Зеңгір көкте самғаған қыран бүркіт

2229

0

Жаңақорған ауданының тұрғыны Ғалымжан Өміртайдың бүркіт баптағанына небәрі жарты жылдың жүзі болды. Ұлттық өнерді ұлықтаған жас жігіт құсбегілікті жанына серік етуді біраз уақыт бойы ойланып жүрді. Өкініштісі, қазір Сыр өңірінде бүркіт баптай білетін тәжірибелі адам мүлдем жоқ. Ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық құндылық осылайша ұмыт бола бастаған еді. Ғалымжанды алғашқыда қалай болар екен деген ой мазалағаны рас.

Зеңгір көкте самғаған бүркітке ерекше бап керек. Оның сұсы мен мысына екінің бірі шыдай бермейтіні тағы бар. Өткір көзі қараған адамның өңменін тесіп өтерліктей. Ес білгеннен атқа мініп өскен ауыл баласын осылайша құсбегілік өнер баурай түсті. Ендігі кезекте ол жайында ізденіп, білгенін толықтырды. Түрлі деректерге көз салды. Тәуекелге бел буған жігіт бүркітті қолға үйретті. Бүгінде ол құстың қыр-сырына қанығып, кәнігі бүркітшіге айналып келеді.

– Биыл Жаңақорғанда республикалық құсбегілер фестивалі өткізілді. Оған еліміздің көптеген өңірінен бұл жөнінен тәжірибелі адамдар келді. Аталған шараға облыс атынан мен де қатыстым. Бұл мен үшін өте қызықты  болды. Білмегенімді үйрендім. Бүркіттің бабын қалай жасау қажеттігін ұғындым. Рас, біздің өңірде құсбегілік өнер кенжелеп қалды. Оның себебі де бар секілді. Біріншіден, оған өңірдің жаз мезгілінде өте ыстық болатыны әсер етеді. Негізінде бүркіт салқын жерде жүргенді қалайды. Десе де, оны біздің өңірде де дамытуға болады. Естуімше, бүркіттің бірнеше түрі бар. Әрбір өңірге ыңғайлысын іздеп табуға болады, – дейді Ғалымжан.

Сыр өңіріне сапармен келген ҚР «Қыран» федерациясының президенті, ҚР құрметті спорт қайраткері Бағдатхан Мүптекеқызының айтуынша, ұлттық спорт мектептері барлық дерлік аймақта бар. Сол мектептерде құсбегілік өнер үйретіледі. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары елімізде 15-16  ғана құсбегі болса, бүгінде 200-ге жуықтады. Бұрын саятшылыққа тек бүркіт құсы қатысатын. Қазіргі таңда олардың қатарына ителгі, қаршыға, лашын қосылды.

Алаштың арғы-бергі тарихын зерделеген академик Әлкей Марғұлан қазақ саятшылары бүркіттің үш тобын он екі түрге жіктегенін жазған. Олардың қатарында біздің өңірде өмір сүретін «Құмның қызылкөзі» деген түрі бар. Ол Сарысу, Шу өзенінің аяғы, Қаратау, Сырдария аймағын мекендейді. Оған қоса «Желектінің жирентұяғы» дегені Сырдария мен Қаратау аумағында көзге ұшырасады.

Халқымызда «Құстың жүрегі көзінен көрінеді» деген сөз бар. Ол тектен-текке айтылмаған секілді. Көзі мөлдір, жәудіреген, сукөз, мұзкөз болса оны нашар деп санайды. Ал қарашығы тұнық емес, ажарсыз, күңгірт көздісін қайратсыз дейді. Көзінен сағым ойнаған шегір кұстар қырағы, тез байқағыш келеді екен. Соған байланысты қандыкөз және қырағы деп те екіге бөледі.

– Бүркіт баптағаныма көп уақыт өте қоймаса да, біраз нәрсені байқап үлгердім, – дейді Ғалымжан бізбен әңгімесінде. – Бүркіт – өте қауқарлы. Оның тырнағында бір ер азаматтың күші бар деген әңгіме айтылады. Өзі 6-7 келі болса да 100 келіге дейінгі аң-құсты оңай көтеріп кете алады екен. Мәселен, аңға салу кезінде арқарды солайша орнынан қозғайды. Ашаршылық кезінде бір бүркіт тұтас ауылды ішім-жемнен кенде етпеген дегенді көнекөз қариялардан құлағымызға құйып өстік. Тағы бір ерекшелігі, бүркіт қиядағыны көзі шалады. Көзі өткір. Үш шақырымға дейінгі аралықта жемтігін көреді. Осыдан-ақ оны құстың патшасы деп бекер айтпағанын аңғару қиын емес.

Ғалымжан ұядан алған бүркітті қолбала деп атайтынын айтады. Бұл үрдіс түз бүркітін жуасытудан өзгеше. Әдетте, құсбегілер балапанды ұясынан жетілдіріп, ұшуға таяғанда алғанды жөн көреді. Балапанды ұядан әкелгеннен кейін арнаулы үйшікте бос қояды. Біраз уақыт баптағаннан кейін тұғыр орнатып, қасына табаққа су, сүйегімен ет тастайды. Балапан осылайша өз бетімен жеп-ішіп үйренеді. Күз түскенге дейін балапан бүркіттің аяғындағы бауды оң, сол аяғының саусағына алмастырып отырады. Мұнан кейін жас құсты шырғаға түсіріп үйретеді.

Қолға үйретудің тағы бір түрі – еркіндікте   жүрген бүркітті қолға ұстап, оны аңға салуға үйрету. Құсты биіктеу жерге отырғызып, аузына жетер-жетпес жерден жемтікті тақап көрсетеді. Сол кезде бүркіт ұмтылып аузы жетпей, бір аяғын жұмсап, талпынып қолдағы жемге қонады. Шақыру жемін дәмді қылып отырса, бүркіт тез ұмтылады. Ашыққан құсты шақыруға үйреткенде тәтті сан етін қолға ұстап құсқа көрсетеді. Бір-екі жұлғыза-жұлғыза ұзақтан көрсетеді. Ондайда құс адамға қарай ұшып келіп дағдыланады. Ең соңында қызыл көрсе ұшып келетін болады. Ат үстінен шақыруға келсе, құстың үйренгені.

– Еліміздің көптеген өңірінен жиналған құсбегілер Жаңақорғанда бірнеше күн бойы ұлттық өнерді ұлықтады. Оған қызығушылық білдірген жергілікті тұрғындар саны аз болған жоқ. Сондықтан алдағы уақытта Сыр өңірінде құсбегілер қатары көбейеді деген ойдамын. Аталған іс-шараның өзім үшін бергені мол. Тәжірибелі құсбегілер бүркітті қалай баптау қажеттігін жан-жақты түсіндірді. Олардан алдын ала жарысқа қалай баптау қажеттігін үйрендім, – дейді Ғалымжан.

Жемсауын толтыруы, баптауы қанша қиын десек те, бабадан балаға мұра болған бекзат өнерден қазақ бас тартпақ емес. Алматы, Жамбыл, Тарбағатай мен Алтай, Алатаудың бөктерінде құсбегілік жақсы дамыған. Ол жақта табиғатпен тілдесуге ықылас білдірген жастардың саны 200-ден асады екен. Сол саятшылықтың ерекше қасиетін сезіндіру мақсатында ұйымдастырылған сайыстың мән-маңызы зор.

Бүркіттің тамағын тауып беру оңай емес. Күніне 1-2 келі ет жейді. Ол шамамен бір қоян. Күніне кем дегенде 300 грамм етті қорек етеді.

Осыдан жеті-сегіз жылдай бұрын өңірге құсбегілік фестиваліне келген республикалық «Жеті қазына» құсбегілер клубының мүшесі Балтабай Ибраев кезінде Сыр бойында да құсбегілікпен атағы алысқа кеткен кісілер болғанын айтқан еді. Мәселен, Қазалы ауданында Бегалы, Балғынбай, Сейтім сынды кісілер саятшылықты серік еткен. Мұндай азаматтар облыстың барлық ауданында кездесетін.

Қуаныштысы, елімізде құсбегілік өнерді дәріптеп, ел арасына танытуға «Бүркітші» және «Қыран» федерациялары ұйтқы болып отыр. Жанашыр жандардың қолдауымен ұлттық спорт түрлері қауымдастығы құрылды. Осының арқасында құсбегілік спорт түрінің біріне айналып, арнайы ережесі түзілді. Бұл түрлі жарыстар өткізуге өз септігін тигізуде. Қазіргі таңда ересектер және жастар арасында түрлі сайыстарда бақ сынап жүр.

Сондай-ақ республикалық жарыстардың жоғары деңгейде өтуіне ерекше мән беріліп келеді.  Құсбегілер сайыстарға ұлттық киіммен шығады. Құстың бабын білетін азаматтардың есімі алыс-жақын шетелдерге танымал бола бастады. Қазақстандық бүркітшілер Англияда өткен Әлемдік құсбегілер одағының дүниежүзілік фестиваліне барып қайтты. Бүгінгі күні осы одаққа жер-жаһанның 80-нен астам мемлекеті мүшелікке енген.

– Сыр өңірінде құсбегілікті дамыту үшін оны өсіп келе жатқан ұрпаққа насихаттауымыз керек. Шүкір, қазір атқа мінуге құмар жас өрендер көп. Келешекте олар ұлттық өнерді ұлықтауға мән береді деген ойдамын, – дейді Ғалымжан әңгіме соңында.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<