Тарихтан тін тартқан

1705

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының «Тарихи Түркістан» тақырыбындағы көшпелі көрмесі ашылды.

Іс-шарада облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мәулен Садықбеков сөз сөйледі.

– Музей – тарихымыз бен мәдениетіміздің түп-тамыры, ұлттық құндылығымыздың айшықты келбеті шоғырланған киелі орын. Осынау мәдени орында ізденген адам үшін сан қырлы құнды деректер табылады.

Жасыратыны жоқ, театрлар, музейлер бос қалған бір кезең болды. Ал қазір театрлар, кинотеатрлар, басқа да өнер ошақтары өз көрерменін  тапты. Сол сияқты, уақыт талабына сай музейлер де халық тұрақты жиналатын іргелі орталыққа айналуы керек. Көшпелі көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз да осы. Музей қорындағы маңызды әрі құнды жәдігерлерді насихаттау, сол арқылы өзара мәдени байланыс орнату, – деді М.Садықбеков.

Тарихшы-ғалым Дастан Сәтбай Түркістан қаласының қазақ руханиятындағы өзіндік орны туралы айтып, оған айғақ болатын тарихи деректерге тоқталып өтті.

– «Тарихи Түркістан» көшпелі көрмесі аясында студент жастардың көптеген құнды мәліметтерге қанығып, ой-таным деңгейін толықтыруына, ізденісін арттыруына мүмкіндік мол. Ілім-білім іздеген адам архивтер мен музейлерде жиі-жиі болуды әдетке айналдырғаны жөн, – дейді ол.

Бұдан әрі көрмеге келушілер ежелгі және ортағасырлық тарихымыздан сыр шертетін сан түрлі жәдігерлерді тамашалады. Айталық, көрмедегі біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-ІV ғасырлардағы нумизматикалық табыстар мен жеке коллекция жинақтары келушілердің қызығушылығын тудырды. Деректер бойынша осы кезеңде өлкенің жеке ақша айналым аумағы кеңейіп, жаңа ақша сарайлары пайда бола бастаған екен.

  – Ұлы Жібек жолының Шығыс пен Батысты байланыстырушы маңызды бағыттарының барлығы да қазақ даласы арқылы өтуі бұл жерлерде ірі-ірі сауда орталықтарының пайда болуына жол ашты. Бұған дейін ақша соғу ісімен айналысқан Соғды, Хорезм сияқты иеліктер де бұл аумақты өз ақшаларымен қамтамасыз ете бастады.

Қазіргі таңда Қазақстан археологтарының қазба жұмыстары кезінде табылған нумизматикалық табыстар мен жеке коллекционерлер жинақтары өлкедегі сауда-саттықты зерттеуге мүмкіндік береді. Бүгінде «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының жәдігерлер қорында осы дәуірге тән біршама нумизматикалық материалдар жинақталған. Бұл жәдігерлер өлкенің сол кезеңдердегі материалдық-әлеуметтік, саяси-рухани өмірінен хабар береді, – дейді музей-қорық  экскурсоводы Талғат Оразов.

Бес бөлімнен тұратын көрменің алғашқы бөлімін музей қорындағы нумизматикалық материалдардың ең көне үлгілері біздің дәуірдің ІІ ғасырынан бастау алып, VII-VIII ғасырларда өлкенің түркі тайпаларының ықпалына өткен кезеңдеріндегі нумизматикасына қатысты жәдігерлер мен деректік материалдар құрайды. Ал екінші бөлімде Араб халифаты билігінің қарсаңындағы нумизматика және араб нумизматикасының ықпалына өткен шақта Саман, Қарахан әулеті билеушілері тұсында соғылған тиындар мен оларға қатысты ғылыми еңбектер және сол кезеңдерден жеткен жазба ескерткіштерден алынған материалдар қамтылған.

Өлкеде билігі үстемдік еткен Хорезмшах Мұхаммед бин Текеш атынан соғылған тиындар, ХІІІ ғасырдағы моңғол билеушілерінің ақша түрлері мен музей қорында кездеспейтін кей тиындардың суреттері мен сол кезең нумизматикасына қатысты материалдар, сондай-ақ, Темуридтер дәуірінің  ХІV ғасырдың аяғы ХV ғасырға тән нумизматикалық материалдар көрменің үшінші және төртінші бөлімін қамтыған.

Бесінші бөлімде Ясы – Түркістанда Қазақ хандығы дәуірінде ХVІ ғасырда Ташкент, Түркістан, Сауран, Сайрамда соғылған мыс тиындардың бірнеше типтері мен XVII ғасырда өлкеде үстемдік еткен Жани әулетінің күміс теңгелері экспозициядан орын алған.

Жалпы көрмеге 200-ден астам нумизматикалық материал мен Түркістан қаласының тарихына қатысты ХІХ ғасырда түсірілген жиһанкез А.Кунның фотоальбомынан суреттер қойылды.

Еліміздің ортағасырлық тарихында, оның ішінде қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы және дамуында ерекше орын алатын тарихи-географиялық аймақтар бар. Сол аймақтар қатарына Сырдың орта ағысы бойында орналасқан, тарихы тереңнен бастау алған Түркістан өңірі де жатады. Түркістан – түркі дүниесінің ежелден келе жатқан рухани, мәдени орталығы. Түркі халықтарының құрметпен тағзым етер алтын бесігі, қасиет пен кие дарыған мекені. Орта Азияға  келген Ысқақ бап, Әбдіжәлил бап, Әбдірахман баптардың Түркістан төңірегінде тоғысқаны тегін болмаса керек. Мұның барлығы «Насаб-нама» қолжазбасында егжей-тегжейлі баяндалған. Жалпы бұл өңірдің киелі мекен саналатынын дәріптеуге арналған басқа да көптеген тарихи деректер жетерлік. 

Көрмені ұйымдастырушылардың айтуынша, VІІІ-ХVІ ғасырлар аралығында жазылған Шығыс жазба деректерінің мәліметтерінде Түркістан атауы бірнеше мәнде қолданылады. Атап айтсақ, осы ғасырлар аралығында орасан зор тарихи-этнографиялық өңірдің, соның ішінде белгілі бір аймақтың  және нақты қаланың атаулары тілге тиек етіледі. «Түркістан» атауы жазба дерек мәліметтерінде VІІІ-ІХ ғасырлардан бастап кездесе бастайды да, парсы тілінде «Түркілер елі» деген мағынаны білдіреді.

Түркістанның осындай атақ-абыройға жетуі түркі халықтарының рухани ұстазы, «Әулиелердің сұлтаны» (Султан ул-арифин), «Түркілердің сұлтаны» (Султан-и Турки), «Бақытқа ашылған қақпа» (астана-и саадат), «Рухани тіректердің ұстазы» (қутуб ул-ақтаб), «Шайхтардың шайхы» (шайх ул-машайих), «Түркі елінің пірі» (пир-и Туркистан), «Әзірет Сұлтан» атанған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімімен тікелей байланысты.

– 25 мыңнан астам жәдігері бар «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының Сыр өңірінде көрме өткізудегі мақсаты – Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи мұраларды насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, музейлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Осындай мәдени іс-шаралар қоғамда, ел ішінде рухани құндылыққа деген шынайы қызығушылық пен лайықты құрметті қалыптастыруға негіз болады, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев.

Айта кетейік, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының көшпелі көрмесі 21 қыркүйектен бастап 20 қазанға дейін бір ай бойы қызмет көрсетеді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<