Польшалық романист, новеллист, репортер Владислав Станислав Реймонт (Станислав Владислав Реймент) 1867 жылы 6 мамыр күні мемлекеттің оңтүстігіндегі Кобеле-Вельке деп аталатын шағын қалашықта өмірге келді. Әкесі Йозеф Реймент қалашықта органда ойнап нанын тапқан. Владиславты ата-анасы үшінші сыныпты бітіргенен кейін Варшавада тігіншілікпен айналысатын атасының қолына шәкірттікке береді. Реймонт тез арада тігіншіліктің қыр-сырын меңгеріп алады. Бірақ Лодзидағы жаппай жұмыстан бас тарту көтерілісіне қатысқаны үшін Варшавадан шығарып жібереді. Үйінен қашып кеткен Реймонт театрға барып актер болып істей бастайды.
Актерлердің еркін өмірі қатты ұнағанымен, өзінен актер шықпайтынын біліп 1 жылдан соң театрмен қош айтысады. Ата-анасының қарсылығына қарамай біраз жыл өзі қалаған кез келген жұмысты істеп жүре береді. Тіпті Ченстохова шіркеуіне барып шашын алдырып бірнеше ай діндар болып та көреді. Соңында әкесінің көмегімен теміржол әкімшілігіне пойыздың жүріп-тұруын бақылаушы (ревизор) болып жұмысқа орналасады. Бұл жұмыста Реймонттың бос уақыты өте көп болып, бос уақытының бәрін кітапқа арнайды. Владиславтың бала кезінен кітап оқу сүйікті ісі болған. Белгілі бір жоғары білім ала алмаса да поляк әдебиетінен басқа ХІХ ғасыр ағылшын, француз әдебиеттерін өте жақсы білген. Кейін балалық шағы туралы: «Мен сол кездері не жазбадым дейсің…ұзыннан ұзақ романдар…драмалар, хикаялар, өлеңдер жаздым. Жазып болып бәрін аяузыз жыртып, соңынан өртеп жіберетін едім», – деп есіне алады.
Бала кезінде жазған 6 әңгімесін сақтап қалып Варшавадағы бір сыншыға жібереді. 1-2 әңгімесі қаладағы апталық газетке де шығады. Дәл осы уақытта Реймонтты теміржол вокзалындағы жұмысынан шығарып жібереді де, газетке шыққан әңгімелерінен шабыттанған жас жазушы әдебиетпен айналысу үшін Варшаваға жол тартады. Варшавада жазушы бола жүріп жұпынылықта өмір сүреді, бірақ, Ченстохованың жылдық зияраты туралы мақала жазып беру ұсынысын қабылдағаннан кейін-ақ оның бағы жана бастайды. Жазушыны танытқан «Ясна Горгаға зиярат» деп аталатын көркем құжатты репортажы осылай өмірге келеді.
1896 жылы оның алғашқы романы – «Қу әйел» деген атпен баспадан шығады. 1900 жылы жазушы темір жол апатына ұшырап бір жылдай орнына тұра алмай қалады. Теміржол әкімшілігінен өндірген қаржы оны материалдық мұқтаждықтарға тәуелді етпейді де алаңсыз өзін жазуға арнайды. Сырқат кезінде шығармашылығының шыңы ретінде бағалаған «Мұжықтар» романын жаза бастайды. Польша дихандарының өмірінен сыр шертетін төрт томдық роман 1902-09 жылдар аралығында баспадан шықты. Бұл роман автордың бала кезіндегі ауыл өмірінде көрген-білген сюжеттерінен құралғандықтан оқырман тарапынан жылы қабылданды. Көптеген тілдерге аударылды, кино да түсірілді. Жазушы кейін бірқатар шығарма жазған болса да, сол биігіне қайтып шыға алмады.
1914 жылдары Реймонт Польшаға қайтып, I Дүниежүзілік соғыс кезінде «1794 жыл» деп аталатын трилогиясын жазып шығады. 1924 жылы Швед академиктері Владислав Станислав Реймонтке «әдебиеттегі мінсіз «Мұжықтар» романы үшін» «Нобель» сыйлығын тапсырады. Жазушы ауыр науқастығына байланысты марапаттау рәсіміне бара алмаған. Арадан бір жыл өткесін Владислав Реймонт 57 жасына қараған шағында өмірден өтті.
Дереккөз: massaget.kz
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<