Тиімді әрі үнемді

498

0

Тиімді әрі үнемді Бүгінде күн жүйесінен қуат алатын құрылғылар көптеп қолданысқа еніп келеді. Осындай игілікті іс атқарып жүрген «КүнТех» компаниясының өнімі экологиялық тиімділігі жөнінен елімізде жоғары сұранысқа ие.

Назарбаев университетінің базасында құрылған және батыс технологиясы бойынша жасалған күн жылытқыштар (гелиоколлекторлар) елдегі жалғыз осындай өндіріс екен. Мұндай коллектор жазда – 90, қыста 50 градустық жоғары температурадағы суды жылытады. Оның көмегімен еденді ыстық сумен жылыту бойынша жылына 80 процентке дейінгі үнем жасауға болады. Орта есеппен 5-7 адам үшін үйде 3 панель мен 300 литр сыйымдылық қажет. Қызмет көрсету мерзімі 40 жылдан астам бұл құрылғылардың кепілдігі – 5 жыл. Электр энергиясы үшін өтемділік мерзімі – 3 жыл, газ үшін 7-9 жылды құрайды.

Жылыту қызметін мүлтіксіз атқаратын аталған гелиоколлектор – алюминийден жасалған тік бұрышты панель. Ішінде антифриз айналысқа түседі. Коллектордың ішкі қабырғалары жылу оқшаулағыш қабатпен бүркелген. Үстінен түскен күн сәулесінің 91 проценті сіңіп, жылу энергиясы қайта қуатталады. Жұмысын кіріктірілген автоматты жүйе басқарады. Бір панельдің энергиялық сыйымдылығы – 1400 Ватт. Ол 12 шаршы метрлік бөлмені, күніне 100 литр суды жазда – 100, қыста 50 градусқа дейін қайнатуға қауқарлы. Күн сәулесінен қуат алып, энергия­ға тәуелділікті азайтатын бұл өнімді Арал ауданындағы мектептерге орнату жұмысы өткен жылы қолға алына бастаған.

Арал ауданында БҰҰ Даму бағдарламасы арқылы жүзеге асырылатын ғаламдық экология­лық қордың шағын гранттар бағдарламасының қаржыландыруымен көптеген жоба қолға алынуда. Сондай жобалардың біріне қатысып, аудандағы бірнеше мектепке күнмен су ысытатын гелиожүйені қондырған және 100-ден астам энерготиімді шам орнатқан «Өрлеу-Консалтинг» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дастанбек Жұпан өнімнің тиімділігі жайында айтқан еді.

Осы тұрғыда аталған энерготиімді шамдардың жалпы адамзат баласына пайдасы мол. Бұл жөнінде айтпай кетуге болмас. Қазіргі ең қауіпсізі – жарық-диодты шамдар. Аты айтып тұрғандай, бұл энергошамдардың электр қуатын үнемдеуде пайдасы орасан. Шамдардың ұзақ мерзімге шыдайтынын, энергияға төлейтін қаржыны әлдеқайда үнемдейтінін бірі білсе, бірі білмес. Бұл шамдар энергия үнемдеу жарығы нарығында сөзсіз көш басына шығады. Оның тиімділігі қарапайым қолданыста-ақ айтарлықтай нәтиже беріп, жоғары сұранысқа ие болуда.

Атап айтқанда, «Өрлеу-­Консалтинг» жастар қоғамдық бірлестігінің ҒЭҚ ШГБ/БҰҰДБ қаржыландыруымен «Арал ауданы мектептерінде энерготиімді технологияларды демонстрациялау» атты жоба аудандағы бірнеше мектепте жүзеге асырылған. Жақсықылыш кентіндегі №19 орта мектеп, Қамыстыбас елді мекеніндегі №21 орта мектепке және Шөміш елді мекеніндегі №263 орта мектеп ғимаратына біз жоғарыда сөз еткен энергия тиімділікті арттыратын гелиоколлектор және энергия үнемдегіш LED шамдары орнатылған. «Мұндай артықшылықтар алдағы уақытта ауданның өзге де білім ұяларында байқала бастайды», – дейді аталған жобаны аудандық деңгейде қолға алған қоғамдық бірлестік төрағасы Д.Жұпан.

Ержан ҚОЖАСОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<