Жалаңаяқ жүрейік

2183

0

Күтіну туралы көп айтылатын кеңестердің бірі – аяқты жылы ұстау. Оған қоса, қалада тұратындар жылдар бойы жалаңаяқ жер баспайды деуге де болады. Дегенмен, жалаңаяқ жүрудің адам ағзасына пайдасы зор. Денені шыңдаудың бұл әдісін біздің ата-бабаларымыз мыңдаған жыл бұрын қолданған. Бүгінде иммунитетті жақсарту үшін жалаңаяқ жүруді әдет қылған жандар да кездеседі. Шынында да, осы бір қолжетімді әдіспен бүкіл дененің жағдайын жақсартуға болады.

Қызылорда қалалық №5 емхананың салауатты өмір салтын қалыптастыру медбикесі Сәуле Баймишова жалаңаяқ жүргенде табан бұлшықеттерінің жүйке жүйесі ширығып, қызметі күшейе түсетінін айтады.

– Сондай-ақ, адамның бойы жеңілдеп, ағзадағы ауыртпалықтан арылып, бойдағы кері зарядтардан құтылып, сергіп қалады. Ортопед, остеопат мамандардың пікірінше, жалаңаяқ жүруге дағдылану – денсаулықты нығайтудың бірден-бір жолы. Ең бастысы – жалаңаяқ жүрген адам май табан ауруының алдын алады және одан арылады. Табанның бұлшықеттері шымырласа, ол майтабандыққа жол бермейді. Өкінішке орай бүгінгі адамдар жалаңаяқ түгілі, жаяу жүрмейтін болды. Ал мұның соңы табан бұлшықеттерінің өсіп, жалпайып кетуіне әкеліп соғуда. Кейбіреулер үй ішінде жалаңаяқ жүреміз деген уәжді айтады. Ал мұның еш пайдасы жоғын олар ескере бермейді. Өйткені бүгінде үйдің еденіне теп-тегіс линолеум немесе басқа да жасанды тегіс заттар төселетіндіктен олар табанның жүйке жүйесіне әсер етпейді, – дейді ол.

Маман-дәрігерлер көк шөптен гөрі қиыршық құм пайдалы екендігін айтады. Майтабанға ұшыраған адам жәшікке толтырылған қиыршық құмды күніне 10-15 минут басып, екі аяғымен кезек-кезек таптап тұрса, ол майтабан ауруынан құтылады.

Жалаңаяқ жүруді әдетке айналдырып, дертіне ем тапқан жандар да аз емес. Солардың бірі – Қонысбек Ықыласұлы. Бүгінде 64 жасқа табан тіреген ел ағасы 3 жасында аяғын шығарып алады. Ата-анасы сынықшыға апарып, тиісті ем жасалғанымен, аяқ қалыпқа келмей, дәрігерлердің соңғы шешімі зақым келген аяққа ампутация жасау болыпты. Нақты шешімге келмей тұрып, 3 сыныпқа енді ғана қадам басар тұста баланы ата-анасы Қармақшыға алып келіп, жайлауға апарып, сол жақта 3 ай демалыста жатады. Жайлаудағы бала балдағымен жалаң аяқ жүре бастайды. Қай жерде, қай уақытта болмасын балдағына сүйеніп жалаң аяқ жүре береді, жүре береді. Солай Жер-Анадан қуат алған ол бір ғажайыптың орын алғанын сезеді. Аяғына жан бітіп, бәшпайларының қозғала бастағанын көрген дәрігерлер де аң-таң. Солай аяқ ампутациядан аман қалған. Бүгінде Қонысбек аға күнде таңғы 6-да сырт­қа шығып, 3-4 шақырым жалаңаяқ жүреді.

– Атам Тұрған бақсы болған. Сол кісі жалаң аяқ жүру керек деп айтып отыратын. Баламыз ғой ол кезде. Ондайға онша мән бермедік. Бірақ сол атамыздың айтқанын екі етпей, жалаң аяқ жүре бердім. Соның арқасында дертке шипа тауып, әлі күнге дейін осы үрдісті тастамаймын. Бір жылдары буындарым сырқырап ауыра бастады. Одан соң ішкі құрылысым дұрыс болмай, отадан шықтым. Сол тұста жалаң аяқ жүріп тағы да дертіме шипа таптым. Көбі біле бермейді. Бұл жалаң аяқ жүрудің пайдасы өте көп. Табиғаттан, Жер-Анадан қуат алып емделудің жөні бір бөлек. Адамдардың табанында өте күшті рефлексогенді нүктелер орналасқан, яғни, ол – сезімтал жүйке ұштары шоғырланған аймақ. Табанның бір шаршы ­сантиметріндегі осындай рецепторлардың саны дененің басқа жеріндегілерден әжептеуір көп. Адам жүрген кезде осылардың белсенділігі артады. Мен дәрігер емеспін. Бірақ жалаң аяқ жүрудің пайдасын барлық адам білуі керек, – дейді ол.

Жалаң аяқ жүрудің тағы бір пайдасы, ол бел омыртқа  шеңберлерінің арасында жарық (грыжа) пайда болуына жол бермейді екен. Дәрігерлердің «жалаңаяқ емін» жиі қолданатыны сондықтан.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<