Халқымыздың тұрмыс салт-дәстүрінде күнделікті тіршілікке пайдаланатын құралдар жүздеп саналады. Солардың бірі – ұршық. Көшпенді елдің негізгі қажеттілігі киім-кешек десек оны дайындау технологиясында тауар түрлері қолданылатыны белгілі. Тұрмысы төрт түлік малмен тығыз байланысты қазақ халқында өңдеу мен қатар оны іске асырудағы ұршық деп аталатын құралдың маңыздылығы өте жоғары болды.
Сырт көрінісі көзге айрықша көрінбегенімен оның атқарар қызметі теңдессіз деуге болады. Күнделікті тұрмыста тұтынатын үй жиһаздары мен төсеніштері, тұс киіздерді жасау барысында осы ұршық құралы пайдаланылады.
Ұршық құралына тоқталып, атқаратын қызметі мен оның жасалу тәсіліне талдау жасар болсақ, оқырман қызығушылығын тудыратыны анық. Ұршық – жүннен шүйкелеп жіп иіруге арналаған құрал. Тарихына келсек, Қазақстан аумағында оны шаруашылықта пайдалану неолит заманынан басталады. Әсіресе, қола дәуіріндегі табылған ескерткіштерден басы арнайы қыштан құйылған ұршық қалдықтары көптеп кездескен. Ежелгі Шығыс елдерінде қол ұршығы пайдаланылған.
Дәстүрлі қазақ даласында ұршық жүн өнімдерін пайдаланудағы басты еңбек құралдарының бірі болды. Жасалу жолдарына тоқталар болсақ ұршықты ағаш, мүйіз, тас, сүйек сонымен қатар түйе мен өгіздің ортан жілігінің айдар басы, қорғасын сияқты материалдардан жонып жасаған. Ұршық басы дөнгелек немесе жарты шар тәрізді болады, оның ортасына сап өткізетін тесігі орналасады. Сабы ұршық басынан 3-4 см шығып тұрады, оған жіп жүретін иіретілген ойық жол жасалынады. Кейде басына бір елі қашықтықтан соң мұрындық (ши, шырпы) орналастырылады. Мұрындық немесе иіретілген ойық жол жіптің сіргеде біркелкі болып жинақталуына септігін тигізеді. Ұршықпен қап, дағар, алаша, басқұр, терме бау, шекпен, т.б. тұрмыстық бұйымдар мен киім-кешектерге арнап жіптер тоқылған. Аз жіп иіруге арналған ұршықтың басы жеңіл, сабы қысқа етіп жасалады. Тоқыма өндірісінде иіру, ширату және тегістеуіш машиналардың жіпті иіріп, ширатып, орауышқа, иіршікке, шөлмекке, т.б. орайтын негізгі тетігі.
Ал ұршықты машиналар ХVIII ғасырдың II жартысында қолданыла бастады. Оның сақиналы, центрифигуралы, т.б. түрлері бар. Ұршық табиғи (мақта, жүн, зығыр) және химиялық талшықтарға арналған болып ажыратылады. Ұршық – ұзын, күрделі геометриялық формалы жұқа және иілгіш болат шпиндельден тұрады. Табиғи талшықтарды иіруге арналған сериялы ұршық шпинделінің жоғарғы бөлігіне қағаз патрон немесе ағаш шөлмек кигізіледі. Шөлмекке шуда оралады. Жіп қозғалмайтын сақина бойымен сырғанайтын жүгірткі арқылы ұршыққа келеді. Ұршықтың айналуы кезінде шуда жіп тартылады және жүгірткінің сақина бойымен қозғалуына қамтамасыз етеді.
Кейіннен ұршықтың иіру, ширату, екі жіпті орау процестерін біріктіретін иіру-ширату машинасы іске асырылады. Клем, корд, арқан, т.б. араналған жіптер өндіріс кезінде екі рет ширататын ұршық қолдалынылады. Мұндай ұршықтар қарапайым ұршықпен салыстырғанда, құрылымы күрделі және өнім өндіруді екі есеге арттырады. Міне, дәстүрлі ұлттық құндылықтардың ішінде ұршықтың адам өміріне тигізген пайдасы ұшан-теңіз болса, ол ұлттық құндылықтарымыздың бірі болып қала бермек.
Ақзира САРМАНТАЙ,
Ғ. Мұратбаев мемориалдық музейінің ғылыми қызметкері.
Қазалы ауданы





