Тоғызқұмалақ тақтайшасын кім жасаған?

395

0

Тоғызқұмалақ тақтайшасын кім жасаған? Тоғызқұмалақ тақтайшасын кім жасаған? Қазіргі таңда осы спорт түрінің елімізде насихатталуы қалай болып жатыр? Ол үшін нендей шаруалар атқарылуда? 
Тоғызқұмалақ – қазақтың теңдесі жоқ көнеден мұра боп қалған, сиқырға толы интелектуалды ойыны! Тоғызқұмалақ ойыны төрт мың жылдық тарихы бар екенін археолог ғалымдар оның ең ежелгі тастан ойылып жасалған тақтасын табу арқылы дәлелдеген. Онымен қоса, осы тоғызқұмалақ ойынынның аты Қытай жазбаларында да кездеседі. Мысалға, ежелгі ғұн тәңірқұты Қытай әскерін талқандауда, соғыс барысын осы ойынның әдіс-тәсілдері мен тактикаларына сүйене отырып жүргізген деседі. Осы тұста сіз «жай ғана құмалақтар мен тақтадан құралған ойынды қалай ғана атты әскерден құралған ірі қолды басқаруға қолдануға болады?» деп ойлауыңыз мүмкін. Бұл ойында өз қарамағыңдағы құмалақтарды басқару арқылы ойыншы қарсыласына шабуыл жасай алады, бірнеше жақтан қыспаққа ала алады, қарсыласынан қорғана отырып, не болмаса бейтараптық сақтай отырып алдағы шабуылдарына дайындалады. Тұзақ құрады. Қарсыласының жүретін жүрісі мен мекенін қысқарта алады.
Бір сөзбен айтқанда «тақта үстіндегі шайқас»! Қазақ халқының ұлттық спортының бір түрі тоғызқұмалақтың ойнау ережесі еріксіз таң қалдырады. Себебі, ол қып-қызыл есепке құрылған ойын. Тоғызқұмалақшы ойын тақтайшасының әр бір шұңқырында жатқан тастың қанша екенін және оларды біріне бірін қосқанда жұп сан шыға ма, әлде тақ сан шыға ма дегенді ойша есептеп отыруы тиіс. Ал есептен жаңылса жеңісті қолдан береді. Ойын ережесінің күрделілігі соншалықты бір ойында аяқтауға бес-алты сағаттың өзі аздық етуі мүмкін. Кеңестік империя құрамында болған жылдары қазақтың тілі, діні мен діліне қоса ұлттық спортының да басына қара бұлт үйірілген болатын. Отаршылдықтың озбырлығын тоғызқұмалақ та басынан өткерген. Әкімшіл-әміршіл жүйе ұлттық спортымыздың дамуы ұлттық рухымызды көтереді деген себеппен оның кең қанат жаюына кедергі жасады. Осылайша, ұлттық құндылығымыз құрдымға кетіп бара жатқан тұста М.Әуезов, Қ.Қуанышбаев, К.Кенжетаев бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері тоғызқұмалақтың тағдырына алаңдаушылық білдіріп, 1960 жылы Орталыққа хат жолдаған. Онда тоғызқұмалақты халық арасында жүйелі түрде насихаттау қажеттігі айтылған.  Ұлтжанды азаматтардың арқасында 1974 жылы елімізде тоғызқұмалақ федерациясы құрылды. Содан кейін ғана тоғызқұмалақ ресми түрде «спорт ойыны» деген мәртебеге ие болды.
Ұлттық спортымыздың кеңес заманындағы тарихы қысқаша айтқанда осындай. Ал кеңестік жүйе артта қалып, тәуелсіздік таңы атып, барымызды бағалап, жоғымызды түгендедік деген тұста тоғызқұмалақ та дамудың жаңа сатысына көтерілді. Жетілдірілді. Ал, тоғызқұмалақтың бүгінгі қолданыста жүрген тақтайшасын кім ойлап тапқанын білесіз бе? Білмесеңіз айтайық. Ол Жамбыл облысының тумасы, физик-математик Серікбай Тілеубаев. Серікбай Тілеубаев тоғызқұмалақ тақтайшасын жаңартып қана қойған жоқ. Ол әр бір ұяшықтағы әріптерді цифрға алмастырып ойын ережесіне елеулі өзгеріс енгізіп, жеңілдетті. Мұсрәт Елібәкиев — Серікбай Тілеубеков тәрбиелеген шәкірттердің бірі әрі көк тақтайшаның шығаруға көмектескен жан: «Бір күні Серікбай аға маған тоғызқұмалақ тақтайшасының жетілдірілген нұсқасының сызбасын ұсынды.  «Мына сызбаның сөмкемде жүргеніне бір жылдай болды. Өзімде ондай қаражат жоқ. Біраз адамның есігін қағып едім онымнан еш нәтиже шықпады. Сондықтан саған тапсырамын. Осыны жарыққа шығаруымыз керек» деді. Ол кезде тоғызқұмалақтан өтетін жарыстарға әр кім өз тақтайшасын әкелетін. Әркімдікі әр түрлі болатын. Кейде соның өзі жетіспей жататын. Серікбай аға жасаған тақтайшаның нұсқасын жасауға мен де қаражат таппай бір жылдай жүріп қалдым. Талай демеушінің табалдырығын мен де тоздырдым. Әйтеуір амалын тауып 2008 жылы Қытайдан мың данасын жасатып әкелдім. С
өйтіп Серікбай ағаның сызбасы бойынша жасалған тақтайша ыңғайлы болғандықтан көпшілікке кеңінен тарап кетті,»-дейді. Негізінде тоғызқұмалаққа ұқсас ойын түрі Қазақстаннан тыс жерлерде де бар. Атап айтқанда Африка құрлығында дәл осы тоғызқұмалаққа ұқсайтын Омвесо деген ойын бар. Алайда Уганда елінде кең тараған бұл ойының ережелері де ойын тақтасы да өзгеше.
 qazaqtimes.com

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<