Қызылордада қанатқақты жобаның сынамасы жалғасты

400

0

Қызылордада қанатқақты жобаның сынамасы жалғасты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деген болатын.
Осы ретте бейсенбі күні облыстық әкімдікте ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Ш.Шаяхметов атын­дағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практи­калық ор­та­лығы мамандарының ұйым­дас­ты­руымен «Жа­ңа емле ережелері қа­нат қақты жобасының сына­масын өткізу» шарасы өтті. Өңірімізге арнайы келген жұмыс тобы қазақ тілінің латын графикасына негіз­делген жаңа емле ережелері жобасының сынама жұмыстарын жалғастырды. Жиынды аталған орталық директоры Ербол Тілешов пікір білдірді.
– Кездесудің мәні – үлкен ел­дік мәселе – латын әліпбиіне көшуге қатысты. А.Байтұрсынов атындағы институттың мамандары, арнайы жұмыс тобының мүшелері шілде айында жаңа тілдің емле ережесінің жобалық нұсқасын аяқтады. Біз бұл жұмысты кеңінен талқылап, толықтырып, нақтыладық. Енді осы жұмыстарды халықпен кеңесіп, түсіндіру мақсатында ел ішінде болып жүрміз. Бұған дейін Ақмола облысында, Бурабайдағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында өткен болатын. Алдағы уақытта бар­лық облыс­тарды аралап шығу жоспарда бар. Бұл – әлеуметтік құбылыс. Осыған байланысты халық өзінің қолданатын әліпбиін, оның енгізілуінің мәнісін білуі тиіс. Біздің кирилл таңбалы әліпбидің кезінде біраз жіберген олқылықтары бар. Жазылуында, емле ережесінде. Соның орнын толтыру, екінші жағынан халықтың көзқарасы қандай, қолданысы қалай қалыптасады, емле ережені қалай қабылдар екен деген бірнеше сауалдар қой­ып, соның ретінде сынама жұмыстарын жүргізудеміз, – деді.
Жиында Қорқыт  ата атындағы  ҚМУ-дің  аға оқытушысы Болат Боранбай сөз алып, латын әліпбиіне көшудің басты мақсат­тарын атап өтті.
Шарада орталық директоры бұл сынама жұмыстар Алматы қаласында өтетін жұ­мыс топтарының семинарында сараланатынын жеткізді. Онда көпшіліктің айтылған ұсы­ныс-пікірлері ескеріледі. Егер айтылған ұсы­ныс-пікірлер ғылыми тұрғыдан орынды болса, онда толықтырулар мен өзгертулер ен­гізіледі. Одан әрі төрт жұмыс то­бының  ат­қарған істері қо­рытындыланып, оның тағы да толықтырылған жо­балық нұсқасы Б.Сағын­таев басқаратын Ұлттық ко­миссияға ұсынылып, жоғары деңгейде бекі­тілетін болады. Содан кейін бұл халыққа міндетті тілдік заңдылық болып табылады.  Қазақстанда  2019 жылы нөлінші сыныптар жаңа әліпбиімен оқиды. Ал 2020 жылы бұл жүйеге бірінші сынып көшеді.
Жиын соңында Ш.Шаяхметов атын­дағы «Тіл–Қазына» ұлттық ғылы­ми-практикалық орталығының мамандары жаңа емле ереже­лерінің жо­басын сараптамадан өткізу үшін сы­нама сауалнамасын жүргізді. Қанат­қақты жобаның сынамасына облыстық басқармалар, департамент­тер, қалалық және аудандық әкімдік қызметкерлері мен әскери қызмет­шілер, жастар қатысты. Сауалнамаға қатысушы алдымен өзі туралы ақпарат толтырады. Екінші жаңа қазақ әліпбиі ережесімен танысып шығады. Одан әрі арнайы берілген тапсырмаларды орындап, егер ұсыныс-пікірлері болса белгіленген орынға қалдырады. Жалпы, облыстан сынама сауалнамаға 500 адам қатысады. Бұл сынама нәтижесінде анықталған статистикалық әрі сапалық мәліметтер емле ережелерінің жал­пыхалықтық қолдауға ие нұсқасын әзірлеуге септігін тигізеді.                                              

 Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<