Жақсыдан жарқын із қалар

2243

0

Өмірден көрген-түйгені мол көнекөз қарияға сәлем бере барып, әр сұхбаттасқан  сайын көңіл көкжиегіміз кеңіп, рухани серпіліп қалатынымыз бір басқа, ойды онға, сананы санға бөліп мазалап жүрген көп кілтипанды сұрақтың кілтін тапқандай бір жасап қалатынымыз шындық. Жасы тоқсан бестен асқан ауылымыздың ақсақалы мен үшін осындай асқақтық қадір-қасиетімен қымбат еді. Жүз жасағанның бәріне бірдей болмыс па?

Жоқ, осы деңгейге жету үшін бұл кісінің жұмсаған қажыр-қайраты бір бөлек әңгіме.

Ол 1925 жылы 22 ақпан күні дүниеге келген екен. Өзі өмірге келген Бесарық ауылдық кеңесіне қарасты 29 разъезд – Сатымсай елді мекені көкжазиралы, малға жай, көлінде балығы шоршыған, шаруасы белден шалқыған берекелі бір қоныс болған. Жон арқасынан тіліп өткен шойын жол елдің тыныс-тіршілігін мүлде тың арнаға бұрып, төңіректегі еркек кіндіктің қолына  қайла ұстатып, қара жұмысқа жегуі бақ па, сор ма белгісіз, бірақ саясаттың салғанынан кім қашып құтылар?

Бектұрсынның  әкесі Бекмырза 20-жылдардан бастап теміржол бо­йында қырық жыл стрелочник – жол қараушы болып жұмыс атқарған екен. Ауылда онжылдық мектеп бол­мағандықтан,  ұлы Бектұрсынды Түркістан қаласындағы Ленин атын­­дағы орта мектепке оқытуына тура келген. Оны 1942 жылы тәмам­даған ұлан ауылдағы №16 мек­теп­ке мұғалім  болып орналасады. Ал 1943 жылдан 1945-ке дейін Бесарық темір жол мек­те­бінде мұғалім әрі оқу бөлімі­нің мең­герушісі болып қызмет атқа­рады.

Соғыс аяқталған соң теміржол жұмысына мамандар қажет болып, үш жылдай теміржолда станция кезекшісі болыпты. Жасынан білімге ынтық, қолға түскен кітап атаулыны оқып тауысып, таудай талабына тұрмыс тұсау болып, тұншығып жүрген жас  кеуде жоғары оқу орнына түсуді мақсат етіп,  1947 жылы КазГУ-ға құжат тапсырады. Бір жылдан соң Қызылорда педагогикалық институтына ауысады. Оқу бітіріп келген жас маманды Жаңақорған аудандық партия комитетінің нұс­қаушысы етіп тағайындайды. 1954 жылдан 1957 жылға дейін аудандық партия комитетінің жалпы білім беру бөлімінің меңгерушісі болып істейді.

1957 жылы тамыз айында об­лыстық партия комитеті бюро­сының шешімі бойынша  Алматы Жоғары мектебінің тыңдаушысы, оны бітіріп келген соң  Жаңақорған аудандық пар­тия комитетінің ұйымдастыру бө­­лімінің меңгерушісі болып істе­ген.

1962 жылдың аяғында екі аудан біріктірілуіне байланысты Шиелі өндірістік басқармасының кадр жөніндегі инспекторы болады. Осы жылдың аяғында Сырдария, Тереңөзек аудандары біріктірілгенде Бектұрсын аға Сырдария ауданы партиялық мемлекеттік бақылау комитетінің төрағасы болып бекі­тілген. Бұл қызметті  1971 жылдың мамырына дейін  атқарса, одан әрі оған зор сенім артылып, Тереңөзек аудандық кеңесі атқару комитетінің секретарі қызметіне сайланып, онда 1985 жылдың  қазан айына дейін абыройлы  еңбек жолдары­нан өтті. Ол кездегі тәртіп бойынша алпыс жас – зейнеттік кезеңнің   ке­мелденуіне екі жыл алдын  облыстық партия комитетінің І хатшысы Еркін Әуелбековке  өтініш жазып, өзін жауапты қызметтен босатуын, туған жерге ту тігіп, ендігі қалған ғұмырында өскен ел, өнген жердің бір кәдесіне жарасам деген ізгі арманы болыпты.

Өмірлік тәжірибесі мол, нешебір қиын-қыспақ  сынақтарда өзін көр­сете білген, ісіне шын берілген, ха­лыққа жаны ашитын адал, прин­ципшіл тұлғаның іскерлігін жоғары бағалаған басшылық партия мекте­бінде ысылған, өзіне де, өзгеге де зор талап қоя білетін Бекеңді өз ауылы – Бесарық ауылдық кеңесі атқару комитетіне төраға етіп жібереді.Осы жерде абыройлы қызметін жалғаған ол туған жердің көркеюіне, әлеуметтік-экономикалық жағынан жүйелі бағыт алып, бағдар түзуіне  өмірлік тәжірибесін сарқа білді. Оның қоғамда тазалық пен тәртіптің орнығуына тегеурінді ықпал  ете  алатын органдар құрамына жүйелі сайланып отыруы еңбек адамының халық мүддесі жолында айнымас қағидаларынан қайтпайтын қай­сар портретін бекіте түскендей. Бір­неше рет  халықтың қалауымен   депу­тат болуы, барлық кезеңде партия коми­тетінің Пленум және бюро мүшесі болып сайлануы елге болсын деген қоғамның адал жауынгерінің жұмысына мол серпін берді.

Ағаның өткен кезеңдегі қызмет­тік жолы бір басқа, ортамызға келіп бас болып, бағын асыруы, барша­мызға үлгі-өнегесін танытып, жанына мол шуақ шаша білуі,  бөлек әңгіме. Бір ғасыр жасаған ғұмы­рында жан тазалығынан танбай, тәкаппар  мінезіне  қылау жуытпаған  қарапайым болмысына  қызығумен  жүрген біз ол кісі дүниеден озған кешегі күні  арқасүйер тіреуімізден айрылғандай  күй кешкеніміз аян. Жаныңа жарық төгіп жүрер жақсы адам қай кезде де керек екен.

Менің ойымша, бұл кісінің өмі­ріне қасиет дарытып, көптің қалт­қысыз пейіліне қауыштырып тұрған күш – қарапайымдылығы дер едім. Пәлен қызметкер болғанмын демей, жасқа да, кәріге де ең­бек­ке құл болуды қарақан басы­ның қағи­дасы­мен дәлелдеп, зейнетке шық­қан­нан кешеге дейін қолы­нан күрегі түс­пей, бейнет қыл­ған қа­рияның со­ңында  ұрпақтың ұрпа­ғына жетер қалың бау-бақшасы қал­ды. Оны «Бек­тұр­сын бауы» деп атаса болады.

Жазық даланы жайқалған баққа көмкерген бұл еңбек өз үрім- бұта­ғына ғана емес, айнала қауым, қалың елге жемісі түгесілмейтін ырзық-несібе, бір сөзбен айтқанда, еңбекпен өрілген ескерткіш сынды.

Мұндай азаматтың отбасындағы орны да, тәлім-тәрбиесі де өзгеден оқшау тұр. Жан серігі Маңғаз апамыз екеуінен өрген  жеті перзенті де ата-ана өнегесіне адал, шетінен ибалы, тәрбиелі болып ер жетіп, жоғары білім алып, халық қызметінің сан саласында абыройлы қызмет атқарып жүр. Қарашаңырақтағы ұлы мен келіні – Абайхан мен Баян қос қарияны алақандарына салып, аялап, ақ батасын алып қалған жандар. Бұл шаңырақтағы ерекше  ахуал, айрықша қамқорлық, әке мен бала арасындағы аяулы қарым-қатынас жөнінде келіні Баянның айтқаны біздің де көңілімізді толқытты: «Бұл кісілер – маған туған ата-анамнан артық қамқор болып жүрек жылуын аямаған жандар. Өмір  сүру деген жеңілдің үстімен жан қинамай жүріп өту ғана емес, көшке ілесіп, лайықты ғұмыр жалғауда  жүйрік уақыттың жалына жармасып жігеріңді жанып отырмасаң, тағдыр сыбағасынан сырт қалуың мүмкін. Бұл ретте ата­мыздың біздің бойымызға еккен тәртіптілік қағидалары  айнымас өмір ережемізге  айналған. Ол кісі әрбір күнге жоспар түзіп қойып, бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырмауға дағ­дыландырып тәрбиеледі. Мұның шарапатын біз де, біздің балаларымыз да көріп отыр деп сеніммен айта аламын» дейді.

Ия, ол отбасына ғана емес, жалпы ауыл халқына үлгі, туған жердің бір тұғырлы азаматы еді. Тоқсан бес жастан асқан шағында  бұл өмірден озып кете барған абыз ақсақалдың соңында көрікті бау-бақшаға  айнал­ған көнермес көзі ғана емес, ел есінде қалар сөзі де қалды. Өмір бойы көкірекке жинап, көңілде зерделеген қазақтың асыл  мақам, дана нақылдарынан түзген «Сөз құдіреті» деп аталатын кітабын қалың оқыр­ман игілігіне қалдырып кетті. Бұл жинақты асыл жанды азаматтың оқшау болмысын жарқыратып тұ­рар бір жәдігер деп санадық. Ұзақ ғұмыр иесінің  ұлағаты  Бесарықтың жұртшылығы ғана емес, барша қазақ еліне өнеге мектебі деуімізге әбден болады.

Смағұл САДЫҚҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<