Сыр өңірінде өз ерекшеліктерімен танылған мемлекет және қоғам қайраткерлері, еңбек майталмандары, мәдениет-әдебиет қайраткерлері, саналы ғұмырын туған топыраққа қызмет етуге арнаған азаматтар аз болған жоқ. «Адам бұл өмірге қонақ, оның өмірі өткінші, сондықтан ол артына ісімен, жақсы сөзін қалдыруы керек» деп Жүсіп Баласұғын айтқандай, артында ісі де, ізі де, сөзі де қалған ардақты ағаларымыздың қатарында И.Әбдікәрімов, Т.Есетов, С.Шаухаманов, Б.Сапарбаев сынды қайраткер тұлғалар бар. Қай-қайсысы болмасын, облыстың өркендеуіне аянбай үлес қосты. Одан беріде облысқа Б.Қуандықов, Қ.Көшербаев, Г.Әбдіқалықова басшылық жасады.
2022 жылдан бастап облысымызды Н.Нәлібаев басқарып келеді. Осы жылдары өңіріміз қарқынды даму үстінде. Бұрын-соңды болмаған әлеуметтік маңызы бар бірнеше жаңа ғимарат салынып, халық игілігіне жұмыс жасауда. Аймағымыздың сәулеттік келбеті жанданып, одан әрі игі іс жалғасуда. Облыс негізгі көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орынға шықты. Мақтанышпен айта аламыз. Мақтанатын жағдай туды.
Бұл мақала жоғарыда айтылған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің ішінде қызметтес, сыйлас, сырлас, дәмдес болған досым марқұм Сейілбек Шаухаманов туралы болмақ.
Бұл шексіз әлемде әркімнің өз тағдыры, өз жолы, шыққан биігі бар. Өмірден озғанымен көргендер көңілінде ұзақ уақыт сақталатын жандар болады. «Көзден кетсе көңілден кетеді» деген сөздің бары рас. Расында, әр жыл өткен сайын алдағы ағаларымыз фәни дүниеден өтіп жатқанын, жолдас, дос-құрдастар, замандастарымыздың қатары сиреп, тек көзден жазып қалғанда ғана «жалған дүние-ай, қандай адам еді» деп жалбарынып жатамыз. Тірлікте қадірін білмей қалатынымыз өкінішті-ақ. Өткендерді еске алу, ой елегінен өткізу оңай шаруа емес. Десе де дос туралы естелік жазу бізге бұйырыпты.
Өзінің ұйымдастырушылық қабілет-қарымы, іскерлік болмысы көптің көкейінде сақталып қалды десем артық айтқаным болмас. Кімге болса да адамдық болмысы мен жүріп өткен еңбек жолына қарай баға беріледі. Адамды бағалаудың басты өлшемі қоғамға, адамға пайдалы қызмет етуде, туған халқымен тамырлас бола білуде болса керек. Өмір сапар, қайран сапардың қай жерден үзілетінін ешкім білмейді. Лев Толстой бір сөзінде «Уақыт өтіп жатыр, біздер адамдар да бұл өмірден өтіп жатырмыз» деген екен. Жаратушы әр адамның өмір жолын қилы-қилы етіп пешенесіне нәсіп еткен ғой. Баршамыз мойындайтын тіршілік заңының бірі. Шыңғыс Айтматовтың сөзі бар «Адам өлмейді оны білетіндер тұрғанда» деген, олай болса Сәкеңнің рухы арамызда жүретіні сөзсіз.
Сәкеңнің туған жері Сыр өлкесі, жай инженер, комсомол жұмысынан басталған, одан бірнеше ауданда шаруашылық, партия жұмыстары салаларында басшылық қызметтерде шыңдалып, Талдықорған облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығында болып, еңбек жолында биікке, абыройға ие болғанының біз куәгеріміз. Еліміздегі әкімдік басқару жүйесіндегі алғашқы облыс әкімі, ҚР Парламентінде алғашқы Сенаторлардың бірі болды.
Сәкең туралы Қазақстанның халық жазушысы, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері Әбдіжәміл Нұрпейісов «Тәңір сыйлаған талант» атты айдар тағып, «Сейілбек, иә бұл жігітпен біз бір ел, бір жердің топырағынан жаралған кісілерміз. «Алмас қанжар қап түбінде жатпас» демекші, ақыры Сейілбектің бойында туа біткен талантты қайнар бұлақтай қарқыны мен қуатты тасқын атты. Әсіресе 2001 жылдан бастап ел мен жер, тұғыры биік тұлғалар тарихы және тағдыры, ұлтымыздың болашағы туралы тұшымды дүниелерді толғана жазып, оқырмандарға ой салып, сүбелі шығармаларының сыры мен салмағының өзі айқындап тұр. Осыны бәрінен оның елді, жерді, өз халқының тағдыры мен мұратын, әдет-ғұрпын салт-сана дәстүрін, тілін, дінін өмірін түгел білетіні көрініп тұр. Оның ұстасы да, ұстазы да – халық, тарих, уақыт, өмір» деп жазған еді.
«Парыз бен Парасат» кітабының алғы сөзінде кемеңгер халық жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері ҚР Еңбек Ері, Әбіш Кекілбайұлының сөзінде (қысқаша) «Көркем оймен көсемсөздің қайнары. Мен бір жиналысқа барып, Шиеліде жүр едім, Сәкеңнің аудан басшысы кезі болатын. Тау етегінде оңаша жайдың сыр бағында Сейілбек екеуміз таң сарғайғанша серуендегеніміз әлі есімде. Әбден сырластық. Тек төл әдебиетімізде ғана емес, әлем әдебиетін де бес саусақтай біледі екен. Былайғы дүниеден де мәліметі ұшан-теңіз. Елімізге төніп тұрған екіталай заман жайында да үрейлене сөз айтты. Екеуміз бір жылы қар басқан құрдастар екенбіз. Тек ол ғана емес, өмірдегі көп нәрсе туралы көзқарасымыз бірдей, пікірлес, мұңдас адамдар болып шықтық. Риясыз сөйлескен сайын оның көзінен бір ожарлық ұшқындап тұрды. Ол үміт пен сенім еді. Жылдар өткен сайын ол жарқындай түсті» делінген.
Одақтық зейнеткер, Гурьев, Ақтөбе, Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы, Семей облысы партия комитетінің бірінші хатшысы, ҚР орталық партия комитетінің екінші хатшысы болған Сағидолла Құбашев Сәкеңнің өмір жолындағы мазмұнды, мағыналы қызметтерін айта келіп, «Сейілбек Шаухаманов – Қазақстанның белгілі қайраткері, өтпелі кезеңде қазақ халқының жүгінің ауырлығын көтерген адал ұлдарының бірі. Ол халықтың батасын алған парасатты, қарапайым адам. Сейілбек Шаухаманов еліне сенімді, сыйлы, іскер басшы болды» деген еді.
Бақ жұлдызы жанатын пендесін жаратқан әу бастан-ақ, тағдыр тізіміне салып, шыңдап, өмір өткелдерімен өрге сүйрейтіні баршамызға белгілі жайт болса керек.
Мадақ мінберіне лайық тұлғаның еңбегін, қашанда көпшілік танып мойындайтыны ақиқат. Олай болса, өмірге өзінің ұстамы бар, ізгілік қағидасын бойына сіңірген, сергек көңілімен сенімді сөйлесетін бағы мен бабы келіскен, өресі биік азаматтың өзі еді.
Табиғатынан тәкаппарлығы жоқ, аспайтын, саспайтын, сабырлы, адал еңбекті, достықты ту еткен Сәкең осының барлығын өз өмірінде, өз ісімен көрсеткені біздің жадымызда. Көп жылдар сыйластықты, адамгершілікті паш еткенінің куәсі болдық.
Сәкең туралы әр жылдары жазылған үлкенді-кішілі газет беттерінен көрініс тапқан, эссе мақалалар ерекше деуге болады. Өзінің тіршілік кезінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Тәңір сыйлаған талант», Әбіш Кекілбаевтың «Көркем ой мен көсем сөздің қайнары» Сағидулла Құбашевтың «Білікті басшы, қарымды қайраткер», академик К.Ормантаевтың «Сейілбек», Өтеген Жаппархановтың «Абыз», Мұрат Бақтиярұлының «Дарияның алтын көпірі», Кеңес Маханбетовтың «Первопроходец независимости», Итен Қарымсақовтың «Шаршамайтын Шаухаманов», Шыңғыс Айбосыновтың «Даналыққа толы ғұмыр», т.б. ойлы тақырыпта мазмұнды мақалалардың қай-қайсысын оқысаңыз да Сәкеңнің туабітті болмысын, қыр-сырын, ел мүддесі жолындағы игілікті істерін, ғибратты өмір жолын, жарқын бейнесін айғақтап жазылған танымды да, тартымды дүниелер екеніне көз жеткізесіз.
Сәкеңнің өз қаламынан туған «Ер қанаты», «Бақытыңды бағалай біл», «Алтын алма, ақыл ал», «Парыз бен Парасат» атты кітаптар және эссе-шығармалары, түптеп келгенде ой-өрісінің биік екендігі, ұстамы нық, кісілік кескіні жоғары өнеге болар өмірі, жастарға үлгі болатындай шындықтары рухани тазалыққа, отансүйгіштікке бағытталған. Қазіргі кезеңде өте қажет, жоғалып бара жатқан адами құндылыққа негізделіп жазылған. Өмірден озғаннан кейін де «Қазақ ел болам десе» және «Қызылорданың айтқыштары» атты екі кітабы жарыққа шықты. Сәкеңнің қаламынан ұшқыр ойлар мен маржан сөздер төгіліп жатады. Өзі туралы лебіздер, мақалалар, арнау өлеңдер жинақталса, бір кітапқа арқау болар еді. Ал өзі жазған проза, эсселері өз алдына бір төбе. Көптеген мақаласы негізінен облысқа еңбегі сіңген мемлекет, қоғам қайраткерлеріне, еңбек адамдарына арналған. Сәкеңнің өмір жолы әрі күрделі, әрі жарқын. Ол өзінің болмысына, тағдырына байланысты өз еңбегімен қалыптасады. Көпке қадірлі, мерейі-мәртебесі үстем, адамгершілік болмысы айқын, халқының қалаулысы болған Сәкең өмір жолындағы сегізінші белесті бағындыруға жеті ай қалғанда көз жұмды. Қай жерде болсын еліне, жұртына жақсылық жасаудан шаршамайтын, адалдықтың ақ жолында жүрген, кісілік келбеттерін барынша биік ұстайтын игі жақсылардың ортасында мен ылғи біртуар азамат Сәкеңді көретінмін. Бұл кісі туралы азды- көпті сөз қозғап, ой-пікірімді ортаға салып отырғаным, біз сонау өткен ғасырдың 60-жылдарының аяғынан бастап бір-бірімізді жақсы білеміз. Келе-келе жолдас, айнымас дос болдық. Даналық пен даралық, көргені мен түйгені көп, жалаң сөзбен емес, ісімен дәлелдеген кісі сөзге шебер, өткен- кеткенді жақсы білетін, адамдармен тез тіл табысып, өзін де тыңдата алатын қасиет бойына дарыған. Сәкеңнің өмірде жолы болған, еңбегі жанған, бақ қарап, қыдыр дарыған, халықтан, елден мемлекеттік тиісті жоғары бағасын алған бақытты «Аңыз адам» болды десек, артық айтқаным болмас. Өнегелі өмірінің табиғат сыйлаған қырларынан мол ғибрат аласың. Қоғамдық өмірге белсенді араласып, сый-құрметке бөленіп, жастарға өнеге болатын игі жол қалдырған бекзат болмысы нағыз азаматтыққа тән еді. Ерекше айтыла кететін жайт: Сәкеңнің 2015 жылы «Қызылорда Полиграфия» баспа үйінен шыққан «Парыз бен Парасат» кітабында адамның ойы мен дүние таным көкжиегін кеңейтетін, бүгінгі күннің жастарына арналған мағыналы, маңызды сөздер ұлағат деп білемін.
Сәкеңнің келместің кемесіне мініп кеткеніне де жеті жылдай уақыт болып қалыпты. Әрине, сағыныштың орны бөлек. Бірақ Сәкеңмен қызметтес болғандарға төтенше келген қаза бәріміздің жанымызды жаралап кетті.
Осындай Абзал жанның қадір-қасиетін, мейірім-шапағатын, осы тұста көзден кетсе де, көңілден кетпес тұстарын атап өтсек болады.
Сәкең алды ашық, жайсаң мінезді, пайым-парасаты мол, ауыл тәрбиесін бойына сіңірген тұлға. Ұлтымыз, дәстүріміз, тіліміз бен дініміз туралы терең толғанатын, елдің мүддесін қолдап, намысын қорғап, қазақ елін, туған өлкесін үкілеуден шаршаған жоқ.
«Өз ойымен өмір сүріп, өзгенің орнына өзін қоя білген адам – жақсы адам» деген екен Лев Толстой. Бұл сөз Сәкең секілді адамдарға қарай айтылған болса керек.
Өмірінде басшылардан да, басқадан да, ескертпе естімей, үстінен сөз асырмай, кеудесін бастырмай, ешкімнің аузын аңдымай, қас қабағын бақпай, дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деп дүниеден озды. Серігі сенім болды деп айта аламын.
Жақсылықтың отын маздататын да, жамандықтың түтінін бықсытатын да – адам. Шарапат – жақсыдан, кесапат – жаманнан. Бәрі адамға байланысты.
Жақсыны ту етіп көрсету, мадақтау, дәріптеу керек. Өйткені өмірге жаңа ұрпақ, жаңа толқын жас буын келеді. Олар сол жақсылықтың парқын, әкелерін, ағаларын білуге тиіс.
Бұл – көп алғыс алған, ел сенімін ақтаған азаматтың бірі. «Өлді деуге болама айтындаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп хәкім Абай айтқандай, соңында өшпейтұғын із қалдырған жанның бірі.
Өмірінің соңғы жылдары бірлік пен шындықтың ортасында жүрді. Адамгершілікке арналған мол сауаптың иегері болды. Айта кететін ерекшеліктерінің тағы бірі, соңғы жұмысы облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде, әрбір азаматтың тағдырына барынша байыппен, тиянақтылықпен қарап, мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қиналғандардың жанынан табыла білді.
Өмірдің жарқын жақтарын жете меңгерген, еліне, жұртына қадірлі, бірліктің ұйытқысы болған азамат ретінде дүниеден озды. Мен Сәкеңді үнемі аманат арқалап жүрген азамат есебінде бағалаймын.
Мына жалған дүниеге небір абзал азаматтардың келіп-кетіп жатқаны өмір заңдылығы болса керек. Бір Алланың ісіне кім қарсы тұрған? Әсіресе сол адамның артында аты, хаты, ізі, ісі қалып жатса, біз қазақ соған шүкіршілік етіп отырғанымыз тағы бар.
«Қазақ ел болам десе» кітабына кіріспе жазған Сағидолла Құбашевтың мынадай сөзі бар. «Сейілбек сөзге шебер, тілі жатық, халқының мақал-мәтелдерін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін, тарихын жетік меңгерген, жаза да біледі, айта да біледі. Ол еңбекте әбден қайнап піскен, күнге күйген, суықпен тоңған, құм мен тұзға қуырылған кадр. Ол – халықтың батасын алған, парасатты қарапайым азамат, іскер басшы» болды дейді. Бұл әділ баға емес пе?!
Сәкең ортамызда (жұмыс дәрежесін былай қойғанда) ақылшы, адамгершілігі мол, мінезіндегі кейбір асыл қасиеттері кісілікті де кішілікті де сезіп біліп, бойымызды өлшеп, үлгі көрсетіп, қосыла калсақ бәріміздің жанымызды жылытып, шуағын түсіріп, көңілімізді көтеріп отыратын. Әдетте кызметтен кеткен басшының ел ішінде қадірлі, сыйлы болып қалуы екіталай. Ал оның беделі қайта арта түспесе кеміген жоқ. Халық хан көтеріп отырды. Облыста ардагерлер кеңесінің іргесін қалады және оны басқарып тұрған кезінде, елдің ауызбірлігін сақтауда, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруда, т.б. оң жұмыстарды орталық кеңес мақұлдап, Қызылорда облысы ардагерлер кеңесінің жұмысы үлгі ретінде бүкіл республикаға таралды. Жан дүниесі терең, ой ағымы бөлек, танымы мен нанымы айқын, сергек көңілмен сенімді сөйлейтін. Өнегелі сөзге ұста, қысыр сөзге қысқа болатын. «Азамат өлген күн өлген емес, ұмытылған күн өлген» деген бар. Сәкең, жүрсе жолын, отырса орнын, сөйлесе сөзін білетін, аузы дуалы, сөзі куәлі абыз ақсақал болып, бұл фәни дүниеден озды. «Өмірде өзіне сенетін, сенімді бір досың болса, ол да бір бақыт» деген екен бұрынғылар. Өйткені достық пен сыйластық жүрек сезімі болса керек, және достық, адалдық мәңгілік сақталады. Сәкең бір сөзінде «Жаман іске көзім түспеді, жаман жерді аяғым баспады, жаман затты қолыммен ұстағаным жоқ, жаман сөзді естімедім» дегені бар.
«Уақ шашқан шапағат» атты мақаласында («Сыр бойы» газеті 26.03.2009 ж.) «Тұрекең екеуміздің тізе қосып терең түсіністікпен еткен сан алуан еңбегіміздің арқасында, сайып келгенде, біздің отыз жылдың үстіндегі достығымыздың арқасында дүниеде ТМД елдерінде теңгесі жоқ облыстық орталық аурухана мен диагностикалық орталық келді. Бұл біздің достығымыздың ескерткіші іспеттес» деп жазды. Міне шынайы достық, қарым-қатынас белгісі осындай.
Қорыта келе айтпағым, Сейілбек Шаухаманов елім, жұртым, деп бойындағы күш-қуатын, білімін, туған халқының игілігіне жұмсаған тұлға, Сыр бойының ардақ тұтқан батагөй абыз ақсақалы. Өнегелі өмірі, атқарған қызметтері, жазған кітаптары, мақалалары, т.б. өшпейтін ізі, келешек жастарға өсиет деп білемін.
Бүгінде Сәкеңнің өмірлік серігі, сүйікті жары Жұпаркүл ана, қазақ әйелдеріне тән, отбасы берекесін келтіріп отырған жайы бар. Ұрпақтары өсіп-өніп, халқына қызмет жасап келеді.
Қызылорда қаласында «Сейілбек Шаухаманов» атындағы лицей бар. Онда өмірдеректері орналасқан музей жұмыс атқаруда. Лицей алдында көрнекті бюст қойылған.
«Өмірде жолым болды… Бірде-бір қызметті сұрап, армандап алмадым, барлық қызметті абыроймен атқардым, бірде-бір рет сүрінбедім, жығылмадым. Өсу жолында қызметтің ең төменінен бастап, жоғарысына дейін бәрі де ретімен, жөнімен болды. Мен директорлықтан бастап әрбір қызметіме риза болдым, шүкіршілік еттім, қанағат қылдым, басқа қызметті ойламадым да, армандамадым да. Мен шүкіршілік, қанағат қылған сайын қызметім өсе берді. Әрдайым жолым болды. Менімен бірге мектеп бітірген 90 баланың, институтты бітірген 150 жігіттің ішінде тәңірім осыншама бақыт тек маған ғана бұйырыпты. Әділеттілік үшін айтуым керек, олардың ішінде менен ақылды, менен білімді жігіттер де аз емес. Сол үшін мен күніне мың да бір шүкіршілік қыламын. Сондықтан тағдырыма да, тәңіріме де, халыққа да, тарихқа да ризамын. Мен бақытты адаммын. Ал мынау қызығы мен қиындығы, ғибраты мен ұлағаты мол ғұмырымнан не түйдім? Иә, Алланың бергеніне қанағат етіп, тойсаң тоба қыл дегендей, бақытыңды бағалай білу керек екен. Бұл әлемде бәрінің де сұрауы бар».
Иә, ағайын бұл Сәкеңнің өз сөзі. Біздің де байлам осы.
Тұрғанбай МАХАНОВ,
Қызылорда облысының Құрметті азаматы,
ҚР еңбегі сіңген дәрігері






