Тұлғатанудың тарланы

2548

0

КСРО-ның ыдырауы бұрынғы Кеңес республикалары қоғамдық ғылымдарының, оның ішінде тарих ғылымдарының дамуына мүмкіндіктер ашты. Жаңа жағдайда ғылымдағы дәстүрлі тарихи мектептердің стереотиптерінен ада, жаңа жарқын есімдер шыға бастады. Соңғы онжылдықтарда өткен Қазақстан тарихшыларының басқосуларындағы бейресми пікір алмасулардан түйгеніміз – Қазақстан тарихы ғылымдағы сондай жарқын есімдердің бірі Хазретәлі Маханұлы Тұрсын екенін бүгінде оның бұрынғы оппоненттері де мойындайды.

Әріптестерінен мұндай баға алу оған оңай тиген жоқ. Ондай дәрежеге  қайтпас қажырлы­лы­ғы мен ғылымға деген адалдығы, мінезімен жетті. Мұны баса көрсетіп отқан себебіміз – Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдықтарында жаңа мүмкіндіктермен қатар ғылыми дәреже алу жолында жанталасқандардың, жеңілдің асты, ауырдың үстімен оңай олжа қуғандардың заманы басталғаны да шындық. Бүгінде олар отандық ғылымның ең жағымсыз көрінісі болып қалуда…

Мен Хазретәлі Тұрсынұлының ғалым, азамат және педагог ретінде қалыптасуының куәгерлерінің бірімін. Ол «сегіз қырлы, бір сырлының» нағыз өзі.

Хазретәліні 1987-1991 жылдары «Білім» қоғамы Жаңақорған аудандық ұйымының хатшысы болып қызмет атқарған кезінен білемін. Мен облыстық «Білім» қоғамының ре­ферентімін. Аруағы риза бол­сын, айта кетейін, облыс­тық «Білім» қоғамын 25 жыл басқарған Айтбай Ыстықбаев – екеуміздің бастығымыз, тәрбиесін көріп өстік. Сол уақыттағы дәстүр бойынша облыстың қалалары мен аудандарының еңбек ұжымдарында қоғамдық-саяси тақырыптарда лекция оқу үшін жиі шығамыз. 1987 жылы Жаңақорған ауданына іссапармен барып, ауылдары мен мектептерін аралағанда Хазретәлі жанымда бірге жүрді. Бұл еліміздегі қайта құру, демократия мен жариялылық жылдары бол­ғандықтан, сұхбат тақы­рыптары да жеткілікті-тін. Сырт көз сыншыл, оның бойындағы шығармашылық мүмкіндіктері сол уақыт­тарда-ақ байқалып, ашы­лып жатты. Бірден тіл табысып, жақын аралас-құра­ластығымыз содан бері үзілген емес. Оның Тәжікстанда туғанын, 1960 жылдары отбасының елге қайтып оралғанын естігенде елең ете қалғаным есімде. Менің ата-бабаларым да Шиеліде мешіт салдырғаны үшін 30-жылдары Өзбекстан, Қырғызстан асқаны, Бәткенде аялдап, кейіннен Пақтаарал ауданында тұрақ­тағанын білетінмін. Олар­дың Жаңақорғанға, біздің Шиеліге шамалас уа­қытта көшіп келгеніміз де белгілі болды. Отбасылар тағдырының ұқсастығы мұнымен шектелмейді екен. Мен мектеп бітіргеннен кейін 1974-1975 жылдары Алғабас ауылында бір жыл колхозшы болып жұмыс істесем, ол 1977-1978 жыл­дары «Красная звезда» кең­шарында жұмысшы бол­ған. Институттан кейін мен 25 жасымда мектеп директорының орынбасары болып, алдымнан мектеп директорлығы қылаң берген. Алайда, әкімшілік-мансаптық жол менің қолым емес екен, не де болса табиғатыма етене ғылым жолын көрейін, тым болмаса қалалық қазақ отбасы болайын деп Қызылорда қаласына қоныс аударғаным бар.

Содан бері Хазретәліні өсу үстінде көрдім. Әкім­шілік-мансаптық қызметі де сәтті басталды. Жаңақорған аудандық партия комиетінің нұсқаушысы, мектеп директорлығына дейін өсті. Дегенмен, кейін белгілі болғандай, ішкі тартыс оған да тән болған әкімшілік-мансаптық жол не ғылым жолы. Хазретәлі 2001 жылы тәуекелге бел буып мектеп директорлығын тастап, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық университеттің түркітану институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. Сол жылдары мектеп директорының 50 мың теңге айлығын кіші ғылыми қызметкердің 5000 теңге айлығына алмастыру үшін тосын мінез қажет-тін. Хазретәлі ондай мінезді көрсетті және бұл өзіне деген сенімділігінің көрінісі еді. Осыған орай Хазретәлінің «Тәке, ғылым жолындағы қызметтік шығыныңыз менікінен аспайды екен» деп қалжыңдағаны бар. Жасы кіші болса да, Хазретәліден көп нәрсе үйренгенімді айту – парызым.

2010 жылы жаз айында докторлық диссертациям ғылыми кеңеске алдын ала талқылауға түсіп, көптеген ескертпе айтылған. Шы­нына келсем, ес­кертпелер ұнаған жоқ. Де­генмен, ескеріп, қайта талқыға ұсынуым керек. Қызылордаға оралсам, ортаншы ұлым аяқ астынан үйленетін болып, уақыт зәрулігіне тап болайын. Құдайға шүкір, Қызылорда Түркістанға жақын, оның үстіне Хазрет мұндайдың талайын көрген, тәжірибесі мол. Онымен ақылдасайын: – «Хазрет, алдын ала талқылаудағы сын-ескертпелер маған ұнаған жоқ, одан гөрі сенің ескертпелерің маңызды, оның үстіне жағдай мынау, сен диссертациямды оқып шығып, кемшіліктерін жіпке тізгендей етуің керек». Хазретәлі жағдайды бірден түсініп, өзі сол жылы қорғайын деп жүрсе де, уақыт тапшылығына қарамай, менің 300 беттен асатын диссертациямды оқып, кемшіліктерін теріп шыққан. Мен сол негізде диссертациямды қайта толық­тырып, оппонент­терім мін таппаған еді. Хазретәлінің жасы үлкен ағаларына қолұшын беруі менімен шектелмегені хақ.

Ғалымның жетістіктері  – оның үлкен дайын­­дықпен келгендігінде. Тақырыпты таң­дау ісі – зерттеуші кәсібилігінің көрінісі. Оның кандидаттық диссертациясының «Қоқан (Түркістан)  автономиясының құрылуы мен күйреуі  (1917-1918 жж)», докторлық диссер­тациясының «Түр­кіс­танның этносаяси үде­рістеріндегі ұлттық элита қызметінің тарихы (XX ғ. алғ. ширегі)» деп таңдалуының өзі зерттеу объектісі мен нысаны талаптарына дөп келетін зергерлік нәзіктік пен аптекалық дәлдіктің көрінісі. (Бүгінде «объектіні» – «нысан», «предметті» – «пән» деп шатастырып жүрміз. Меніңше, «объектіні» сол қалпында қалдырып, «предметті» – «нысан» деп алған жөн. Т.С.) Сондықтан оның зерттеу бағытының алаштану және тұлғатануға бетбұруы заңдылық. Белгілі тарихшылар К.Нұрпейісов, Е.Сыдықов, М.Қойгелдиев, Т.Омарбековтерден кейін алаштану мен тұлғатану да жаңа сөз айтуының өзі батылдық. Алаштану, тұл­ғатану бағы­тындағы қажырлы ізденіс­тері оны объективті түрде – түркіс­тантануға, Түр­кістан қайрат­керлерін тұлға­лан­дыруға алып келіп, халық­аралық деңгейге шығарды. Сөйтіп, Орта Азия республикалары тарих­шыларының арасындағы байланыс көпірін нығай­туға атсалысты.

Хазретәлінің тұлғатану бағытындағы айрықша еңбегін айтпаса болмайды. Ол Отан және өлке тарихының алпыстан астам жеке тұлғаларының өміріне қатысты мақалалар жазған екен. Маңыздысы – бұл бағыттағы ізденістеріне ол өзінің шәкірттерін де тарта және қызықтыра білгендігінде және ғылыми мектебін қалыптастырғандығында. Оның ғылыми жұмыстарды ұйымдастыруға қосқан үлесінің өзі – өз алдына бір төбе. Шағын мақалада барлығын қамту мүмкін емес. Ең бастысы, тарихшыларды жаңа деректерді іздеп табушылар және концеп­туа­листер деп бөлемін. Бұл екі қасиеттің екеуі де Хазреттің бойында тамаша ұштасқанына қуанамын. Сөз соңында, Хазретәлі Маханұлының үлгілі отбасы бола білгенін мақтанышпен айта отырып, сырт келбеті Мұстафа Шоқайдан аумайтын, ауыл баласынан ұлт перзентіне дейін түлеп ұшқан тастүлек Хазретәлі іні-досқа зор денсаулық, жаңа шығармашылық асулар тілеймін, кемел жасың құтты болсын демекпін.

Тастанбек Сәтбай,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<