Домбауыл кесенесі
…Сол түні «Жошы хан» кесенесінде түнедік. Ауыз бекіткен әріптестер Қасиетті Рамазан айының соңғы күндерін осында өткеріп жатты. Қазақы қалыппен осындағы аруақтарға Құран бағыштадық.
Ертеңгі сәресіден соң қайта жолға аттандық. Алда – Домбауыл кесенесі. «Жошы хан» кесенесімен арасы 3-4 шақырымдай ғана. Көлік солай өрлей берген.
– Ұлытау алаш баласы үшін ежелден қастерлі мекен ғой, – деп әңгімесін бастады қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы, әріптесіміз Әзиз Батырбеков. Бәріміз құлақ түре қалдық. – Мұнда бірнеше мәрте болғаным бар. Жошы хан, қазір бара жатқан Домбауыл баба, Алаша хан жатқан жер тарихы талайды қызықтырып келеді. Бұл өңірді айнала ағып жатқан Кеңгір, Сарыкеңгір, Қаракеңгір, Жыланшық, Бұланты, Білеуті, Сарысу секілді басқа да өзендер аймақты суландырып, ажарына ажар қосқан. Басқасын айтпағанның өзінде, Ұлытауда Әулиетау, Едіге тауы, Алтыншоқы, Хан ордасы деп аталатын тарихи орындар бар. Кеше өздерің естігендей, Жошының өлімін Шыңғысханға естіртетін «Ақсақ құлан» күйі осы жерде дүниеге келген. Бұл күйді шығарған Шыңғыс ханның атақты қолбасшысы, даңқты әмір, ел есінде ақындығымен, күйшілігімен сақталған сайыпқыран баһадүр, тау тұлғалы Кетбұға батыр еді. Біз келе жатқан Домбауыл Кетбұғаның әкесі. Осыншама тарихи орындардың дақпыртын естіген жұрт бұл аймаққа бір келмей кетпейді екен…
Әзиз әріптестің білген дерегін тыңдай отырып, киіз үй пішіндес тастан ерекше ептілікпен салынған кесенеге де кеп қалдық. Қоршауға алынған қорым ішінде Домбауыл бабадан бөлек те ескі зираттар бар. Қатар тізілген балбал тастарды көрдік.
Әулиетау және Әулие төбе
Домбауыл кесенесінен кейін қайта Жезқазған арқылы, Қ.Сәтпаев қаласына, одан 100 шақырымға жуық Ұлытау ауданына бет алдық. Мақсатымыз – сол таңғы тың күймен киелі тауға өрлеп, бабалардың табаны тиген шың басына шығу.
Сарыарқада жатқан Ұлытаудың негізі гранит тастан тұрады. Көне тау сілемдерінің біріне жататын оның ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 шақырымға созылып жатыр. Етегіндегі өзен сарылының өзі қандай керемет?! Суы тастай әрі тұщы. Емдік қасиеті бар деп те айтады.
Бұрынғылардың нанымы бойынша Ұлытау өте киелі саналады. Әлі де солай. Көшпелі заманда бұл маң «әлем кіндігі» аталып, жер мен аспанның ұштасқан ең биік нүктесі саналғанға ұқсайды.
Тау етегінде жатқан Ұлытау ауданының орталығында екі жарым мың ғана халық тұрады. Біле білсеңіз, бұл – жер көлемі жағынан Қазақстандағы ең үлкен аудан. Ауданға қарасты 16 ауылдық округ бар. Төрт түлік өсіреді. Аудан бойынша мал шаруашылғына басымдық берілген. Көркем табиғат құшағында орналасқан мекенге келушілер алдымен осында аялдап, жол білер кісіден жөн сұрары анық. Өйткені, тауға қарай жол бастауға серік іздейді. Туристердің мұндай тілегіне жергілікті жұрт та үйренген.
Ал бізді күтіп алған Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей қорығының экскурсиялық бөлімінің маманы Қуантай Жабағин аз-кем мәлімет айтып өтті.
– Ұлытау жалғыз Қазақстанда ғана емес, бұл атау өзге мемлекеттерде де кездеседі. Ресейдегі Кабардино-Балкария елінде 4000 метр биіктікте орналасқан «Улутау» деп аталатын тауға көбіне бала көтермеген әйелдер барып, тілек тілеп, тәу ететінге ұқсайды. Түркиядағы Стамбулдан 90 шақырым жерде «Улудаг» тауы болса, дәл сондай атау Ресейге қарасты Тува республикасындағы «Улытаг» деп айтылса, Хакасия елінде де осылай аталатын тау бар. Мұнда байқасаңыз, түркі тілдес халықтарға тән сөзді көреміз. «Ұлы» дегеннің мағынасын олар «Тәңірі», «Құдай» деп тәпсірлеген. Ал «тау» сөзі «мекен» дегенді білдірсе керек. Демек, Ұлытау дегеніміз – Құдайдың мекені, Тәңірінің назары түскен жер деген түсінікке кеп саяды, – дейді музей қызметкері.
Оның айтуынша, хан мен халықтан шыққан мықты тұлғалардың табаны мен тұлпарының тұяғы мұнан айналып өтпеген. Қазақ-жоңғар соғысындағы ең шешуші шайқас Бұланты өзенінің маңында болып, тарихта қалған «Қалмаққырылған» деген жер атауы да Ұлытау өңіріне жатады.
– Қазір жоқ дегенде 3 сағат тауға өрлейміз. Бұрын-соңды шықпаған адамға қиындау соғады. Ұлытаудың ең биік шыңы – Әулиетау жерден 1131 метр биіктікте. Мұнда 1946 жылы Әлкей Марғұлан болып, Ақмешіт деп аталатын мешіт орнын тапқан, сондай-ақ ежелгі қорымдар кездеседі. Сенім бойынша, осы шың аспанға жақын, сол жерде көк аспан мен жер түйіседі екен. Мұнда көптеген ауруларға ем боларлық сиқырлы күш бар деп те айтылады. Бағзыдан келе жатқан осы ұғымның арқасында бұл жердің қасиетті болуының басты себебі осы. Қазір мұнда жергілікті тұрғындардан бөлек, еліміздің әр қиырынан туристер де жиі келеді, – деп жол бастай берді Қуантай Жабағин.
Жолбасшының айтатынындай бар. Тау мен тасты өрлей үш сағаттан аса уақытта Әулиетау шыңына жеттік. Мұндайда спорттық бәтеңкенің шыдас беретіні жақсы. Әйтпесе, қиыршық әрі үшкір майда гранит өзгесін тілім-тілім қылар ма еді, кім білсін?!
Тау басына шығып, сәл демалмаққа бекіндік. Жан-жаққа көз тастағанымызда көрінгені кірер аузы жартылай құлаған үңгір болды. Аңыз бойынша, дала пайғамбары – Зердеш бабаға (зарастустра) ең алғаш рет Ұлытаудағы «Әулиетаудың» осы үңгірінде Жаратқаннан аян түскен көрінеді. Бұны айтып берген жанымыздағы жолбасшы Қуантай. Ал деректерге сүйенсек, Зердеш баба – әлемдік дінге қатты ықпал еткен, зороастризмнің негізін қалаушы.
– Белгілі өлкетанушы Бақтияр Қожахметовтың Ұлытау жайлы жазбаларында бұл жайлы көп айтылады. Сонда жазылғандай, Зердеш бабаны замандастары Дала пайғамбары деп атаған. Адамзат тарихындағы бір құдайды уағыздаған ең алғашқы пайғамбарлардың бірі, ойшыл ғұлама. Әрине, бұлай болудың да жөні бар, ол көшпенді ортадан шыққан, тәңірлік рухта тәлім-тәрбие алған жан. Діни тәрбие тұрғысынан зарастустра ілімінің ерекшелігі – Жаратқанға ғұрыптар мен құрбандықтар арқылы емес, қайырымды істер мен мейірімділік арқылы жетуге болады. Зороастризм адамзат баласына «ізгілікті ойға беріл», «ізгілікті сөз айт» және «ізгілікті іс тындыр» деп үш шарт қояды екен. Өлкетанушының осы жазбаларын тауып оқуға кеңес беремін, – деп ағынан жарылды ол.
Қуантай айтқандай таспен қоршалған қорымдар кездесе бастады. Алғаш көргеніміз Қали ата, Ырза ана деп аталатын ота жасаушы, емші әулиелердің бейіті. Одан сәл әрірек жүрсеңіз, Тұрсын бақсы, Сапар әулие, Гүлсара ана, Тана ана, Мұрат ата дейтін халық емшілеріне қойылған белгі бар тас қорымдар тұр. Бұлардың өмір сүрген дәуірі белгісіз, бірақ мұнда келетін адам қарасы қалың. Жолбасшы жігіт айтқандай, тау басына жазды күндері 200-ден астам адам шығып жүр. Көбі Әулиетаудың заңғар биігіне көтеріліп, тілек тілеушілер.
Дәл осындай әулиелер мекені біздің Сырда да бар еді. Дұрысы, Қазалы ауданына қарасты Бекарыстан би ауылы мен Жаңақұрылыс елді мекенінің арасында мұндай қасиетті жер кездеседі. Ол тау емес, үлкен төбе. «Әулиетөбе» деп атайтын үлкендер. Аңыз бойынша жеті әулие кеңес құрған жер. Бегім ана мұнарасына барар жолда қалың ақ шеңгел басқан сол биік әлі де бар. Қарабура әулиенің қызы Бегім ана туралы әфсананы екінің бірі біледі. Жазықсыз қан төккен қатыгез Санжар хан… Бейкүнә жазаланған сұлудың наласы…
Халықтың айтуында, Бегім сұлудың Жанкенттен (Қазалы ауданы, Өркендеу ауылының тұсы) құс болып ұшып, қонған жері о баста Ұзынтам деп аталған. Ол қазіргі Арал теңізіне жақын жер. Сол жерде қайтыс болған сұлудың денесін ел жиылып алып шығайын десе, қаптаған қалың құс бір адамды маңына жолатпаған. (Кейбір аңыздарда Бегім ана мұнарасын құстар тұрғызған деген де айтылады – авт.) Біз естіген әңгімеде жеті рудан жеті ақсақал шығып, сол жерге жазықсыз жапа шеккен аруды жерлеген. Ал әлгі жеті қария аттан түсіп, кеңес құрған жердің «Әулиетөбе» аталуының бірден-бір себебі де осы.
Құр төбеде қандай қасиет, қандай кие бар?! Шынымен де жанындағы Шаңдыкөлден балығын аулайтын жергілікті жұртқа да, қара жерге дән сепкен диқаншы ағайынға да біз атап кеткен киелі жердің берері көп.
Ұрпаққа хат қалдырып…
Ұлытаудағы «Ақмешіт-Әулиетау» шыңына шықсаңыз, батыс бетінде «Едіге» тауы тұр. Атақты «Алтын Орданың» билеушісі Тоқтамыстың да мәңгілік байыз тапқан мекені осында. Тіршілікте айқасып өткен қос алыптың өлген соң бір шыңда қатар жатуы ойландырмай қоймайды.
– Анау қарсы беттегі тауды көрдіңіздер ме? – деді Қуантай батысқа қарай қолымен нұсқап. – Тоқтамыс ханның ұлы өлтіретін ер Едігенің атымен аталатын тауың осы ғой. Ал анау содан төменде жатқан өзеннің аты «Ырғайлы» деп аталады. Тағы бір дерек бойынша кейін Тоқтамысты өлтіріп, әке кегін алған Едігенің баласы деп те айтады.
Баба түкті Шашты Әзіздің ұрпағы, «Алтын Орданың» әмірі атанып, кейіннен Ноғайлы ордасының негізін салған Едіге мен оның ханы Тоқтамыстың сүйегі осында деген дерекпен қатар, Әмір Темірдің Тоқтамысқа ашқан жорығы кезінде осында аялдап, болашаққа жазба қалдырғаны айтылады. Бұл осы Ұлытаудың «Алтыншоқы» дейтін биігінде тасқа қашалып жазылған. Ал Алтыншоқының ұзындығы 4 шақырымға дейін, ені екі шақырымға жуық.
Ақсақ Темірдің дәл осы шоқы басына 300 мың әскермен аялдап, тасқа ескерткіш қалдыруы ғажап дүние. Бұл 1391 жылдың көктемінде болған дейді зерттеушілер. Тасқа жазылған аманат жазбаны академик Қаныш Сәтпаев тауып, 1935 жылы Эрмитажға (Санкт-Петербург) жіберіпті. Ал оны 1940 жылы профессор Н.Поппе мен академик Ә.Марғұлан тәпсірлеп, аударған.
«Темірдің тасы» немесе «Қарсақпай жазуы» деген атпен белгілі жазудың өлшемі 80х40 сантиметр. Барлығы он бір жол. Оның алдыңғы үшеуі арабша, қалғаны шағатай тілінде қашалып жазылған. Тастағы жазудың аударымы мынадай: «Мейірімді, рақымды Алланың атымен! Әлемнің әміршісі, Шынайылықтың ордасы, Мызғымайтын қорғаушы, құдіретті және айбынды, өмір мен өлімнің Дана сыйлаушысы! Жеті жүз тоқсан үшінші жылының жазында, қой жылы көктемнің орта айында (1931 жылы, 6 сәуір), Тұран сұлтаны Темір-бек болғар ханы Тоқтамыс ханға қарсы ислам үшін үш жүз мың әскермен шықты. Осы жерге жеткенде, ұмытылмас белгі болсын деп осы қорғанды тұрғызды. Тәңірім, жаратушы ием, әділдік бере көрсін. Құдайым ел халқына мейірімділік көрсетсін. Олар бізді дұғаларында еске алсын!»
Мауренахрдың билеушісі Шыңғыс әулетінің үлкені Жошының атақонысы, Алтын Орданың саяси әрі рухани орталығы болған Ұлытауға осылай ескерткіш тас қалдырған көрінеді.
Алаша хан
Азанғы сағат 9-дан өте көтерілген біздің шығармашылық топ түс ауа таудан түсті. Етектегі салқын суға шайынып, сәл дем алған соң жолбасшы Қуантаймен қоштастық. Рухани сапарға ризашылығымызды білдірдік. Ендігі барар жеріміз – Қ.Сәтпаев қаласынан солға қарай 60 шақырым жерде, Қаракеңгір өзенінің оң жағындағы Алаша хан кесенесі. Жоспар бойынша бұл жолғы сапар сол жерден аяқталмақ.
Бұл бағытқа қарай әу баста Жошы хан кесенесі жағынан барғымыз келген. Арасы да жақын, 30 шақырымдай ғана. Бірақ екі аралықты өзен кесіп жатқандықтан, Жезқазған айналып келуге мәжбүр болдық. Егер өзен үстіне көпір салып, жол төсесе, Ұлытаудағы киелілер жатқан көп жерге туристердің мұнан да көп ағылатыны беп-белгілі. Өйткені, қатынас жолы жайсыз болса да «өткенімізді білсек, көрсек, танысақ» дейтін бізден бөлек көп жұрт та кездесті.
Сонымен, Қ.Сәтпаев қаласынан шыққанымызда күн батуға таяп, ақшам уақыты да туған. Рамазан айының соңғы күнінде Оразасы бар кей әріптестер осында ауыз ашып жатты.
Малшыбай ауылына апаратын автожол бойындағы Алаша хан мазарын ғалымдар ХІ-ХІІ ғасырларда тұрғызылған деп болжайды. Бүгінде мұнда Шыңғыс хан жатыр деген әңгімемен қатар, көптеген қарама-қайшы пікір жеткілікті. Негізгі зерттеудің басы 1855 жылы Шоқан Уәлиханов жазған «О киргиз-кайсацких могилах (молах) и древности» атты мақаласынан басталды. Бұған қосымша 1868 жылы подполковник Н.Красовскийдің де Сібір қазақтары жайлы еңбегінде көрсетіліпті. Белгілі академик Қаныш Имантайұлы да Алаша хан кесенесін зерттеуге қатысқан.
1946 жылы Әлкей Марғұлан жетекшілік еткен Қазақ ССР ҒА Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттесе, 1973 жылы өзге де ғалымдардың қатысуымен кесенеге өлшем, фотофиксация және топсъемка жұмыстары жүрген.
Өзіміз көргендей, кесене күмбезді, кірер аузы арка секілді кірпішпен өрнектеле өрілген. Тіпті кейбір кірпіштегі ою-өрнекті бүгінге дейін сақталғаны таңғалдырды. Расында Жошы мен осы Алаша хан кесенесі бір-біріне ұқсайтынын да айтуымыз керек. Тағы бір ерекшелігі, биіктігі 10 метр, күйген кірпіштен тұрғызылған ескерткіштің төбесіне ішкі беттен бір кісі сияр баспалдақпен көтерілуге де болады.
Бір қызығы, мұнда нақты кім жатқаны белгісіз. Ауызба-ауыз тараған халық аңыздарының жетегімен әркім әртүрлі болжам айтады. Аты да, заты да жұмбақ. Жоғарыда айтқандай, кесенені алғаш зерттеген ғалым, академик Қ.Сәтбаев халық аузындағы әңгімелерін алған. Оның айтуынша, «Алаша хан дегеніміз XVI ғасырда билік құрған Хақназар хан» болуы мүмкін. Ал Әлкей Марғұланның дерегінше, бұл кесене моңғол дәуіріне тиесілі. Кейбір болжамда мұнда Шыңғыс ханда жерленуі мүмкін. Қазақ аңыздарының көпшілігі Алаша ханды қазақтың арғы атасымен, қазақ жүздерінің құрылуымен және олардың бір билік астына бірігуімен байланыстырып жүр. 1946 жылдары Г.Герасимов кесененің архитектуралық ерекшеліктерін басқа да ортағасырлық ескерткіштермен салыстыра келе, халық шеберлері XIII ғасырдың екінші жартысында тұрғызған деп тұжырымдайды. Бір анығы, ғалымдар әлі ортақ пікірге келе қоймады. Белгілісі, ауа райы мен арадағы санғасырлық уақыттан кейін әбден көнерген кесененің ерте заманда бой көтергені басына әдейі барған бізге анық білініп тұрды.
Қалай болғанда да, қазақ тарихында сәулеті маңызды ескерткіштің құны ешқашан жойылмақ емес. Бүгінде Қазақстанның киелі 100 нысанының қатарындағы кесене 1982 жылдан бері республикалық маңызы бар мәдени нысандар санатында. Сондай-ақ мұнда 1974, 1998-2000 жылдары және 2006, 2016 жылы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.
Иә мұндағы қай ескерткіш не қорым болмасын немесе тастағы жазулар мен ежелгі кен қазбалары, көне дәуірдегі мыс балқыту пештері, басқа да табылған жәдігерлер жайлы ғалымдардың жазбалары Ұлытау өлкесінің ұлылық ошағы екенін айқындай түседі. Зерттеулердің барлық дерлігі Ұлытау көне заманнан бері дала көшпелілерінің орталығы болғанын айтып жүр.
Аты аңызға айналып, ақындар жыр еткен, көп ғасыр бойы адам баласын еліктіріп, өзіне тартқан бұл өңір өз құпиясын әлі де толық аша қоймады. Демек, қазақ жеріндегі тау мен тастың, дала мен жазықтың ішіне бүккен сансыз құпиясын ашуда тиянақты түрде зерттеу жасалады деген сенім кеудеге орнықты. Таңғы жол Сырға бет түзеді.
Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы».
Қызылорда-Жезқазған-Қызылорда.
(Соңы. Басы №66 санда)
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<