Ауыл – қазақтың жаны, береке мен бірлік ұялаған атақонысы. Қаладағы қым-қуыт тірліктен тысқарылау жатыр демесеңіз, Тәуелсіздік ауылдардың бет-бейнесіне өзіндік өрнегін салды. Бұрын қала тұрғындарына ғана қолжетімді болып келген өркениет жетістіктері шалғайдағы елді мекендердің де өмір салтына дендеп енді. Атакәсіп – мал мен егін шаруашылығынан басқа, кәсіпкерлік, қызмет көрсету, білім беру, медицина, мәдениет салалары дамыды.
«Сыр бойы» газеті Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қарт Қаратау мен айдынды Арал аралығындағы ауылдардың осы уақыт ішіндегі тыныс-тіршілігін арқау еткен мақалалар топтамасын «30 жыл: Біздің ауыл» айдары аясында жариялай бастайды. Ата-бабамыздың маңдай тері сіңген қасиетті мекендердегі дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы қалай өріліп жатқанынан хабардар болып отырыңыздар.
Корей ағайындарға қоныс болған
Бұл ауылдық округке бірнеше елді мекен кіреді. Жалаңтөс батыр ауылынан бөлек, іргелес жатқан Үйрек, Шитүбек, Алтай, Ойынды, Көбек дейтін шағын елді мекендер бар. Айтпақшы, 1993 жылы батыр атын иемденген. Ал негізінде Қарашеңгел ауылдық округі деп аталады.
Тарихқа шегініс жасасақ, бұл маңда 1929 жылы №3 ауылдық кеңесі құрылған. Содан бері түрлі атау беріліпті. «Бірлестік», «Қызыл ой», бірақ көпшіліктің білетіні – «Қызыл Ту» атауы. 1949-1957 жылдары Карашеңгел ауылдық советі болса, 1977 жылы өз алдына «Қызыл Ту» ауылдық кеңесі болып ашылған.
Соғыс жылдары мұнда Қиыр Шығыстан жер аударылған корейлер де тұрған. Жергілікті қазақтарға сіңген 20 шақты отбасы арасынан ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткендер бар. Әсіресе Петр Пактың есімі ерекше аталады. Сол кездері Қашақбай Пірімов басқарған «Қызыл Ту» ұжымшарының күрішшілер бригадасында Пак звено жетекшісі болыпты. 1948 жылы өзіне бекітілген 5 гектар күріштің әрқайсысынан 80 центнерден астам өнім алған. Ал келесі жылы егіс алқабындағы ерлігі үшін оған «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілген.
Қазір корей ағайындар көшіп кеткелі көп жыл өтті. Тек Анатолий Ли отбасымен ғана тұрады. Қазаққа күйеу ол агроном болып еңбек етеді.
Бүгінде ауылдағы еңбек майданы қайнап жатыр. Жалаңтөстіктер бақша мен күріш өсіруде сол қарқынмен келеді.
Қара еңбектің иесі – Қашақбай
Жалаңтөс батыр атындағы ауылдағы мектепке қоғам қайраткері Қашақбай Пірімов аты берілгелі 30 жылға таяп қалыпты. Бұл ел азаматының 85 жылдығына орай жасалған игі шара еді. Қазір №103 мектеп ішінен музей ашылып, ауласында еңбек иесінің бюсті тұр.
– Мына көрші тұрған Құмжиекте туған Қашақбай Пірімов өз ауылында бригадир болып жүрген. Аудан басшылары біздің колхозға бастық қылды. Қашақбай басқарма болып 1939 жылы келген. Сол кездері біздің «Қызыл Тудың» өркендеуі басталыпты. Күріш егуде жоспарды артық орындап, соғыс жылдарында «Бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен көп үлес қосты. Ауданда 58 колхоз болса, біздің «Қызыл Ту» алдыңғы сапта болғанға ұқсайды, – деп өткен тарихтан аз-кем сыр шертті ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайын Дәуіт.
Расымен, қиын кезеңде ел басқарған Қашақбай аға жайлы аз жазылмады. Оның Ұлы Отан соғысы кезінде өз қаржысынан 100 мың сом беріп, арнайы танк соқтырғаны әлі күнге дейін айтылады. КСРО дейтін алып империяны басқарған Сталиннің өзі қызылтулықтарға жеделхат салып, еңбек майданындағы ерлігі үшін алғыс айтқаны газет бетінде жарияланыпты. Онысы мектеп ішінен ашылған музейде сақталған. Еңбекқор азамат мемлекеттік наградалардың иесі болды. Бүгінде ауыл іргесіндегі «Үйрек» дейтін қорымда жатыр.
– Ауданда бірінші болып күріш егуді қолға алған Қашекең еді. Әрине, оған корей ағайынның себебі де тиді. Ол кезде қазіргі техникадан мақұрымбыз. Өгіз бен соқа. Тұқымды қолмен себетін. Бейнеті көп болды. Бала болсам да, есімде әлі. Тың жерге тыңайтқышсыз күріш өсірген Қашақбай аға басқарған шаруашылық ауданның алды болды. Соның арқасында Жоғарғы Кеңеске 3 рет депутат болып сайланды. 1957 жылы дүниеден өткенше, осы елдің өсіп-өнуіне тер төккен ел адамы болды, – деп сөзін түйіндеді Сайын ақсақал.
Айтпақшы, даңқты композитор Кеңес Дүйсекеев те осы ауылда туған. Оның ата-анасының мәңгілік тыныс тапқан жері де осында.
Тәуелсіздік. Түгелдей жаңарған жұрт
300-ден астам түтіні бар округтің басты тіршілігі – егін егу. Есік алдына бау-бақша өсіреді, онысы піссе, дереу Қазалының базарына артады. Жаздай осындай кәсібін айналдырып, қысқы азығын алдын ала дайындап алады. Ауылға қарасты майда елді мекендерде мал ұстайтындар да жетерлік. Дарияның қамысы, көлдің құрағы басым бұл маңда. Төрт түлік өсіруге әбден қолайлы.
Тәуелсіздіктен кейін тұралап қалған көп ауылдар болды. Еңсесін түзегені де көп. Жалаңтөс батыр ауылы сондай. Мұндағы әлеуметтік ғимараттың барлығы егемендік алғаннан кейін түгел жаңартылған.
– 2010 жылы екі қабатты жаңа мектеп салып берді. Онысы 250 балаға арналған. Екі жылдан соң Қашақбай ағамыздың Жеңіс Пірімов бастаған ұрпақтары мектеп алдына әкесінің бюстін қойды. Жан-жағын абаттандырды. Арнайы музей ұйымдастырылды. Сол жылы жасанды футбол алаңы салынып, ауыл балалары доп тепті. Айтпақшы, мектептің ішінде қосымша «Алақай» дейтін кішкентайларға арналған балабақша бар, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аманкелді Қанатов.
Расымен, музей ішінде ауыл тарихынан хабар беретін 250-ден аса құнды жәдігер жиналған. Мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет істейтін Ләйла Пірманованың айтуынша, Қашақбай Пірімовтың қолданған бұйымдарынан бөлек, сол замандағы ауыл адамдарының заттары тұр. Келі-келсап, шойын соқа мен тырма, қолара, орақ пен кетпен, диірмен де бар. Ескі құжаттар мен соғыс кезіндегі ақша, темір тиындар да көзге түседі. Ауыл құрылғаннан бастап бүгінге дейінгі тарих әбден қатталып, ел ішінен шыққан еңбек ардагерлерінің үлкейтілген суреттері ілінген.
Сайын ақсақалдың айтуынша, осы ауылдан шыққан қалталы азаматтар мен жергілікті халық бірлесе асарлатып, жаңа мешіт тұрғызған. Қасиетті мекенге Жалаңтөс батыр атын берді. Ондағы мақсат – кейінгі буынды имандылық ауылынан алыстатпау. 2014 жылы салынған мешітте 100 адамға дейін мінәжат етуге болады.
Сондай-ақ 2014 жылы жаңа типтегі дәрігерлік амбулатория бой көтерген. Ауыл халқының саулығын қарайтын нысан дәрігерлік қызметтің сапасын жақсарту мақсатында жаңа құралдармен жабдықталған. 2016 жылы күрделі жөндеуден өткен ғимаратқа кітапхана қоныстанса, сол жылы жалаңтөстік бүлдіршіндерді қуантқан тағы бір ғимарат пайдалануға берілді.
Иә, №14 «Сәуле» бөбекжай балабақшасы 90 сәбиге арналған. Қыста жып-жылы, жазда даладағы ойын алаңдары бар балабақшаның барлық бөлмелері заманауи типте жабдықталғаны көрініп тұр.
– 2017 жылы ауылымызда 150 орындық Жалаңтөс батыр ауылдық клубы салынды. Екі қабатты мәдени ғимарат ауылға сән қосып тұр. Ішінде 150 орындық көрермен залы, үйірме және кітап сақтау бөлмелері, оқырмандар залы, гардероб қарастырылған.
Былтыр «Қызыл ой», Ә.Мекешов көшелері жөнделіп, түнгі жарықшамдар қойылды. Енді ауылды газдандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Жоба-сметалық құжаттары дайын. Сондай-ақ құрғақшылықтың алдын алу үшін жерасты бұлақтарын ашу, ауыл ішіндегі электр бағаналарын жаңарту сияқты жұмыстар да атқарылады. Жалпы, бізде 9 көше бар. Барлығы жарықтандырылған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша екі көшені асфальттаймыз, – дейді ауыл әкімі Орысбек Жамшейтов.(Мақала жазылып жатқанда ауыл әкімінің Қазалы аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы болып тағайындалғанын естідік).
Кәсібін кеңге жайған…
Мұндағы жұрттың егін егетінін айттық қой. Ауылда «Жалаңтөс батыр» ЖШС күріш егеді. Бұдан бөлек, Нұрбек Ақпанбетов есімді азамат кесек шығарумен айналысады. Бұл екі мекеме елдегі жұмыссыздық дейтін дерттің алдын алып тұр.
Сондай-ақ «Берекет-1» ауыл шаруашылығы кооперативі мен 16 шаруа қожалығы бар. Жалпы ауылда соңғы жылдары ірі қара, әсіресе сиыр мен жылқы өсіретіндер көбейген.
Елді мекенде 62 кәсіпкерлік субьектісі тіркеліпті. Оның ішінде 43 жеке кәсіпкер бар. Олар мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып жүр. Мысалы, былтыр осы салада мемлекеттік бағдарлама арқылы құны 80,6 млн теңгені құрайтын 17 жоба қаржыландырылған. Ал биыл 10 миллион теңге тұратын жобаға қаржысын алса, қалған 4 жоба бойынша несиеге құжат тапсырылып, тиісті қолдауды күтіп отырған көрінеді.
– Аяқсу келіп тұр. Жұрт есік алдындағы бақшасын егіп болды. Аудан орталығына күніне алты рет маршрут қатынайды. Ертең сонымен ауылдағы келіншектер қияр, помидорын, көк жуасын, басқа да бақшада өскен дақылдарын базарға шығарады. Солай пұл қылады. Мұндай маусымдық кезеңде бақша өнімдерімен 600-700 мың теңгеге дейін пайда тауып отырған отбасылар бар. Қосымша табыс қой бұның бәрі, – дейді ауыл әкімі.
Жоғарыда айтқан «Жалаңтөс батыр» шаруа қожалығында 90 адам жұмыс істейді. Құрғақшылыққа қатысты күріш көлемін қысқартып, биыл 600 гектарға ғана еккен. Дария деңгейінің төмендеуіне байланысты көрші ауылдардан насос алып, күрішке қосымша су жіберуде.
Маңайындағы шағын ауылдарды қоса алғанда, тіршілік түтінін түзу ұшырған ауылдың бірі – осы Жалаңтөс батыр. Қара жердің құнарын сақтап, маңдай терімен адал күн кешкен ағайын тұрады осында. Егемендік алған жылғы нарық қыспағы бұларға әсер етпей қойған жоқ. Сонда да ынтымақпен күн кешкен қызылтулықтар әлі де бір қолдан жең, бір жағадан бас шығарып, қауымдаса еңбек етіп келеді.
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<