Жанкенттен жеткен жәдігерлер

1150

0

Оғыздардың ордасы болған ортағасырлық қалалардың бірі Жанкент шаһары құпияcын аша түсуде. Облыстық тарихи-өлкетану музейі қорына түскен Жанкенттің жауһар жәдігерлері қатарында ғылыми қызметкерлердің назарын аудартқан сирек қазына кездесіп отыр. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Археология және этнография»  ғылыми орталығының Жанкент қалашығына былтыр жүргізген қазба  жұмыстары кезінде табылған керамикалық ыдыстармен қатар қола қоңырауша, сүйектен жасалған түйме және құс пішінді бұйым фрагменті келіп түсті.

Қоңыраушаның атқарған қызметін зерттей келе, үш нұсқасы бар болуы мүмкін деген тұжырымға келдік. Бірінші нұсқа – қазақ халқының ерте заманда күнделікті тұрмыста пайдаланған көне музыкалық сіл­кімелі аспаптардың бірі сылдыр­мақтың қоңыраушасы болуы мүмкін. Шулы-сілкімелі сылдырмақ аспабы әдетте тұтасымен қола, мыс, жез секілді металдар мен шырша, емен, үйеңкі сияқты ағаштардан жасалады. Үн-үйлесіміне байланысты «күлдіреуікті», «сәлпеншекті» деген түрлері бар. Сыртқы келбеті ұс­тауға ыңғайлы әрі жеңіл. Жанкент қоңыраушасы салтанатты діни-ғұрыптық рәсімдерде қобыз, даңғара, дауылпаз, керней сияқты аспаптармен қатар қолданылған ортағасыр сылдырмағының бір бөлшегі шығар, бәлкім. Қоңырауша қоладан жасалған. Диаметрі – 2,6 см. Астыңғы бөлігі тілінген, жоғарғы бөлігінде жіп өткізуге арналған тойнақ бөлігі бар. Соған қарағанда, қоңыраушалар ағашқа бекітіліп, сілку арқылы әдемі әуен шығарған.

Екінші нұсқа – мойынға тағатын әшекей бұйымдардың (алқа, бойтұмар, жырға) салпыншағына бекі­тілген қоңырауша болуы мүмкін. Қай дәуірде болмасын, сұлулықтың символы болған әшекей бұйымдар нәзікжандылар тарапынан әрқашан сұранысқа  ие.  Салтанатты шараларда қыз-келіншектер тағынған көлемді алқалардың қоңыраушаларының бірі деген дерек те жоқ емес.

Үшінші нұсқа – мал мойнына тағылатын қоңырау. Оны халық арасында «гак» деп атайды. Гак әдетте қаңылтыр темірден, мыстан, қоладан жасалады. Жанкент жәдігері  қоладан жасалған. Тотығу әсерінен астыңғы бөлігі жасыл түске боялған. Сыртқы пішіні шұңғыл дүңгіршек жұмыртқа формасына ұқсайды. Төмен жағы дыбыс шығару үшін арнайы тілінген. Жоғарғы тұсына тойнақ орнатылған. Тойнаққа қайыс бүлдіргі өткізіліп, мал мойнына тағылған. Ашық қуысында гак қабырғасына тиген кезде дыбыс шығаратын көлемі шағын, дөңгеленген ақ қиыршық тас салынған. «Археология және этно­графия» ғылыми-зерттеу бөлімі қызметкерлерлері  зерттеу жұ­мыстары нәтижесінде Жанкент жәдігерінің ұсақ мал төлінің мойнына тағылатын гак деген тұжырымға келді.  Гак жайылып жүрген мал бағытын, қайда жүргенін біліп отыру үшін қолданылады. Этнографиялық мәліметтерге қарағанда, малға көз тиюден де қорғайды. Көбінесе жас бота, бұзау-торпақтың, сондай-ақ, бөлініп қалатын саяқ, қашаған малдың мойнына тағады. Мұндай сәндік қоңыраулар жас малдың мойнына өсіп-жетілгенге дейін тағылып, табынға қосылатын кезде шешіледі.

Сүйек түйме – Жанкент қала­шығына былтыр жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған аксессуарлардың бірегейі. Түйме диаметрі – 2 см, қалыңдығы – 0,4 см.  Ортасында  0,3 см тесігі бар. Тесік айналасы ойылып, шең­бер­леніп қоршалған. Түймені бой­лай 7 дөңгелекше ойылған. Әр дөң­гелекшенің ортасы нүктелеу әдісі­мен тесілген. Жиегі параллельді сызықтармен шеңберленген. Тесігінің орнында тойтарма болуы әбден мүмкін. Тойтарма түйме тесігіне орнатылып, киімге бекітілген болуы керек. Ерекшелігі – материалы мен жасалу технологиясының өзге­ше­лігінде, әсем безендірілуінде. 

Құс пішіндес бұйым фрагменті – құс қанаты. Қос қанатты көгер­шінге  тиесілі деп пайымдауға бола­ды. Оғыздардың символы бол­ған бүркіт, сұңқар сынды киелі құстардың қатарында көгершін де болған. Көгершін оғыздар арасында қасиетті саналған. Оған музей экспозициясында орналасқан Кескен-Күйік қалашығынан табылған көгер­шін формасындағы хош иістен­діргіш бұйым да дәлел. Ал, Жанкент қалашығынан табылған құс пішіндес  фрагмент – культтік бұйым. Ол қонақ­тап отырған көгершіннің бейне­сін береді. Симметрия сақ­тал­­ған. Ою әдісімен жасалған қа­нат қауырсындарының ізі айқын көрініс тапқан. Культтік бұйым – көгершіннің басы, құйрығы, аяғы сынғаны анық көрінеді. Бұйым бүтін күйінде жетпеген. Дегенмен, осы бір фрагменттің өзі орта ғасыр қолөнерінің биік үлгісін көрсетеді. Көгершін культтік бұйымы мис­тикалық, яғни діни-ғұрыптық рәсім­дерде пайдаланылуы мүмкін.

Екінші нұсқа – ортағасыр ойын­шығы. Ғылыми қызметкерлердің зерттеуінше, осы нұсқа санаға қоным­дырақ. Өйткені, бұйым фрагментінің ұзындығы – 5 см, биіктігі – 3 см, қа­лыңдығы – 3,2 см. Бұл өлшемдер культтік бұйымға қарағанда, бала ойыншығына келіңкірейді. Бұйым қызғыш түске енгенше жоғары температурада  жақсылап күйдірілген, нәтижесінде үгілуден қорғалған. Сыр өңіріне жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде жылқы бейнесіндегі ойыншықтар жиі табылса, құс пішініндегі ойыншықтың табылуы – үлкен жаңалық. Бала­лардың ой-өрісін дамытатын орта­ғасыр ойыншықтарының қатарын көгершін ойыншығы толықтырып отыр десек, артық айтқанымыз емес. Аталған бұйымдардың барлығы  ІХ-ХІ ғасырларға мерзімделеді.

Жанкент – Қазалы ауданындағы Өркен­деу ауылынан оңтүстікке қарай 1,5 шақырым жер­де орналасқан, мықты бекіністі ортағасырлық қала. Қа­ланың жоспары шығыстан ба­тысқа қарай созы­лып жатқан «Т» әрпі тәрізді, шығыс бөлігі шы­ғыңқы тік­төртбұрышты болып келеді. Жанкент алдағы уақытта да өзінің сырын ішіне бүккен жәді­герлерімен бізге талай ой саларына күмәніміз жоқ.

Ләззат  ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің

«Археология және этнография» 

ғылыми-зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<