоршай орналасқан. Қала деген тиіп тұр, ал қалада не болмайды, қалада бәрі болады.

Алайда даланың ұрысы қаланың ұрысына ұқсамайды. Далалық ұрының діттегені  – мал ғана. Бұл ауданда да солай. Соңғы кезде Дінмұхамед Исаев, Серік Жүсіпов, Нұрлан Отызбаев сияқты мал ұрлығына қатысы бар адамдардың аты-жөндері белгілі болды. Ашылмай жатқаны қаншама?! «Ет дәмділігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім» деген екен баяғының ұрысы. Соған қарағанда, мал ұрлығы сірә, тыйылмас. Дегенмен полиция қырағы болса, ұры да аяғын тартып жүрер еді-ау.

Әмірдің ойы – осы. Өзінің жедел істер жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Болатбек Тоқберішевті оқиға орнын тексеруге жіберген себебі де сол. Ойы алдамапты, кешкі сағат жетіден өте аттанған Болатбектен көп ұзамай хабар жетті. Күдікті ақ «Жигулидің» соңына түстік дейді. Артынша оның ішінде біреудің қансырап жатқаны белгілі болды. Іле дабыл қағылды. Полиция атаулы аяғынан тік тұрды.

(Басы. Жалғасы бар)

Авторларға анықтама

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

Қызылорда пединститутының «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін бітірген. Осы оқу орнында мұғалім, Қызылорда облыс­тық телерадио­компаниясында, «Хабар» телеар­насында редактор, республикалық «Ана тілі» газетінде, «Жұлдыз» әдеби журналында бөлім меңгеруші қызметін атқарған. Қазір «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы. ҚР Мәдениет саласының үздігі.

Әмірбек Шайма­ғамбетов 

Өскемен жол құ­рылысы инс­ти­туты мен Қа­зақ құқық­тану және халық­аралық  қаты­нас­­тар инсти­ту­тын бітірген. Сырдария аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, Қы­­зыл­орда қа­лалық ішкі істер басқармасының бастығы, облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары қыз­меттерін атқарған. Полиция полковнигі. Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, «ҚР Ішкі істер органдарының Құрметті қызметкері».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<