Тектінің ұрпағы

1382

0

«Тағдырдан қашсаң да құтыла алмайсың» деген рас-ау. Табиғатынан кішіпейіл, адамгершілігі мол, сабырлы, қай тірлікке де тындырымды, тиянақты Батырбек ағамыздың бұл өмірден көргені аз емес екен. Жастайынан жүрек қалауы мал дәрігерлік-зоотехникалық институтқа қайта-қайта барып, ақыры оқуға түсіп, бір-екі жыл оқығаннан кейін қатты сырқаттанып қалды.

Содан үш жылдан астам уақыт аурумен арпалысып, ақыры жеңіп шықты. Сөйтіп, Алматыдағы мал дәрігерлік институтты тәмамдап, ауылға оралды. Әкесінен дарыған асыл қасиеттер төзімділік, салмақтылық, терең ой­шыл­дық Батекеңді алға ұмтыл­дырды. Туған ауылы Ақ­суда зоотехник, аудандық ауыл шаруашылығы бас­қар­масы бастығының орынбасары қызметтерінде бол­ды. Тия­нақты да тындырым­ды істерімен танылған Батыр­бекке зор сенім артылып, ол «Аққыр» және «Еңбек» шар­уа­­шы­лықтарында директор болып қызмет атқарды. Адалдық пен турашылдық, адамдармен тіл табыса білу, жұмысшыларға ­барынша қо­лайлы жағдай жасау секілді қағидаларды үнемі назарда ұстаған басшы сонау 1986-1992 жылдары «Аққыр» шаруашылығын аяғынан тік тұрғызды. Нарық талабына ілесе алмай қырықшақты қожалыққа бөлінген шаруа­шылықты топтастырып, тір­лігін жандандырды. Кез­дес­­кен кедергілерге қарсы тұра білді. Әсіресе су тап­шылығы мен қуаңшылық сан мәрте кездесті. Сол бір кездері Ресей тарапынан «Қызылқұмда» скважиналар қазылып, жерасты суларының бәрі кос­модромға тартылған болатын. Малдың сусыз қалатын күндері болды. Осы мәселемен жоғарғы жаққа дейін шығып, ақыры мәселе өз шешімін тапты. Аудан орталығынан шал­ғай орналасқан мал шаруашы­лығымен айналысатын халық білікті басшының қамқор­лығы арқасында қиын­дық құрсауынан құты­лып, жаңаша өмір сүре бастады.

Мұнан соң Еңбек ауылында шаруашылық директоры болып қызмет атқарды. Халықпен тіл табысып, мүмкіндігінше жағдай жасап, жұмыстардың ілгері басуына ұйытқы болды. Бұл шаруашылықтың да алдыңғы қатардан көрінуіне айрықша күш салды, абыройсыз болған жоқ.

Тектінің ұрпағы Батырбек Мәншәріпов Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында да жемісті еңбек етті.  Аудан экономикасы мен әлеуметтік дамуы­на өзіндік үлес қоса білді. Қай қызметте жүрсе де халықтың ыстық ықыласына, сүйіспеншілігіне бөленді.

Көршілес Сырдария ауданында да түрлі қызметтер атқарып, көпшілік көңілінен шықты. Алдымен аудандық аумақтық басқармада, одан кейін аудан әкімінің орынбасары болды. Кейінгі жылдары Сырдария аудандық мәслихат хатшысы қыз­метін атқарды. Әкесі айтқан ақыл-кеңестер, берген тәлім-тәрбие оған үлкен қолдау болды. Қай жерде жүрсе де халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегін уақытында орын­дауға тырыс­ты. Істің көзін тауып, елге жақсылық жасауды бас­ты міндетім деп түсінді. Жаны ауырса да ешкімге білдірген жоқ. Жүрегі сыр берсе де, ауырдым деп аурухана жаға­ламады. Қызметінен қалмай, елмен бірге болды.

Халықтың қалаулысы ре­­тінде тұрғындардың аманатына жауапкершілікпен қарап, Іңкәрдария және Ақ­жарма ауылдарында ауызсу мәселесінің шешілуіне ұйытқы болды. Батырбектің арқасында Іңкәрдария ауылына ауызсу келіп, жұртшылық көкөніс-бақша егіп, көше­лерге тал отырғызылып, ауыл тірлігі жанданды. Ақжарма ауы­лы­ның да қазіргі келбеті адам қызығарлықтай.

Біреу білер, біреу білмес, Тереңөзек кентінің жаңа қоныстану аймағының құ­рылыс алаңына айналып, сәулетті тұрғын үйлердің көптеп салынуында Батыр­бек Мәншәріповтің өзін­­дік қолтаңбасы, үлесі бар. Бұрын бұл маң орман шаруа­шылығының мен­ші­гіне өтіп, бос жатқан болатын. Бола­шақты ойлаған, кент­тің жаңа тынысын ашуды көздеген, халықтың жер алып, баспаналы болуын қалаған Батекең облыс, аудан әкімдерінің тапсырмасы­мен елорда тө­ріндегі ми­нистр­ліктерге де­йін барып, жалпы көлемі 488 гектар жердің Тереңөзек кентінің тең­гері­міне алынуы­на ай­рықша еңбек сіңірген.

Аудандық бюджет есе­бінен С.Сейфуллин ауылында тұңғыш рет балабақша салынды. Сол кездегі аудан әкімі Ғанибек Қазантаевпен бірге мәслихат хатшысы ретінде аудан орталығынан бастап барлық елді мекен­дердің дамуына зор еңбек сіңірді.

Айта берсек тектінің ұрпағы Батырбек Мән­шәріпов­тің халық үшін сіңір­ген еңбегі орасан. Екі аудан­да да өзінің қабілет-қары­­мымен, адамгершілік асыл қасиеттерімен танылып, екі ауданның Құрметті азаматы атағын алды. Өз сөзінде Батекең: – Мен атақ алу үшін емес, дос-жаран жинау үшін және әкемнің айтқанындай, елге қызмет ету үшін қолым­нан келгенін аяғаным жоқ. Бұған алдыңғы толқын аға­ларым, замандастарым, басқа да жаны ашитын кісілер өз көмегін берді, зор ықпалын тигізді. Сондықтан оларға шын жүректен ризамын, – деді.

Өмірінің негізгі байлығы балалары екенін Батекең сүйсіне әңгімелейді. Құдай берген балаларының өзі қалағандай білім алып, бірі дәрігер, бірі заңгер, бірі қар­жыгер, бірі ұстаз бол­ғанын мақтан етеді. Жан-жақта жүрсе де әке аманатына адал ұл-қыздарының өз атына кір келтірмейтініне сенімді. Немере-шөберелерінің қы­зық­­­тарын көріп, жұбайы Сафура екеуі өткен кезең­дердің қиындықтарын ұмы­тып,  бүгінгі күннің бақытын сезініп отырғандай.

Мейрамбек ШІЛДЕБАЙҰЛЫ.

Тереңөзек кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<