Тарихы терең теміржол саласы

6116

0

Тарихы терең теміржол саласы *Дүние жүзінде тұңғыш теміржолды 1825 жылы Англияда Дж.Стефенсон салдырған, ұзындығы 21 шақырым «Стоктон – Дарлингтон» желісінде қатынады. Мұнан соң ХІХ ғасырдың 30-жылдары Австрияда, Германияда, Бельгияда және Францияда пайда болды.

*Қазақстан аумағында алғашқы теміржол көлігі «Покров – Слободка Урбах» желісімен 1894 жылдың 25 қазанынан бастап қатынай бастады. Бұл жолдың 130 шақырымы Қазақстан жерімен өтті. 1891-1896 жылдары салынған Транссібір (3138 км), 1901-1906 жылдары салынған «Орынбор – Ташкент» (2090) теміржол желілері қазақ даласымен өтті.

*Тарихи деректерді сөйлетсек: ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Ресей империясындағы өнеркәсіптік және аграрлық қиындықтарды шешу жолында патша үкіметі жаңа шойын жол нысанын салу туралы бастама көтерді. Бұл бастаманың бір тұсы – «Орынбор – Ташкент» теміржолы болатын. Бұл жолдың тиімділігі – Ресейдің орталық аудандарын Қазақстан арқылы Орта Азиямен байланыстыру.

*Бұл нысан алғашында әскери – стратегиялық мақсатпен салынғанымен кейін экономикалық маңызы болды. Құрылысы 1901 жылы басталып, толықтай 1906 жылы аяқталды. Нәтижесінде Перовск, Қазалы қалаларында вокзалдар мен деполар, көптеген тұрғын үй кешендері салынды. 1905 жылы Орынбор – Ташкент теміржолы пайдалануға беріліп, қалада депо, вокзал үйлері салынды.

*1958 жылы Қазақстанда Кеңес Одағындағы ең үлкен ұйым – «Қазақ теміржолы» құрылды.

*1960 жылдары шөлді өлкенің дамуына себепші болған «Мақат –  Маңғышлақ» және «Маңғышлақ – Өзен» учаскелері салынды.

*1964 жылдан бастап  электрлендіру жүргізіле бастады.

*Қазақстан теміржол саласындағы елеулі оқиғалар тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жалғасты. 2001 жылы ұзындығы 187 км «Ақсу – Дегелең» жаңа  желісі бойынша қозғалыс басталды. Жаңа желі Семейден Павлодарға ең қысқа жолды ашты.

*2004 жылы Қостанай және Ақтөбе облыстарын жалғаған ұзындығы 404 км «Хромтау – Алтынсарин» теміржол желісінің құрылысы аяқталды.

*2008 жылы ұзындығы 150 шақырым «Шар – Өскемен»  желісі пайдалануға берілген соң Қазақстан шекарасы шегінде ұлттық теміржол желісін қосу аяқталды.

*2012 жылы «Жетіген – Алтынкөл» желісінің пайдалануға берілуі Қытаймен шекарадағы екінші теміржол өткелін қамтамасыз етті.

*2011 жылы елімізде «Тұлпар – Тальго» жолаушылар вагонын шығаратын зауыт іске қосылып, 2014 жылы ел игілігін көре бастады.

*Бүгінде елімізде теміржол желісінің жалпы ұзындығы 14,4 мың шақырымнан асады.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<