Тоқмақтың қызы

1130

0

Қуыс-қуыс көшені бойлай келіп, жатағандау ескі үйдің табалдырығын аттадық. Қабырға толы кітап жиылған кіреберіс дәлізден өтіп ас үйге ендік. Есіктері ашық төрт бөлменің барлығында дерлік кемі екі қабырғасы төбеге дейін тірелген кітап сөрелері. Құрқылтайдың ұясындай жайдың бір бұрышында, жұмсақ диванда бір көріп, сұхбат құру арман болған жан отыр. Шүйкедей ғана кейуананың мейірімге толы көзі мен жылы жүзінен өз анамды көргендей бойым босаң тартып қоя берді. Қос қолдап амандасып, жұмсақ диванның бір шетіне үнсіз жайғастым. Әдетте ұзақ жасаған жандардың құлақтан қалып, көру қабілеті нашарлайтыны анық қой.

– Тетя Лиза, таныс болыңыз біз­дің әкелеріміз – Баратовтар жайлы жазылған «Қоғалыкөл ка­һар­мандары» кітабының авторы, – деп мені таныстырып өтті.

Тетя Лиза біздің үш әкеміз туралы жазылған кітапты қайта-қайта оқытты. Әр оқыған сайын жылап отырып тыңдаудан жа­лыққан емес. Үйдің иесі үлкен ұлы Темірмен, оның жары Сара, балаларымен танысып, сө­зіміз жа­расып сала берді. Әдетте орыс­ша ортада өскен жандар «әже» деп әспеттегенді құп көре бер­мей­тіндіктен кейіпкеріммен тіл та­бы­суға ыңғайлы болар де­ген ниет­пен:

– Менің марқұм анам жүзге келді, сіз ол кісіден жеті жас кіші екенсіз, сізді «тәте» десем бола ма? – дедім.

– Әрине, әрине, – деп көзінің айнала­сын­дағы әжімі жазылып сала берді.

Жоспарланған жүздесудің ел­ге келіп киліккен індеттің кесі­рінен бүгін сәті түскеніне шыны­мен қатты қуанып отыр едім. Қыздары, келіндері Ұлы Отан соғысының ардагері, екі бірдей «Қызыл Жұлдыз» орденінің ие­­гері Оспанов Әбубәкір мен Лиза әжесінің құжаттары, су­реттерін алдыма тау етіп үйіп қойды. Жасы менімен шамалас философ-ғалым Темірдің анасы жайлы кәсіби мамандардан кем еместей етіп түсірген деректі фи­льмін көріп, көп сырға қа­нықтым. Түскі ас кезінде де біраз тарихтың беті ашылды. Астан соң қонақ күтетін кең бөлмеге келіп жайғастық. Қабырға толы майлы бояумен салынған Әбубәкір Ос­па­новтың портреті мен  орден, медальдары, соғыс тақы­ры­бын­дағы құжаттар көрмесі ре­тінде жасақталған екен. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Лиза тәтейдің  қолмен тоқыған «Аист ұясы», «Сталиннің порт­реті», «Кі­тап үстіндегі гүл ва­засы» ат­ты кесте тоқымалары бұл кісі­нің нағыз қолөнер шебері екенін әйгілеп тұрғандай. Өмірі шым-шытырық оқиғаға толы тарихи тұлға жайлы рет-ретімен баян­дауға тырысып көрейін.

Тоқмақтың қызы

Разида мен оның екі бауыры­ның бақытты балалық бал күн­дерінің мекені – Тоқмақ қаласы. Үйдегі ойын балалары ата-ана­сымен күн бата жұмыстан орал­ған соң ғана кездеседі. Қалған уақыт­та үй күтушісі орыс тә­тейдің қарауында. Ойын, ән салу, би билеу, түс ауа кең ауладағы се­руен – бәрі үй күтушісінің жасаған кестесіне сай өтіп жатады. Ба­қыт­ты балалықтың бал күндерінің қызығы келте бо­ларын кім білген? Алты жастағы Разида мен екі ба­уыры әкесін қанша сағынса да, жұмыстан келген әкесінің мойы­нына асы­лып, тәтесі үйреткен ән мен тақ­пақтарын айтып бере ал­мады. Сағыныштың жасы құр­ғауға ай­налды. Әкесі еңселі үйдің тө­бесіне жеткізе ұл-қызын ас­пандатып көтеріп, құшырланып иіскеп еркелетуге келе қоймады. Кейін білгеніндей, «халық жауы» деген жаланың құрбаны бо­лып айдалып кете барыпты. Жылы да жайлы үйде жатып, тоя тамақ жеудің өзі арманға айналды. Әкені көру арман болып жүргенде айдың-күннің аманында анадан да тірідей айырылатын күн жет­ті. Ба­лаларының болашағын ой­лаған анасы, ел шетіне аштық келіп киліккенде балаларын аман алып қалудың жалғыз жолы ба­лалар үйін таңдады. Бір-бірінен айырмашылығы жоқ, бірдей киін­ген балалар үйі.

– Атың кім? Балалар үйінің қатал меңгерушісінің сұрағынан қорыққан қыз «Лиза» деп жауап берді. Шынында да күтуші орыс тәтесі бұны солай атайтын.

– Әкеңнің аты кім?

– Вася ағай. Бұл да – үй кү­тушісінің сөзі.

– Онда Елизавета Васильевна боласың. Разида бір күнде басқа атқа ие болып шыға келді.

Бір-бірінен айырмасы жоқ күн­­дер мен жылдар жылжып өтіп жатты. Жаздың жаймашуақ кү­нінің бірінде балалар үйінің тәрбиенелушілерінен бастап мұ­ға­лім, тәрбиешілері түгел акт за­лына жиналды. Қабырғаға ілін­ген радионың үніне құлақ түрген жиналғандар соғыс бастал­ған­ды­ғы жайлы суық хабарды есті­ген­де сең соққандай күңіреніп кетті. Күбір-күбір әңгіме зорайып, жы­лап-сықтауға ұласты. Осы оқи­­ғадан кейін балалар үйінің өмі­рінде көп өзгеріс болды. Бұ­­рынғы темірдей тәртіптің тіні босаңси бастады. Соғысқа кет­кен ересектердің орнын балалар басты. Тігін фабри­касы­на жұ­мыс­қа алынған Разида мен олар­дың құрбыларына еркін­дік тиді. Олар майдан­гер­лерге арнап киім-кешек тікті. Кү­ні­не он-он екі сағатқа дейін жұ­мыс істеп қатты қал­жы­рап, шар­­шайтын. Фабрика қа­быр­ға­сына қызыл матаға жа­зыл­ған «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген сөзді оқи­тын. Оқыған сайын бойына күш-қуат құйылатын. Бойын тік­­теп, жұмысқа қайта кірісетін. Одақ­тың соғыс жүріп жатқан жерін­дегі зауыт, фабрикалары, оқу орын­дары алып мемлекеттің шығы­сына – Орта Азия елдеріне көшіріліп, жұмысын үзбей жал­ғас­тырып жатты.

1942 жылдың басында Қыр­ғыз ССР астанасы Фрунзеге Ле­нинград қаласындағы физкуль­тура институты көшіп келді. Со­ғысқа кәсіби атқыштар мен шаң­ғышылар, парашют маман­дарын даярлау үшін жергілікті сту­денттерді тартып, оқытуға кі­рісіп те кетті. Алғашқылардың бірі болып осы оқу орнына Ра­зида да қа­былданады. Жаста­йы­нан өмір­дің ыстық-суығын көріп шың­далған, ана тілінен гөрі орыс тілін жетік меңгерген жас бой­жеткен үшін оқу аса қи­ындық кел­тіре қойған жоқ. Ба­тыстан бұлт торлатып, оқ бо­ратып келген неміс басқын­шыларының екпіні бәсеңси бас­тады. Мәскеуге дейін ентелеген жаудың беті қыс­тың қаһары мен совет жауын­гер­лерінің өлер­мен елжанды рухына төтеп бере ал­май, маңдайы тас­қа соғыл­ғандай есеңгіреді. Сегіз жүз жетпіс екі күн жау қорша­уында қалған Ле­нин­град құрсаудан босады. Қираған қа­ланы қалпына келтіру жұмыс­тары қызу жүрді.

1944 жылдың ақпан айын­да Лесгафт физкультура инс­ти­туты студенттері мен ұстаз­дар қауымын Ленинград қай­та құшағына бас­ты. СССР Жо­ғар­ғы Кеңесінің төр­ағасы Ми­хайл Калининнің өзі қарсы алып, алда атқарылар іске жөн сілтеп, жалынды сөз­дерімен жігер­лен­діріп тастады. Барлық сту­дент­терге жылы спорт­тық киім сыйға беріп оқу мен қала­ны қалпына кел­тіру жұ­мы­сы­на алаңсыз кіріскен Ра­зида рухани серпіліс трампли­ніне көте­ріл­­гендей. Жаңа өмір, жаңа қала еуропалық мә­де­ниет пен өнер­дің есігі ашыл­ған­дай күй кешті. Сабақтан тыс кезде қи­раған қаланы қал­пына кел­тіру жұ­мыстары мен бүлін­беген Нива жағалауындағы та­рихи қала­ның бар сән-салтана­тымен та­ны­­суға уақыт тапты. Тоя та­мақ ішпегенімен, шегіне бас­таған жау­дың түбі бір жеңі­ле­тінді­гіне деген сенім мен бола­шақ­қа деген үміт жастық жігер қиын­дықтарды елете қоймады. Қалпына келген қаланың мәдени өмірі өз арнасына түсіп, ырғақты жұмысын жалғастыра түсті. Лиза тәтейдің әлі есінде – 1944 жылдың бірінші қыркүйегінде сол кездегі Киров атындағы опера театры ұзақ үзілістен кейін Глинканың «Иван Сусанин» опе­расының пре­мьерасын өткізгені.

Разида Жеңіс күнін Ле­нин­град қаласында қарсы алды. 1945 жылдың 12 тамыз күнгі айтулы оқиға кейуананың жадын­да мәң­гі сақталып қалыпты. Мәс­кеу­де бүкілодақтық физкуль­тура пара­дында институт спортшы­лары сапында шеруге қатысуға мүм­кіндік алған санаулы спорт­шылар­дың бірі болды. Парадты Сталин­нің өзі қабылдады. Мав­золейден қол созым жерде өткен Лиза сол кездегі аты аңызға айналған пар­тия көсемдері Ста­­линнен бас­тап, қолбас­шы­лар­дың бәрін көр­ді. Әсіресе Же­ңістің барлық жетіс­тіктері телінген Г.К.Жуков әлі күнге дейін көз алдында. Шет­ел қонақ­тарынан кейін АҚШ пре­зиденті болатын Д.Эйзенхауэр есінде сақталыпты.

Нива жағасындағы әсем қала­ны болашақ жары екі бірдей «Қы­зыл Жұлдыз» орденінің иеге­рі, ержүрек барлаушы офи­цер Әбу­бәкір Оспановпен табыс­тырған қа­ла ретінде де жақсы көреді. Қалаға деген махабба­тының суы­мағанының дәлелі:

– Люблю тебя, Петра тво­ренье, Люблю твой строгий вид. Невы державное теченье. Бере­говой ее гранит, – деген өлең жолдарын ерек­ше шабыттана оқи жөнелді.

1923 жылы Қызылорда об­лысы Сырдария ауданы №6 ауы­лында қазіргі Қоғалыкөл ауыл­ында дүниеге келген, соғыс аяқ­талған соң Ленинградтағы Эн­ге­льс атын­дағы әскери учи­лищеге курсант болып қабыл­данған екен. 1947 оқу орнын бітірген екі жас Се­мей өңіріне жолдамамен жібе­ріледі. Атом бомбасын сынау ала­ңындағы құпия жұмыс өте қауырт жүріп жатты. Разиданың қолы қалт еткенде кесте тоқитын өнері бар болатын. Осы өңірде өнерін шыңдай түскені сол, оның өнер туындылары Семей қаласындағы жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмелерінде жүл­де де алған. Мына грамота Се­мей­дегі атом бомбасын жасау жұмысына бас­шылық жасаған СССР Ми­нистрлер Кеңесінің тө­р­аға­сы­ның орынбасары, атышулы Лав­рентий Бериядан алыныпты. Қазақ халқының басына нәубет әкелген қиын кезеңде өнерді серік еткен жандардың келер күнге деген үмітінің арқасында ғана өздерінің нәзік сезімге байланған болмысын сақтап қалғаны да ерлік.

Жары 1958 жылы әскери қыз­­меттен босап, туған жерге оралды. Елге оралған жас жұ­бай­лардың туған ауылына ал­ғаш­қы сапары да әлі есте. Қа­зіргі ескі базардан сәл төмені­рек жерде дариядан пароммен өт­кен бұлар ауылға дейін жаяу жүруіне тура келген-ді. Қолда қолшатыр, биік өкше туфли, ақ желбіршек көйлек киген ке­лін­шекті сапарлас болғандар есекке мінгізген. Кеудесі орден-медальға толы, аяғына жалт-жұлт еткен құрым етік киген жо­­лаушыларды ауыл халқы қа­лай қарсы алғанын елестетіп кө­ріңізші. Бір отбасынан төрт бірдей азаматты Отан қорғауға аттан­дырып, төрт көзі түгел қо­сылған соң ауылда ұлан-асыр той өтті. Разида Қызылордадағы тігін фабрикасында әуелі бригадир, тоқу цехының меңгерушісі бо­лып қызмет атқарды. 1971 жылы облыстық кәсіподақтың жер­гілікті өнеркәсіп қызметкер­лері комитетінің хат­шысы болып сайланады. Осы жерден зейнет­керлікке шыққан Ели­завета Ва­­­сильевна-Оспанова Разида Вахито­ва­ның өнегелі өмір жолын оқыр­­манға таныстыруды жөн көрдік. Қиындық көрген сайын шың­далған, бақытты күндерде асып-таспаған, немере-шөбере­лер­дің мейірім шуағына бөленіп отыр­ған Тоқмақтың қазір тоқсан төрт жасқа жеткен тумасының өмір жолы осындай.

Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<