Тораңғы – шөл падишасы

2749

1

Тораңғы ағашы туралы көп ести бермеппін. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, «Өсімдіктер мен жануарлар» залын аралып жүргенімізде музей қызметкері гербарийлер мен ағаш қиындылары орналасқан витринаның қасына келіп, тораңғы туралы әдемі әңгіменің басын бастады. «»Қазақ халқы тораңғының көлеңкесінде ұйықтап демалуға болмайды» деп есептеген» деп басталған аңыз-әңгімеге елітіп кетіппін. Ішімнен «неге?» деген сұрақ қойып тұрмын. Музей қызметкері менің сұрағымды сезгендей, әңгімені одан әрі көркем жалғап кетті. Мен де сіздермен Сыр өңірінде көптеп кездесетін тораңғы ағашы туралы мәліметпен бөліскенді жөн көрдім.

Сонымен, тораңғының түбінде неге демалуға болмайды? Тораңғы ағашының түбіне күн бата пері қыздарының келетіні туралы аңыз бар. Пері қыздары тораңғының түбінде ойнақ салып, ағаш түбінде демалып жатқан жолаушыны өзіне елітіп әкетеді-міс. Пері қыздары ән салып, тораңғы жапырақтары әнмен қоса сыбдырлап, билеп тұрады. Тоғай ішінде адасқан адамның пері қыздарының әсем әуеніне елітіп, тоғайдан таң атқанша шыға алмайды деген аңыз да бар. Сол себепті қазақ халқы арасында бұл алып ағаш киелі саналған. Ежелден “шөл даланың падишасы” деп ерекше қастерлеген, оны отын ретінде отқа жағуға рұқсат етпеген. Тіпті оны кесуге және тораңғы тоғайына мал жаюға болмайды деп есептеген. Өйткені, тораңғы ағашының

сұр-қоңырқай қабығына пышақ тисе, сыртына қызғылт түсті сөл бөлінеді. Сондықтан да, тораңғының қанға ұқсас сөлін оның қанды көз жасы деп, оны кескен адамды тораңғының киесі ұрады деген сөздермен тыйым салған. Ал, ғылыми деректерге сүйенсек, тораңғы гүл шашып жатқан кезде оның көлеңкесін паналап, демалуға болмайды. Сол уақытта көмірсутек көп бөлінеді деген дерек те жоқ емес. Жолаушы улы газдан есінен адасуы мүмкін. Ал, өзінен қызғылт түсті сөл бөлуінің де ғылыми дәйегі бар.

Тораңғының тамыр жүйесi күрделі. Торланып жайылған. Ағаштың «тораңғы» аталуы да сондықтан болу керек. Жер бетiне жақындаған тұсында жан-жағына қарай жайыла тарап, аумағы 30 метрге дейiн барады. Мамандар тораңғы тамырында судың көп болатынын айтады. Шөл далада өсiп тұрған iрi ағаштардың түбiнде судың жиналып қалатыны жиi байқалады. Су ауаға шыққаннан кейiн қышқылданып, қан iспеттес қоңыр-қызыл түске боялады. Осылай қанға ұқсас су жинайтын қасиеттерiне орай жұрт тораңғыны ерекше киелi ағаш санап, пышақ, балта тигізбеген.

Тораңғы мамонттардың заманынан бері бізге жеткен. Ағаштың бір ерекшелігі 30 метр тереңдіктен су тарта алады. Бұндай қасиет тораңғыдан басқа еш ағашта жоқ. Тораңғы ағашы тымық күннің өзінде өзіне ғана мәлім бір әдіспен бұтақтарын қозғалтып, жел шақырғандай болады да тұрады. Осы қасиетінің арқасында тораңғы күн шақырайған кезде де жолаушыға көлеңке сыйлап, аптап ыстықтан қорғайды. Адамдар үшін қолайлы, табиғат үшін қауіпсіз жағдай жасауға ұмтылатындай. Тораңғы – тұзды және құмды сусыз шөлдерде табиғи жағдайда өсе беруге қабiлеттi бiрден-бiр биiк дiңгектi, жапырағы мол ағаш. Ол ауаның жылылығына, желдiң күшi мен дымқылдың тапшылығына қарамайды. Қоршаған ортасына тап осылай бейiмделiп үлгерген бұл ағаш Сыр өңірінің күрт өзгерiстi континенттiк қатал жағдайына жақсы шыдайды.

Негізі, тораңғы ағашының 3 түрі бар: ак тораңғы, қара тораңғы және Литвинов тораңғысы. Біздің елімізде көбіне қара тораңғы кеңінен таралған. Қара тораңғы бұрын өлкеміздің оңтүстік және орталық аймақтарында өседі деп айтылып келсе, 2007- 2008 жылдары қазақстандық ботаник ғалымдар Н.В.Нелина мен А.А. Иващенконың Қостанай облысы аумағында, «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватты ұйымдастыру мақсатында арнайы ғылыми-зерттеу экспедициясы кезінде осы өңірдегі Тосынқұм шөлді алқабының қара тораңғы өсетін еліміздегі солтүстік нүктесін анықтап берді. Бұл – ғылым үшін маңызды жаңалық болып отыр. Ақ тораңғы да шөлейтті, шөлді алқаптарда көбіне жеке дара (кейде шағын шоқтоғай болып) өседі. Ол Қазақстанда Арал теңізі маңындағы құмдауытты жерлерде, Сырдария өзенінің аңғарларында, Балқаш көлінің аймағында кездеседі, оның жеміс беретін сырғасының ұзындығы 5-6 см. Ол Бетпақдала алқабында, Мойынқұм өңірінде, Зайсан қазаншұңқырында өте сирек кездеседі. Оның түзу діңі биіктігі 15-16м әрі діңінің жуандығы 1 м жетеді. Бұтақтары жан-жаққа тарамдалып өсіп, бөрікбасы шеңберленіп тұрады.

Тораңғы ағашының қасиетін қолөнер шеберлері жақсы біледі. Тораңғының тек қурап қалған ағашынан қолөнер шеберлері әр түрлі

бұйымдар жасайды. Халқымызда тораңғы ағашына қатысты көптеген сөз тіркестері кездеседі. Мысалы, “бүрі төгілген тораңғыдай”, “тораңғыдай толықсып”, “шөлге біткен қу тораңғыдай”, “кәрі тораңғыдай ” және т.б. Сонымен қатар, қазақ жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің “Бір түп тораңғы ” атты повесіндегі басты кейіпкерді тораңғы ағашына теңеуінде де үлкен мән бар. Қазақ халқы тораңғы ағашы топтанып өсетін алқапты “тораңғыл” деп атайды. Шөл даланың көркі болып саналатын тораңғыны бабаларымыз көзінің қарашығындай қорғауды үнемі ұрпақтарына өсиет етіп қалдыруының танымдық та, тәрбиелік те мәні зор.

Шайзада Самал,

№282 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<