Тоқа Сәмет

3768

0

Біз бала кезімізде үлкендердің «Біз не көрмедік, Тоқа Сәметті де көргенбіз» деп айтқан аңғал бір атамыздың сөзін күлкі етіп айтып отыратынын еститін едік. Тағы солардың «Құдай-ай, Сәмет деп жүргені мына қырдың астындағы Тәуіптегі тоқалардың бірі екен-ғой» деп жатқанын еститінбіз. Естияр бола бастағанда Тоқа Сәметтің туып-өскен жерінде болып, ұрпақтарынан ол жайында сұрап қанықққанбыз.

Патша үкіметі тұсында халық мол шоғырланған қалаларда жыл сайын жәрмеңке өткізіліп тұрған. Осындай бір жәрмеңке кезінде орысқа қызмет жасап жүрген бір қазақ орыстың таяғынан өледі. Жәрмеңкеге келген болыс-билер арға тырысып орыстардан құн даулайды. Орыс шенеуніктері: – Ой, өзі ауру адам шығар, бір салып қалғанға адам өлетін бе еді? – деп, теңдік бермейді. Қазақтар мазалай берген соң: – Ал, онда бір ұрғанда адам өлтіретін адамдарың болса әкеліңдер, біздің адамымызды бір ұрғанда өлтіріп берсе, құн төлейміз, болмаса аулақ жүріңдер, – депті.

Қазақтар мақұл деп алып, жеме-жемге келгенде қатты сасады. Көпшілік қазақтарға «бір ұрғанда адам өлтіре алатын елдеріңде кім бар?» деп, жар салыпты. Ешкім шықпайды, билер «орыстарға күлкі болдық-ау» деп уайымға батады. Сонда бір адам тұрып: – Біздің ауылда, Қарақұм бойында Сәмет деген бір жігіт бар, қамшымен тартып жібергенде нар түйенің өркешіне кез түсіреді, өлтірсе сол өлтіруі мүмкін, – дейді. Көпшілік ойласа келе Сәметті алдыруды ұйғарды. Қос атпен адам жібереді. Мерзімді уақытында Сәмет те келіп жетеді. Оған «ойынның» шартын түсіндіреді.

Сәмет жәрмеңкеге жиналған жүз мырзаны атымен, қамшысымен оңашаға алып шығады. Әр атты өзі мініп көріп, қамшыны білемдеп сілтеп көреді. Ақыры,  жүз аттан  тақымына жаққан бір атты, қолына жаққан бір қамшыны таңдап алады, сөйтіп көпшілікке келіп, әзір екенін білдіреді.

Орыстар да өздерінше дайындалып, қалың киіндіріп бір дәу жігітті столға отырғызып қойып, «көрейік сендерді» дегендей миықтарынан күледі.

Сәмет отырған жігітке қарай алыстан шауып келіп, қамшыны кері сілтеп ұратындай ыңғай білдіріп, бірнеше рет ұрмай жасқап өтеді. Орыс алғашқыда бойын жиырып, артынан тағы да ұрмайды екен деп бойын босаңсытады. Сол сәтті дәл байқаған Сәмет тартып жібереді. Орыстың денесі қақ бөлінеді. Осы оқиғадан кейін қазақты менсінбейтіні орыстар аяғын тарта жүретін болыпты.

Сәметтің руы Шөмекейдің Аспан, Бозғыл, Тоқа, Көнек деген төрт баласының Тоқасы екен. Кейін осы Тоқа Сәмет Жанқожа батырдың жасағына қосылып, белгілі батырларының бірі болыпты. Бабажан сарттың қазақтарға жасаған зорлығын өзіне көрсетіп жазалаған да осы Сәмет батыр екен дейді айтушылар.

/Марқұм Манасбай Оралбаевтың «Ескі сөз – ел мұрасы» (Шалқар-2009) атты кітабына алынды/.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<