Халқымыздың хас тұлғаларының тарихын түгендеп, мұрасы мен мұратын санамызға салып, қолымызға ұстатқан тәуелсіздігіміздің шапағаты екені айдай шындық. «Біздің тарих, бұл да бір – қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы», – деген Қадыр ақынның өлеңі кеңестік дәуірдің саяси көзқарасын астарлап айтып кеткен.
Шынында шовонистік пиғылдағы орыс тарихшылары қазақтың ұлт батырларын, күрескерлік бейнесін күресінге итеріп тастап, өткен өміріміздің ақиқатын күрмеу жіп күйінде қалдырды. Егер қазақ өз-өзін таныса, рухы оянып, бодандықтан босап кетеді деп сескенді. Алайда, біз «мың өліп, мың тіріліп» сол күнге ақыры жеттік.
Тәуелсіздігіміздің таңымен бірге арыстарымыз бен асылдарымыздың бейнесі жарқырап шықты. Ақиқат жолында ұлтқа қызмет етіп, ақтаңдақтарды аршыған тарихшылар, ғалымдар, ақын-жазушылар, ізгілік ізденушілері болды. Олардың нақты зерттеулері, тер төккен еңбектері арқылы қазақ халқының рухани қазынасына қаншама ұмыт бола бастаған ұлы тұлғалардың есімдері қосылды. Осындай еңбектер арқылы тегін танып, тамырынан көктеген ұрпақ өсіп жетілді.
Бүгін қолымызға тиіп отырған жерлесіміз, бізге ақын Оңталап Базаралы атымен белгілі Оңталап Ералыұлы бауырымыздың тынымсыз зерттеуі мен ізденісінен туған «Толыбай батыр» аталатын еңбегі де ел үшін құнды дүние болмақ.
1771-1859 жылдары өмір сүрген Толыбай Мыңбайұлы дуалы ауыз би, дулығалы батыр болған. Арал, Қазалы аймағын мекен еткен Кіші жүз жұртын, қалың қазақты Хиуа, Қоқан билеушілерінен, түркімен шапқыншыларынан ақ найзамен, орыстың отты қаруынан ақылмен қорғаған атақты тұлға туралы тас жазуына басылған тарихи деректер жоқтың қасы.
Он тоғызыншы ғасырдың бас кезінде Ресей империясының отаршылдық саясаты от шашып тұрды. Бұған қоса қазаққа оңтүстіктегі хандықтар да үстемдік жүргізу үстінде еді. Қос өкпеден қысқан жаудың қаупін сейілтудің бір жолы Ресей патшасымен ымыраласу ғана болатын. Орыс саясатына найза сілтеген Есет батырды да ақ патшаның бейбіт шартын қабылдауға көндірген Толыбай батырдың ақылы дейді халық жады. Найзамен зеңбірекке қарсы тұру қазақ жұртын көп қырғынға ұшыратуы кәдік. Мұны Әбілқайыр хан, Толыбай батыр секілді тұлғалар дұрыс түсінген. Әбілқайыр бастаған қазақтың билері Ресейдің қол астына өтуге 1731 жылы ант қабылдағаны белгілі. Алайда, Толыбай батыр тұсындағы оқиғалар онан кейінгі жетпіс жылға жуық уақыт ішінде де қазақ елінің ақ патшаға толық бағынбағанын көрсетеді.
Толыбай батыр заманындағы орыспен ымыраласу Арал, Қазалы аймағындағы он мыңдаған Жақайым ата ұрпақтарын апаттан құтқарып қалды дейді, бүгінгі ұрпақтары. Расында, көзсіз ерлікті де, көрегенділікті де ұстана білген Толыбай батырдың бірнеше ұрпақ жалғастығын сақтап қалуы халық жүрегіндегі бейнесін ешқашан өшірген емес.
Кітапта батырдың тегі, өмірі, ерлігі, өсиеті жан-жақты өрнек тапқан. Автор бұл еңбектің негізгі бөлімін филолог-ғалым, өнертанушы-этнограф, туған жер тарихын зерттеуші Берік Жүсіповтің «Аманат арқалаған», «Өлең қонған өңір» деп аталатын зерделі зерттеулерімен бастайды. Бұл туған өлке тұлғалары туралы талдап айтылған еңбектің алғашқысында Қотан деген халық қойған атымен ауызда қалған Есболай бай мен оның тұсындағы тағылымды әңгімелер келтірілген. Осы өңірдегі «Қотанкөл», «Қотанбұлақ», «Қотанның биігі» дейтін жер атауларының этимологиясына тоқталған. Сол арқылы Толыбай батыр секілді алып тұлғалар шыққан топырақтың қасиетін сездіреді.
Жақайымның сарыала туын ұстап, жұртына қалқан болған батыр сексен сегіз жыл ғұмырындағы ер болмысын елінің бақытына арнаған. Рухына қалың жұрт күні бүгінге дейін тәу етіп, басына қонып бала тілейтін Толыбай батырдың мәңгілік жайы Б.Жүсіпов жан-жақты сөз еткен «Қотанкөл» басында екен.
Кітапта Әбілда Маханбетовтің «Шежіре-дастан» аталатын екі мың жолдан асатын өлеңі жарияланған. Бұл өлең-шежірені зерттеуші ғалым Берік Жүсіпов сүлейлер сөзін қасиеттеп ұстаған Берекет Омаровтың мұрағатынан жазып алыпты. Шығармада түпатасы Қазақ, Созақтан тарайтын рулық шежіре, оның ішінде Кіші жүз аталықтары өрім-өрім қылып тарқатылады. Осы шежіре өлеңді өз басым құныға оқыдым, тілі де көркем.
«Арғымақтан туыпты,
Алау деген бір бала.
Білгенімді тағы айтам,
Ол емес жалғыз бір ғана.
Атаның ізін ашалап,
Қызыл тілім сырғана.
Көргеніңді ашық айт,
Сөзің түсер сынға да…», – деп келетін жыр жолдары жан рахаттандырады.
Осы өлең-шежіренің Оңталаптың қолына түсуі де бір қызық хикая.
Толыбай батыр жөніндегі ізденісін бастамақ болып толғанып жүрген ол осыдан он жылдан аса уақыт бұрын сол кезде облыстың мәдениет саласын басқаратын Берік Жүсіповтің жұмыс кабинетіне кіреді. Екеуі біраз әңгімелесіп, Оңталап өз ойын айтады. Сонда Берік: «Толыбай дейсің бе?» – деп компьютеріне үңіліп, өз парақшасына сақтап қойған Әбілда ақынның өлеңін көрсетіп, бір-екі шумағын шабыттана оқиды. «Осы шежіре жырды маған бер», – дейді Оңталап өтініп. «Бұл түйе мен биеге беретін дүние емес. Осы дастанды сұрап өлең жаз», – депті Берік. Өнерді бағалау ғой! Сонымен, Оңталап өлеңді өлең жазып алыпты. Ол өлеңі де осы кітаптан табылады.
Мұнымен бірге кітаптағы Мінәж Тоғысұлының «Толыбай батыр» дастаны да оқыған адамды бей-жай қалдырмайды. Негізі біз Жанқожа батыр замандасы Толыбай батырдың толық образын осы дастаннан таба аламыз.
Ал, батырдың ұрпақ жалғастығы жайындағы әңгімені тікелей ұрпағы Шымыран Ахметов баян етеді. Ол кісіні бір жылы осы кітаптың жинақтаушы авторы Алматыға арнайы іздеп барады. Сонда Шымыран аға батырдың ел қорғаған қылышының қазір қайда сақтаулы тұрғандығы жөнінде құнды дерек береді. Сонан соң баба рухын насихаттау сенің еншіңде деп аманат жүктейді.
«Мен батыр жайындағы зерттеулерімді осыдан он төрт жыл бұрын бастаған едім», – дейді автор. Биылғы жылы Қотанкөл төңірегінде Толыбай батыр мен әкесі Мыңбайға арналған ескерткіш кесененің орнатылуы осы көп жылғы ізденістің бір көрінісі іспетті. Автор кітапта ендігі міндет аудан орталықтарынан батыр есіміне көше аты беріліп, еңселі ескерткішінің бой көтеруі екенін айтады.
Осылайша, бұрын қолға алынбаған, әдеби-ғылыми айналымға түспеген Толыбай батыр жөніндегі тарихи деректер мен көркем шығармалардың басын қосқан жаңа кітап жарыққа шығып отыр. Бір кезде Арал аудандық «Толқын» газетінің редакторы Сағынжан Ермағанбетов батыр жайлы деректерді жинай бастаған екен. Бірақ, оған ағамыздың өмірі жетпепті.
Осы сауапты, сабақты істі сәтті орындаған Оңталап Ералыұлының еңбегін тарихи тұрғыдан да, тәрбиелік мәні жағынан да қазыналы дүние деп айта аламыз.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<