Дін әлемінде Иса пайғамбардың анасы Мәрия, Мұхаммед ғалейки саламның анасы Фатима, бұқаралық Нүрипа, Керейттің ру анасы Рабиға – төрт әйелдің есімі әйгілі, киелі. Жарық дүние жалғанын жабырқап кешкен Рабиға анамыз туралы мына бір әпсананың рас екеніне көңіл сенеді.
Бірде Рабиға сапарлап жүріп, шөл далада жалғыз құдыққа кезігеді. Бұл жер отырықшысының әлдеқашан көшіп кеткені көрініп тұр. Жұртта қалған жалғыз ит құдықты айналып жүр екен. Салақтаған тілі аузына сыймай шөлден қаталап өлуге айналған ит адамды көргенде одан мейірім күтіп, көзінен үміт жасы мөлт етіп, жата кетеді. Терең құдықтың түбінде жылтыраған суы бар екен. Қолында құралы жоқ Рабиға мәсісін қауға қып, орамалын жыртып жалғап арқан ғып құдықтан су тартып шығарады. Енді оны итке құйып беретін ыдыс жоқ, ит тұмсығы симайтын мәсідегі суды қалай ішсін. Рабиға дереу аяқтарын қайшылап, суды екі аяғының қосылысындағы ойыққа құйып итке ішкізеді. Мақұлыққа осынша мейірім-шапағат төгіп, Алла ризашылығына бөленген Рабиға анамыз сонан былай әлемдік әулиелер қатарына енген. «Рабиға біздің айнамыз, оған қарап бой түзейміз» дейді екен машайық-пірлер де. Ұлы Раббым осы әйелдің көркем мінез, үлгілі іс қылғанына сай оның ұрпақтарына да батырлық, байлық, шешендік үлесін аямаған.
Сол ұрпақтың бір буыны – 1842 жылдары өмірге келген Белдібайдың Тынымбайы, атақты Тынымбай би.
Бала күнінен көкірек көзі ашық, зейін құлағы түрік Тынымбай елдің салт-дәстүрін, әсіресе тіл құнарлылығын санаға түйіп өскен. Қарапайым, қоңылтақ тіршілік иесі болған оның әкесіне жақсының баласы деп Әлім руы қыз берген. Кіші жүз Әлімдер – Тынымбайдың нағашысы. Ел аузында Тынымбайдың жасынан-ақ уәжге тапқыр, зерделі болғанын бейнелейтін көптеген әңгімелер сақталған. Соның бірі – мынау.
Ұзақ сапармен жолаушылап келе жатқан Керейттердің бір керуені Қаратаудың табанында аялдамақ болып түйелерін шөгере бергенде шешіліп кеткен шойын қазан тасқа тиіп қақ бөлініп қалады. Ошағын ұстап қалған он бес шақты кісінің ішінде бала Тынымбай да келе жатады. Енді қайтпекпіз деп тұрғанда жақын маңда ауыл бар екені белгілі болады. Бұл ауыл Орта жүзде сөз жүйрігі атанған Досбол датқаның ауылы екен. Көлденең көк аттыға қазанын кім бере қойсын. Тығырықтан қалай шығу керек? Оның жолы сөз сыйлап, уәжге тоқтайтын Досболмен тілдесу ғана. «Қазан сұрауға мен барайын» дейді бала Тынымбай. Үлкендер осыған келісім береді. Бала ауылға кірісімен сұрастырып бірден датқаның үйіне түседі. Есіктен еңкейіп сәлем бере:
– Уа, тақсыр, біз бір жүрген жолаушы,
Намазымыз бар да, азанымыз жоқ,
Ошағымыз бар да, қазанымыз жоқ.
Түркістан алдымызда, Ақмешіт артымызда,
Ала қоятын базарымыз жоқ, – дейді тақпақтап. Датқаның осы айтылғанды да құп көруіне болар еді. Бірақ ол сөзі келісті баланы онан әрі сөйлетпек болып:
– Уа, жолаушы,
Жол үстінен кім өтіп, кім келген жоқ,
Мына бізде де қазаннан басқа ермек жоқ.
Жарылқаушы жалғыз құдай деген бар,
Сұрағанды құдайдан басқаға бермек жоқ, – деп жауап қатады.
Сонда бала:
– Сұрағанды береді бар болса егер,
Сұрағанға бермейді тар болса егер.
Ел ішінде қазансыз кім қалады,
Жалғыз құдай жарылқап, жар болса егер, – дейді.
– Бәрекелді, балам. Көзіңнің шырағынан бір елдің билігіне жарайтын нұр төгіліп тұр екен, – деп сонда датқа қара қазанына қосып ақ батасын да беріпті.
Осы әңгімені кей жерде Төле би атамызға қатысты айтып жүр. Ол дұрыс емес. Себебі Төле би атамыз Досболдың алдына бала болып бара алмайды. Досбол датқа 1790 жылдары, ал Төле атамыз 1663 жылы өмірге келген. Екеуінің арасында 127 жыл айырма бар. Ал, Досболдың Тынымбайдан 52 жас үлкен екенін оңай есептей аласыз. Ендеше, біз айтып отырған сөз – тікелей Тынымбай биге қатысты тарихи дерек.
Шіркін, қазақ елі өзінің кең даласын кезіп жүріп қойын-қолтық араласқан ғой. Елдің белгілі кісісі қайтыс болса, «ойбауырымдап» Арқадан Сырға келуге жер шалғайлығы бөгет болмаған. Күн сайын араласып жатқан кең даланың егелері Жайықтан Жетісуға, Қаратаудан Көкшетауға мал айдап, көш тартып жүре берген. Сондықтан да қазақ тілі ұлы даланың ана шеті мен мына шетіне бұзылмай жетіп, бар қазақ бір ауылдың адамындай сөйлескен. Бізбен салыстырғанда көрші өзбектердің бір шаһары екінші шаһарын түсіне алмай жүретіні қызық. Міне, сол киелі тіліміздің өз қасиетін сақтап қалуына, оның бар қазаққа бірдей түсінікті болуына осы Тынымбай секілді би, шешендеріміздің орасан зор еңбек сіңіргені ақиқат.
Бала Тынымбай сөз құнарын, ой шұрайын бойына сіңіре білген қасиетімен үлкендердің ықыласына бөленіп, сол үлкендер бірде оны Арқада шешілмей жатқан алты дауға «көрсін, білсін» деп бірге ерте жүріпті. Осы сапарда Сырдан барған игі жақсылар Арқаның атақты байы, болыс Күшікбайдың үйіне түсіпті. Алыстан келген ел ағаларының сөзі уәлі болып, бес даудың басы ашылыпты. Алтыншы дау да алдыңғылары сияқты кісі өліміне байланысып, бірақ оқиғасының өзі кімді жақтарыңды білмейтін күлкі шақырардай бір істен өрбіген.
Көрші ауылдың бір аттылы егде кісісі осы ауылға келеді. Ауыл шетінде ойнап жүрген қарасирақ балаларға қайырылып жөн сұрайды. Жөн айтатын баланың бәрі Тынымбай емес, жүгермектер жөн айту былай тұрсын, әлгі кісінің атын үркітіп, кесекпен шөкелеп қуады. Сол кезде әлгі кісінің бауы байланбаған басындағы далбайы ұшып түсіп, үркек ат онан сайын мөңкіп, серпіген тұяғы үстінен құлап бара жатқан егесінің қақ шекесінен тиіп қайтыс боп кетеді. Өлген адамның өтеуіне жақындары көп дүние сұрап, бұған бұл ауыл көнбей, екі жақ шоқпар алып атқа мінуге дейін барған. Міне, осы оқиғаға қатысты әңгіме болғанда Сырдан барғандар:
– Балалардың ойынынан шыққан өрт екен, осының билігін біздің баламыз айтса, болар ма? – деп қолқа салады.
– Бұл баланың бит сығатын шамасы бар шығар, билік айтар шамасы болмас, – депті Күшікбай оған көзін де салмай.
– Рас, тұрқым құлындай еді,
Нарқым бестінің құнындай еді.
Айтқан сөзімде тыным болмаса,
Ата-анам неге Тынымбай деді, – депті сонда бала күшенген Күшікбайға қарап. Елдің жағасы болыс Күшікбай уәжге тұрмасын ба:
– Мына даудың билігін осы бала айтсын, – депті әлгі сөзін қайтып алып.
Келісім солай болған соң екі ауылдың ақсақал, қарасақалын жиып, Сырдан келген Керейт Тынымбай төрелік айтады деп ұйғарысады. Сонда Тынымбай:
– Есті кісі ес білетін кісіден жөн сұрар еді. Баладан жөн сұраудың жөні жоқ. Бұл – атты кісінің бірінші қателігі. «Аттың сыры егесіне мәлім» болуы керек-ті, солай болмай, сорына қарай тізгін бермейтін атқа мінгені – екінші қатесі. Атты кісі белін буып, далбайын байланар болар, басында далбайын далақтатып асаудың астына түскен марқұмның – үшінші қатесі. Ал, енді осы асау балалардан емес, домалаған қаңбақтан, жел көтерген шаңдақтан үріксе, кінәні кімге жабар едік? Сондықтан осы үлкен үш себепті есеп қылып, ер құны делінген айыпты үшке бөлгенде ғана әділдік болады. Қалғанын көпшілік өзі айтсын, – деп Тынымбай тым-тырыс отырған жұртқа қарайды.
Барша жұрт бала Тынымбайдың бұл уәжіне келісім беріп, оның әділдігіне алғыс жаудырады. Екі ауылдың дауы осы шешіммен бекиді. Бұл шешімге әсіресе Күшікбай болыс риза болып: «Біздің елдің баласы кісіні аттан жығады, Сыр елінің баласы билік айтып мақтан шығады», – депті.
Тынымбай осылайша өзінің өткір тілімен, әділ сөзімен бала жасынан жалпақ елге танылып, келе-келе «Керейттің Тынымбайы» атанып, күллі үш жүздің ішіне аты жайылған алғыр шешен, абыройлы би болды. Дау – жанжалды жер болса, ол кісінің төрелік, бітіміне тоқтаған. Сондықтан ел аузында «Тынымбай бармай, тыным болмас» деген сөз қалған.
Тынымбайдың ауылы Жыңғылдыкөл деген жерді мекендеген. Бүгінгі адамға түсінікті болу үшін айтар болсақ, бұл қазіргі Жалағаш ауданының Еңбек ауылы мен Аққұм ауылының аралығындағы жер. Осы елде Жарасбай деген барымташы кісі болыпты. Бір жылдары Жарасбай Жезқазған жақтан біраз жылқы айдап келсе керек. Артынша іздеушілер де қуып жетеді. Олар ел жақсысы Тынымбай биге келіп жүгінеді. Би әділдігін айтып, қолды болған малды егелерінің алдына салып береді. «Оу, биеке…» деген Жарасбайға теріс қарап, сөйлеспей қояды. Осы оқиғадан соң көп жыл өтіп, Тынымбайдың қартайған шағында Жарасбай Жыңғылдыкөлге кермеше салып, тау-тау балық алып жатыр екен деген хабар ел аралап кетеді. Жеңсік асқа құмар жұрт: «Би аға, Жарасбайдан кеусен сұрайтын кім бар?», – дейді сонда. «Өзім бармасам, ол біреуге балық түгілі бақа бере қоймас, жазылаңдар екі түйені» деп Тынекең өзі жиналады. Бір түйені мініп, бір түйені жетекке алған қарт Тынымбайды көрген Жарасбай:
– Тынымбай десе рас, Тынымбайсың,
Қызыл тілге келгенде жығылмайсың.
Өзіңе жазатайым іс түскенде,
Жақтырмай теріс қарай қырындайсың, – депті баяғы бір жағдайды мегзеп.
Сонда Тынымбай:
– Жарасбайсың дегенде Жарасбайсың,
Үлкеннің тілін алсаң адаспайсың.
Бізде де бір ауыл бар, Жыңғылдының,
Балығын жеп, суымен табақ шайсын.
Ұрлап жеген құт болмас елдің малын,
Ұстап жеген жұттанбас көлдің малын.
Тірлігіңе риза боп келіп тұрмын,
Көтерісіп кетуге мен бір жағын, – дейді.
Сонда Жарасбай:
– Беу, жарықтық биекем, садағаң кетейін. Ау, жігіттер шөгеріңдер Тынекеңнің түйелерін, артыңдар сыйғанынша, – деп қарт бидің қарымта жауабына қайран қалғанын жасыра алмай бәйек болады.
Міне, қазақ атамда сөзге тоқтау деген асыл қасиет болған. Сол қасиет бойына сыналай біткен алтынның сынықтары Тынымбай мен Жарасбайдың ұрпақтары қазір де табылады.
Тынекең бір сапарда Керейттің биі көп құрмет көріп, Арқа төсінде апталап жатып қалса керек. Жегені бағланның еті, ішкені түнемел қымыз. Қысырықтың қымызына саумал аластырған бұл сусынның қуаты ер адамды жай таптырмайтын. Әлі ер жасына енбеген Тынекең осы кездерде ойнап-күлуден де қағажу қалмаған. Кейде тіпті биге тігілген отауға «жақсыдан тұқым қалсын» деп қыз-келіншектің өздері келіп кіретін болған. Осыны байқап білген сол елдің белді бір кісісі Тынекеңді тым болмағанда сөзбен мұқатпақ болып:
– Биеке, сіз мұнда алаңсыз аунап жатырсыз. Сыр бойындағы жеңгеміз аяқ асты өзіңіз жоқта жүкті бола қалса, ол кімнің баласы болар екен? – депті.
Тынымбайдың сөзден тосылған жері бар ма:
– Біз жоқта жеңгеңіз жүкті бола қалса, ол да бір Керейттің баласы болар. Ал енді мына сіздің ауылдың қыз-келіншектері жүкті болса, ол кімнің баласы болады? – деп қарсы сұрақ беріпті. Оған қарымта сөз таппай намыстанған әлгі адам еліне қайтпақ болып жиналған бидің алдына шабарман түсіріп, оның жолындағы барлық ауылға «Тынымбай түскен үй мал соймай, қара сумен аттандырсын» деп хабар салғызыпты. Керейт биінің шешендігіне тәнті болған әлгі шабарманның өзі бір-екі ауылға хабар берген соң Тынымбайдың алдынан шығып, мән-жайды ашып, құпия тапсырманы жеткізіп қояды. Бұл оның қара қылды қақ жарғандай әділетті Тынымбайды құрметтегені еді.
– Енді сізді Сырға құлағанша жолдағы елдің ешқайсысы атыңызға лайық күтіп алмасы кәміл. Себебі олар менсіз-ақ құлақтанып біліседі. Сіз осы бағытпен екі көштік жол жүрген соң екі ауылға кездесерсіз. Соның оң жағындағысының төріндегі ақбоз үйге түсіңіз. Сол үйдің бойжеткен қызы – бала күнінде әкесі өліп, шешесіне еріп келген Сыр бойының қызы, – деп тағы бір сырдың ұшын тарқатып кетеді.
Айтса айтқандай жолдан екі ауыл шығып, би бастаған жетекте ылауы бар төрт атты жолаушы шабарман сілтеген үйге түседі.
Шынында «Тынымбайды күтпесін» деген хабар бұл жерге де жетсе керек. Үй иелері сүлесоқ қарсы алып, шай ауыз тие бергенде:
– Уа, жол болсын, қайдан келе жатырсыздар, қайда бет алған батырсыздар? – дейді отағасы ыңыранып.
– Біз Сырдың Керейті боламыз. Ертеректе, осыдан он бес жылдан әрі уақытта сіздің ауылдың бір қызы біздің ауылдың бір қызын ертіп кетіп еді. Сол қарындасымды сағынып бір көрсем деп іздегеніме біраз болды. Шамасы осы шай құйып отырған қызбен қатар болар, – деп он алты-он жеті жас шамасындағы қызға қарап іштарта сөйлейді.
Елін айтқасын қыз да елең ете қалады.
– Ал, қарындасыңыздың аты кім еді? – дейді әлгі кісі осы рас айтып отыр ма дегендей. Тынымбайға қиыны осы тұс еді.
Би басын көтеріп, әйтеуір бір уәж айтуға бекінгенде қыз қамзолының түймесін ұстап отыр екен. Сонда Тынекең:
– Ұмытпасам Түймекүл шығар, Түймеш деуші едік, – депті.
Мұны естіген маңғаз үй иесі:
– Оу, құда екенсіздер ғой, шынымен, – деп орнынан ұшып тұрыпты.
Содан мал сойылып, сыбаға келеді. Салқын үйге төсек салынады. Би қанша аялдаса, сонша уақыт уағызға, әдепке толы шешендікпен жұртты ұйытып, әлгі бір әңгімеге қайта соғуға мұрсат қалдырмайды. Былай шыққан соң серіктері:
– Биеке, сарқылмас әңгіме-сөзіңіз жан сақтады. Оларға сөз кезегі тиіп, сұрай бастаса өтірігіміз шығып қалар еді, – дейді.
– Біздің таң атқанша айтқан әңгімеміз, қыздың түймесін бір ұстаған әңгімесіне жеткен жоқ, – депті сонда Тынымбай.
Біраз уақыт ат үстінде үндемей қалған оның ойын жанындағылар бұзбапты. Әлден уақытта «бар асылымыз қызда екен ғой» деп атын тебініп озыңқырап жүріпті. Тынекең сонда не ойлады екен? Бәлкім қасиетті Рабиға анадан бері қарайғы қазақтың асыл әйелдерін, арын қорғап жанын қиған Сұлуды, мына Түймекүлге дейінгі текті қыздарды ой көзінен өткізген шығар.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<