Тектінің тұяғы

514

0

Тектінің тұяғы Биыл құрылғанына 90 жыл толатын Қазақ республикалық лепрозорийі туралы кітап жазуды қолға алғанда тарих үшін баға жетпес құнды дерекке кезігерімізді ойлаппыз ба… Аурухана мұрағатынан Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым Халел Досмұхамедовтің ұлы Әділхан Халелұлы Досмұхамедов туралы деректерді таптық. Ол осы мекемеде он сегіз жыл қызмет істеген екен. 

Әділхан Халелұлы 1912 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1930 жылы сол қалада орта мектепті бітірген. 1930-1938 жылдары Қазақ балық одағында нұсқаушы болған. 1938-1941 жылдары Астрахань медициналық инс­титутының емдеуші-дәрігер факульте­тінде 4 курс оқып, 1945-1947 жылдары Алматы мем­лекеттік медициналық инсти­тутының «емдеу ісі» факультетін аяқтаған.

1947-1949 жылдары Оңтүстік Қа­зақ­стан қазіргі Түркістан облысы Ленин аудандық ауруханасының мең­герушісі, Арыс ауданында амбулатория меңгерушісі, 1949-1950 жылдары Жамбыл қант комбинаты медициналық бөлімінің бас дәрігері, 1951 жылы Қы­зылорда облысы Шиелі аудандық ауру­ханасының бас дәрігері болып жұмыс істеді.

1951-1969 жылдары Қазақ рес­пуб­ликалық лепрозорийінде эпидемиолог дәрігер, бөлімше меңгерушісі және ординатор-дәрігер қызметтерін атқарды. Бірнеше рет марапатталып, суреті «Құр­мет тақтасына» ілінді. 1969 жылы зейнетке шығады.

Баласы Мараттың естелігінен: «Өкі­ніштісі сол, біздің әулет қилы тағдырды бастан кешті. Халел атам ұлты үшін  жаралған жан еді. Сол кезгі билік қуғындаумен болды. Ақыры түбіне жетті. Ал, ұрпақтары ше? Дені дұрыс қызмет бермей, тентіретіп жіберді. Соңына шам алып түскендер бір жерде тұрақтанып тұруға мүмкіндік бермеді. Оның ауыртпалығы мен ащы сабағын немересі мен де сезіндім. Алматы медицина институтының үшінші курсынан оқуды тастауға тура келді. Себеп – анамның 70 сом зейнетақысына қарап, күн көру мүмкін емес еді. Әкем Әділхан ерте қайтыс болды. Тірі адам тіршілік етеді, амалсыз басымды бейнетке салдым…

Жалпы, Халелден Рабиға, Әділхан, Сәуле, Қарашаш, Төле деген бес ұл-қыз тарайды. Мұның бәрі де жоғары білім алып, елге елеулі еңбек сіңірген. Бір қызығы әулеттен 13 ұрпақ ата жолын жалғап, дәрігер мамандығын иеленіпті.

Әділхан Сыр елін сағалады. Алдымен Шиелі аудандық ауруханасында, сосын республикалық лепра ауруын емдеу мекемесінде дәрігер болды.

Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы дайындық курсын үздік бітірген жылы әкесін «халық жауы» ретінде Воронежге жер аударғанда, оның кесірі баласына да тиді. Әрі қарай оқудың сәтін салмады.

– «Адам деген ең төзімді тіршілік иесі ғой. Қанша қиыншылық қыспақтаса да тауқыметке төтеп бере алған. Алдамшы өмірде де айтарлықтай асу бар, оған жеткен де кем болмасы анық. Әкем Әділхан Ұлы Отан соғысынан ауыр жараланып, І топтағы мүгедек болып келді. Бірақ бейнеттен қашпады. Өзін еңбегімен дәлелдеді. Апайым Қарашаш пен ағам Төле екі көзден қалса да ғылымға, өмірге ұмтылысын тоқтатқан жоқ. Ақыры ғылыми еңбегін зерттеп, қорғады. Міне, біздің әулет қандай нәубет төнсе де мұқалмады. Қазір атамнан тараған ұл-қыздың біреуі де қалмады. Немереден жалғыз мен тірімін.

Әкем Қызылордаға келгенде еш­кім­ге тіс жарып ештеңе айтпаса керек. Өйткені, «халық жауының» баласы де­ген жаман аттан әбден шаршаған секілді. Ол 1969 жылға дейін еңбек етіп, зейнетке шықты. Әкем кезінде мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевпен Алматыда, №14 мектепте, сосын ҚазМУ-дың дайындық бөлімінде бірге оқыған. Қарашаш апайым Қарғалы демалыс үйінде Орталық Комитеттің іс басқарушысымен кездесіп, оған әкем жайлы айтқан екен. Содан көп ұзамай шақырту алды. Қонаев қабылдап, Алматыдан үй берді. Екеуі ұзақ сөйлескен сияқты. Димаш аға әкемнің басындағы жағдаймен таныс болатын. Іштегі қатып қалған шерін досына ақтарған ғой деп ойлаймын. Екі күн өтпей әкем ауруханаға түсті де, араға бірнеше уақыт салып өмірден өтті. Кейін білгенім, Қонаев әкемнің жиені Халел Досмұхамедов қорының президенті Динаны әлеуметтік қамсыздандыру министрі етіп тағайындаған еді. Соған айтқан екен, ағаң өте үздік оқыды, бірақ арманына жете алмай кетті деп. Шынында, жер аударылып Воронежге барды, Астраханда мединститутта оқыды, оны Алматыда әрең аяқтады. Әйтеуір сол кезгі саясат оқытпауға да, қызметке орналаспауға да әрекет етіп тырысты» деп ұлы Мараттың естелігі осылай түйінделеді.

Иә, қазақ халқына басын қатерге тіге отырып, аяусыз еңбек еткен, соңына мол мұра қалдырған Халел атамыздың өнегелі өмірін тек еліміз егемендік алған соң барып қана білдік. Ал баласы Әділхан еш мойымай, өзінің досы, мемлекет басшысы Дінмұхамед Қонаевқа тек дүниеден өтер кезде ғана сырын ашып, мұңын бөлісуін тектілік демеске еш шара жоқ. Олардың не деп сырласқанын да білмейміз. Өкініштісі де сол.

Молдағали СЕЙТАЛИЕВ,

«Қазақ республикалық лепрозорийі» РММ бас дәрігері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<