Татулықпен тамсантқан ауылымды

1108

0

Жалағаш ауданына қарасты Еңбек ауылында 30 жылдан астам уақыттан бері  «Батыр аналар» ансамблі бар. Ол ұлттық өнерді ұлықтаумен қатар, жаңа өмірге қадам басқан жас отбасылардың жарасып кетуіне де барынша көңіл бөледі. Кезінде «Батыр аналардың» бұл бастамасы аудан, облыстан асып, республика көлемінде  кеңінен қолдау тапты. Айталық, 1988 жылы Алматы қаласына барып, «Қазақстан» телеарнасы арқылы  күллі ел алдында концерт берді. Ал іле-шала республикалық басылым бет­терінде аналар тағылымын дәріптеген мақа­лалар жарияланып жатты.

Сол кездегі совхоз директоры Ұзақ Еспановтың, партия ұйымының хатшысы Кеніш Жұмалиеваның бастамасымен ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған өнер ұжымының алғашқы құрамында 20-ға жуық ана болды. Олар алды 16, соңы 8-9 бала өмірге әкелген ақ жаулықты ардақты аналар еді.

  Ансамбль ең алғаш сол 1988 жылы 8 наурыз мерекесі қарсаңында ауыл сахнасында концерт берді. Алақандай ауыл болған соң, бірі апа, бірі жеңге, енді бірі замандас, бір-бір отбасының ұйытқысы болып отырған  қарапайым жан­дардың өнерін сахнадан  көру бір ғанибет еді. Айта кетейік, оның алғашқы көркемдік жетекшісі, белгілі сазгер Жұма Данилов болды. Алматыға барған өнер сапарында концертке жетекшілік жасады. Ансамблдің хор ұжымы орындаған Шәмшінің әйгілі «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», Ескендір Хасан­ғалиевтің «Атамекені» ерекше шырқалды. Жеке орын­даудағы өнерпаздар «Бір бала», «Ақ дариға», «Балымша», «Сәулем-ай» сияқты халық әндерін сызылта салды. Табиғи бояуы қанық,  кең тынысты қазақы дауыс қайсыбір әннің де тылсым сырын аша түскендей, таңғалдыратын.

Аналар ансамблінің ұлт­тық нақышта өзіндік келбетін қалыптастырып, көркемдік тұр­ғыда әлеуетін көтеруге об­лыс, аудан, ауыл басшы­лары тарапынан ұдайы қолдау көрсетіліп, «Еңбек-Жер» ЖШС мәдениет үйіндегі аналар бөлмесін қажетті тұрмыстық бұйымдармен түгел жабдық­тап берді. Алғашқы  құрамда өнер көрсеткен Патима Қар­шығаева (он алты баланаң анасы), Нәбира Каукенова, Жанымкүл Есімова, Қанша Даярова, Мәрияш Сәтенова, Айнагүл Бұрышова, Әдеп Толыбаева, Ақзереп Аяпова,  Абаш Жұмағұлова, Жұмакүл Бексейітова  аналарымыз ел-жұрттың ерек­ше құрметіне бөленді. Олардың бірқатары бүгінде өмірден өтіп кетті. Алайда олар бастаған ізгі дәстүр әлі жалғасып келеді.

Татулықпен тамсантқан

ауылымды,

Ауылымды, ағайын-

бауырымды.

Ізеті мол қазақтың

келіндері

Бағалаттың баршаға

қаді­рімді, –

деп ақын Сәнімкүл Желдербаева апамыз әнге қосқандай, шынында сол кі­сілер ауыл-аймақтың жақсы­лығын жария етіп, бірлігі мен берекесін, туыстығы мен татулығын таныта білді. Айталық, ауылда жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасылар алдымен «Батыр аналардың» батасын алып, отбасылық өмірге қа­жетті  ақыл-кеңесіне жү­гінеді. Ұлт­тық нақыштағы қолөнер бұйымдарын, құрақ көрпе, құс жастық тігіп, ұлттық тағамдар әзірлеуде, сондай-ақ, жас ке­ліндердің сәби күтіміне байланысты аналардан үйренері көп.

Ансамбльге  он екі перзент өсірген Рахия Жұбатханова апай көп жыл жетекшілік жасады. Ол кісінің өзі де – өнерге жақын, қолөнерден хабары мол, әсіресе, ас әзірлеуге аса шебер адам. Өмірлік жарынан ерте айырылса да, ел қатарлы балаларының барлығын өз орнына қондырған Рахия апа бүгінде  аяулы ана, ардақты әже, ауыл-аймақ, ағайын-туыстың ақылшысы болып отыр. Біздің анамыз да сол ансамбльдің белсенді мүшесі болды. Ал әкеміз ара-тұра концерттік бағдарламалардың сценарийін жасауға жәрдем беретін. Иә, аналардан құрал­ған өнер ұжымы әлі күнге ағайынның амандығы мен абысын арасының татулығы, түптеп келгенде, әрбір отбасының орнықты болуы үшін аянбай тер төгіп келеді.  Жалпы айтқанда, халықтық дәстүрді дамытуда жастармен тұрақты  байланыс орнатып, жақсы өнеге қалыптастырып отыр.

Аналар ансамб­лінің ал­ғашқы ұйымдастыру­шыла­ры­ның бірі, көп жыл ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі болған Рабиға Тоқсейітова тарихы тағылымға тұнған өнер ұжымының ұлттық өнерімізді ұлықтап, ұрпақ санасына сіңіруде, сондай-ақ, шаңырақ шуағын еселеп, отбасы құндылығын арттыруда ізі қалғанын айтады.

Бір қуаныштысы, жақсы дәстүр жалғасын тауып, бү­гінде «Батыр аналар» ан­самб­лінің жаңа құрамы жасақталды. Олар да алдыңғы толқын аналардың өнегесін ұстанып, салт-дәстүр сабақ­тастығын қолға алған. Осылайша ауылдағы аналар ансамблі ұлттық тәрбиенің алтын тінін үзбей, ұрпақтан ұрпаққа ұлас­тырып келеді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<