Жақсының жан шуағы

1009

1

Тау алыстаған сайын биіктейді. Біз туған өлке мидай жазықта орналасқан. Десе де, айбат-айбары тау шыңындай еңселі ағаларымыз аз емес. Сондай ағаларымыздың бірі Әбубәкір Теміров еді. Оның өзі ғұмыр бойы тер төккен туған жерінің топырағын жамылып, мәңгі тыныстап жатқанына да біршама жыл өтті. Әйтсе де,  халқы арда ұлын ұмытқан жоқ. Ұлықпан хәкім мың жасапты демей ме? Әрине, ұрпағымен. Әбекең мен  Маржан анамыздың бауырынан өрбіген перзенттерінің баршасы бұл күнде ат жалын  тартып мініп, сан салада қызмет жасап, әулет абыройына, әке есіміне  дақ түсірмеуге тырысып-бағуда.

Әбекеңді біршама білу­ші  едім. Тонның ішкі ба­уындай етене аралас­пасам да сәлеміміз түзу болды. Газет тілшісі ретінде жүз­десіп жүрдім. Ауыл баласы болғандықтан шығар, ауыл шаруашылығы бағытында  әңгімеміз үйлесім табатын. Жасы әкеммен қатарлас  Әбекең  мені ешуақытта қом­сынған емес. Әңгіме же­лісі мал өнімдерін өңдеу жайына ойысқанда ағамыз қатты қынжылатын. Әсі­ре­се,  кезінде құны алтын­мен тең түйе жүні, қой жү­ні, мал терісінің ит­рә­­суа болып, іріп-шіріп жат­­қанына  алаңдайды. Мұн­­­дайда Әбекеңнің жан дү­ниесіндегі ренішін  түсі­нуге тырысасың. Көпті көр­ген білікті маманды іш­тей қолдайсың. Қыстың қы­тымыр аязында, жаздың ми қайнатар аптабында ты­ным көрмейтін малшы аға­йынның есіл еңбегі еш кетіп жатса, шаруа жайына қанық дала перзенті қалай­ша күйінбейді?

Өзгеге ұсақ-түйек, ауыл адамына аса маңызды жем-шөп дайындау, мал төл­дету, төрт түлік ара­сын­да кездесетін түрлі ке­селден сақтану, басқа да тақырыптарды қаузаса, аға­­мыз хас дүлдүлдей дүр сіл­кінетін. Ғылыми негізге сүйене отырып, қызықты деректер келтіргенде ерік­сіз сүйсінесің. «Осындай кө­кірегі көмбеге толы  аға буынның өмірлік бай  тәжірибесін күнделікті тір­шілікте пайдаланса ғой, шіркін….» деп күрсінесің. Бірақ…

Әбубәкір Теміров  1930 жылы Қазалы ауда­нына қарасты №2 ауыл­да, бұрынғы Жамбыл атын­дағы колхозда дү­ние­ге келген. Балалық шағы әлемді шарпыған Ұлы Отан соғысының ауыр жыл­­­дарына тұспа-тұс кел­ген­діктен, қара жұмыстың қа­занында ерте шыңдалды. «Бәрі де майдан үшін, бә­рі де Жеңіс үшін!» де­ген ұранды құлағына сіңі­ріп өсті. Сол қасіретті ке­зеңде елдегі өмірді өрге сүйреген ауылда қалған қарттар мен әйелдер, бала-шаға болғаны тарихтың сарғайған парақтарынан мә­лім. Десе де, ауыр бей­нетке ешкім қабақ шыт­пады. Жеңіс туы желбірей­тініне бәрі сенді. Сол се­нім қарапайым жұрттың на­мысын жаныды, жігер-күшін селдей тасытты.  

Қазалы қаласындағы  мал дәрігер-зоотехникалық техникумын бітіргенде Әбекеңнің жасы небәрі 17-де болатын. Диплом алы­сымен қызу еңбекке кірісіп кетті. Арада тағы жылдар өтті. Ізденуге  құштар жас алған білімімен шектелуді жөн санамады. Алматы зоо­техникалық-мал дәрігерлік институтына құжат тапсы­рып, оны ғалым-зоотехник мамандығы бойынша үздік бағаға тәмамдады. Бойында жігері жалындаған жас маман институттан кейінгі еңбек жолын  Қазалы мал дәрігер-зоотехникалық тех­никумында мұғалім бо­лып жалғастырды.Ке­зін­де өзі білім нәрімен сусын­да­ған оқу ордасында енді ұстаз ретінде шәкірттер  тәр­биеледі.

Білікті де тындырымды­лығымен танылған орда бұзар жастағы  ұстаз арада уақыт өте  Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы инс­пекциясының бас зоо­тех­нигі лауазымына шақы­рыл­ды. Қанға сіңген  пі­­сент­тілік, ізденімпаздық, те­­мір­дей тәртіпті ұлықта­ған  дағдысы Теміров­тің жұлдызын жандырды. Об­лыстық партия коми­тетінің ауыл шаруашылығы бөлі­мінің нұсқаушысы, Жаңа­қорған ауданы партия ко­митетінің екінші хатшысы қызметін атқаруы басшы­лықтың оған деген сенімі-тұғын. Бір сәт дерекке көз жүгіртсек.

Шиелі, Жаңақорған ау­дандарының қосылуына бай­ланысты Әбубәкір Те­міров Шиелі аудандық өн­дірістік басқармасы бас­тығының бірінші орын­басары және аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. 1965-1970 жылдары Қазалы аудандық өндірістік басқармасының бастығы, 1970 жылдан Шиелі ауданы ауыл шаруа­шылығы басқармасы бас­тығының бірінші орын­басары қызметін атқар­ды. 1971-1991 жылдар ара­лы­ғында Шиелі ауданы Сырдария совхозының ди­­ректоры, аудандық да­йындау кеңсесінің дирек­торы, аудандық жоспарлау комитетінде жұмыс жасап, содан соң жұмыспен қам­ту орталығының меңге­ру­шісі болып еңбек етті. 1990 жылдан рес­публи­ка­лық дәрежедегі дербес зейнеткер атанды. Осы  жыл­дар аралығында Жаңа­қор­ған, Қазалы, Шиелі ау­дан­да­рында аудандық партия комитеттерінің бю­ро мү­шесі, аудандық пар­тия ко­митетінің мүшесі, ау­дан­­дық Кеңесінің де­пу­таты, облыстық пар­тия ко­митетінің конфе­рен­ция­­ларына делегат, об­лыстық Ке­ңес­ке депутат болып сай­ланды. Жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жет­кізгені үшін Қазақ КСР Жо­ғарғы Кеңесінің сес­сия­сына арнайы шақы­ры­лып қатысты. «Еңбек Қы­зыл Ту», «Құрмет бел­гісі» ордені, көптеген ме­­даль­дарымен наград­тал­­ған. КСРО Халық ша­руа­шылығы көрмесіне (ВДНХ) қатысып, қызмет­тегі қол жеткізген жетістік­тері үшін көрменің жо­­ғарғы дәрежелі медалі­мен, облыстың Құрмет грамо­тасымен марапат­талды.

«Жақсының аты, ға­лым­ның хаты өшпейді» де­мекші, Әбубәкір Теміров­тің ізінде қалған ізгі істері, үлгі-өнегесі көмескі­лен­бей, уақыт өткен сайын жар­қырай бермек.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<