Тазы мен төбет – құнды қазына

1534

0

Фото: ашық дереккөз

Ен  далада  еркін өскен Алаш баласының  саятшылыққа  жаны жақын. Төбет пен тазы қазақ үшін қастерлі байлығымыз еді. Сол көрініс көз алдымыздан жоғалып бара жатты. Өкініштісі,  құндылықтардан кейінгі 30-40 жылда айырылып қала жаздағанымыз жасырын емес.

Биылғы жылдың алғашқы күндерінде елімізде  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Енді тазы мен төбет тұқымдарын сақтау және көбейтуге мүмкіндік мол.Ол кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Мәселен, иттің генетикалық сапасын ғылыми бағалау, селекциялық сараптамалар жүргізу, жинақтау арқылы қажетті ғылыми база құруға жол ашылмақ.

Айта кетсек, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін екі үйдің бірінде тазы мен төбет арсалаңдап алдымыздан шығатын. Қашаннан саятшылыққа жаны құмар ағайын тазысын ертіп, жылқысын жаратып аң аулауға аттанатын еді. Ал төбет негізінен мал шаруашылығымен айналысқан шаруа адамының жансерігі болды. Одан беріде жайылым төсі толған төрт түлік те азайды. Тазы мен төбетті де іздейтін жағдайға түстік. Тіпті олардың тұқымын сақтау мәселесі де таразыға тартылды. Тоқсаныншы жылдардан бері екінің бірі шетелден шыққан тегі белгісіз ит тұқымын алып келуге әуес болды.

– Жалпы, шетелдік иттерді Қазақстанға кіргізу мәселесін ойлану қажет. Өйткені, одан қандай зиян болатынын аңғару қиын емес. Қазір көшеге шықсаңыз, олардың түр-түрін көруге болады. Тұқымын ажырата алмайтын жағдайға жеттік. Бұл таза қанды тазы мен төбет тұқымын сақтап қалуға да кері әсерін тигізеді деген ойдамын. Тегіміз бір түркімен халқы алабай тұқымын сақтап қалу ісін ертерек қолға алды. Соның арқасында ұлттық құндылығының ертеңіне алаңдамайтын болды. Өкініштісі, біз қаншама уақытты құр жіберіп алдық. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» дейді қазақ. Ендігі кезекте кеткен қателікті түзеуге күш салайық. Жаңа заң сол олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізеді деген ойдамын. Сондай-ақ, біз шетелден келетін ит тұқымын ұдайы бақылау мақсатында карантиндік бекет ұйымдастыруымыз қажет. Шетелдің көбісінде солай жасалған. Тіпті, бірқатарында кейбір ит түрлеріне тыйым салынған. Мәселен, Швеция, Дания, Ұлыбритания, Франция, Германия, Нидерланды, Бельгия, Швейцария, Жаңа Зелендия мен Латвияда осындай талаптар қойылған, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, география ғылымдарының кандидаты Оразхан Айдаров.

Ғалымның айтуынша, кезінде Сыр өңірінде тазы мен төбеттің бабын білген азаматтар қатары көп еді. Өкініштісі  көнекөз қариялардан сол нәрселерді зердемізге тоқуға селсоқ қарадық емес пе?  Келеңсіз жағдайдың зардабын енді тартып отырған жайымыз бар. Қазір тазы мен төбет жайында білетініміз шамалы. Кейінгі жылдары оған бет бұрған жастар қатары молая түсті. Алайда олардың арасында өзара байланыс жоқ. Тәжірибе алмасатын адамдар санаулы. Соның салдарынан кейбірі аталған істі тастап кетті.

– Ендігі кезекте қолға алынатын әрбір жұмыстың орындалуына тиянақты болуымыз қажет. Ешқандай олқылыққа жол беруге болмайды. Әсіресе, тазы мен төбет тұқымы мұқият зерттелсе деген ұсынысым бар. Оған ғалымдар тарапынан сараптама жасалғаны артықтық етпейді. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз. Бұл науқандық шара емес екенін ұмытпайық. Қазақ халқының ерте кезден бергі өмірінде орнын ойып алатын ұлттық құндылықтарды лайықты бағалай білейік, – деді О.Айдаров.

Айта кетерлігі, жаңа заңда тазы мен төбет тұқымын сақтау және өсімін молайту бағытында құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздер белгіленді. Осы  мақсатта негізгі қағидаттар қарастырылған. Оған жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар айқындалып, олардың құзыреті анықталды.

Қазақ халқы итті жеті қазынаның бірі ретінде бағалады. «Ит жақсысы  – тазы» деген түсінік осындай рәуіште айтылса керек-ті. Сондай-ақ, ескіден келе жатқан «Таудағы түлкіні табындағы тазы алар» деген тәмсіл бар.

Естуімізше, тазы қазақ даласына сақ заманында келген деген аңыз бар. Ол шамамен 2000-2500 жылдар бұрынғы кезеңді қамтиды. Тасқа қашалған кейбір петроглифтерде тазыға ұқсас аңшы иттері бейнеленген. Ал тақыр жүнді тазылар осыдан бес-алты мың жыл бұрын перғауындар заманында өмір сүрген деген дерек айтылады.

Бұл ит тұқымын тазы атауының мәні парсының «таза, алғыр, жүйрік» деген мағынасымен ұштасып жатқан секілді. Таза болуының себебі оның тазы атануына алып келді ме? Ол ықшамдалу заңдылығына байланысты тазыға ауысуы мүмкін. Қазақ жерінде құмай, қайың қаптал, ауған, орыс, түрікмен деген түрлері ұшырасқан. Қазақы тазыны тау және дала тазысы деп бөлген. Шоқтығының биіктігі 80-85 см аралығында.

Енді аз-кем төбетке тоқтала кетсек. Белгілі жиһанкез Марко Поло ХІІІ ғасырдағы қазақтар туралы жазбаларында «Тайыншадай биік денелі иттер –тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік» деп жазып кеткен. Саяхатшы Шағатай ұлысында қасқыр алатын бұл иттерді хан сарайынан кезіктірген. Сол кезеңде ит саны 10 мыңдай болған көрінеді.

Жаһандық желі беттерінен білгеніміз, ит тұқымдарын зерттейтін кинология деген сала бар. Оны грек тілінен тәржімалағанда kynos – ит, logos – ілім дегенді білдіреді. Ол ит анатомиясы мен физиологиясын, үй иті тұқымының шығу тегі мен эволюциясын, оларды өсіру, қолға үйрету, қоректендіру, шаруашылыққа пайдалану мәселелерін зерттейді. Бір қызығы, бізде оған ұзақ жылдан бері мән берілмейді. Тегіміз бір түрік бауырлар дүниежүзілік кинология орталығына біздің тазыға ұқсайтын иттің түрін тіркетуге көңіл бөлген. Ендігі кезекте бізге тазы мен төбетті қазақ халқының ұлттық бренді ретінде қалыптастыру – маңызды міндет.    

Әлемдік кинология орталығына тіркелу үшін иттің тегі сараланады. Оның қаны ғылыми тұрғыда сараптаудан өткізіледі. Сондай-ақ олардың саны кем дегенде 1000-ға жетуі қажет. Өкінішке қарай, қазір біздің қолымызда оның үштен бір бөлігі ғана бар.

Рас, елдің ішінде ұлттық дәстүрге жанашырлық танытып жүрген азаматтар баршылық. Оншақты жылдай бұрын Шиелі ауданында «Қар үстіндегі қансонар» деген атаумен саятшылық өнерге арналған ауқымды шара өткізілген. Игі істің басы-қасында жүрген белгілі айтыс ақыны Кенжебай Жүсіповтің айтуынша, оған тазы мен төбетін ертіп келген тұрғындар саны аз болмаған.

– Сол уақытта жергілікті  азаматтардың қолдауымен аталған шараны ұйымдастырдық. Алғашқыда «қалай болар екен?» деген ой мазалады. Белгіленген күні саятшылыққа жаны жақын тұрғындардың көп екені байқалды. Олардың бірі тазы мен төбетін ертіп келсе, енді бірі аңға салатын құстарымен жетті. Жас ұрпаққа тағылым болатын жақсы шара өткенін көзіміз көрді. Десе де, бұл өнерге ден қоюдың өзі оңай емес екенін байқадым. Өзім де тазы өсіруге көңіл бөлген едім. Жақында тазы мен төбет тұқымын сақтауға бағытталған жаңа заң қабылданғанын естіп, қуанып жатырмыз. Бұл ұсыныстың ұзақ жылдан бері айтылып келе жатқаны белгілі. Әрине, елдің ішінде олардың тұқымы жойылып кетпеуіне барынша үлес қосқан азаматтар бар екенін білеміз. Ендігі кезекте оған мемлекеттік деңгейде назар аударылатыны қуантады. Осы мақсатта ғылыми зерттеу жасалып, арнайы бағдарлама дайындалғаны артық емес. Біздің игі істен күтеріміз көп, – дейді Кенжебай Жүсіпов.

Сыр өңірінде тазы мен төбеттің нақты саны қанша? Кезінде кеткен олқылықтың салдарынан әзірге олардың санын дөп басып айту қиын. Аталған заңға жауапты мекеме ретінде бекітілген облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына хабарласқан едік. Мамандардың айтуынша, аталған заң алдағы шілде айында күшіне енеді. Әзірге бұл бағытта жасалатын жұмыс барысы саралануда.

Кезінде қазақтың белгілі тұлғалары саятшылық өнерді жанына серік еткенін білеміз. Атақты Ақан серінің «Басарала», Кенесары ханның «Көкдауыл» сынды тазысы тәмам жұртты тамсандырды. Ұлттық бейнемізге тән қос жануардың бірі – жылқы болса, екіншісі – ит. Кешегі ашаршылық жылдарында есіл ерлер солардың арқасында көп адамды ажалдан арашалап қалды.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып жатқан игілікті іс қазақтың қазынасына айналған ит тұқымдарын сақтап қалуға зор септігін тигізетіні анық. Жасалатын жұмыс та аз емес.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<