Тексіз ешкім жоқ

1411

0

Шежіре – халықтың шығу тегі, таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы. Сәбит Мұқановтың анықтамасы бойынша, «шежіре» деп кімдерден кімдер туып, қалай өрбігенін баяндайтын ерте заманнан атадан балаға мирас болып келе жатқан ауызша деректерді айтады.

Қазақ халқында ата шежіресі ерте кезден бар. «Жеті атасын білмеген жетесіз», «Жеті атасын білген ер жеті рудың қамын жер, қара басын білген ұл, құлағы мен жағын жер» деген аталы сөздер соның айғағы. Ал, жеті атада үлкен сыр бар. Әр ұрпақтың ауысуын шамамен 25 жастан десек, жеті ата арасы 175 жылды құрайды. Негізі бұл – бір адамның жеке басының тағдыры арқылы оның құл емес екенін, ата тегін, өз ортасының белді мүшесі екенін, байқататын фактор.

Шежіре арқылы оның тегі, ата қонысы, қауымға қосқан үлесі, Отан қорғаудағы орны, меншік, адами құқы, болмысы, ру, бау, сан, тайпа, тұқым, тек, арыс, жүз, жұрт, ел, Отан сияқты халықтың барша тарихын көрсетер айшықтары – айналып келгенде, шежіренің негізгі көрсеткіштері. Бұл –  тұтас этнос, халық тарихының сырын ашуға бірден-бір қажет сюжеттер.

Қазақ үш жұртынан тұрады – өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Шежіреде осы үш жұрттың динамикасын көрсетіп, соның нәтижесінде барша халықтану қалыптасқан.

Кезінде заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов руын  сұрағандарға: «Арғы тегім арабтан ғой, арабтан» дейді екен сыбырлап қана. Руды айтқызбайтын, шыққан тегін дауыстап айта алмайтын кезең ғой ол. Қазір аталарымыз айтқандай, тегін білмегенді тексіз деп тілдейтін заман келді.

Тексіз ешкім жоқ, бәрі тектен тарайды. Ал, соны білдіріп, үйрету жағынан кемшінбіз десек, бұл жерде білмегенді емес, білгенді тілдеуге тура келеді…

Рүстем ДҮЙСЕНҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<