Зағип жанның жадындағы жанар

2328

0

Редакцияға түскен жаңалықтардың бірінен алдағы тамыз айында Арал қаласында Бақ Иманәлиевке арналған дойбыдан республикалық  турнир өтетінін білдік. Шән мәнінде Б.Иманәлиев кім болған? Оның дойбы шебері, талантты ойыншы болғаны туралы не білеміз? Бұл туралы біз қызылордалық журналист, дойбыдан спорт шебері Б.Иманәлиев жайлы оның өмірлік және спорттық жолын зерттеп, кітап жазған Сағат Жүсіпке жолыққан едік. Сондағы әңгіме желісін ұсынамыз.

«Бақ Иманәлиев қазақ жігіттері арасынан тұңғыш рет дойбыдан КСРО спорт шебері атағын алған адам. Басқаша айтар болсам Бақтың спорттық жетістігі адами тұрғыдан алғанда табиғи құбылыс, ерекше қабілет.

Бақ 1952 жылы Арал ауданына қарасты Қамыстыбас ауылында дүниеге келген. 6 жасында ойнап жүріп, көзіне шеге тиіп, зақым алған. Қазақы бейқамдық па, әлде сол кездегі медицинаның дәрменсіздігі ме, кешіктіріп алды ма, әйтеуір бір жыл өткен соң Бақтың екінші көзіне шарпып, екі көзі де көрмей қалған. Сол күннен бастап кең  дүние Бақ үшін қара түнекке айналды.

9 жасында Алматы қаласындағы арнаулы зағиптар мектебіне жіберді. Сол уақыттан бастап Бақ бүкіл өмірін Алматы қаласында өткізеді. Көзі көрмесе де көкірегі  ояу, өмірге құштар ол ерекше ыждағаттықпен оқи бастайды. Соқырларға арналған Брайль алфавитін  меңгереді. Мектептегі барлық үйірмелерге қатысып, бірнеше музыкалық аспаптарды ойнауды үйренеді. 15 жасында Қазақ Соқырлар қоғамы жанында ашылған спорт шеберіне кандидат Николай Алексенконың дойбы үйірмесіне келіп, дойбы өнерін барынша құмарта меңгере бастайды. Көп ұзамай ұстазынан озып, республикалық деңгейде зағиптар арасында, яғни оған тең келетін адам болмайды. Қазақстаннан ол кезде дойбыдан КСРО шебері атағын алған бір-екі адам ғана бар болатын. Көзі сау адамдардың өзі одақтық жарыстарға барғанда іріктеудің өзінде шаң қауып қалатын. Ол кезде дойбыдан шыққан гроссмейстрлер мен мастерлер Мәскеу, Ленинград, Киев, Одесса қалаларында ғана бар еді. Олар сол кездің өзінде кәсіби, яғни дойбы ойынымен ақша табатын. Қасында еріп жүретін тренерлері бар арнаулы теориялық кітаптармен қаруланған дойбышылар еді.

Ол зағип болғандықтан кирилл әріпті оқи алмайтын. Көмекшісі не теориялық білімі жоқ Бақ үшін мұндай жағдайда шеберлігін, арттыру мүмкін емес еді. Бірақ Бақтың ерекшелігі сонда ол өзіне табиғат берген жадында сақтау, ұмытпау қабілетін өзі дамытып 12 рет зағиптар арасында одақтық чемпион болды. Оған зағиптармен ғана ойнау шеңберіне тар болды. Турнирлерге қатысу мүмкіндігі өте сирек болғанына қарамастан, ол КСРО спорт шебері нормасын орындауға ерекше ынта танытты. Бұл дәрежені орындау үшін жарысқа кем дегенде бір-екі гроссмейстер, 70 пайыз мастерлер қатысу міндетті болатын. Мұндай мүмкіндікке Бақтың қолы 1982 жылы ғана 30 жасында әрең жетті. «Спартак» ерікті спорт қоғамының одақтық жарысында Бақ спорт шебері нормасын артығымен орындады.

Осы жетістіктен соң Бүкілодақтық КСРО финалына қатысуға мүмкіндік алды. 1984 жылы Мәскеу қаласында өткен КСРО финалында гроссмейстерлер Абациев, Габриелян, Плакхин, Саадян сияқтылармен кездесіп 7 ұпаймен осы жарыста турнирдің ортасынан ойып орын алды.

Дойбы тарихында көзі көрмейтін адам көру қабілеті сау мастермен кездесіп, КСРО спорт шеберінің нормасын ешқашан орындаған емес. Тек Бақ қана КСРО финалына шыққан алғашқы қазақ болды. Оның өз партияларын жадына сақтау қабілеті әріптесетерін таңғалдыратын. «Пәлен уақытта пәленше деген дойбышымен қалай ойнадың?» деп сұраған адамға ол сол партияны басынан аяғына дейін ауызша жатқа айтып беретін.

Бақтың достары мынандай бір қызық оқиғаны айтады. Бір үлкен жарыста ол қонақүйде соқырларға арналған арнайы тақтасын ұмытып кетіп, турнир залына келген. Залда  көзі сау мастер күтіп отыр екен. Бақ амалсыз «ауызша» ойнауға мәжбүр болады. Десе де дайын оп-оңай бір ұпайға ие боламын деп ойлаған қарсыласы аяқасты опық жеп жеңіліс табады. Сөйтіп сол жерде  тақтаны сипап ойнамай, оймен өзінің құдай берген ерекше қабілетті жадымен жеңіп шығады.

Ол өзінің алдамайтын мықты жадына сенгендіктен бе, көптеген қым қуыт партияларын жазбаған. Жазып сақтауға мән бермеген. Мүмкін көру қабілетінің қиыншылығы да бұған кедергі жасаған шығар Соның салдарынан ол туралы, оның ойын тәсілдері жөніндегі  кітапты жазу барысында көп қиындықтарды бастан кештім. Әкесі  өлгесін оның отбасы, балалары жазбаларын, дойбы жазбаларын жинауға мән бермеген.

Әйтсе де, өзінің артында көптеген інжу маржанды шеберлігін танытқан партияларын қалдырғаны анық. Бірақ оның бәрін табу мен үшін өте қиынға соқты. Сөйте тұра өз қорымдағы және сол кездегі «Шашки» «Дамбрете» журналдарынан  және «64» апталық басылымдардың тігінділерінен көз майымды тауыса отырып таптым.

Мен қазір дойбысүйер қауыммен оқырмандарға Бақтың інжу-маржанға теңеуге болатын бір партиясыннан үзінді келтірейін.

Бақ бұл партияны 1987 жылы ресейлік спорт шебері А.Быстровпен ойнаған. Бұл партияны орын аз болғандықтан,  қараның  19-шы қате жүрісінен бастап көрсетейін.

Б.Иманәлиев – А.Быстров

Ақтар:a1, c1, F1 d4, E3, b4(6)

Қара: a3, b8, d8, d6, g5, h4

19… d8-c7, 20 El2, cb6

21 fq3, gh4, 22 ab2, he2

23 Eg1,, dc5

24 dE5, ba5, 25 Eb6, cd4

27 fE7, ab4, 28 Ed8, bc3

29 da5, ca1, 30 a5-c3, d1:b2

31 f4-E5, bc7, 32 E-f6, cd6

33 gf2, hg5, 34 f6:h4, dc5

35hg5, cd4, 36 gf6, dc3

37 fE3. cd2, 38 fg7, d2:f4

39 gf8, f4-E3

40 c1-d2, E3-c1, f8-h6x

Мынау керемет финалды да диаграммамен көрсетуге лайық. Ақ жағы БИ, Һ6 қара жағы Билер аІ, сІ, жәй таcтар а3, в2.

Ақпен ойнаған Бақтың жалғыз би І қараның екі биін және екі жай тасын жалғыз өзі ұстап жеңіп шықты! Бұл жоспарды ол 21 жүріс бұрын ойлап, оны жүзеге асырды.

Бақ өмірдің тауқыметін көп көрді. Балалық  шақтан ата-анасынан, бауырларынан, ауылынан, туған жерден жырақ тұрды. Сонау тоқсаныншы жылдардың басындағы дағдарыс кезінде жарымен (жары да көз мүгедегі) екеуі төрт баланы асыраудың қамымен жүріп, дойбыдан жырақ қалған кездері де аз болмады. Табиғат берген ерекше дарынын пайдалану мүмкіндігіне еркін қол жеткізе алмады.

Ол 2008 жылы  56 жасында ұзаққа созылған аурудан соң дүние салды.

Бақты бүгінгі қазақ жұртшылығы онша көп біле бермес. Ал спорт айналасындағылар, атап айтқанда, сала басшылығы Бақ Иманәлиевті танымауы, оның дойбыдағы өз қолтаңбасымен өшпестей із тастап кеткенін білмеуі намысқа нұқсан.

2006 жылы шыққан «Сыр бойы» энциклопедиясында Бақ  Иманәлиевтің аты да аталмаған. 2002 жылы «Арыс» баспасы шығарған «Спортивный Казахстан» энциклопедиясында ол туралы бір-екі сөйлем ғана жазылыпты.

Осы жылдың 5 және 11 тамыз аралығында Арал қаласында өтетін жарысты аудандық әкімдік пен Бақтың  інісі Бағым Иманәлиев бастаған ағайын-тумалары ұйымдастырып отыр.

Бұл жарысқа көптеген атақты спорт шеберлері, Бақтың шәкірттері қатыспақ. Айтпақшы, шәкірттері демекші, ол артына көптеген ізбасар шәкірттерін дайындап кетті. Спорт шеберлері, Г.Никифоров, Р.Мадияров, Б.Зұлхарнай, Н.Пернебаев, М.Құрманбеков  – Бақтың шәкірттері. Жарысқа Алматыдан халықаралық мастер М.Құрманбеков және де басқа майталман дойбышылар қатысады деп отыр. Дойбының көркі демек сол жерде, Бақтың туған өңірінде қызбақ.

Қағазға түсірген

Қ.Нәркен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<