Жалшыдан шыққан жомарт

982

1

Тарихта тақыр кедейліктен мол дәулетке қол жеткізген табысты жандарға қатысты түрлі оқиғалар кездеседі. Көбіне оқып тамсанып жататынымыз әлемді мойындатқан шетел байыкештері. Ал, біздің төл тарихымызда мұндай адамдар бар ма? Әрине, бар. Бар болса неге біле бермейміз? Өйткені, өз асылдарымызды аршып зерттеуге жалқаумыз. Біздің түрлі дерек көздерінен түртіп алған бүгінгі мақаламыз осы олқылықтың орнын аз да болса толтыра алса, нұр үстіне нұр.

Өз ауылдастарының ғана емес, қалың қыр қазағының тіршілік мұқтажын өтеген қажырлы қайраткер Бидахмет Бобкиннің есімі ХХ ғасыр басындағы ұлттық буржуазия­ның шоғырлы, әлеуетті тобының қатарында тұратыны сөзсіз. Зайсан өңірі – қазақ даласының бір қиырында жатқан шалғай өлке әрі алпауыт Қытай елімен шекаралас аймақ. Бидахмет Бобкин 1867 жылы осы өлкеде өмірге келген.

Қаракесектің тұқымы Құнанбай әулетімен иық теңестірген ірі бай ретінде тарих бетінде қалған Бидахмет Бобкинді тарихшы, әдебиетшілер ортасы білсе де, қалың бұқараның біле бермейтіні шын. 

Оның  арғы аталарынан бері үзілмеген құтты дәулеті болмаған. Өз әке-шешесі де орташа тұрмыс­ты жандар болып өмір кешкен. ­Ата-анасынан жастай айырылған Бидахмет Бәтима деген қарындасы екеуі өз күндерін өздері көреді. Байлардың жалшылығында жүріп, ауыр жұмыстарға жегілген. Тумысынан алғыр, зейінді пысық болып өскен бала Бидахмет қожайынның айтқан сөздерін екі етпей, адал орындап, көзге түседі, сеніміне ие болады. Қызметіне риза болған қожайыны жүре келе оған түрлі жұмыстарды сеніп тапсырады. Ісіне адал ол аз уақытта өз қалтасына біраз қаржы қорын жинай бастайды. Бай, дәулетті кісінің есігінде күн кешкен жалшы жігіт пысықтығы мен зеректігі арқасында іскер жігітке айналады. Аз уақыт ішінде өз сауда үйі мен дүкенін ашып алады. Ісіне адал қарап, сауда жолында арамдыққа бой алдырмауды парыз санайды. Сол себепті айналасына да жақсы пікір қалыптастырады. «Аққа құдай жақ» деп, бойын менменшілдік пен тәкаппарлықтан таза ұстайды.

Оның бойындағы осындай ізгі қасиеттерін білетін бай-бағландар айрықша бағалап, ерекше құрметтеген. Кәсібіне демеушілік жасап, көмек қолын созған. Сөйтіп, баяғы жалшы бала он-он бес жыл бедерінде бағалы аң терісін өңдейтін сауда иесі болып шығады. Бұл саладағы алғашқы өндіріс ошағын ашқан да Бидахмет болса керек.

Сауда көрігі қызған Бобкин тек Зайсан өңірінде ғана емес, жыл сайын өтетін Ресей аймағындағы Нижгород жәрмеңкесіне қатысып отырады. Ресейлік көпес Морозовпен тығыз іскерлік байланыс орнатады. Кәсіпкер Морозовтар Бобкиннен бағалы аң терісін сатып алатын. Ал, Бидахмет олардан ел тұрмысына қажетті тауарларды алып, ауыл-аймақтағы жоқ-жітітіктің мұқтажына жаратқан. Тауарға қаржысы жетпеген жағдайда көпес Морозов  оған сұраған затын еш кепілдіксіз қарызға беретін болған. Бұл – адал сенімнің күші. Бидахметтің адалдығына, іскерлігіне сенетін Морозовтар әулетінің осы әрекеті «саудада достық жоқ» деген таптаурын қағиданы жоққа шығарғандай. Араға жыл салып жәрмеңкеге келген Б.Бобкин қарызын ұмытпай, тіпті артығымен қайтарып беріп кететін дағдысынан жаңылмапты.

Бидахмет атамыз сауданы баю жолына қойған саудагер емес-ті.  Ол өз заманында ислам парызын адал өтеген жан ретінде зекет беруші,  жомарт, сақи адам  болған деседі. Қасиетті исламдағы бес парыздың бірі зекетті таратушы адам ретінде қала жұртшылығы мен ауыл адамдары оны аса жақсы көрген. Осы әрекеті арқылы қарапайым халықтың ықыласына бөленген. Қолындағы барын ел азаматтарымен бөліскен. Киім-кешек, азық-түлік, әртүрлі тұрмысқа қажетті заттарды ауыл кедейлеріне, қыр қазақтарына таратып отырған. Кей деректерде ауылдағы кедей-кепшіктің 23 баласын киіндіріп, тамақпен қамтамасыз еткен деседі. Адам жанының шаттанып, қуанышқа бөленуінен алған рахаттан артық не бар!

Бидахметтің Зайсандағы сауда үйі мен дүкенінде қыр қазақтары жұмыс істеген. Тек адал, сенімді, ұрлықтан, сұғанақтықтан таза жігіттерді жұмысқа алған. Оларға кәсіп, сауда жасаудың қыр-сырын үйреткен. Жиені Х.А.Бекмаханованың жазуынша, Әділхан, Жиенгелді, Файзрахман, Шаяхмет, Темеш сияқ­ты адал туыстары ұрлық қылмай, Бобкинге шын, таза  ниеттерімен қызмет етеді. Бобкин болса, олардың еңбектерін бағалап, ақыларын жоғары көтеріп, сыйақымен марапаттап отырған. Міне, осы  қамқорлықтың арқасында олар да өз уақыттарында ауқатты өмір сүреді. Сол кездегі дәулетті адамдар қатарында болады.

Бидахмет Бобкин атамыз түр-өңі келісті, сымбатты, сұңғақ бойлы жан болған екен. Қызы Айшадан туған жиені Халима Адамқызының жазуынша, дөңгелек жүзді, шығыс адамдарына тән келбетті, өңді нағашы атасы бір қараған адамға шығармашылық өкілін еске түсіреді екен. Себебі ол кісі, еуропаша киінсе де басынан мұсылманның бас киімін тастамаған.

Осындай жақсылықтың жаршысы, мейірімді Бобкин еш жерде оқымаған, сауат ашпаған.  Десе де, жасынан сауда жілігінің майын сор­ған жігіт орысша тіл сындырып, өз бетінше хат таныған. Саудаға қажетті ең қарапайым арифметикалық амалдарды меңгерген. Өзінің білім ала алмағанына өкініп, балаларының сауатты болуына көп көңіл бөлген. Оқудағы қыр қазақтары мен  кедей балаларының білім алуына атсалысып, қаражат құйып отырған. Ел ішінде, орталықтан шығатын ақпарат құралдарын қолдап, қаржы аударған. Сөзіміздің дәлелі ретінде «Айқап» журналының 1912 жылғы №14 санындағы «Зайсан қазақтары мектеп салуға қаржы жинау шараларын ұйымдастырды. Дәулетті кәсіп егесі Бидахмет Бобкин бұл шараға 500 сом бөлді» деген сөздерді келтірсек те жеткілікті.

Білімге деген ынтызарлық Бидахмет байдың бойынан еш өшпеген. Семей өңірі бойынша алғашқы ұстаздардың бірі, өз заманының белгілі жазушысы Тайыр Жомартбаевты аттай қалап, Зайсан қаласына алдыруы – оның осы білімқұмар ісінің бірі.

Халық басына, Алаштың зиялы қауымына келген зұлмат Б.Бобкинді де айналып өтпеді. 1937 жылы Қиыр Шығыстағы Ворошиловград қаласына этаппен айдалып бара жатқан жолда қайтыс болады. Бұл дерек жиені Х.Адамқызының аузынан алынған. «Мен қайтыс болған соң, кедейлерге садақа беруді ұмытпа» деп ол нағашы атасының өсиет қалдырғанын да айтыпты.

Міне, бір сәт тарих қойнауына сүңгісек, талай арыстарымыздың халқы үшін жасаған игі істері құмнан аршылған алтындай алдымыздан жарқырап көрінеді. 

Бидахмет атамыздың өмір тарихын оқи отырып алған ғибратымыз, осы заманның дәулеттілері жиған байлықты күш таластыруға емес, жақсылықты жарастыруға жұмсаса, келешек ұрпақтың жадында жаңғырып, аты аңыз болып қалар еді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<