Тыңшы

7827

0

Сурет ашық дереккөзден

Кейде жер жүзіне танымал адамдардың да аузын айға қаратып кететін қарапайым жандар болады. Негізгі мамандығы дәрігер, ағылшынның белгілі  жазушысы, осыдан қырық-елу жылдай бұрын, біздің жастау кезімізде кеңес одағының телеарналарынан түспеген сериалдарда атақты тыңшы Шерлок Холмс пен доктор Ватсонды әлемге танытқан Артур Конан Дойл бірде іссапармен Парижге келіпті.

Теміржол вокзалына түскен бойда оған өзіне өте сенімді кейіппен үн-түнсіз жақын келген такси жүргізушісі қаламгердің қолындағы чемоданын алып жүксалғышқа салып, содан соң көліктің есігін ашып өзін отырғызып, көлігін оталдырып, тек содан кейін ғана жазушыға қарап: «Ал енді сізді қайда апару керек, Конан Дойл мырза?» дегенде ол кісі аузы ашылып қалып: «Ау, сіз мені білетін бе едіңіз, қалай танып отырсыз?» дейді таңданысын жасыра алмай. «Жоқ, мырза, мен сізді өмірімде бірінші рет көруім» депті жүргізуші шынын айтып. «Ал олай болса, қалай біле қойдыңыз, соны айтыңызшы?» деген жазушыға такси жүргізуші Шерлок Холмстың кейпіне еніп, түсіндіре бастайды.

– Шынымды айтсам, – деді ол, – мен бұл жағдайға сіздің жазбаларыңызда келтірілетін қарапайым ғана дедуктивті тәсілдеріңізді пайдаландым. Біріншіден, мен бұқаралық ақпарат құралдарынан Артур Конан Дойлдың француздың Ривьера қаласында екі апталық демалыспен аялдағанын оқыдым. Екіншіден, сіз бұл жерге міндетті түрде Марсель пойызынан түсуіңіз керек еді. Сосын сіздің күнге тотыққан жүзіңізді көріп, келген жағыңыздағы он шақты күндік Жерорта теңізі жағалауының әсері бар деп топшыладым. Ал оң қолыңыздың ортаңғы саусағындағы жуса да ізі қалып қоятын сияның табынан жазушы болар деп ойладым. Жүріс-тұрысыңыздың қосымша мамандығыңыз дәрігерге ұқсайтыны өз алдына, көйлегіңіз өздеріңіз мақтан ететін ағылшын жібімен өрнектелген. Сонымен бірге, жүздеген жолаушы арасынан өзіңізге көзім түскенде әлгі айтқандарымды жылдам бір арнаға тоғыстырдым да өзіме-өзім «Мінекей, әлемге әйгілі атақты тыңшы Шерлок Холмстың болмысын сомдап шыққан жазушы осындай ғана болуы керек» деген ойға келдім.

Бұл айтылғандарға айран-асыр таңғалып: «Ойпырмай, осыншама ұсақ-түйек белгілерге қарап-ақ тұтас тұжырым жасай білген сіздің өзіңізді атақты тыңшы Шерлок Холмс десе, жарасар еді» деген жазушыға ол: «Солайы солай шығар ғой, осы айтқандарыма қосымша және болар-болмас, елеусіздеу нәрсені байқап қалдым» дейді. «Ол не болды екен?» деп тағатсыздана сұраған қаламгерге такси жүргізушісі: «Ол сіздің чемоданыңызға көзге айқын байқалатын әріптермен өрнектеліп, желімделген аты-жөніңіз жазылған жапсырма» депті.

Әлімжан ҚИЯС. 

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<