Ұстаз ұлағаты ұмытылмайды

1759

0

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аталып өтіп жатқан кезеңде оны берік орнықтырып, тұғырын биіктетуге атсалысқан, артында өшпес өнегелі істер қалдырған, сонымен қатар әлі де болса ортамызда жүріп, күш-қуаты жеткенше жас ұрпақты тәуелсіздікті бағалай білуге тәрбиелеп жүрген тұлғалар туралы облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігі «Сыр бойының дара есімдері» атты жоба бо­йынша зерттеу жүргізіп, ұлықтау шараларын өткізуде. Жақында бірлестіктің ұйымдастыруымен облыстық мемлекеттік архивінің қоғамдық-саяси тарихы бойынша филиалы, агроколледж ұжымымен бірлескен «Аға ұрпақтан ұлағат» атты студенттермен кездесу өтті.

Тәуелсіздікті жақындатқан тұл­ғалар­дың ішінде қайраткер қазақ әйелдері де өжет­тілікпен, қайсар­лықпен еңбек етті. Солардың бі­рі және бірегейі – 1952-1982 жыл­дары об­лыстық денсаулық сақ­тау бөлімін басқарған Қазақ КСР-на еңбегі сіңген дәрігер, «Ленин» орденді София Өтегенқызы Ма­қашева, Қы­зылорда медицина учи­лищесінің директоры қызметін 1962-1991 жылдары атқарған, Қа­зақ КСР-на еңбегі сіңген дәрігер «Құрмет белгісі» орденінің иегері Сара Төлегенқызы Дәуітбаева, М.Мә­метова атындағы қыздар педа­гогикалық училищесін 1952-1980 жылдары басқарған Қазақ КСР-на еңбегі сіңген мұғалім, «Ең­бек Қызыл Ту» орденінің ие­гері Ұлмекен Ыбырайқызы Рысбекова. Осы кісілердің атқарған қыз­метіне, облыстың қоғамдық-саяси өміріне араласуына, басқа да адамгершілік қасиеттеріне жас ке­зімізден куә болдық. Олардай болсақ деп армандайтынбыз. Бұл әңгіме облысқа, республикаға белгілі қай­рат­керлердің бірі Ұл­мекен Рысбекова туралы болғалы отыр.

Ол 1923 жылдың 23 мамырын­да Тереңөзек ауданындағы темір­жолшылар отбасында дү­ниеге кел­ген. 1941 жылы біржылдық пе­да­­гогикалық курсты бітіріп, 1942-1943 жылдары сол ауданда мұғалім, 1943-1945 жылдары Тереңөзек ау­дандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болды. 1949 жы­лы Қызылорда педагогикалық инс­­титутының қазақ тілі мен әде­бие­ті факультетін бітірген. 1949-1951 жылдары Қызылорда педа­гоги­ка­лық училищесінде мұғалім, 1951 жы­лы Қызылорда қалалық ат­­қару комитеті төрағасының орын­басары қыз­метін атқарды. 1952 жылы Алматыдағы М.Мәметова атындағы қазақ қыздар педаго­гикалық училищесі Қызылорда пе­дагогикалық училищесімен бі­рік­тірілді. Училищенің та­ри­­хын­да Қызылордадағы «М.Мә­мет­ова атын­дағы қазақ қыздар пе­дагогикалық учи­ли­щесі» болып аталуы ерекше жарқын бет болып есептеледі. Жаңадан құрылған бұл оқу орнына директор болып Ұ.Рысбеко­ва таға­йындалды. Оқу орнын 28 жыл басқарып, еліміздегі білім сала­сының дамуында өзіндік қолтаң­басын қалдырған қай­раткер, ел іл­типатына бөленген абыройлы жан, халық сенімін арқалаған бі­лікті бас­шы болды. Педучилище директоры бол­ған ке­зеңде 1953-1955 жылдары 100 орын­дық жа­тақ­хана салынған. 1958 жылы мектеп бөлімі 4 жылдық, дене шынық­тыру-педагогикалық бө­лімі 4 жылдық, мектепке дейінгі тәрбие бөлімі 3 жылдық оқу мерзімімен, ән және музыка пәнінің мұғалімдерін да­йын­дайтын бөлімдер маман даярлады. Студенттердің кәсі­би даяр­лығында ғылыми-тео­рия­лық білімдерін тереңдету, жаңа тех­нологияға негізделген әдісте­мені меңгерту, теориялық білімді қол­­дану мәдениетін қалыптастыру, шы­ғарма­шылық және өзіндік із­дену дағдыларын жетіл­діру бағы­тында қажымай еңбек еткен білікті мамандар легі қалыптасты.

Адам тәрбиесі балалық шақтан бастап отбасына, ата-анасына, мек­теп жасына жеткеннен кейін ұс­таздардың білім, тәрбие беруіне, еңбек жолын бастағанда ұжым басшыларына, әріптестеріне, жора-жолдастары­на, дос­тарына, қор­шаған ортасына байланыс­ты. Біз 1960 жылы жетіжылдық мектепті бітіріп, Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар пе­дагогикалық училищесіне түсуге келдік. Бұрын-соңды туған ауылдан алыстап шықпаған, небәрі 14 жастағы, жалпақ тілмен айтқанда, әлі «жыламай тамақ ішпейтін» біз­ге бұл үлкен сынақ болды. Емти­ханнан өтіп, жатақханаға орнала­сып, оқуды бастап кетуімізге ата-анамыз­дан кем емес қамқорлық жасаған сол кездегі педучилище ди­рек­торы Ұ.Рысбеко­ва және училище ұстаз­дары бол­ды. Ба­қытымызға қарай біз С.Жел­дербаева, Ә.Әбілдаев, Ә.То­был­баев, Ұ.Жанкеева, З.Мұ­ха­­ме­да­лиев, Н.Мұхамед­жанова, Г.Аб­д­рашитов, В.Ф.Сергиенко, Н.Н.Ни­­колаенко, К.Әлиев, З.Құл­баева, Р.Х.Яру­лин, М.Д.Цой сияқ­ты ұлағатты ұстаз­дардан білім, тәрбие алдық, қамқорлық көрдік. Училище басшысын ең бірінші көргенде «қандай әдемі кісі» деген ой түйдік. Жүзінен нұры төгіліп, шуақ шашып тұрған аққұба өңді сұлу кісіге қарап қалатынбыз. Киген киімі, жүріс-тұрысы, қап-қара шашы, сөйлеген сөзі, мейірімі еріксіз өзіне тартып тұратын еді. Училищені бітіріп кеткенше ол кісінің апыл-ғұпыл асығыс жүргенін, әртүрлі жағдайға байланысты дауыс көтеріп сөй­легенін, жұмыстың түріне қарай киі­не салған кезін, асығыс шешім қа­былдап, шорт кескенін көрген емес­піз. Өмірден өтіп кетсе де, сол әдемі қалпында, аман­дас­қанда сәл жымиып ишарат біл­дірген, әрқайсымыздың тағды­ры­мыздан хабардар болып, қиын­шылықта көмек қолын созуға ты­рысқан күйінде қалып қойды. Біз ол кісіні басқаша елестете алмаймыз.

Ұлмекен Ыбырайқызы біз үшін алдымен ұстаз, педагогикалық мамандар дайындайтын оқу орнының басшысы. Училищенің оқу-тәрбие жұмысы, ұжымның сан-салалы ша­руашылық, материалдық-техни­калық базасы, студенттердің оқу-тәрбие көрсеткіштері, тұрмыстық жағдайын, толыққанды білім мен тәрбие алуына

мүмкіндік жасады. Сол заманда мүмкін болған оқу-тәрбие жұмысының жаңа­лық­тары енгізіліп, республикадағы учи­лищелердің алдыңғы қатарын­да болды. Оқу орны қыздар пед­учи­лищесі болған соң, оның өз ерек­шелігі, қиындығы бар. Ол кез­де рес­публикада 19 облыс бар, со­ның барлығынан дерлік қыздар осы училищеге оқуға түсуге ке­леді. Алыстан келіп оқыған жас­өспірім қыздардың ата-анасына сағынышы, каникул кезінде еліне барып-қайтуы тағы бар. «Қыздың жолы жіңішке» дегендей өмір бол­ған соң түрлі жағдайлар кездеседі. Сондай кездерде ди­ректор әр қыздың тағдырына, келе­шегіне жанашырлық білдіріп, көмегін аямай дұрыс жолға түсуіне бағыт беретін. Осындай жан-жақ­ты қамқорлықтың арқасында пед­училище ұстаздарынан білім, тәр­бие алған Ұлмекен Ыбырай­қы­зы­ның шәкірттері ҚР Білім және ғылым министрі болған Ш.Бер­кімбаеваны, Қазақстан Республикасы  Пар­ламенті Мәжілі­сінің депутаты болған М.Жүй­рік­таеваны, ғалымдар Қ.Меңдая­қованы, К.Габ­­дуллинаны, Б.Тұрғын­баеваны, Г.Қа­ра­мол­даеваны, Ш.Таубаеваны, Ф.Дау­­летованы, А.Көшербаеваны, Р.Нау­рызбаеваны, ақын Н.Лушни­кованы, Ж.Дәрібаеваны, Д.Торғае­ва­ны, әншілер Б.Әшімованы, Б.Аи­тованы, М.Ера­лиеваны, К.Қа­лым­­бе­тованы, қоғам қайрат­кері Л.Ба­ян­құлованы және білікті ұстаз ке­зінде Қазақ КСР Жоғары Кеңе­сінің депутаты болған Ж.Иман­бае­ваны педагогикалық колледж ұжы­мы мақтан етеді.

Ұлмекен Ыбырайқызы қоғам қайраткері еді, бірнеше рет қа­лалық, облыстық ке­ңес­тердің де­путаты болып сайланды, екі дүр­кін Қазақстан компартиясының VIII, XIII съез­деріне, мұғалімдер, әйелдер съездеріне делегат болып қатысты. Өзінің шәкірттерін де қоғамдық жұмыстарға қатысуға, өнерге, спорт­қа баулыды.

Біз білетін Ұлмекен Ыбырай­қызы жол­дастықты, достықты ба­ғалайтын, айналасын­дағы әріп­тестерімен сыйластықпен, түсі­ніс­­тікпен жұмыс жасайтын адам­гер­шілік қа­сиеттердің иесі еді. Ол кісінің жоғарыда аталып кет­кен София Мақашевамен, Сара Дә­уіт­баевамен, сол кездегі об­лыс­тық атқару комитеті төраға­сы­ның орынбасары Алма Ақ­дәу­летовамен, Қызылорда қала­сын­­да­ғы 1 Май, қазіргі Қ.Мұ­ха­меджанов атын­дағы мек­­тептің сол жылдардағы директоры Ұлыш­бек Дүйсембаевамен сый­ластық қа­рым-қаты­настары адам қы­зы­ғарлықтай еді. Әсіресе, Ұлмекен Ыбы­райқызының София Өтегенқызымен достығын ай­рық­ша айтуға тұрады. Бойлары да, ойлары да, атқарған қызметтері де, ажар-көріктері де, сабырлы, сырбаз мінездері де ұқсас, қарапайым тілмен айтқанда егіз лебіздей еді. Ұлмекен апай бізге де үлкенді сый­лауды, айналамен санасуды,  жол­дастық-достықты бағалауды үй­ретті.

Ол өзі қызмет атқарған кезде еңбегі бағаланған бақытты жан болатын. Ең алдымен өзі бас­қар­ған училище оқытушылары мен студенттерінің, олардың ата-ана­лары мен жалпы көпшіліктің құрметіне бөленді Үкімет тара­пынан «Еңбек Қызыл Ту», «Құр­мет белгісі» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет гра­мотасымен 3 дүркін, әртүрлі мерекелік медальдармен марапат­талған. Білім саласынан «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі», Қазақ КСР-на еңбегі сіңген мұ­ғалім», «КСРО Халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қыз­меткері» төсбелгілерімен мара­пат­талған. Осы құрмет пен марапаттар – ыждағатты еңбектің, тынымсыз ізденістің арқасында келген абырой.

Ол отбасының ұйытқысы, бе­рекесі болатын. Жолдасы Әнуар Ыбыраев сол кездегі Қызылорда пединститутында ұстаз­дық етті. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, жоғары білім алып, жақсы маман болып қалыптасуына, үйлі-жайлы болуына барлық жағдайды жасады. Ұлы Бек Ыбыраев белгілі архитектор, Қазақстан Респуб­ликасы Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Ұлмекен Ыбырайқызы балаларына, кейіннен немерелеріне өзінің шексіз аналық махаббатын арнады, мәпелеп өсірді. Ол кісінің осындай аналық мейірімін, ықыласын, қамқорлығын біз де сезінетінбіз.

Ұлмекен Ыбырайқызының, бас­қа да білікті ұстаздардың озық тәжірбиесін, оң үр­дістерін жалғас­тырған М.Мәметова атын­дағы Қы­зылорда педагогикалық жоғары кол­леджі – бүгінде ұлттық тәлім-тәрбие мен білім құндылықтарын меңгертудің, кәсіби мамандықты игертудің бай тәжірибесін жинақ­таған еліміздегі іргелі оқу орын­дардың бірі. Бұл білім ұясы қазіргі уақытқа дейін талай жастардың кә­сіби маман, нағыз азамат болып  қалыптасуына ерекше еңбек сі­ңіріп келеді. Бұл жолда колледж басшыларының, ұлағатты ұстаз­дар мен сапалы мамандардың ең­бегі ерекше. Осы оқу орнының тү­лектері – қазір де есімдері елге белгілі тәрбиешілер, ұстаздар, қоғам, өнер қайраткерлері. «Жақ­сы­дан шарапат» деген осы.

Қазақстан Республикасы Тә­уел­сіздігінің 30 жылдығы аталып өтіп отырған жылы ұлағатты ұстаз, оқу орнының білікті басшысы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім Ұлмекен Ыбырайқызы Рысбекованың есі­мін мәңгілікке қалдыру үшін Қы­зылорда қаласының бір көшесіне атын беру, басқа да ұлықтау шаралары ұйымдастырылса, бұл білім саласының үздігіне құрмет, кейінгі ұрпаққа өнеге болар еді.

Алмагүл БОЖАНОВА,

«Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<