Кейінгі жылдары әдебиет жанашырлары балаларға арналған кітаптардың жарық көруі кенжелеп кеткенін ұрпақ тәрбиесіндегі өзекті мәселе ретінде көтеріп жүр.
Сыр бойында бала табиғатын танып, кішкентай жүректің қажетін дөп басып, туынды жазған авторлардың ішінде есімі ерек аталатын жанның бірі – Оразбай Қосанов. Автор өз оқырмандарымен терең шығармашылық байланыс орнатқан. Олай дейтініміз, оның бүгінге дейін бұл бағытта бірнеше еңбегі жарық көрді. Мәселен, 2019 жылы «Балаларға базарлық» атты туындысы бүлдіршіндерді ертегілер әлеміне, жер шарын және ондағы түрлі құбылыстарды тануға, отансүйгіштікке, шынайы достыққа жетелейді. Жаңашыл автор бұл жолы кішкентай оқырмандарын «Танысайық төлдермен» атты туындысымен қуантты. 3-10 жас аралығындағы балаларға арналған кітап тақырыптарға сай түрлі-түсті суреттермен безендірілген. Аты айтып тұрғандай үй жануарлары мен аң-құстарды сипаттап, тек жақсыны дәріптеген дүние «Қызылорда Қанағаты» баспасынан жарық көріп отыр.
Мұндағы әр өлең –автордың ұзақ жылғы шығармашылық еңбегінің жемісі. Енді осылай бүлдіршіндер әлемін баурайтын шығармалар қоржыны жыл сайын тартымды туындылармен толыға берсе игі. Ұлттың рухани кемелденуі үшін балаларға бұдан үлкен базарлық жоқ шығар, сірә.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері Оразбай Сағындықұлының қоғамдағы өзекті мәселелерге орай «Экологиялық терминдер түсіндірмелі сөздігі», «Қызылорда облысы жан-жануарларының экологиялық ахуалы», «Адамдарға айтарымыз бар» атты кітаптары жарық көрген.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<