Жапондық Генри Форд

3486

1

Бизнес саласында  әлемге әйгілі ірі компаниялар құрған жапондық кәсіпкерлердің тарихымен танысу қашан да қызықты. Өйткені, Жапонияда әлемнің басқа түкпірінде колониялық байлықтары немесе Америкадағыдай миллиондаған құлдары болған емес. Бұл елде бизнес кәсіпкерлердің талантының және еңбекқорлығының арқасында нөлден басталады. Ондай мысалдарды көптеп келтіруге болады, соның бірі – өзінің құрушысы Соитиро Хонданың есімін иеленген «Honda Motor» компаниясы.

         Соитиро Хонда Жапонияның Хамаматсу деп аталатын аграрлық аймағындағы 1906 жылы дүниеге келген. Бұл провинция әйгілі «Сони» компаниясының негізін қалаушы Акио Моритоның да туған жері. Морито теннис корттары және басқа да байлықтары бар ауқатты отбасында дүниеге келсе, Хонда деревнялық кедей ұстаның отбасындағы үлкен ұлы еді. Олардың өте кедей тұрғаны сонша бес баласы аштықтан кішкентай кезінде шетінеп кеткен болатын. Әкесі велосипед жөндеумен айналысатын болғандықтан, Соитироның құрастырушылыққа әуестігі жас кезінен пайда болды.

Жапондық Генри Форд

         Оның бірінші рет автомобильді көруі өте қатты әсер қалдырды, бұл көріністі өмірінің соңына дейін айтып жүрді. Ол бар күшін салып көліктің соңынан жүгіргенін, автомобиль тоқтаған жерден машина майы тамшысын тапқанын айтуды ұнататын. Ол тізерлеп отыра қалып, май тамған жерді иіскей бастайды. Май сіңген құмды алақанымен ысқылаған жас балаға дүниеде бұдан асқан жағымды иіс жоқ секілді болып көрінеді. Сол сәтте Соитирода өз автомобилін жасау туралы арман пайда болған еді. Әкесі велосипед жөндеумен айналысатындықтан, жас баланың техникаға деген құштарлығы түсінікті жайт болатын.

         Хонда 1922 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін өзінің туған жері Тэнрю қаласынан Сидзуоки провинциясына, яғни ел астанасына ауысады. Ол Токиода автомеханик болып орналасқысы келеді. Алайда тәжірибесі жоқ 15 жастағы жасөспірімге «Art Shokai» автожөндеу шеберханасының иесі балаларын қарауды тапсырады. Ол 1923 жылдың 1 қыркүйегіне дейін балаға қараушы болды. Ал сол күні Жапония тарихындағы ең ірі жер сілкінісі болды. Токио және ондаған ірі қалалар қирап, жүздеген мың адам қаза тапты. 

Гаражда жұмыс істеген адамдардың біразы жұмыстарын уақытша тастап,  өз үйлерін қалпына келтіруге кетті.  Жұмыс қолы жетпеді, сол себептен де Сойтироның көптен бергі арманы – автомобиль жөндеу жұмыстарына  кірісуге мүмкіндік туды.

Жапондық Генри Форд

        

Шеберханада Хонданың өнертапқыштық дарыны бірден байқалды. Жер сілкінісі салдарынан өрт шығып, үйлермен қатар көптеген автомобильдер де отқа шалдыққан болатын. Шеберханада оларды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатты. Соитиро көлік доңғалағындағы ағаш спицтердің өртеніп кететінін көріп, металдан тұтастай жасалған диск ойлап табады. 1928 жылы осы тапқан жаңалығы үшін алғашқы патентін алады. Бұл Хонданың өнертапқыштық әлеміне жасаған алғашқы экскурсиясы еді және ол оның келешекте небір техникалық шешімдер ойлап табуына салынған жол еді. Олардың әрқайсысы күрделі проблеманы қарапайым түрде шешумен ерекшеленді. Хонда қарапайым адам болатын. Ал оның ұлылығы өз өнімдеріне қатысты пайда болған кез келген проблеманы қарапайым жолмен шешудің жолын таба білуінде еді. Оның өмірінде алған патенттерінің саны 150-ден асады. Сол жылы «Art Shokai» қожайыны Хондаға туған жеріне оралып, онда шеберхананың филиалын ашуға рұқсат берді.

         Соитиро Хонда мектептегі оқуды жақтыра қоймады,  сондықтан да сабақтан жиі қалатын. Өнертапқыш өзі ізденіп, түрлі тәжірибелер жасап, өз қателіктерінен үйренді. Өзінің шеберханасы пайда болуымен еркіндік пайда болып, құрастыруды бастады.

Жапондық Генри Форд

         Соитиро Хонданың есімі 1938 жылы поршенді сақина ойлап табуымен аты шықты. Ол жаңа компания құрып, Токиодағы «Тойота» компаниясы үшін поршенді сақиналар шығара бастады. Ол зауытты құру да оңайға соқпады. Жапония екінші дүниежүзілік соғысқа дайындалып жатқандықтан, бетон табудың еш мүмкіндігі болмады. Оның арманы, жоспары құлдырау алдында тұрды. Соған қарамастан зауыт салу туралы шешімінен қайтпады. Ойын жүзеге асыруды ниет еткен Соитиро достарын, әріптестерін жинап қиындықтан шығудың жолын табуға кірісіп кетеді. Нәтижесінде командасымен бетон жасаудың жолын табады. Зауыт салынып,поршенді сақиналарды кең көлемде шығаруға мүмкіндік алады.

         Соғыс кезінде бомба түскеннен зардап шеккенше фабрика осы жұмыстармен айналысты. Ал 1945 жылғы жер сілкінісі оны толығымен күйретіп кетті. Көңіл күйі түскен Соичиро Хонда амалсыздан бар дүниесін, яғни поршенді сақина шығарытын зауытын «Тойотаға» сатып, жарты ставкамен жұмыс істеуге көшті. Оның мотоциклдер нарығына келуі тіптен кездейсоқтық деуге болады. 1946 жылы  автокөлігіне бензин табу проблемаға айналды. Содан ол американдық әскерилер тастап кеткен машиналар генераторындағы қуаты аз бензин насосын алып, қарапайым велосипедке орнатты. Осылайша болашақ мопедтің үлгісі болған моторлы велосипед өмірге келді. Күрделі проблемалардың осылай қарапайым да элегантты түрде шешімін табу оның кәдуілгі стилі еді.

         Мұнан соң достарының өтініші бойынша оларға да осындай мопедтер құрастырып берді. Біраз тапсырысты орындап тастаған соң келесілері үшін мотор табу қиынға түсті. Мұндай көліктердің нарығы бұдан да артық болатынын сезген ол мотор шығаратын компания құруды мақсат етіп қояды. Оның қалтасында жоспарын жүзеге асыратын көк тиыны да болған жоқ. Соғыстан экономикасы есеңгіреген Жапоияда несие беретін мүмкіндік те болмады. Шығатын жол жоқ деп берілудің орнына Хонда істің шешімін табамын деп алға ұмтылды. Ойлана келе ол елдегі велосипед сатумен айналысатын дүкен иелеріне хаттар жолдады. Онда ол өз идеясын дәлелдеп, алғашқы капитал керек екенін айтып, әріптес болуға шақырды. Хатты алған он сегіз мың адамның үш мыңы идеяны қолдап, Хондаға іс бастауға инвестиция құяды. Сөйтіп ол тауардың бірінші партиясын құрастыруды бастап кетті.

         Бұл екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезең болатын. Ел экономикасы күйреген, жанармай тапшы. Сол себептен үнемділікті қажет ететін көліктерге сұраныс артты. Бірақ осыдан кейінде Хондаға табыс табу оңай болған жоқ. Себебі мопедтер үлкен және моторының даусы қатты шығатын. Сондықтан оның сатылымы дұрыс жүрмеді. Қиындыққа мойымайтын Хонда туындысын өңдеп, халық сұранысын қанағаттандыратын «Жаңа бастаушы» атты мопедін дүниеге әкелді. Олар өте жақсы өте бастады. Осыдан соң Хонда компаниясын құрып, оны өз есімімен атады. Бұл 1948 жыл болатын. Осылайша ол онсызда өте тығыз мотоцикл өндірісі нарығына кіруге тәуекел етті. Бес жылдың ішінде Сойтиро Хонда жүздеген бәсекелестерді нарықтан ығыстырып шығарды. Оның 1950 жылы шығарған «Дрим» (Арман) мотоциклі өзінің балалық шағында жақсы көлік жасап шығару туралы арманын орындағанмен бірдей еді. Одан соң 1955 жылы шығарған «Супер Клаб» мотоциклі  Жапонияда бірден сұранысқа ие болса, 1957 жылы Американы жаулап алды. «Үздік адамдар Хондамен жүреді»  деген жарнама да сәтімен шыққан болатын. Жақсы техникаларымен және әдемі жарнамасымен Сойтиро Хонда тоқырауға ұшыраған өндіріс саласын жандандырып, үлкен табыстарға жетті. Осылайша 1963 жылы «Honda Motor»  компаниясы мотоцикл бизнесінде дүниежүзі бойынша жетекшілікке ие болып, италиялық ірі компаниялар мен аты аңызға айналған  «Harley-Davidson» зауыттарын нарықтан ығыстырды.

         Хонда компаниясы 1961 жылы айына 100 мың мотоциклден шығарып тұрса, 1968 жылы АҚШ-тың өзінде шығарылған мотоцикл 1 миллионға жетті. Ал 80 жылдардың ортасына таман әлемдік нарықтың 60 процентіне иелік етіп, 90 жылдарға қарай бір жылда 3 миллион дана мотоцикл шығара алды.

         Иә, Соитиро Хонда басқарған компанияның сол уақыттары жылдық айналымы 3 млрд долларға жетті. Оның дизайн мен маркетингте жүзеге асырған тың ойлары тұтынушылардың  кезінде «Харлей» мотоциклін мінген «қара курткалы жігіттер» атрибуттарынан бас тартқызды. 

Жапондық Генри Форд

         Мотоциклдер индустриясында өз позициясын мықтап бекітіп алған жігерлі де  өршіл Соитиро Хонда енді автомобиль нарығын жаулауды мақсат тұтып, жарыс автокөліктерін шығаруға бел буады. Соитиро бұрыннан автомобиль жарыстарын ұнататын. Сонау 30 жылдары Art Shokai шеберханасында жарыс автокөліктерін құрастырып, ол жарыстарға өзі де қатысатын. Сондықтан да оның алғашқы шығарғаны S500 спорткары болды. Одан кейін Т360 пикабын шығарады. Жапонияның халықаралық сауда және өндіріс министрлігі оған Жапонияға тағы да бір автокөлік өндірісі қажет емес екенін жеткізеді. Бірақ Хонда ол ескертуді елең қылмады. Сол уақыттардағы сарапшылар оның көп ұзамай сәтсіздіктерге ұшырайтындығын болжады. Осылайша ол 1970 жылы сонау 1925 жылдан бері Уолт Крайслер ешкімге дес бермей келе жатқан нарыққа енуге тәуекел етті. Осы жылдар аралығында «Паккард», «Хакдсон», «Студбеккер», «Кайзер», «Уиллис», «Такер», «Кросли» және «Делоран» секілді оншақты компания сәтсіздікке ұшыраған болатын.

         Хондаға әлемдік автомобиль нарығындағы табыс он жыл өткен соң ғана, 1973 жылы «Honda Civic» шығара бастағанда келді. Бұл әлемде мұнай дағдарысы орын алып тұрған кезең еді. Алдыңғы жетекті шағын автокөлік бірден сұранысқа ие болып шыға келді. Осы орайда атап кетерлік бір жайт –»Хонда» компаниясының өндірістегі сәтті қадамдарының біріне мотордан шығатын улы газдардың американдық үкімет белгілеген тазалық стандарттарына қол жеткізгенін айтуға болады. Бұл өзі осы саладағы ең  өзекті мәселелердің бірі саналатын. Бұл проблеманың шешімін автомобиль өндірісіндегі «Дженерал Моторс», «Форд», «Крайслер», «Тойота», «Ниссан», «Мерседес-Бенц», «БMB», «Порше» секілді гиганттардың өзі шеше алмай келе болатын. Олар тек катализаторлық конвертор орнатып қана қиындықтан құтылып жүрді. Хонда бұл мәселені бірінші орынға қойып, барлық күшті оны шешуге жұмылдырады. Ол жұмыстар ақыр соңында өз нәтижесін беріп, ауаны ластау көрсеткіші ең төмен деңгейдегі «ССВС» двигаталін жасап шығарады. Осылайша ол жоғарыда айтылған титандардың алдын орап кетеді. Ауаны ластау проблемасын шешкен алғашқы двигатель Civic автокөлігіне орнатылып, бірден хитқа айналып шыға келді.

         «Civic» жаппай сатылымға ие болған алғашқы жапондық көлік болды. Оның сатылымы жақсы жүргені сонша еуропалық авоконцерн иелері мазасыз күйге түсті. Шағын автокөліктер нарығында оларға өте қауіпті бәскелес пайда болған еді. 1973 жылы  «Honda Motor» компаниясы «Civic» моделін шығарып қана қойған жоқ, сонымен 25 жылдығын атап өтті. Директорлар кеңесінде  Соитиро Хонда өзінің зейнеткерлікке шығатынын мәлімдеді. Жапондық компаниялар басқарушылары үшін 67 жас үлкен болып есептелмейді. Әйтсе де Хонда өз шешімінен бас тартпады. Өзі құрған компаниясының әлемдік табысын демалыста жүріп бақылағанды жөн санады. Соитироның екі ұлы және екі қызы болды. Бірақ компанияны басқаруды оларға тапсырған жоқ. Басшы адамда лидерлік қасиеттер мол болуы тиіс деп санаған ол өзі таңдау жасаған қызметкерге сенім артты.

Жапондық Генри Форд

         Ол тәуекел етуді жаны қалап тұратын. 30 жылдар ортасында автомобильдер жарысына қатысып, ажалдан аман қалғаны бар. Ол жарыста жеңіп шықты. Бірақ дәл финиште апатқа ұшырап, үш ай ауруханада жатып шығады. Мұнан кейін оған жарысқа қатысуға тиым салады. 60 жасында өз тікұшағын басқаруды үйренеді. Бірақ жанындағы серіктері бір рет өлердей қорыққаннан кейін пилот креслосын кәнігі ұшқыштарға босатып беруге мәжбүр болды.

         Оның қызбалығы, азартқа берілуі, бунтарлық қасиеті ерекше тұғын. Соитиро Хонда жеңілісті мойындамай өзінің идеясы үшін барынша тәуекелге баруға дайын тұрды. Бұл әсіресе 70 жылдардағы мұнай дағдарысы кезінде анық байқалды. Осыған байланысты жапондық өндіріс иелері өндіріс көлемін қысқартып, бағаны көтеруге келісім жасайды. Тек Соитиро Хонда ғана бұл қадамға бармады. Экономикадағы өндірісті қысқартып, бағаны көтеруді дәлелдейтін Галбрайтиан заңдылығына қарсы әрекетке барады. Ол керісінше өндірісті екі есе көбейтіп, бағаны түсіреді. Сол уақытта «Ниссан» мен «Тойота» компанияларында сатылым көлемі 40% төмендеп кетсе, «Хонда Моторс» сатылым 76%-ке көбейіп, одан әрі өсе түсті. 1987 жылға таман «Хонда» әлемдегі ең тез өскен компания саналды.

         Сондай-ақ ол автомобиль нарығына шығуға бел буған шақта мотоцикл өндірісіндегі ең басты қарсыласы «Ямаха» мотоцикл нарығын біржолата тартып алуға қадам жасайды. «Хонданың» барлық қаржысын автомобиль өндірісіне салып жатқанын сезген олар мотоциклдің жаңа моделін жасап шығарып, оның бағасын барынша төмендетеді. Олар Хонданың бұған жауап қадам жасауға мүмкіндігі қалмайды деген ойда болды. Алайда қатты қателесті. Соитиро Хонда барлық резервтерін салып, қарсы күрес жүргізді. Қаржылық қиындықтарға қарамастан жыл бойына апта сайын жаңа модель шығарып тұрды. «Ямаха» мұндай бәсекелестікке шыдамай, ақыр соңында  басшылық құрамын ауыстыруға мәжбүр болды.

         Ол қалыптасқан стереотиптерді бұзудан қорықпайтын. Үлкен концерннің басшысы бола тұрып, компанияның басқарма жиналысына қарапайым киініп келе беретін. Ол адамды сыртқы түріне қарап бағалап, шешім шығаруға болмайды деп есептеді. Дегенмен, осындай қарапайымдылығы бір рет император қатысатын шараны уақытынан кешіктіре жаздады. «Honda Motor» компаниясының негізін қалаушыға император сыйлық тапсыруы қажет тұғын. Соитиро бұл шараға қарапайым кительмен келеді. Ал протокол бойынша фрак киіп келуі тиіс. Әйтеуір әрең дегенде фрак ауыстырып үлгіреді. Ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қарап отырған жоқ. Өз компаниясында, сондай-ақ Жапон автоөндірушілер ассоциациясы мен Токио сауда палатасында құрметті қызметтер атқарды. Мұнан бөлек ол Хонда қоры мен Жол қозғалысы қауіпсіздігі халықаралық ассоциациясын құрды.

         Соитиро Хонданы жапониялық Генри Форд деп атады. Генри Форд автомобиль үшін не істесе Хонда мотоцикл үшін соны жасады. Тоқырауда қалған  нарықты динамикалық қозғалысқа түсірді. Оның табандылығының арқасында ең үздік дизайнды мотоцикльдер, ең көп саталымға ие болған автомобильдер шығаруды жүзеге асыра алды.

         Сойтиро Хонда 1991 жылы дүниеден өтті. Зерттеушілер үшін ол қарапайымдылықтың, табандылықтың, тәуекел ете білудің және өз қателіктерін бағалы активке айналдыра алудың үлгісі болып қала бермек.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<