Тұтқыннан құтқарған «Қараторғай»

1068

0

Жақында Сарыағаштағы шипажайда демалдым. Сонда Мүтәлі Көбейұлы деген Шымкент қаласының тұрғыны, еңбек ардагерімен таныстым. Ол кісі көзі ашық, көкірегі ояу, ел мен жер тарихын жақсы білетін, бүгінгі техникалық ақпарат құралдарын жақсы меңгерген, әңгімешіл, еліміздің өткені мен бүгінгісіне өзінің көзқарасы бар кісі екен. «Қайрат Бекеновтің ­баяндауы бойынша әңгіме айтайын» деп сөз бастады.

– Өткен ғасырдың  80 жылдары.  Құмды ауылда сабан топырақты илеп соққан бір қабат сегізжылдық орта мектепте оқимын. Мамыр айы туған соң мектепте қызу мереке басталады. Әуелі 1 мамыр – Бейбітшілік күнін атап өтеміз, одан кейін 9 мамыр – Жеңіс күні жетеді. Ауылда соғысқа қатысқан бар-жоғы жеті-сегіз  ақсақал бар  еді, біз оқып жүргенде үшеуі  тірі-тұғын.  Бір қызығы, осы үшеуінің бірі Жанғали атамыз  Жеңіс мерекесіне бірде қатысып, бірде қатыспай шеттеп қалып жүреді. Неге олай? Бертінде, яғни 90-жылдың ортасында, институт бітірген   соң өзім оқыған мектепте төрт жыл қыз­мет атқардым.  Мектептің тәрбие саласына жауапты болдым.  Жеңіс күнін атап өтуге дайындалдық. Ауылда ардагер атаулыдан жалғыз Жанғали атамыз қалыпты. Әдеттегідей ақсақалды кездесуге шақырдық. Келді.  Әлі есімде, биік қасын  кере  көтеріп, тобылғы таяғын ұсына созып, еденнің жырығына тіреп отырды. Оқушыларды шолып өтіп,  мәдени шараны жүргізуші маған бір қарады да, тамағын  кенеп алып  сөз бастады:  

– Менің соғысқа қатысқаным рас, – деп бір түйіп қойды.  Тағы да тамағын кенеді – Бірақ, тұтқында болдым. Ақсақал үнсіз отырып қалды. Оқушыларға бәрібір, селт еткен ешкім жоқ. Жәкеңнің  неге шеттей беретінін сонда барып түсіндім. Қысқасы, соғысқа қатысқан, бірақ немістердің қолында тұтқында болған ардагермен шырайлы сұхбатымыз осылай басталды. Отыра беруге болмас, содан сұрақ қойдым:

– Тұтқында көп азап шектіңіз бе?

– Қайдағы  азап? Ол бір естен кетпейтін бақытты күндер ғой.

Не дейді мына кісі? Тұтқындағы адам бақытты бола ма? Соның ішінде овчаркасы арсылдаған фашисттердің концлагерлерде адамды тірідей өртеп жатпаушы ма еді? Ақсақалдың мына  жауабы басыма темір күрекпен періп жібергендей әсер етті. Мүмкін қалжыңдап отырған шығар? Бірақ, қалжыңның адамы емес. Миым әңкі-тәңкі, оқушылар да біртүрлі  таңырқап қарайды. Түрмеде шаттық болмайтынын олар да білетін сияқты.

– Ақсақал, шын айтып отырсыз ба?

Дауысым біртүрлі дірілдеп, жерасты қылуетте зікірлетіп отыр­ған  сопының үніндей шықты. Ардагер кеудесіп бір көтеріп алды да:

– Рас айтамын, – деп, нық түйді. Одан кейін бәрімізге:

–  Мен бәрін басынан баянда­йын, сендер тыңдап алыңдар, – деп, көне домбыраның қиюы қашқан үніндей тарғылданып естілетін дауысымен күңірене  сөз  бастады.

– Соғыс басталмай тұрып  әскерге шақырылдым, Арал станциясынан бізді отарбаға мінгізді. Бір апта жол жүрдік. Түн қараңғысында поездан түсірді, ну орманға алып барды. Ол жерде жаяу әскер қосыны бар екен, сонда орналастық. Бір жылдан соң соғыс басталды. Шайқасатын қару жоқ, екі адамның ортасында бір мылтық, кезектесіп атамыз. Төрт күннің ішінде немістер ойранымызды шығарды. Қызыл әскерлер бөлініп-бөлініп орман кезіп кеттік. Не болып жатқанын адам біліп болмайды. Кешікпей қолға түстік. Немістер барлық тұтқынды жаяу айдап үлкен қалаға алып келді, сол жерден іріктеп, дені сау, жілігінде майы бүтін жастарды эшелонға тиеп, Германияға жөнелтті. Ішінде мен де кеттім. Тұтқындарды Германияның батыс жағында орын тепкен  үлкен концлагерьге алып келді. Онда жерасты және жерүсті екі шахта бар екен. Қол-аяғымыз­ға кісен салып, тас қопартып қойды. Жұмыс ауыр.

Бір күні барлық тұтқын жұмысшыларды жиып сапқа тұрғызды. Шамасы он мыңдай адам бар екен. Күн салқын, оның үстіне арсылдаған ит жетектеген қарауылдар қаһарлы. Үлкен қаладан құдіретті бастық келіпті. Ол сонау шеттен бастап төрт қатарға орналасқан тұтқындарды жағалай сүзіп келеді. Саптың басында тұрған өзбек пе, қазақ па біреуді саптан шығарып, соститып тұрғызып кетті. Неміс­тер ататын адамын осылай саптан шығарып алушы еді.  Құдай сақтасын! Үлкен бастықтың  қасында үйірлі қасқырдай бір топ офицерлер құрақ ұшып жүр. Тура  мен тұрған тұсқа келгенде, үлкен бастық шүйіліп тоқтай қалды. Еңгезердей адам екен. Жүзі тарғылданып,  өңі қуқыл тартқан, бірақ  жанары нұрлы сияқ­ты сезілді. Нөкерлердің біріне мені нұсқап, бірдеңе дегендей болды. Жұлқынып тұрған бір жендет желкемнен ұстап, дедектетіп саптан алып шықты. Иманымды үйірдім. Үлкен бастықтың өзі маған қарап күліп тұр.

– Қазақсың ба? – деп ақырып қалды.

Қапелімде аузыма сөз түспей, өңім бе,  түсім бе есеңгіреп тұрдым да қалдым.

Үлкен бастық:

– Ей, қазақсың ба деймін саған? – деп тағы ­ақырды.

– Қазақпын, – дедім.

Бастық жымиып иық қақты. Бір офицердің жетегінде дедектеп кетіп  барамын. Сол күйі штабтың екінші қабатындағы кең бөлмеден бір-ақ шықтым. Алдымда тағы бір-екі қазақ отыр,  ізімше тағы тоғыз қазақ келді, барлығы он екі адам болдық. Бәрімізді айдап апарып моншаға түсірді. Шыққан соң су жаңа киім кигізді. Құдаға келгендей ырғап-жырғап қалдық.  Не үшін? Бәрі құпия. Ортамызда жасы қырықтар шамасында Қарақалпақстанның бір қазағы бар еді, өзі аңқаулау.

– Мүмкін бізді тойдырып алып ататын шығар, – деп сақалын сипады.

Мұнда қандай құпия бар? Ана үлкен бастық қазақша қайдан біледі? Арада бір апта өтті. Тамақ тоқ, киім көк. Немістер бізге бұрынғыдай оқты көзін атпайды, жып-жылы қарайды. Жетінші күн дегенде бәрімізді жеңіл қарауылмен жүк машинаға отырғызып алып жүрді. Тағы бір үлкен қалаға келіп кірдік. Биік дуалмен қоршалған берік қорғанның ішіне түсірді. Қонақ үйге орналас­тырды, тамақтандырды. Түс ауған соң қаздай тізілтіп алып жүрді, кең сарайды өрлеп келеміз. Жағалай жасауыл, қырғын қарауыл. Түкпірдегі бөлменің есігі ашылды. Мәссаған, анаукүнгі қазақша сөйлеген көкеміз сонау төрде отыр. Таза қазақша:

– Кәне, жігіттер, төрлетіңдер! – деп күліп қояды. Біз де амандасып жатырмыз. Бастық орнынан тұрып, белдігін түзеп алып кең кабинетте ерсілі-қарсылы адымдады да, кілт тоқтады.

– «Қараторғай» әнін білетіндерің бар ма?  – дегені.

– Білеміз, – деп  шу еттік.  Бірінші болып мен Сырдың «Қараторғайын» жібердім.

– Болғанда қасың қара, шашың сүмбіл,

Албырап екі бетің жанар гүл-гүл,

Пейіштің гүлжазира бақшасында

Сайраған тотықұстай, сен бір бұлбұл

Салайын мен әніме,

Қараторғай,  қараторғай!

Бұрын аңғармаппын, «Қараторғайдың» түрі көп екен. Сырымбет жақтың бір жігіті Арқаның «Қараторғайына» басты. Сонымен, кезек-кезек қараторғайлатып  жатырмыз. Әрең тоқтадық. Бастық үнсіз, терең күрсініп ойланып отыр. Біршама етіміз үйренген соң, жөн сұрастық. Бастық орнынан тұрды, қасымызға келіп жайғасты.

– Сібір жақта тек қазақтар қоныстанған  «Қарасу» дейтін ауыл бар. Сол елдің ақсақалы Ақмырзаның өкіл ұлы боламын, қазақша атым Балдамир, – деді.

Содан әңгімесін бастады.

Балдамир бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде орыстардың қолына тұтқынға түскен екен. Сібірде түрмеде болған. Содан 1917 жылы патша құлап, дүние бүлінгенде оны түрмеден босатқан. Бірақ өкпеге тиген суықтың кесірінен өлімші хәлге жеткен. Түрменің  қырық тесік госпиталінде ажалын күтіп жатады. Бір күні госпитальға қою қара мұртынан май тамған, түлкі ішіктерін құлпыртып киген қазақтар келеді. Түрме бастықтарымен тамыр болу керек, «мына өлгелі жатқан немістің баласын маған бер» деп сұрап алады. Ауруды жылы орап алып шанаға салады да ауылына тартады. Шанаға таңылған неміс есін жиса, мұртты қазақ делбесін қағып қойып, орманды жаңғыртып ән салып келеді. Сондағы әні осы «Қараторғай» екен.  Балдамирдің есінде мәңгі жатталып қалған. Қазақтар ауру немісті үйіне әкеліп, қысырақтың қымызын беріп, тыңайтады, көк шыққанда адам қатарына қосылған  Балдамир немісше Валдемар, жыл жетпей қазақша   үйреніп алады.

Ақмырза алыс-жақындағы ел-жұртты шақырып, той жасап, Балдамирге жілік ұстатып  бала қылады. Жылжып жылдар, айлар өтеді. Балдамир қазақтардың ортасында ойнап-күліп жүре береді, бірақ заманның тарылып келе жатқанын  аңдаған Ақмырза айтады:

– Балдаке, балам, саған айтар екі ұсынысым бар. Қайсысын қабылдайсың, оны өзің шеш. Бірінші айтарым, үйлен де  осында қал, аға-інілерің бар, сені жалғызсыратпайды. Екінші айтарым, заман тарылып келеді, алда қандай күн туары бір Аллаға аян, болмаса еліңе қайт. Ойлана келе Балдамир еліне қайтуға шешім қабылдапты. Ақмыр­за әкесі жиған алтын бұ­йымдарын сатып, Петерборға адам аттандырып, төлқұжатын жасатып береді. Содан  1930 жылы туған қаласы Дрезденге оралды.

– Мені Омбыға дейін шығарып салған Ақмырза әкем «Балдамир, қарағым, саған бір аманатым бар, қай жерде қазақтың баласын көрсең қамқор бол!»  деді. Көкеме ант бердім.  Қазір Германияның солтүстік өңірі бойынша стратегиялық маңызды құрылымын басқарып отырып, көкемнің аманатын орындайын деп, тұтқындарды аралап, осы қазақ болар дегендердің бәрін құтқарып жүрмін.

Барлығымыз Балдамирдің әңгімесін көзімізге жас алып тыңдадық. Ол бізді текке жатқызып қойған жоқ, жұмыс істетті. Жергілікті адамдармен тең дәрежеде өмір сүрдік. Өзіне қарасты шенді  офицерлерін жинап алып, бізге концерт қойғызды. Сайрандаумен екі жарым жыл өтті.

Бір күні Балдамир бәрімізді шақырып:

– Осылай да осылай, соғыс тағдыры қиындады, немістер жеңілетін түріміз бар. Ертең елге барғанда бәріңді тексереді, атып жіберуі де мүмкін. Сондықтан сендерді басқа жаққа ауыстырмақпын. Италияға барасыңдар, сонда американдықтардың бақылауымен өткен соғыс тұтқындары бар, соларға қосамын. Барлық құжаттарыңды сақадай сай жасаттым. Американдықтардың қолында болғандарды Совет елі жазалай қоймас. Екінші шартым, бір-біріңді ұмытыңдар және айтпаңдар, – деді.

Жанғали қария:

– Бұл әңгімені тұңғыш рет айтып беріп отырмын. Көреген қазақ Ақмырзаның аманатының арқасында аман шығып, бір қайырымды неміс Балдамирдің арқасында елге келген соң сотталмай, аман қалдық, – деп әңгімесін аяқтады.

Бірінші дүниежүзілік соғыста орыс­тарға тұтқынға түскен осыған орайлас тағдыр кешкен, бұрынғы  Югославия Коммунистік партия­сының бірінші хатшысы Броз Тито кезінде Сібірдегі түрмеден қ­ашып, сібір қазағының үйін екі жыл паналаған. Қазақ тілін және  әдет-ғұрпын жақсы меңгеріп  еліне қайт­қан. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін, 50-жылдардың басында мемлекет басшысы ретінде Броз Тито КСРО-ға келіп, өзінің негізгі мақсаттарын орындағаннан кейін  Сібір өлкесіндегі өзі паналаған қазақты сұраған. КСРО басшыларының рұқсатымен қазақтың үйіне келіп, хал-жағдайын білген. Қиын жағ­дайда қамқорлық жасағанына және еліне қайтуға көмектескеніне, жақ­сылығына риза болған Тито әкесіндей болған қазаққа  «Волга» жеңіл автокөлігін сыйға тартқан. Кейіннен КСРО жағы жеңіл көлікке жеке адамның  құқығы жоқ деп алып қойған. Броз Тито өзінің өмірбаянында югослав, орыс, қазақ тілдерін білетінін жазған. Тағдыр дейміз ғой, Броз Тито мен Балдамирдің өмірі қандай ұқсас?!

Рысбай Кәрімов,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<