Уақытты кері айналдыру немесе 1942 жылға өтіп кетуден қорқамын

12958

0

Сурет ашық дереккөзден

Күн дөңгелене ме, жер айнала ма, әйтеуір таңның атып, кештің бататыны айдай ақиқат. Сол таң мен кештің арасында өлшеусіз өмір бар. Соның бәрі де ұлы уақытқа бағынады. Уақыт ештеңені бір орнында тұрғызбайды. Көкті сарғайтады, сарыны қартайтады. «Барлық жаратылыс уақыттан қорқады, ал уақыт пирамидалардан қорқады» депті бір ғұлама. Негізі пирамидалардың ғасырдан ғасырларға мызғымай жетіп, өз қалпын сақтап келе жатқанын дәріптеу үшін айтылған сөз шығар. Егер ғұлама осы сөзді шын мәнінде айтқан болса, онда ол да қателеседі. Өйткені ұлы уақыт бір заманда пирамидаларды да уатып тастайды. Ол тек  бір Алладан ғана қорқады. Себебі уақыттың өзін Алла жаратқан.

Өткен уақыт қас пен көздің арасына сыяды, келер уақыт көк пен жердің арасына сыймайды. Уақыттың өлшемін әртүрлі қылатын да, оны кері  айналдыратын да зор хикмет иесі – бір Алла.

Мәселен, жердегі уақыт пен көктегі уақыт бірдей емес. Мұның дәлелі – Пайғамбардың Миғраж сапары.

Жалпы, Миғраж сапары жайында айтылатын әңгімелер көп.

Мына бір әңгіме де осы ұлы сапар хақында. Бірақ, бұл ертек пе әлде сол сапардың сырын түсіндіре түсу үшін қиыстырған сөз бе, мүмкін сондай оқиға өткен шығар, ол арасын айырардай екідүниелік ілімім жоқ. Мен естігенімді айтушымын. Сондықтан сіздер де ақылмен баға бергейсіздер, оқушым. 

«Мен көкке көтеріліп, барлық жұмақтар мен тозақтарды аралап көріп, қайта оралсам, өзім шығып кеткен үйімнің есігіндегі ілгек әлі қозғалып тұр екен», – депті Мұхаммед. Пайғамбардың Миғраж сапары оқиғасына сенсе де, есіктің ілгегі туралы айтқанына сенбеген бір сахаба осы кезде мырс етіп күлсе керек. Сонда Пайғамбарымыз көк пен жердегі уақыттың екі түрлі болатыны туралы айтып отыр екен. Әрине, әлгі кісі бұған сене алмаған.

Сол сенімсіздікпен үйіне келеді. Әйелі өзен жағасынан су алып қайтайық деп күйеуін ертіп, өзенге барады. Күн ыстық болғасын бір шелек суды алып жағаға қояды да, өзі өзенге бір сүңгіп алмақ болып суға секіріп кетеді. Содан суға шым батып, тереңдеп, тұншығып бара жатқанын сезеді. «Әуп» деп су бетіне зорға көтерілгенде, өзі танымайтын басқа бір жағалаудан шыққанын көреді. Сұмдық-ай, ақыл-есі орнында, бірақ өзі әйел кейпіне еніпті. Шашы тірсегін соғып, кеудесін екі қолымен жауып, тыржалаңаш жағаға шығады. Анадай жерде бір ер кісі есек мініп кетіп бара жатыр екен. Одан тығылайын десе, паналайтын бір бұта жоқ.

Бір жағы есінен танып, бір жағы ұяттан өртеніп барады. Есек мінген еркек бұрылып, үстіне бір жамылғы беріп, жөн сұрайды.

– Мен сахаба едім. Мұхаммед пайғамбарымызбен бірге жүрген сахабамын. Суға сүңгіп кетіп ем, шықсам әйел болып қалыппын. Түсім бе дейін десем, міне, сіз тұрсыз, міне, екі көзім ашық тұр.

– Е-е, бейшара, – дейді әлгі ер кісі, –  ақылыңнан адасқан екенсің ғой. Сөйтіп, өзен жағасынан тауып алған сұлу, жас қызды әлгі еркек тоқалдыққа алады.

Өйткені сахаба өз жайын қанша айтқанмен жұрт тек күлетін де қоятын. Кейін есі кіргендей күйге ауысты. Тағдырға мойынсұнды, екі жыл уақыт өтті, екі балалы келіншек болды. Бір күні өзен жағасына келді де, ешкім жоқ болғасын суға бір сүңгіп алуды ойлады. Бірақ судан шыға алмады. Тұншығып бара жатты. «Уф-ф» деп судан әзер деп шықты да, тапырлап жағаға қарай жүгірді. Сөйтсе баяғы өзінің әйелі су алып жатыр. Ал өзі суға толтырып жағаға қойған шелегіндегі судың беті әлі толқынданып тұр екен.

Ол енді екі жылдан астам басқа бір әлемде өмір сүріп келгенін ешкімге айта алмады. Өйткені бұлар да «есі ауысқан» деп күлер еді. Алайда, Пайғамбардың сөзіне сенді. Басқа дүниедегі бірнеше жылдың жер бетіндегі қас-қағым сәтпен тең екенін түсінді.

Міне, уақытты кері айналдыру құдіреті де Алланың қолында. Алла Тағала уақытты кері айналдыру мүмкіндігін адамға да берген. Әрине, бұл қолмен емес, оймен айналдыру мүмкіндігі. Құдіреті күштінің осы нығметін пайдаланып, өткен күндерге талай оралып, сағынышқа оранған сәттеріміздің өзін бір бақытқа санауға болады.

Осы бір-екі жыл бұрын «Ресей» телеарнасынан режиссер Андрей Малюковтың «Біз болашақтанбыз» («Мы из будущего») деп аталатын фильмін көрдім. Бұл фильм соғыс туралы осы кезге дейін көрген киноларымның ең әсерлісі болды. Мұнда да уақыт кері айналады. Фильм кейіпкерлері, төрт жас жігіт суға секіріп, 2008 жылдан 1942 жылға өтіп кетеді. Содан небір сұмдықты бастан кешеді. Адам өзі көрмеген нәрседен қорқады, ал басына түскен соң қорқу кеш, күресу керек. Киноның бір идеясы осындай. Сосын оқ пен оттан аман қалған біздің заманның төрт жігіті қайтадан көлге секіріп, тереңіне шым батып, осы күнге оралады. Ең қызығы, Малюковтың қиялы да баяғы қызға айналып кететін сахабаның оқиғасымен сарындас. Енді бұған не дейсіз, өзім әлі ой тереңінен шыға алмай жүрмін.

Жардан суға секірейін десем, қызға айналудан, оған да тәуекел, соғыс бұрқылдап жатқан 1942 жылға өтіп кетуден қорқамын…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<