Жаһанды толқытқан жасанды интеллект

1930

0

Кейінгі уақытта әлем халықтарын жасанды интеллект тақырыбы ерекше қызықтырып жүр. Себепсіз емес, жасанды зейін адамзатты жиі таңғалдырып келеді. Мәселен, таяуда АҚШ-та жасанды интеллектпен жабдықталған дрон симуляторда жаудың батареяларын атуы керек болған. Бірақ әуелі командирден рұқсат алуы қажет. Осы кезде дрон тапсырманы орындамау туралы бұйрық беруі мүмкін өз командиріне шабуыл жасаған.  Жасанды интеллект «батареяны құрту маңызды, сондықтан командир бізді тоқтатпауы керек» деген шешім қабылдаған екен. Міне, роботтар да адамдарға қарсы шығуы мүмкін екеніне бір дәлел.

Симуляторға «командирді атуға болмайды» деген шарт енгізілген. Әйтсе де жасанды интеллект оны орындамаған. Тәжірибе кезінде командирді өлтірмеу керек екенін ұққан дрон ақыры басқару пултінен келетін бұйрықтарды тыңдамау жолын қарастырып, басқару мұнарасын атыпты.

Мамандар күмәнданған бұл ақпарат әлемнің белгілі ресурстарында жарық көріп үлгерді. Дегенмен көп ұзамай жасанды интеллекттің қауіпсіздік орталығында 350-дей зерттеуші ЖИ-дің қауіптілік деңгейін пандемия және ядролық соғыспен теңестірді. Бұл құжатқа OpenAI гендиректоры Сэм Альтман, Google DeepMind басшысы Демис Гассабис, Asana басшысы Дастин Москович пен ЖИ-дің авторларының бірі Джеффри Хинтон мен Йошуа Бенжии қол қойған. АҚШ Конгресінде өткен жиналыста OpenAI жасанды интеллект стартапының бас директоры Сэм Альтман өздерінің бұл техникасы адамзатқа қауіп төндіретінін тағы ескертті. Альтман ChatGPT чат-боттары сияқты жасанды интеллект технологиялары дезинформация және зиянды манипуляция сынды мәселелер туындататынын айтқан. Мәселен, Google, Microsoft және OpenAI адам сенбейтін технологияларын көпшілікке жариялады. Бұл технологиялар пайдаланушымен күрделі тақырыптарда сөйлесе алады. Қарапайым мәтіндік сұраулар негізінде кескіндерді жасайтын қабілеті бар. Осыдан кейін жасанды интеллект туралы пікірталас тіпті қыза түсті.

Бұған дейін де жер жүзіне белгілі кейбір адамдар «жасанды интеллект болашақта адамға зиянын тигізуі мүмкін, тіпті, қандай да бір жолмен бүкіл қоғамды басқаруы мүмкін» деп санайтынын жеткізіп  жүрген еді. Солардың бірі – Марс  ғаламшарын адамзат тұрағына айналдыруға тырысып келе жатқан Илон Маск.

«Жасанды интеллект берілген тапсырманы адамдарға қарағанда жылдам әрі дұрыс орындайды. Ең қорқыныштысы, роботтар жалған жаңалықтарды, жалған электронды пошта тіркемелерін, жалған ақпараттарды жасай алады. Жасанды интеллект дәуірінде біз адамзат өркениетінің түбіне жететін дүниені өз қолымыздан жасап алуымыз мүмкін» деген еді Илон Маск.

Әйтсе де біз күнделікті тұрмыста жасанды интеллектің көмегіне жиі жүгінетініміз жасырын емес. Себебі қазір жасанды интеллект адамзаттың сеніміне әбден ие болды. Көптеген сараптау, талдау, есептеу, кескіндеу қызметтері осы AI технологиясы арқылы жүзеге асады. Бірақ оның барысында адамдар жасанды интеллект салдарынан алаңдарлық мәселелерге тап болуы мүмкін. Биыл PSOS GROUP және REUTERS жариялаған сауалнама нәтижесіне қарасақ, америкалықтардың көпшілігі «жасанды интеллект (AI) технологиясының қарқынды дамуы адамзат болашағына қауіп төндіруі мүмкін» деп алаңдайды екен. Сауалнамаға қатысқан адамдардың 61 пайызы жасанды интеллект адамдарға қауіп төндіреді  деп санаған. Ал бағдарламалаушы инженер Серік Төлеу бұл турасында біраз жайттардың барын айтады.

– Жасанды интеллектінің қабілетін адамзатпен салыстыруға болмайды. Роботтардың пішінін, санасын қалыптастырған адам, ондағы ақпараттардың барлығын ойлап тауып, орнатады. Адам баласына дербес ойлану қабілеті, сезім мен түйсік тән. Сондықтан адамзат өркениетінің ең асқақ шыңы – жасанды интеллект болса, оның иесі де біз болып қалуы тиіс. Дегенмен жасанды интеллект арқылы барлық тіршілікті, адам ағзасын, жерді, мыңжылдықтар бойы шешімін таппаған сұрақтарға жауап алуға болады. Жасанды интеллект көмегімен ғарышта, жер қойнауында, мұхитта, жанартауларда аса қауіпті радиоактивті аумақтарда адам денсаулығына қауіп төндірместен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік бар. Адам миының «бөлшектері» арнаулы чип түрінде жасалады. Бұл қазір іске асырылуы мүмкін нәрсе. Білуімше, осы бағытта үлкен жұмыстар белсенді түрде атқарылуда. Жасанды интеллект адамның орнын басуы әбден мүмкін. Қорқыныштысы – осында, – дейді ол.

Не де болса, бір анық жайт бар,  жасанды интеллект адамдарды күнделікті жұмыс салаларынан ақырындап ығыстырмақ. Мысалы, қазірдің өзінде көптеген кәсіпорындарда роботтар қызмет атқаруға көшті. Салдарынан адам еңбегі құнсызданып, адамдарды роботтар алмастырып, келешекте жүк тиеушілерге, сатушыларға, күзетшілерге сұраныс болмай қалуы ғажап емес. Өнер де ақырындап жасанды интеллекттің құзырына ауып бара жатқандай, себебі нейрондық желілер осы күні сурет салып, фильмдер түсіруде. Осылайша олар адамның орнын басып алмаса болғаны.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<