Уәлі би Итенұлы

670

0

Уәлі  би Итенұлы Ертеректе Сыр бойында, қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы жұртшылығының арасында және Ырғыз, Торғай, Еділ өңірінде Уәлі бидің есімі кеңінен мәлім болған. Халық оны әділ де бірбеткей кесімді жақтайтын, сонысымен бүкіл жұртшылықтың құрметті биі есебінде біледі.

     Уәлі бидің ата тегі: Алшын-Байұлы-Алтын-Көзала-Айдар аталығынан. Айдар батырдан -Тілеуке би -Дербісәлі бай -Итен  мырза. Итеннен әрі бай, әрі емші Құлты әулие, Жақсылық, Жайсанқұл, Тасмамбет (Таспембет), Ақмамбет (Ақпембет), Уәлі би   дүниеге келеді. Итен мырзаның ата қонысы Еділ өзенінің бойы екен. Уәлі би – қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Еділ бойында 1798 жылы туылған. Ресей империясының қазақ жерін отарлау саясатына сай туған жерінен ығыстырылған қазақ ауылдары Жайықтың бойына, арқаға ауып келе бастады. Сол кезде Итен де Құлты, Уәлі деген балаларымен бірге қазіргі Ақтөбе, бұрыңғы Торғай облыстарының жеріндегі арқа өңіріне көшіп келеді. Қазірде Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Нұра ауылының Мамыр бөлімшесінде «Құлтының қара моласы» деп аталып кеткен жер бар. Бұл жергілікті жұрттың әулие бейіті деп зиярат етіп, түнеп кететін қасиетті орны болып саналады. 2009 жылы Құлты әулиенің ұрпақтары Құлты әулиенің басына ескерткіш тақта орнатты.Осы Ырғыз ауданында «Уәлі өткелі» деген жер  және Уәлі базасы бар. Тағы айтып жіберетін жәйіт, 2010 жылы Уәлі бидің ұрпақтары Уәлі өткелінің қасына арнайы ескерткіш тақта орнатып қайты. Енді қайтадан сонау ХІХ ғасырға барайық. Құлтыдан Үмбет, Шоқан, Медет батыр, Майыр, Бекберген, Маңғыбай, Манан, Кәрібай, Ормантай, Ондыбай, Орақ деген балалары қалады. Құлтының ұрпақтарынан елге белгілі, беделді кісілер шығады. Мысалы немерелері Байымбет (елді билеген, бұл кісі 1901 жылы қайтыс болған), Сүйінқара батыр (1853-1927), Шоңмұрын бай (18?-1931), (1929,1931 жылдары Шөңмұрын баба Кеңес үкіметіне қарсы шыққан Алтын көтерілісіне қатысып, ұсталған. Қарт кісі Қызылорда қаласының түрмесінде қайтыс болған).

   Құлты әулиенің немересі Үмбетұлы  Бәйімбет молда елге діни –ағартушылық қызметімен және билігімен белгіленді. Бәйімбет молданың бейіті Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданындағы Құлты әулиенің қасында. Бәйімбет молданың немересі  Мәжит  Бәйімбетов 12 томдық Қазақ ССР энциклопедиясының Бас редакторының орынбасары болса, келесі немересі Бәйімбетов Әбрек Қазақстан Республикасының алғашқы ихтиолог-ғалымдарының бірі.

     Құлты әулиенің шөберелері – Іскендір ақын, молда, шежіреші (1886-1968) және академик, медицина ғылымдарының докторы 1936 ж.т.  Камал Сәруарұлы Ормантаев. Шөпшегі – Мақым ауылнай Қараұлы (1890-1976). 

       Ағасы Құлты қайтыс болғаннан кейін Уәлі би өзіне қарасты ағайындарын Сыр бойына көшіруді ойлайды.[ҚҰЭ 8 том. Бас редакциясы, Алматы, 2006, 652 б.]

       Себебі, бұл өңірге Ресей жағынан көшіп келуші мұжықтар да көбейе бастаған еді. Уәлі би Сыр бойына келісімен Қаратамыр руынан шыққан Пішан биге келіп, ауылын қоныстандыратын жер сұрайды. Сөйтіп, екі би келісе отырып, алыстан арып-ашып көшіп келген ағайындарға, осы күнгі Қорқыт стансасының шығыс жағындағы патша үкіметінің пошта жолының аялдамасы «Қызыл үй» деген тоғайдан бастап, шығысқа қарай Қармақшы қыстағына дейінгі, Сыр бойындағы Жайлау, Байзақ, Сүйінқара, Шоңмұрын (кейінгі атаулары), Жапырақшы, Кеңтоғай, Шақпақты деп аталатын тоғайларды бөліп, сол жерлерге Уәлі би өзіне қарасты ағайындарын орналастырған. Сөйтіп, алтын руы сыр бойындағы ағайындарымен өзара араласып, қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болып кетеді. Уәлі би осы өңірде өте сыйлы адам болып, өз елінің арасында билік құрады.

 1845/46 жылдары Елікей Сыр бойында хандық құрады. Ал Елікей (Ермұхамед) Әбілқайыр ханның шөпшегі. Бірде Елкей ханның шешіміне риза болмаған Уәлі би:  «Әділеттілік құдайда болмағанда, ханда қайдан болсын» – деп ханның билігін қайта бұздырған екен. Уәлінің мұндай өткір де батыл сөздері сол кезде халық арасында кең тараған. Уәлі би батырға лайық тұлғасына ақыл парасаты жарасқан кісі болыпты. Ол кісі онша бай болмаған. Бірақ байлығына сенген кейбір адамдардың әділетсіз әрекеттеріне қатты тойтарыс беріп, кедейлердің мүддесін қорғауға көп еңбек еткен.  Уәлі би Кенесары хан басқарған халық қозғалысын да қызу қолдаған адам болған. Өйткені, оның өзі де, ағайындары да Ресей империясының отаршылық саясатынан жапа шегіп, туған жерінен ауып келген кісі. Осындай әрекеттері үшін ол кейін басқа билермен бірге Орынбор қаласына шақырылып, губернатордан қатты ескерту алған.  

       Зерттеуші Тынышбек Дайрабайдың деректерінде Созақ қамалын алуға 12 батырдың барғаны, басшысы Жанқожа болғаны айтылады.  Енді осы деректі растайтын құжатта сол 12 батырдың бірі батыр алтын Уәлі би екенін көріп тұрмыз.  ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатының №4 қорындағы 2757 істе 1841 жылдың қыркүйегінде Кенесары хан шөмекей, төртқара, табын руларынан жасақталған 4 мың әскерімен Ташкентке бет алды деп жазған. Осы жолы Созақ, Жаңақорған, Жөлек қорғандарын қоршаған. №4 қордың №2333 ісінде Орынбор Шекара комиссиясының төрағасы, генерал-майор Ладыжинскийге хорунжий Красноярцев жолдаған (1845 жыл, 22 қазан) рапортында ханға Қоқан бекіністерін алуға шөмекей, керей, кете, алтын және әлім руларының басты адамдары көмектескенін айтады. «Шөмекей руының батыры Тоғанас Бәйтіков, Дәрмен Сарманов, Қараш Тұғалан, сұлтан Сәдірмек, керей биі Жұбан және сұлтан Тоғым, алтын руынан Науша, Көшкінбай Мажығұлов, Уәли Итенов, әлімнен Жанқожа батырлар бастаған жасақтар негізгі күшке 16 қыркүйекте келіп қосылды», – деп жазған [Т. Дайрабай / Қысқа күнде қырық шапқан Тоғанас батыр туралы байлам // Түркістан – 19 қыркүйек 2013].

    Уәлі би кейін 1860 жылдары халықтың қамы үшін Қарақұмда құдық қаздыртады. Бұл құдықты Жалағаш пен Қармақшы аудандарының малшылары 1975 жылға дейін қолданып келді. Уәлі бидің он үш балаларының ішінде Әлімбай, Топышбай сері, Байұзақ (Байзақ)  деген балаларының есімдері елге кең тараған. Уәлі бидің шөбересі Әлімбаев Зинабдин Әлменұлы (1929/30-2016)  КСРО-ның еңбек сіңірген мұғалім, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы. Бұл кісі Қармақшыда қырық жылдай мектеп директоры болған.

       Уәлі бидің баласы Байзақ (1868-1943) ел билеген кісі, Қармақшы ауданындағы  «Байзақ тоғай» деген киелі жер, осы кісінің ата мекені. Қармақшы ауданының алғашқы педагогтарының бірі, Байзақтың баласы Байзақов Ысқақ (1888-1958) Байзақ тоғайында  алғашқы мектеп директоры болған. Жас кезінде мықты көкпаршы да болады. Екінші баласы, Байзақов Әбдірәсіл Байұзақұлы Жосалыда үлкен қызметте болған. Ушінші баласы Уәлиев Ахметбек Байұзақұлы Қармақшы өңірінде завферма, Калинин колхозының председателі болады, елде көкпаршылығымен қоса атсейістігімен де шығады. Байұзақ  би,  бұл баласын 13 жасында, 1918 жылы Троицк қаласына кіреге жіберген екен. Төртінші баласы Байзақов Дастан Байұзақұлы пушнинный заводтың директоры және т.б. лауазымда болады. Байзақ бидің бесінші ұлы Байзақов Әбузар Байұзақұлы Шаған ауылында агроном болып жұмыс атқарды. Байзақ бидің бес ұлы ата жолын қуып, елде жақсы аттары қалады.

        Уәлі бидің шөбересі Байзақов Нурадин Ахметбекұлы (1935-1956), 1956 жылы Венгриядағы бүлікшілік кезінде ерлікпен қаза болады. Қазірде, Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінде Байзақтегі Нұрадин атында көше және мектептің ұйымына Байзақов Нұрадин есімі берілді. 

         Уәлі бидің шөбересі Байзақов Болат Дастанулы (1939-1984) – Қармақшы райком партиясында жалпы бөлім басшысы, Қармақшы райсобес басшысы болып лауазымды қызмет атқарса, Уәлі бидің келесі шөбересі Байзақова Бибіайша Әбдірәсілқызы 1936 ж.т. Қызылорда облысының обком партиясында үгіт және насихат бөлімінің инструкторы болып абыройлы жұмыс атқарған. Байзақова Бибіайша қазақтың әйгілі композиторы Мүлкаман Қалауовтың зайыбы.

  1968 жылдан бері Қызылорда облысының Бас стоматологы болып келген, «Стомед» тіс емханасының директоры Ысқақов Жеңісбек Ысқақұлы да Уәлі бидің шөбересі болып келеді. 2003 жылы 17 тамызда Уәлі бидің мазарының құлаған жері манайына осы Ысқақов Жеңісбек Ысқақұлы ескерткіш орнатты

      Айдар Алтын руынан Әмзе Сүлейменов деген ақын болған. Бұл кісінің біраз еңбектерінің ішінде, 1956 жылы Венгриядағы бүлікшілікте ерлікпен қаза болған, жандосы әрі етжақын бауыры Байзақов Нұрадинге «Нұрадинге» атты балладасын шығарған.

Уәлі бидің бет әлпетіне келсек көк көзді, денелі, өте ірі кісі болған. Би бабамыздың үш әйелі болған, алдыңғы екі зайыбының есімі ұмытылып қалды, кіші зайыбының есімі Жақсы болған, тегі – Байұлы Жаппас. Уәлі бидің он үш баласы болған: Ықылас, Тоқыш, Топышбай – сері болған, Әлімбай, Шоғырбай, Байжан, Шилібай, Байзақ (Байұзақ) – ел билеген кісі, Өмірзақ, Жанұзақ деген кісілер. Соңғы үш баласының анасы Жақсы деген кісі. Бірде Атырау өңірінен тегі – Байұлы Байбақты Қара деген кісі бір адамды абайсызда өлтіріп, Сыр бойына қашып келеді. Қармақшы өңіріне келіп, Уәлі биге жағдайын айтып, көмектесуің сұрайды. Би  бұл кісіні қамқорлығына алады. Уақыт өте Атырау өңірінен Байбақты руының жігіттері келіп, Уәлі биден Қара деген кісіні беруін сұрайды. Сонда Уәлі би Қараны ақтап, қорғап, Байбақтыларға бермей, оларды қайтарып жібереді. Кейін Уәлі би Қараның баласы Барпыға (18?-1920) немересі Құндыз Ықыласқызын береді. Құндыздан Кәріп, Бибіғали, Дәріп (1912-1985) деген жиендер туылады. Қазір бұл жиендерден тараған ұрпақтар Қызылорда қаласында, Қармақшы ауданында тұрып жатыр.

Уәлі би әрдайым елдің қамын ойлап, олардың шаруашылығының жөнделіп кетуіне көмектескен. Мәселең 1860 жыл шамасында Қарақұмда (Қармақшы елді мекенінің солтүстік батысында) Уәлі құдығы деп аталып кеткен құдықты қаздырған. Би бабамыз елден бір атақты палуанды алдыртып, құдық қаздырады. Палуан тереңдігі 22 метрдей құдық қазады. Түбіне келгенде үлкен тас көреді де, жоғарыда тұрған биге айтады. Сонда Уәлі би:  «Тасты көтер, астынан су шығады», – дейді. Палуан алып күш иесі, тасты көтергенде астынан су шығады. Халық шексіз риза болады. Елден Уәлі биге сыйлықтар түсіп жатады. Би елден түскен сый-сияпатты, түйе, жылқыларды палуанға береді. Уәлі құдығы Қарақұм мал жайылымын игеріп, елдің малды көп өсіруіне игі әсерін тигізеді. Қызылорда облысының Қармақшы, Жалағаш аудандарының Қарақұм мал жайылымына көшетін фермалары осы құдықты пайдаланып келді. 1996 жылы шілдеде Уәлі бидің ұрпақтары – Алматыда тұратын Ысқақов Жәнібек (1924-1998) және Қармақшы тұрғыны Әлімбаев Зинабдин (1929/30-2016) ағайындарымен бірлесіп осы құдықтың орнына ескерткіш тақта орнатты. Қызылорда облысының топографиялық картасындағы «Уәлі» деген жер құдықтың аумағы болып есептеледі.

   Бір күні Уәлі би сыртта жүргенде, ауылына барымташылар шабады. Олар Уәлінің бүкіл малын алып кетеді. Би ауылына келіп отырғанда, шеңгелдің арасынан бір лақ шығады, бүкіл малынан бір лағы қалғаны ғой. Сонда Уәлі би:  «Мен құдайы мал берем», – деп лақты сойдыртады. Бұл оқиғадан Уәлі бидің тағдыр тәлкегіне мойынсұнбағанын байқап тұрмыз. Уәлі биді Сыр бойының сүлейлері де жырына қосқан. Мысалы қазақтың алып ақындарының бірі Асқар Тоқмағамбетов жырына қосқан.  Уәлі биді Сыр бойының шежіреші ақыны Әлімбай Әлиасқаров (1908-1990) «Қазақ шежіресі» еңбегінде:

«Тілеукеден Тілеулі, Мойнақ, Жайнақ,

Дербісәлі жүрген жер болған ойнақ.

Мұнан туған балалар он бір екен,

Қожан, Итен, Тұрымтай өскен жайнап.

Қожаннан туатұғын алты бала,

Итеннен Құлты, Уәлі, бұған қара.

Құлтыдан он бір, Уәліден он үш ұл бар,

Ел болып өсіп кеткен дара-дара.»,  – деп жырлаған

    Анасына келсек, бидің анасы Шөмекейдің атақты биі Солтанұлы Жәрімбеттің қызы болған. Солтанұлы Жәрімбет (1735-1809), кейбір деректерде (1728-1802) ж.ж. өмір сүрді деп жазады. Бұл анамыз жаужүректі, алып күштің иесі болған. Анамыз белгілі Шөмекейдің батыры Бәйтік Баймембетұлының (1762-1841) шөбере бауыры. Екеуіде арқалы батыр Келмембет (Сарықасқа) баласы Өтебай батырдың шөберелері еді. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы жаугершілік заман. Бірде Итеннің ауылына барымташылар келеді. Сонда батыр анамыз екі қолын кең жайып, екі сиырдың құйрығынан тырп еткізбей ұстап, жібермей тұрыпты. Барымташылар ананың ер жүректілігіне, қайраттылығына риза болып, малды тастап кетеді. Осы батыр-палуан анамыздан атақты Уәлі би дүниеге келеді.

       Енді бидің ұрпақтарына келейік. Уәлі бидің үлкен ұлы Ықыластан-Сүгірәлі, одан Әлі (1889-1932), Әліден Балтабек (1926-1943) Ұлы отан соғысында Таяу Шығыста ерлікпен қаза болған жауынгер-ақын, ұрпағы жоқ. Бидің екінші ұлы Тоқыштан Кәлі апамыз (18?-1932) аштық кезінде қайтыс болады. Қызы Айқыннан жұрағат бар. Уәлінің үшінші ұлы Топышбай сері болған, ұрпағы жоқ.Уәлі бидің төртінші ұлы Әлімбай мен келіні Зейнеп. Әлімбай Уәліұлы жөнінде: «Туркестанская ведомость» газетінің 1881 жылғы 2 ақпандағы № 5 санында: «Перовск уезі бастығына жеке тұрғын үйлері мен малдарына табыс салығы үшін есепке тұрды. Олар Дәулет Бошаев, Тобжан Байназаров, Әлімбай Уәлиев және Мекебай Манақовтар әрқайсысы малдары үшін 500 сомға тұрып, уездегі әскерилерге отын-шөп тасып беруге келісімге келді», – деген мәлімет бар. [Т.Дайрабай. Сыр перзенттері, – Алматы, «Арыс», 2010, 86 б.]. Әлімбайдан Қойшыбай (1878-1972), Әлмен (1890-1967) туылады. Кезінде Уәлі би өлер алдында:  «Немерелерімді шақырыңдар», – дегенде 4 жасар Қойшыбай немересін көріп, иіскеп, үстіндегі жейдесін шешіп, баланы орап, балаға : -«Көп жаса» – деп батасын берген екен. Қойшыбай атамыз ұзақ жасап 96 жасында қайтыс болады. Қойшыбай әкемізден Қожабек (1926-2003 ), Қалдыбек (1929-2011), Қашқынбай (1938-1998) туылады. Әлмен әкемізден Зинабдин (1929/30-2016), Шамшаддин 1940ж.т., туылады. Әлімбаев Зинабдин Әлменұлы КСРО-ның еңбек сіңірген мұғалімі. Қармақшыда қырық жылдай мектеп директоры болған, Қармақшы ауданының құрметті азаматы. Бидің бесінші ұлы Байжаннан Апаш, одан Мұса атамыз Ұлы Отан соғысында қаза болады. Уәлі бидің жетінші ұлы Байзақтың (Байұзақ) (1868-1943), екі әйелі болған, біріншісі – Көнеш Алтыбас Шортыққызы ( 18?-1915), тегі – Шұңғыр Алтын. Екінші әйелі – Масаты Арқабайқызы (18?-1959), тегі – Қыпшақ, Көкмұрын руының Лақ аталығынан.  Бес ұлы болған. Олар: Ысқақ (1888-1958), Әбдірәсіл (1893-1955), Ахметбек (1905-1973), Дастан (1907-1978), Әбузар (1929-1978).

Уәлі бидің  Өмірзақ, Жанұзақ деген кенже балалары жігіт кезінде қайтыс болған, ұрпақтары жоқ. Уәлінің Байзақ деген баласын халық сыйлаған, әке жолын құып, билік айтқан, мешіт ұстап бала оқытқан. Сыр бойындағы «Байзақ тоғайы» деп аталатын жер осы кісінің есімімен аталады. Байзақ ірі денелі, аққұба, көзі көк, мұрынды, қасы қалын әрі ұзын болған, кісі бетіне тура қарамаған. Киетің киімі ақ түсті болыпты: ақ шапан, ақ шалбар, т.б. 1932 жылы Байзақты  Кеңес үкіметі қудалап, Ырғызға жер аударған. Байзақ атамыз бен бірге екі аталас бауыры ұсталып, жер аударылған. Біріншісі – Жәдік аталығынан шыққан Жұбан бай. Ол кісі атақты, үлкен бай болған, бірақ балалары болмаған. Екіншісі – Жәдік аталығынан шыққан молда, Базар баласы Жүсіп қажы. Ол кісі кезінде Меккеге барған, мешіт ашқан әулие адам болған. Осы кеткеннен екеуіде қайтып оралмаған. Байзақ атамыз 1933 жылы балалары Байзақов Ысқақ пен Байзақов Әбдірәсілдің ықпалымен  Сыр бойына, еліне қайтып оралған. Байзақ бабамыз қонақжай, дархан мінезді кісі екен. Бір уақыттары баласы Дастан әкесіне тоқсан қой алып келсе, Байзақ бабамыз тоқсан қойды бір айда тауысады екен. Үйінен қонақ арылмаған. Осы Байзақтың баласы Ахметбектен туған Нурадин деген жігіт әскери қатарында жүргенде 1956 жылы Венгриядағы бүлікшілік кезінде ерлікпен қаза тапқан. Жерлестері қыршын кеткен жас жауынгердің есімін есте қалдыру үшін аудан орталығы Жосалы қыстағының бір көшесіне Байзақ тегі Нурадин атын берді. Уақытында осы Байзақов Нурадиннің фамилиясы Уәлиев болған екен. Комсомолға қабылдайтын кезде: «Сен Уәлі бидің ұрпағысың, шыңжыр балақ шұбар төстің ұрпағысың » – деп Нурадинді комсомолға қабылдамапты. ХХ ғасырдың 40-шы жылдары Сталиннің заманы  сондай екені белгілі ғой. Сонда Нурадин қатты ренжиді, өзі сабақты өте жақсы оқыған бала, намыстанады.  Фамилиясын атасы Байзақтың атына аумастырып, Байзақов болады. Кейін бұл жағдайды естіген ағасы Дастан Байзақұлы Нурадинге: – «Әй, сен Уәліден жаланаяқ қашқан неме» – деп қуып жүріп ұрысқан екен.

     1882 жылы Уәлі би 84 жасында дүниеден өтеді. Сүйегі – Қорқыт ата қорымына қойылған. 1943 жылы қыс айында Байзақ әкесінің мазарына уақыт өткен сайын, дария жақындай түскенін көріп, өзін әрірек биіктеу жаққа қоюын айтып, науқастанып жатып қалады. Байзақ тоғыз күн ауырып жатады. 14 ақпанда қасында зайыбы Масаты, баласы Ахметбек, келіні Әйімкүл отырады. Баласы Ахметбек шай беріп отырып әкесінен сұрайды:  

«Аға, не айтасын кәнекей,

Біз шәй беріп отырмыз.

Сізден қәуіптеніп отырмыз», – дегенде.

Байзақ баба:

«Менен неге қауіптенесің,қауіптеңбе!

Ешкімге де ештеңе демеймін.

Саған ештеңе демеймін,

Сенен топырақ бұйырса деген кісі едім,

Таланыма келдің, сен көмсең болды», – деді де жата берді.

Түнде бәрі күзетті. Таңға жақын 15 ақпанда Байзақ 75 жасында қолындағы Ахметбек баласының үйінде қайтыс болады.  1943 жылы көктем айында Уәлі бидің мазары дария толқынына шайылып құлайды. Мазардың дарияға құлайын деп тұрғанын көрген, бидің немересі Байзақұлы Ахметбек бабасының сүйегін алып, басқа жерге жерлейін десе, жездесі молда Арғын Пірман Саматұлы (1870-1958):  «Бабаң, саған сүйегімді ал деп аян бермесе, сүйекке тиіспе, суға кеткені жақсы болады, ал егер алсаң құдайдан сұрақ болады», – деп алғызбаған.

2003 жылы 17 тамызда Уәлінің мазарының құлаған жері манайына, бидің шөбересі, «Стомед» тіс емдеу емханасының директоры Ысқақов Жеңісбек Ысқақұлы ескерткіш орнатты. Суретте Итенұлы Уәлі биге қойылған ескерткіш. Авторы – Ж.Ысқақов. Ескерткіштің арғы бетінде бидің баласы Байзақтың сағанасы тұр. Мазары қам кесектен жасалған, өлшемі 4х4м.  Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген нақыл бар. Сондықтан, біздер кейінгі ұрпақ, кезінде халық мүддесін қорғап, бір рулы елді сонау Еділ бойынан бастап келіп, әділдігімен ел құрметіне бөленген Уәлі бидің  есімін  ұмытпауымыз керек.

 Бақытжан АХМЕТБЕК,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<